"Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/123-VIII шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 4 мамырдағы № 16/144-VIII шешiмi. Шымкент қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 10 мамырда № 212-17 болып тіркелді

      Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шымкент қаласы мәслихатының "Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/123-VIII шешiмiне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 202-17 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасымен бекітілген Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      9-тармақта:

      1), 3), 4), 5), 7), 10) тармақшалары жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңестік әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      Заңның 5-бабында көрсетілген басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 45 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      3) 26 сәуір - Чернобыль атом электр станциясы апатының құрбандарын еске алу күні:

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 45 АЕК мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға - 45 АЕК мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 45 АЕК мөлшерінде;

      4) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:

      осы Қағидалардың 9-тармағы 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 45 АЕК мөлшерінде;

      5) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 542 АЕК мөлшерінде;

      еңбек ардагерлеріне – 15 АЕК мөлшерінде;

      7) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 45 АЕК мөлшерінде;

      10) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 65 АЕК мөлшерінде.

      Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, осы тармақтың 1)-10) тармақшаларында көрсетілген санаттар бойынша Мемлекеттік корпорация ұсынған мәліметтер негізінде уәкілетті орган қалыптастыратын тізім бойынша көрсетіледі, сондай-ақ, осы тармақтың 8) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санаттар бойынша тізім "Шымкент қаласының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі ұсынған мәліметтер негізінде қалыптастырылады.";

      мынадай мазмұндағы 14-1, 14-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "14-1. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емдеуде бірге алып жүру бойынша қызметтер көрсететін адамға (жеке көмекші) 40 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

      Жеке көмекшінің санаторий-курорттық ұйымында болу құнын өтеу күнтізбелік жылда бір реттен артық берілмейді.

      Алып жүрушінің жол жүру шығыстарын төлеу алып жүрушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берушілер уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

      жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      шот-фактура және атқарылған жұмыстар актісі.

      14-2. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту түрінде пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек пробация қызметінің есебіне қойылған күннен бастап үш айдың ішінде көрсетіледі. Әлеуметтік көмек бір рет тағайындалады және қайта берілмейді.

      Әлеуметтік көмек "Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" мемлекеттік мекемесі ұсынған мәліметтер негізінде өтініштер талап етілмей көрсетіледі.";

      19-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "19. Осы тараудың 10, 13, 14, 14-1 тармақтарында көрсетілген әлеуметтік көмекті алу үшін құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқада және көшірмелерде ұсынылады. Салыстырғаннан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.".

      2. "Шымкент қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуін;

      2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Шымкент қаласы мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 мамырдан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Шымкент қаласы
      мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады