Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/123-VIII шешiмi. Шымкент қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 27 наурызда № 202-17 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 183871 болып тіркелген) сәйкес Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Шымкент қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. "Шымкент қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуін;

      2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Шымкент қаласы мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласы
      мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетов

  Шымкент қаласы мәслихатының
2024 жылғы 19 наурыздағы
№ 14/123-VIII шешіміне 1-қосымша

Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шымкент қаласында әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 1-2-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 183871 болып тіркелген) сәйкес әзiрлендi және Шымкент қаласында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Шымкент қаласының әкімдігі (әрі қарай - әкімдік) Шымкент қаласында әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын әзірлейді және Шымкент қаласының мәслихатына бекітуге ұсынады.

      3. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шымкент қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – әкімдікпен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      8) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін Шымкент қаласының аудан әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, мөлшері мен түрлері, сондай-ақ алушылар санаттарының тізбесі осы Қағидалармен белгіленеді.

      5. Әлеуметтiк көмек Шымкент қаласында тiркелген және тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.

      6. Шымкент қаласының бюджетi әлеуметтiк көмектi қаржыландыру көзi болып табылады.

      Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалған шығыстарды қаржыландыру ағымдағы қаржы жылына арналған Шымкент қаласының бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі

      8. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі:

      1) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабында көрсетілген Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      2) Заңның 5-бабында көрсетілген басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      3) Заңның 6-бабында көрсетілген жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      4) Заңның 7-бабы 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген еңбек ардагерлері;

      5) Заңның 8-бабында көрсетілген адамдар;

      6) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушылар;

      7) мүгедектігі бар адамдар;

      8) мүгедектігі бар балалар;

      9) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдар;

      10) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналар;

      11) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      12) туберкулездің жұқпалы нысанымен ауыратын адамдар;

      13) қатерлі ісіктері бар балалар;

      14) медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен жұқтырған адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан (АИТВ) иммун тапшылығының синдромынан зардап шегетін адамдар, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері;

      15) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдар;

      16) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру салдарынан зардап шеккен азаматтар (отбасылар).

3-тарау. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі

      9. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлемдер түрінде жылына 1 рет көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңестік әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      Заңның 5-бабында көрсетілген басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 45 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнi:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға - 5 АЕК мөлшерінде;

      3) 26 сәуір - Чернобыль атом электр станциясы апатының құрбандарын еске алу күні:

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 45 АЕК мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға - 45 АЕК мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 45 АЕК мөлшерінде;

      4) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:

      осы Қағидалардың 9-тармағы 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 45 АЕК мөлшерінде;

      5) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 542 АЕК мөлшерінде;

      еңбек ардагерлеріне – 15 АЕК мөлшерінде;

      6) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:

      осы Қағидалардың 9-тармағы 10) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға - 5 АЕК мөлшерінде;

      7) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 45 АЕК мөлшерінде;

      8) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      мүгедектігі бар балаларға - 5 АЕК мөлшерінде;

      жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 20 АЕК мөлшерінде;

      9) 1 қазан – Қарттар күні:

      осы Қағидалардың 9-тармағы 3) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Заңның 8-бабында көрсетілген адамдарға– 5 АЕК мөлшерінде;

      10) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 65 АЕК мөлшерінде.

      Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, осы тармақтың 1)-10) тармақшаларында көрсетілген санаттар бойынша Мемлекеттік корпорация ұсынған мәліметтер негізінде уәкілетті орган қалыптастыратын тізім бойынша көрсетіледі, сондай-ақ, осы тармақтың 8) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санаттар бойынша тізім "Шымкент қаласының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі ұсынған мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - Шымкент қаласы мәслихатының 04.05.2024 № 16/144-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі

      10. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі жекелеген санаттарына ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік көмектің шекті шамасы:

      тұрғын үй жойылған, бүлінген, оған елеулі зиян келтірілген жағдайда - отбасына 400 АЕК;

      отбасы мүшелері қайтыс болған жағдайда - қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне 100 АЕК құрайды.

      Әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан бір рет тағайындалады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе өз отбасының атынан Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті уәкілетті органға ұсынады.

      Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі және көрсетуден бас тарту негіздері Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      2) туберкулездің жұқпалы нысанымен ауыратын адамдарға - ай сайын 5 АЕК мөлшерінде;

      қатерлі ісіктері бар балаларға - ай сайын 5 АЕК мөлшерінде;

      медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен жұқтырған адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан (АИТВ) иммун тапшылығының синдромынан зардап шегетін адамдарға, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдеріне – ай сайын 24 АЕК мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек "Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі мен оның қарамағындағы медициналық ұйымдар ұсынған мәліметтер негізінде өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      11. Шекті шамасы 40 АЕК-ті құрайтын санаторийлік-курорттық емделуге жолдама беру түріндегі әлеуметтік көмек кезектілік тәртібімен, мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емделу көрсетілетін мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарына;

      жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушыларға ұсынылады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға geo-shym.kz геоақпараттық жүйе арқылы (бұдан әрі – геоақпараттық жүйе) Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі-ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтінішін жолдайды.

      Құжаттарды геоақпараттық жүйе арқылы жолдағанда өтінішке келесі құжаттардың электрондық көшірмелері тіркеледі:

      Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге арналған жәрдемақылар бойынша зейнетақы төлемдерін алушының куәлігі;

      прокуратура органдарының ақталғандығы туралы анықтамасы және (немесе) ақталғандығы туралы соттың шешімі;

      "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген № 068/е нысандағы жолдама алуға анықтама.

      Санаторийлік-курорттық емделу орнына дейiнгi және керi қайту жолақысының құны санаторийлік-курорттық емделушінің жеке қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      12. 1,5 АЕК мөлшерінде ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек баспасөз басылымдарына жазылуға жартыжылдықта бір рет:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне;

      еңбек ардагерлеріне беріледі.

      Әлеуметтік көмек өтініштер талап етілмей, Мемлекеттік корпорация ұсынған мәліметтер негізінде көрсетіледі.

      13. 2 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға беріледі.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе сенім білдірген тұлғаның атынан уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

      жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      өтініш берушінің жалғыз тұру фактісін растайтын еркін нысандағы екі куәгерді (көршілерді) көрсете отырып жасалған акт.

      14. 5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      2) тірек-қимыл аппараты бұзылған бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен балаларға;

      3) тірек-қимыл аппараты бұзылған жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға беріледі.

      Әлеуметтік көмек алу үшін осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген өтініш берушілер (немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша олардың өкілдері) уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

      жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі.

      Әлеуметтік көмек алу үшін осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген өтініш берушілер уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

      жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДСМ-175/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген № 026/е нысанды дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы;

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 19- қосымшасына сәйкес нысан бойынша мүгедектік туралы анықтама (әрі қарай – мүгедектік туралы анықтама).

      Әлеуметтік көмек өтініш берушіге өтініш берген айдан кейінгі айдан бастап ай сайын көрсетіледі.

      14-1. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емдеуде бірге алып жүру бойынша қызметтер көрсететін адамға (жеке көмекші) 40 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

      Жеке көмекшінің санаторий-курорттық ұйымында болу құнын өтеу күнтізбелік жылда бір реттен артық берілмейді.

      Алып жүрушінің жол жүру шығыстарын төлеу алып жүрушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берушілер уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

      жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      шот-фактура және атқарылған жұмыстар актісі.

      Ескерту. Қағидалар 14-1-тармақпен толықтырылды - Шымкент қаласы мәслихатының 04.05.2024 № 16/144-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14-2. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту түрінде пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек пробация қызметінің есебіне қойылған күннен бастап үш айдың ішінде көрсетіледі. Әлеуметтік көмек бір рет тағайындалады және қайта берілмейді.

      Әлеуметтік көмек "Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" мемлекеттік мекемесі ұсынған мәліметтер негізінде өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Ескерту. Қағидалар 14-2-тармақпен толықтырылды - Шымкент қаласы мәслихатының 04.05.2024 № 16/144-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Үлгілік қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      16. Уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      17. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған жағдайларда жүзеге асырылады.

      18. Әлеуметтік көмекті тағайындаудан бас тарту туралы қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, өтініш беруші осы шешімге заңнамада белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.

      19. Осы тараудың 10, 13, 14, 14-1 тармақтарында көрсетілген әлеуметтік көмекті алу үшін құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқада және көшірмелерде ұсынылады. Салыстырғаннан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 04.05.2024 № 16/144-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетуді тоқтату және қайтару негіздері

      20. Ақшалай нысандағы әлеуметтік көмек өтініш берушілермен көрсетілген шоттарға ақшалай қаражатты екінші деңгейдегі банктер, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері арқылы әлеуметтік көмек төлеу үшін негіздеме пайда болған күннен кейінгі айдың ішінде аудару жолымен көрсетіледі.

      21. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Шымкент қаласының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      22. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Шымкент қаласы мәслихатының
2024 жылғы 19 наурыздағы
№ 14/123-VIII шешіміне 2-қосымша

Шымкент қаласы мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары туралы" Шымкент қалалық мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы № 47/369-6с шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 26 болып тіркелген).

      2. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы № 47/369-6с шешiмiне өзгеріс енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2020 жылғы 11 наурыздағы № 62/534-6с шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 91 болып тіркелген).

      3. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы № 47/369-6с шешiмiне өзгерістер енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2020 жылғы 4 мамырдағы № 64/559-6с шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 102 болып тіркелген).

      4. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы № 47/369-6с шешiмiне өзгерістер енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2021 жылғы 15 маусымдағы № 6/45-VII шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 23274 болып тіркелген).

      5. Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы № 47/369-6с "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы" шешiмiне өзгеріс енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы № 24/231-VII шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 31664 болып тіркелген).

      6. "Шымкент қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2023 жылғы 14 маусымдағы № 4/43-VIII шешiмiне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 181-17 болып тіркелген) 1-қосымшаның 3-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады