"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына, "Тиісті типтердегі және түрлердегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Шымкент қаласының мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленушілердің мынадай жекелеген санаттарын:
1) жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды;
2) мүгедектігі бар балаларды;
3) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларды тамақтандыруға жұмсалатын шығыстар толығымен өтелсін.
2. "Шымкент қаласының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Шымкент қаласы Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қыркүйектен туындайтын қатынастарға қолданылады.
Шымкент қаласының әкімі | Г. Сыздыкбеков |