"Байзақ ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Байзақ аудандық мәслихатының 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 14-3 шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының 2024 жылғы 15 тамыздағы № 29-3 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 2 қыркүйекте № 5230-08 болып тіркелді

      Байзақ аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Байзақ ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Байзақ аудандық мәслихатының 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 14-3 шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5136 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Байзақ ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      2 тармақтың 1) тармақшасы келесі редакцияда жазылсын:

      "1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;".

      7 тармағы келесі редакцияда жазылсын:

      "7. Әлеуметтік көмек жылына бір рет өтініштері бойынша:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 20 (жиырма еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткіш шегіне дейін, арнайы комиссия қорытындысы негізінде.

      Әлеуметтік көмекке жүгіну дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап 6 (алты) ай мерзімде жүргізіледі;

      2) қатерлі ісік ауруы (код С00-97) бар адамдарға отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 3 (үш еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, жылына бір рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебіндегі 3 (үш) ай ішінде, табысы 3 (үш) күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда, арнайы комиссияның анықтауымен 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде;

      4) жасы ұлғаюына байланысты өзіне өзі қызмет көрсетуге қабілетсіздігіне, жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауына байланысты өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір еселенген) мөлшерінен аспаған жағдайда 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) санаторийлік - курорттық емделуге әлеуметтік көмек, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне табыстарын есепке алмай, абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге арналған шығындардың мөлшерінде, жылына бір рет, жол шығыны төлемінсіз 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге арналған шығындарды өтеу үшін жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 (үш еселенген) деңгейінен аспайтын жағдайда, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды жол шығыны төлемінсіз ұсынған жағдайда, жылына бір рет, жол шығыны төлемінсіз 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, жағдай туындаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірілмей жасалады;

      6) санаторийлік-курорттық емделуге арналған абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы бар және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын жеке көмекшіге немесе жәрдемақы алушыға шығындарды өтеу, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды жол шығыны төлемінсіз ұсынған жағдайда, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 (үш еселенген) деңгейінен аспаған жағдайда, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген соманың 70 % (жетпіс пайызы) мөлшерінде.

      Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі санаториялық-курорттық емделу аяқталған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірілмей жасалады;

      7) тұрғын үйді газдандыруға бір рет әлеуметтік көмек:

      жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 (үш еселенген) мөлшерінен аспайтын газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі.

      Әлеуметтік көмектің көлемі 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын газ құбырын орнатуға және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.

      Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, жағдай туындаған күннен бастап 3 (үш) айдан (келісім шарт жасалған күннен) кешіктірілмей жасалады;

      8) ай сайынғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы 5 (бес) еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның вирустық иммун тапшылығын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың немесе АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы 5 (бес еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда ай сайын 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.".

      9-1 тармағы мынадай мазмұнда толықтырылсын:

      "9-1. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;

      жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат;

      санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттар (шот-фактура, фискалды түбіртек);

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емделуге алып жүруге байланысты болған шығыстарды растайтын құжаттар (шот-фактура, фискалды түбіртек);

      тұрғын үйді газдандыруға жұмсалған шығындарды растайтын құжаттар (квитанция, орындалған жұмыс (қызмет көрсету) актісі), келісім шарт және жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.".

      10 тармағы келесі редакцияда жазылсын:

      "10. Әлеуметтік көмекті көрсету:

      1) Осы қағидалардың 7-тармағында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      2) Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2,3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      3) Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      4) Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      5) Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      6) Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      7) Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағидалардың 10 тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      8) Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.".

      10-1 және 10-2 тармақтар мынадай мазмұнда толықтырылсын:

      "10-1. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      10-2. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.".

      2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Байзақ аудандық мәслихат төрағасы Б. Акбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады