Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33763 болып тіркелді) сәйкес Балқаш қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Балқаш қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі айқындалсын.
2. Балқаш қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:
1) 2021 жылғы 26 сәуірдегі № 4/31 "Балқаш қаласы тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Ережесін бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6331 болып тіркелген);
2) 2023 жылғы 26 сәуірдегі № 2/17 "Балқаш қалалық мәслихатының 2021 жылғы 26 сәуірдегі № 4/31 "Балқаш қаласы тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6401-09 болып тіркелген).
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қалалық мәслихат төрағасы | А. Муслымов |
Балқаш қалалық мәслихатының 2024 жылғы 19 маусымдағы № 14/122 шешіміне қосымша |
Балқаш қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Балқаш қаласында және әкімшілік – аумақтық іргелес кенттерде тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының 5 пайызы мөлшерінде белгіленген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) көрсетіледі.
3. Уәкілетті орган аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелді) (бұдан әрі – Тұрғын үй көмегін беру қағидасы) айқындалған тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептейді.
4. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.
5. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
6. Телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 тіркелді) сәйкес жүзеге асырылады.
7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына Тұрғын үй көмегін беру қағидасына сәйкес құжаттарды ұсына отырып, тоқсанына бір рет жүгінеді.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау ағымдағы тоқсан ішінде жүргізіледі, бұл ретте, аз қамтылған отбасының (азаматтың) өткен тоқсандағы жиынтық табысы және кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын ай сайынғы жарналардың, коммуналдық қызметтерді және байланыс қызметтерін тұтыну, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалану шығыстары есепке алынады.
9. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.
10. Тұрғын үй көмегін тағайындау, тиісті қаржы жылына Балқаш қаласының бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
11. Уәкілетті орган аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді екінші деңгейдегі банктер арқылы тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шотына есептелген сомаларды аудару арқылы жүзеге асырады.