Қызылорда қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Қызылорда қалалық мәслихатының 2024 жылғы 1 қарашадағы № 199-28/2 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 6 қарашада № 8567-11 болып тіркелді

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабының 5-тармағына және "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Қызылорда қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қызылорда қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Қызылорда қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы И. Кутухуджаев

  Қызылорда қалалық мәслихаты
2024 жылғы 1 қарашадағы
№ 199-28/2 шешіміне 1-қосымша

Қызылорда қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған Қызылорда қаласындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Алушының тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер алушының жиынтық кірісін "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен Қызылорда қаласы әкімдігінің "Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) есептейді.

      3. Алушының жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар деңгейі 5 (бес) пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      4. Тұрғын үй көмегін алушылар үшін кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге арналған шығыстары кондоминиум объектісінің жалпы алаңы ішінде алушының жеке меншік көлеміне байланысты айқындалады.

      5. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      Тұрғын үй көмегі келесі нормалар бойынша есептеледі:

      1) электр қуатын тұтыну нормалары 1 айға:

      1 адамға - 70 киловатт;

      2 адамға - 140 киловатт;

      3 және одан да көп адамға - 210 киловатт;

      2) газ тұтыну нормалары 1 айға:

      4 адамға дейін - 10 килограмм;

      4 және одан да көп адамға - 20 килограмм;

      табиғи газ:

      4 адамға дейін - 10 текше метр;

      4 және одан да көп адамға – 20 текше метр;

      3) отын тұтыну (көмір) жылу беру маусымына:

      3 адамға дейін айына - 0,5 тонна;

      3 және одан көп адамға айына - 1 тонна;

      табиғи газ жылу беру маусымына (әр айға) – 300 текше метр;

      4) тұрғын үйді күтіп ұстау ай сайын:

      1 адамға - 18 шаршы метр;

      жалғыз тұратын адамдар үшін - 31 шаршы метр;

      5) жылумен жабдықтау ай сайын:

      1 адамға - 18 шаршы метр;

      жалғыз тұратын адамдар үшін - 31 шаршы метр;

      6) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде.

      Коммуналдық қызметтердi есептейтiн құралдары бар тұтынушылардың әлеуметтiк нормасын есептеу кезiнде есептегiштер көрсеткiштерiндегi нақты шығындар, бiрақ белгiленген тарифтер мен нормативтерден артық емес қолданылады.

      Коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің нормалары мен тарифтерін қызмет көрсететіндер ұсынады.

      6. Тұрғын үй көмегін алушылар өздерiнiң тұрғын үйге меншiк нысанындағы, отбасы құрамының, оның жиынтық табысындағы кез келген өзгерiстерi туралы уәкiлеттi органға 10 (он) жұмыс күнi iшiнде хабарлайды, көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жауапты болады.

      7. Тұрғын үй көмегін тағайындауға әкеп соққан толық емес немесе жалған мәлімет ұсынылған кезде, тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады, ал артық немесе негізсіз алынған сомаларын алушымен ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен қайтаруға тиіс.

      8. Уәкілетті орган артық немесе негізсіз төленген тұрғын үй көмегін төлеу фактісі анықталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде алушыға артық төленген немесе негізсіз төленген тұрғын үй көмегін қайтару қажеттілігі туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      9. Тұрғын үй көмегін көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Қызылорда қалалық бюджетінен ағымдағы қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      10. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен екінші деңгейдегі банктер арқылы, сондай-ақ банк қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы есептелген сомаларды алушылардың жеке шоттарына шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 25-күніне дейінгі мерзімде аудару арқылы жүзеге асырылады.

  Қызылорда қалалық мәслихаты
2024 жылғы 1 қарашадағы
№ 199-28/2 шешіміне 2-қосымша

Қызылорда қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 280-53/4 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7054 болып тіркелген);

      2. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 280-53/4 шешiмiне өзгеріс енгізу таралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 349-62/7 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7537 болып тіркелген);

      3. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 280-53/4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2021 жылғы 26 наурыздағы № 24-4/4 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8260 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады