Науырзым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Қостанай облысы Науырзым ауданы мәслихатының 2024 жылғы 6 мамырдағы № 112 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 15 мамырда № 10203-10 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына сәйкес Науырзым аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Науырзым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Науырзым аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың төрайымы Г. Абенова

  Науырзым аудандық мәслихатының
  2024 жылғы 6 мамырдағы
  № 112 шешіміне
  қосымша

Науырзым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Науырзым ауданында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушылар), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Көрсетілетін қызметті алушының тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Науырзым ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырады.

      3. Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісін "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағида) айқындалған тәртіппен есептейді.

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалды.

      Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 5 (бес) пайыз мөлшерінде.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес алаң нормасы қабылданады.

      5. "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына сәйкес әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлемі жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген).

      6. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) Қағидаға сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі көрсетілген қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      8. Тұрғын үй көмегін тағайындау көрсетілетін қызметті алушыларға тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың немесе қызмет көрсетушілердің жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

  Науырзым аудандық мәслихатының
  2024 жылғы 6 мамырдағы
  № 112 шешіміне
  қосымша

Науырзым аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Науырзым аудандық мәслихатының "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы" 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 278 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8390 болып тіркелген);

      2. Науырзым аудандық мәслихатының "Мәслихаттың "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы" 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 278 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2020 жылғы 28 мамырдағы № 363 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9231 болып тіркелген);

      3. Науырзым аудандық мәслихатының "Мәслихаттың "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы" 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 278 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2021 жылғы 18 қазандағы № 65 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24942 болып тіркелген);

      4. "Мәслихаттың "Науырзым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 278 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 5 тамыздағы № 145 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29090 болып тіркелген);

      5. Науырзым аудандық мәслихатының "Мәслихаттың "Науырзым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 278 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 22 маусымдағы № 22 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10032 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады