Павлодар қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы Павлодар қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 6 қарашадағы № 1504/2 қаулысы. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 7 қарашада № 7609-14 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Заңының 9-бабына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, Павлодар қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Павлодар қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары бекітілсін.

      2. Павлодар қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 17 шілдедегі "Павлодар қаласында Қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" № 810/23 қаулысының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5578 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Павлодар қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Павлодар қаласының әкімі Х. Хабылбеков

  Павлодар қаласы
әкімдігінің 2024 жылғы
6 қарашадағы № 1504/2
қаулысымен бекітілді

Павлодар қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Павлодар қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын субсидиялаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Павлодар қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) қалалық рельсті көлік – қала шекаралары мен қала маңы аймағындағы жолдар бойынша жолаушыларды және багажды тұрақты әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыратын көлік түрі;

      2) жолаушыларды әлеуметтiк маңызы бар тасымалдау – тарифтердiң қолжетiмдi деңгейiн және Павлодар қаласының аумағы бойынша халықтың еркiн жүрiп-тұру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылатын жолаушыларды тасымалдау;

      3) жергілікті уәкілетті орган – Павлодар қаласының жолаушылар көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) тасымалдаушы – ақыға немесе жалданып жолаушыларды, багажды, жүктердi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн және осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиісті рұқсаты бар, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралын иеленушi жеке немесе заңды тұлға.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген.

      3. Субсидиялауға тасымалдаушының қалалық рельсті көлікте жолаушылар тасымалдауды жүзеге асырумен байланысты залалдары жатады.

      4. Қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауын субсидиялау жергілікті бюджеттен жүргізіледі.

      Субсидиялау көлемі қалалық рельсті көлікпен тұрақты маршруттарда жолаушылар тасымалдауынан түскен нақты кірістермен және тасымалдаушы арасындағы шығыстар айырмасы ретінде анықталады.

2. Павлодар қаласында қалалық рельсті көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау тәртібі

      5. Қалалық рельсті көлікпен маршруттары бойынша орындалған тасымалдаулар үшін табыстар тасымалданған жолаушылардың санына көбейтілген жолаушының бір жол жүрген құнымен есептеледі.

      Бұл ретте тасымалданған жолаушылардың көлемі алдағы кезеңге өткен кезең деректерін есепке ала отырып кейіннен нақты деректер бойынша жасалған есепті ұсынып, болжамды деректер бойынша айқындалады.

      6. Жолаушыларды тасымалдау шығыстарына кіреді:

      1) өндірістік персоналдың жалақы қоры (жұмыс берушінің әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар және қызметкерлерді міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру аударымдары мен міндетті зейнетақы жарналарымен бірге;

      2) электр энергиясына арналған шығындар (электр энергиясы шығындарының сомасы маршруттардың санына бөлінеді, әрбір маршрутқа бірдей бөліп таратылады);

      3) өндірістік циклде майлау материалдары мен автомобиль отынына шығындар (майлау материалдары мен автомобиль отынына шығындарының сомасы маршруттардың санына бөлінеді, әрбір маршрутқа бірдей бөліп таратылады);

      4) жылжымалы құрамды күтіп ұстауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын іске пайдалану шығындары (жылжымалы құрамды күтіп ұстауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын іске пайдалану шығындарының сомасы маршруттардың санына бөлінеді, әрбір маршрутқа бірдей бөліп таратылады);

      5) байланыс және кабель желілерін, тартқыш кіші станцияларды, қалалық рельсті жолдарын күтіп ұстауға және жөндеуге пайдалану шығындары (байланыс және кабель желілерін, тартқыш кіші станцияларды, қалалық рельсті жолдарын күтіп ұстауға және жөндеуге пайдалану шығындарының сомасы маршрут санына бөлінеді, шығындар әрбір маршрутқа біркелкі бөлінеді);

      6) жылжымалы құрамды және қосалқы автотрактор техникасын техникалық қарап-тексеруді, техникалық қызмет көрсету және жөндеуді жұмыстарын жүргізуге арналған шығындар, оның ішінде материалдарды және қосалқы бөлшектерді сатып алуға арналған шығындар;

      7) өндірістік ғимараттарды және құрылыстарды күтіп ұстауға арналған шығындар, оған коммуналдық қызмет төлемдері;

      8) қозғалысты диспетчерлеуге жұмсалатын шығындар, оған сатып алынған құрал-жабдық құны және оның тозуы енеді;

      9) диспетчерлеуге арналған құрал-жабдық бойынша амортизацияны алып тастағандағы амортизациялық аударымдар;

      10) тасымалдаушымен өндірісті дамыту мен жаңартуға өзіне алынған, шетел валютасында берілген қарыздар бойынша туындайтын (іске асырылмаған бағамдық айырманы қоса алғанда), қарыздар бойынша сыйақылар мен комиссияларды төлеу бойынша шығыстар және бағамдық айырма бойынша шығыстар;

      11) өндірістік персонал үшін байланыс қызметі, күзет, сақтандыру, инкассация, оқыту, қайта оқыту, персоналдарды дәрігерлік тексеру, іссапар шығыстары, кеңсе тауарларды алуға шығындар, дәрі-дәрмектерді, арнайы киімдерді, эквайрингті (электрондық билеттеу жүйесінің шығыстары) сатып алуға жұмсалатын шығындар, сондай-ақ кедендік алымдар мен баждарды төлеуге арналған шығындар енетін үстеме шығындар.

      7. Жергілікті уәкілетті орган Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген кірістер мен шығыстар негізінде қалалық рельсті көліктің әр бағыты бойынша субсидиялау көлемін анықтайды.

      8. Қалалық бюджеттен қалалық рельсті көлік бойынша субсидияларды төлеу жергілікті атқарушы органмен ай сайын міндеттемелер және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес, сондай-ақ тасымалдаушының шығындарын субсидиялау туралы шартына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Жылдың соңғы күнтізбелік айына бюджеттік субсидияларды төлеу қалалық рельсті көліктің субсидияланатын маршруттары бойынша болжамды деректер бойынша жасалған, 20 желтоқсаннан кешіктірілмей ұсынылған, келесі жылдың 25 қаңтарынан кешіктірмейтін мерзімде нақты деректер бойынша жасалған есебінің негізінде жүзеге асырылады.

      10. Жергілікті уәкілетті орган тасымалдаушы ұсынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде орындалған жұмыстардың актілеріне және қалалық рельсті көліктің субсидияланатын маршруттарының тізіліміне қол қояды.

      11. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде көлік кәсіпорындарының шарттық қатынастары төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің, көлік саласындағы уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады