Май ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңартылған

Павлодар облысы Май аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 наурыздағы № 1/12 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 27 наурызда № 7516-14 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" № 117 бұйрығына сәйкес, Май аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Май ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың білім, деңсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Май аудандық мәслихатының төрағасы М. Хызыр

  Май аудандық
мәслихатының 2024 жылғы
26 наурыздағы № 1/12
шешіміне қосымша

Май ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Павлодар облысы Май аудандық мәслихатының 11.07.2024 № 3/15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Май ауданының аумағындағы тұрақты тіркелген және тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі - қызметті алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      -кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      -коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      -мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Тұрғын үй көмегін есептеуге енгізілген қызметті алушының шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға 5 (бес) пайыз мөлшерінде жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органмен белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      3. Мемлекеттік қызмет көрсетілетін қызметті алушырға тегін негізде көрсетіледі.

      Тұрғын үй көмегін тағайындауды "Май ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

2 - тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері

      4. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі нормаларға сәйкес жүргізіледі:

      - электр плиталарын пайдаланатын тұтынушылар үшін - бір адамға айына 110 (жүз он) киловатт мөлшерінде;

      - электр плиталарын пайдаланбайтын тұтынушылар үшін - бір адамға айына 90 ( тоқсан) киловатт.

      5. Тұрғын үй көмегі көрсетілген қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы цифралық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      6. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы (немесе нотариалды куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) Мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      Көрсетілетін қызметті алушы (немесе нотариалды куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде Қағидалардың 11-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өтініш бергенге дейін өткен тоқсан үшін отбасының кірістерін растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.

      7. Тұрғын үй көмегін көрсетуден бас тарту Қағидалардың 18-тармағында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

      Отбасы тұрғын үй көмегін заңсыз тағайындауға алып келген көрінеу жалған ақпарат және (немесе) дәйексіз құжаттар берген кезде өтініш беруші мен оның отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеу оның тағайындалған бүкіл кезеңі үшін тоқтатылады.

4-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу

      8. Тұрғын үй көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Май ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Тұрғын үй көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      10. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган жергілікті өкілді органдар айқындаған тәртіппен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады