Қазақстан Республикасының "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңының 7 бабы 2 тармағының 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде №19123 болып тіркелген) сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны жариялау үшін қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық түрде жолдауды;
2) осы қаулының Алматы қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласының әкімі | Е. Досаев |
Алматы қаласы әкімдігінің 2024 жылғы "_____"__________ № ____ қаулысымен бекітілген |
Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. 1. Осы Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағына 17-10) тармақшасына сәйкес әзірленген және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың жалпы тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – Алматы қаласының аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;
2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;
3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;
4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
5) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – ауылшартауарынөндіруші) – ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
6) сатып алу интервенциялары – Алматы қаласының аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
7) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;
8) тіркелген баға - өндіруге/сатып алуға, сақтауға, табиғи кемуге (кебуге), межелі орынға дейін жеткізуге кеткен шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;
9) форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;
10) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.
3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері осы Қағидаларға сәйкес іске асырылады.
4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының әкімі Алматы қаласында Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
5. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:
1) Алматы қаласының аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;
3) осы Қағидаларға сәйкес кәсіпкерлік субъектісін және қарыз беру үшін негізгі шарттарды (өнім көлемі, сауда үстемесі және кепілдікті қамтамасыз ету) анықтау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша "Алматы" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Алматы" ӘКК" АҚ) ұсыныстарын қарау.
8. Комиссияның жұмысын құруды және ұйымдастыруды "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Жұмыс органы) қамтамасыз етеді.
9. Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын "Алматы" ӘКК" АҚ-дан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы несиелеу шартын жасасу жолымен қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы несиелеу шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге Жұмыс органы "Алматы" ӘКК" АҚ-мен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, "Алматы" ӘКК" АҚ азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Егер, "Алматы" ӘКК" АҚ-ның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.
11. "Алматы" ӘКК" АҚ-ың тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.
12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым) тізбесін Заңның 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
13. Жұмыс органы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне:
1) ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 20-күніне дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты;
2) көкөніс өнімдерінің форвардтық шарттары шеңберінде ауылшартауарынөндірушілерді қаржыландыруға бір ай қалғанда алдын ала төлем сомасын, өткізу нүктелерін және (немесе) сауда объектілерін көрсете отырып, жеткізу графигін көрсете отырып, сатып алынатын көкөніс өнімдерінің көлемі туралы ақпаратты;
3) форвардтық шарттар шеңберінде ауылшартауарынөндірушілерді түпкілікті қаржыландырғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде өткізу нүктелерін және (немесе) сауда объектілерін көрсете отырып, сатып алынған көкөніс өнімдерінің көлемі, жеткізу графиктері туралы ақпаратты береді.
2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі
14. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.
15. Жұмыс органы бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады.
16. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.
Көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін өңдеуші кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарында жүзеге асырылады.
17. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын көкөніс өнімінің көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде Алматы қаласы халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.
18. "Алматы" ӘКК" АҚ 2024 жылдан бастап форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыруды жүзеге асырады және одан кейінгі жылдары көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру келесі мерзімдерде:
ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімімен қамтамасыз ету үшін;
ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімімен қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады.
19. "Алматы" ӘКК" АҚ көкөніс өнімдерін сатуды бастағанға дейін ауылшартауарынөндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтау шығындарын есептеу Жұмыс органының өңірдегі сақтаудың ұқсас түрлеріндегі сақтаудың орташа құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.
20. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу "Алматы" ӘКК" АҚ Жұмыс органымен бірлесіп маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: ақпан, наурыз, сәуір; көктемгі-жазғы кезең: мамыр, маусым, шілде) қалыптастыратын график негізінде не ішкі нарықа реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырылады.
21. "Алматы" ӘКК" АҚ Жұмыс органымен бірлесіп форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімдерін өндіру циклінің барлық кезеңдерінде егістікке бара отырып, ауылшартауарынөндірушілердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады.
22. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
23. Үлгілік қағидалармен регламенттелмеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың ерекшеліктері (егжей-тегжей) осы Қағидаларда айқындалады.
1-параграф. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры қызметінің тәртібі
24. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі Алматы қаласының өңірлік тұрақтандыру қорын (бұдан әрі – Алматы қаласының Тұрақтандыру қоры) қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
25. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының Алматы қаласының Тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.
26. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.
27. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелді) бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.
28. "Алматы" ӘКК" АҚ өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес Алматы қаласының мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.
29. Комиссия Алматы қаласының әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.
30. Жұмыс органы Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.
31. Алматы қаласының Тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.
32. "Алматы" ӘКК" АҚ статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, Алматы қаласының Тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және Комиссия шешімі бойынша сатып алу интервенцияларын жүргізеді.
33. "Алматы" ӘКК" АҚ-ың сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.
34. Алматы қаласының Тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен "Алматы" ӘКК" АҚ жүзеге асырады.
35. "Алматы" ӘКК" АҚ аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.
36. "Алматы" ӘКК" АҚ Алматы қаласында Тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.
37. Алматы қаласының Тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін Алматы қаласының Тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.
38. Алматы қаласының Тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін "Алматы" ӘКК" АҚ өзінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.
39. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы Жұмыс органы бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және "Алматы" ӘКК" АҚ-ың өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.
40. Жұмыс органы "Алматы" ӘКК" АҚ-мен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, Жұмыс органының және "Алматы" ӘКК" АҚ-ның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.
2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі
41. Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында "Алматы" ӘКК" АҚ арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылық талаптарының шарттарымен жүзеге асырылады.
42. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өтінімдер болмаған кезде, қарыз азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.
43. Бағаларды тұрақтандыру "Алматы" ӘКК" АҚ-ың әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.
44. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілерін Комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында белгіленген кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарға (өлшемшарттарға) сәйкес айқындайды.
45. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін "Алматы" ӘКК" АҚ кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.
46. Кәсіпкерлік субъектісі "Алматы" ӘКК" АҚ-ың қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.
47. Қарыз беру шарттары "Алматы" ӘКК" АҚ мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.
48. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.
49. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.