Алматы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
1. "Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 73 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1750 болып тіркелген) шешiмiне мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:
3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда мазмұндалсын:
"1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;";
8-бөлімнің 24-тармағы алынып тасталынсын.
25, 26, 27 және 28 тармақтары мынадай редакцияда мазмұндалсын:
"25. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
26. Осы Қағиданың 13-тармағында көрсетілген әлеуметтік көмек алушылардың тізімдерін қалыптастыру тәртібі "Отбасы банк" акционерлік қоғамы мен Алматы қаласының әкімдігі арасындағы келісіммен айқындалады.
27. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға осы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;
жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
4) осы Қағиданың 24-тармағының 16) тармақшасында көрсетілген тұлғалар транскрипті "өте жақсы" деген бағаға сәйкес бағалар баламасын ұсынады.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
28. Осы Қағиданың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.".
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласы мәслихатының төрағасы | М. Отыншиев |