Петропавл қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2024 жылғы 27 наурыздағы № 3 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 29 наурызда № 7733-15 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына, "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Петропавл қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Петропавл қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Петропавл қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Петропавл қалалық мәслихат төрағасы А. Бердагулов

  2024 жылғы 27 наурыздағы
  № 3 шешіміне
  1 қосымша

Петропавл қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Петропавл қаласының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – Қызмет алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Қызмет алушы тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындауды "Петропавл қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері

      3. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органмен жалға алынған тұрғынжайды пайдалануға жұмсалатын шығыстарының шектi жол берiлетiн сомасы мен қызмет алушының осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының белгiленген шекті жол берілетін қызмет алушының жиынтық табысының 5 (бес) пайыз мөлшерінде деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Жалғыз тұратын азаматтарға тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде тұрғын үй алаңының нормасы үшін отыз шаршы метр, отбасының екі мүшесінен тұратын отбасылар үшін қырық сегіз шаршы метр, үш және одан да көп отбасы мүшелерінен тұратын отбасылар үшін тұрғын үй алаңының нормасы үшін Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасында белгіленген тұрғын үй беру нормасы ретінде бір адамға он сегіз шаршы метр, бірақ кемінде бір бөлмелі пәтер немесе жатақхана бөлмесі қабылданады.

3-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі

      4. Тұрғын үй көмегі Қызмет алушы кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және өткен тоқсандағы коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      5. Қызмет алушының жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.

      6. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің жоғарылауына өтемақы төлеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидаларын айқындау және бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Қызмет алушының немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына мынадай құжаттарды ұсына отырып жүгінуге құқылы:

      Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;

      жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен (жеке басын сәйкестендіру үшін) электрондық құжат;

      отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз тұлға ретінде тіркелгені туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алынатын алименттер туралы мәліметтер;

      банктік шот;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот;

      2) "электрондық үкімет" веб-порталына:

      қызмет алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сауалы;

      отбасының табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;

      жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелгені туралы анықтама;

      балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;

      банктік шоттың электрондық көшірмесі;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың электрондық көшірмесі немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында оларға тиесілі тұрғын үйдің (Қазақстан Республикасы бойынша) болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Қайта жүгінген кезде қызмет алушы (немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) Қағидалардың 11-тармағында көзделгенді қоспағанда, жүгінгенге дейін өткен тоқсан үшін отбасының табысы туралы растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарды ғана ұсынады.

      8. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді немесе қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты уәкілетті орган қабылдайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама немесе тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе "жеке кабинетке" электрондық құжат түрінде жіберіледі.

      Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін ағымдағы тоқсанға, тоқсан сайын тағайындайды.

      9. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау мерзімі немесе Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы құжаттардың толық жиынтығын қабылдаған күннен бастап бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      10. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес тұрғын үй көмегін тағайындаудан бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда уәкілетті орган қызмет алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ қызмет алушыға алдын ала шешім бойынша пікірін білдіру мүмкіндігі үшін тыңдау өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша қызмет алушыға электрондық құжат нысанында немесе қағаз жеткізгіште қызмет берушінің уәкілетті тұлғасының ЭЦҚ-сы қойылған оң нәтиже немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.

      11. Уәкілетті орган мемлекеттік қызмет көрсетуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:

      1) қызмет алушы мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігі анықталса;

      2) қызмет алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдар, объектілер, деректер мен мәліметтер Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;

      3) қызмет алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болса;

      4) қызмет алушыға қатысты қызмет алушыны мемлекеттік қызметті алуға байланысты арнайы құқығынан айыратын соттың заңды күшіне енген шешімі болса.

      Қызмет алушы тұрғын үй көмегін көрсетуден бас тарту себептерін жойған жағдайда, қызмет алушы белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметті алу үшін қайта жүгіне алады, тұрғын үй көмегін көрсетуден бас тарту қайта жүгінуге кедергі болмайды.

      Есептеу аспаптары болмаған жағдайда сумен жабдықтау және кәріз, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеу Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бекіткен қолданыстағы тұтыну нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Тұрғын үй көмегін тағайындау тиісті қаржы жылына арналған қала бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу

      13. Қызмет алушы тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырады.

      14. Тұрғын үй көмегін алушылар он жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.

      15. Өтініш берушілер заңнамада белгіленген тәртіппен ұсынылған мәліметтердің дұрыстығына жауапты болады.

      16. Тұрғын үй көмегінің артық немесе негізсіз алынған сомаларын алушы ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен қайтаруы тиіс.

  2024 жылғы 27 наурыздағы
  № 3 шешіміне
  2 қосымша

Петропавл қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Петропавл қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 6 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3620 болып тіркелген).

      2. "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Петропавл қалалық мәслихатының 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 6 шешіміне өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2020 жылғы 19 наурыздағы № 4 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6111 болып тіркелген).

      3. "Петропавл қалалық мәслихатының 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 6 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2022 жылғы 18 мамырдағы № 3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28164 болып тіркелген).

      4. "Петропавл қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 6 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31575 болып тіркелген).

      5. "Петропавл қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 6 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы №3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7635-15 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады