Сауран аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Сауран аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 қазандағы №74 "Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6388-13 болып тiркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сауран аудандық мәслихатының төрағасы | С. Байсбаев |
Сауран аудандық мәслихатының 2024 жылғы "27" қыркүйектегі №185 шешіміне қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 11-бабының 17) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңы 6-бабының, 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Сауран ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сауран ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
4) әлеуметтік көмек – Сауран ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Сауран ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
9) уәкілетті мемлекеттік орган – Түркістан облысының "Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі;
10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Түркістан облысының жергілікті атқарушы органымен бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға мереке және атаулы күндерi көрсетіледі:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – бір реттік 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға - бір реттік 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні:
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі - КСР Одағы) үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға және Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне - бір реттік 435 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - бір реттік 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - бір реттік 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілгендерге мерзімді басылымдарға жазылу үшін - бір реттік 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, жетім балалар мен түрлі себептерге байланысты ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға- бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) 1 қазан – халықаралық Қарттар күні:
жасының егде тартуына байланысты өзіне – өзі күтім жасай алмайтын жалғызілікті қарт азаматтарға және үйде күтім көрсету жағдайында мемлекеттік әлеуметтік қызмет алушы мүгедектігі бар балаларға - бір реттік 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес ақталған тұлғаларға - бір реттік 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
7. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға бір реттік немесе ай сайын ұсынылады:
1) әлеуметтік маңызы бар ауру – туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамдарға ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
2) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан мұқтаж азаматтарға жан басына шаққандағы табысы есепке алынбай ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Сауран аудандық емханасының ай сайын ұсынатын бекітілген тізімі әлеуметтiк көмек көрсету үшiн негіздеме болып табылады;
3) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға және соларға теңестірілген адамдарға және зейнеткерлерге санаторлық-курорттық емделуге жолдама алу үшін - бір реттік 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) жұқтыру медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған, адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауру жұқтырған балалары бар отбасылар мен адамдарға зиянды өтеуге ай сайын ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң екі есе мөлшерiнде;
бала кезінде адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауру жұқтырған адамдарға ай сайын ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң екі есе мөлшерiнде;
5) әлеуметтiк көмек өмiрлiк қиын жағдайға ұшыраған, аз қамтамасыз етілген, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға (адамдарға) - ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерінде ұсынылады;
6) Сауран аудандық пробация қызметі бөлімінің ұсынатын тізіміне сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға - бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен, табиғи зілзаланың немесе өрт орын алған мекен-жайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға), біржолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай көрсетіледі:
қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне - бір рет 150 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерінде;
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) бір рет 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерінде;
әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді;
Әлеуметтік көмекке өтініш жасау мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын Сауран ауданының әкімдігі белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.
9. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;
жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
10. Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округ әкімі 1 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
11. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.
Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
12. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
13. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.
14. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
15. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
16. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі Сауран ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
17. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
18. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.
19. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Сауран ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
20. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
21. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
22. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.