Самар ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы мәслихатының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі № 15-6/VIII шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 30 қыркүйекте № 9087-16 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағы 12-3) тармақшасына сәйкес, Самар ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Самар ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы Ереже бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Самар ауданы мәслихатының төрағасы Г. Шаймарданова

  Самар ауданының мәслихаты
2024 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 15-6/VIII Шешімімен
бекітілген

Самар ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы Ереже

1. Жалпы ереже

      1. Самар ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы осы Ереже Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленген және Самар ауданының Құрмет грамотасымен (бұдан әрі - Құрмет грамотасы) марапаттауға ұсыну және оны тапсыру тәртібін анықтайды.

2. Құрмет грамотасымен марапаттау бойынша талаптар

      2. Самар ауданының Құрмет грамотасымен (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылым, мәдениет және білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және заңдылықты нығайту, қызмет көрсету саласындағы, қоршаған ортаны қорғау,жастарға тәрбие беру, дене шынықтыру мен спорттағы, әскери, қоғамдық және мемлекеттік және өзін-өзі басқару қызметтерін дамытудағы елеулі жетістіктері, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланысты нығайтудағы табысты жұмыстары, қайырымдылық қызметпен айналысатын және белсенді еңбегі мен қоғамдық – саяси қызметі үшін еңбектерін ардақтау белгісі ретінде аудан азаматтары марапатталады.

3. Құрмет грамотасымен марапатталады:

      1) Самар ауданының дамуына қомақты үлес қосқан азаматтар, мекеме, кәсіпорын және ұйымдардың қызметшілері;

      2) меншік нысанына қарамастан, еңбекте, қоғамдық-саяси қызметте жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылық жүргізуші субъектілер ұжымдары, ұйымдар, мекемелер, шығармашылық ұжымдары.

      3. Құрмет грамотасымен:

      1) марапаттау сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған, сотталғандығы бар адамдар;

      2) сот әрекетке қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

      3) сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп таныған адамдар марапаттала алмайды.

      4. Бір тұлға (ұжым, ұйым) бес жыл ішінде ауданның Құрмет грамотасымен марапатталуға екі рет ұсыныла алмайды.

      5. Марапаттау ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де Қазақстан Республикасының мерекелеріне ойластырылады.

4. Құрмет грамотасының сипаттамасы

      6. Құрмет грамотасы–сыртқы бетінде алтын түспен Елтаңба белгісі салынған, бас әріппен мемлекеттік тілде "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ", орыс тілінде "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА" деп жазылған, қосымшасы бар көк түсті папка. Қосымшасы A3 форматындағы тығыз жылтыр қағаздан екі бүктелген түрде типографиялық әдіспен дайындалады.

      7. Қосымшаның сыртқы бетінің жоғары жағында ортада алтын түсті Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленіп, түгелдей бас әріппен мемлекеттік тілде "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ", орыс тілінде "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА" деген жазулар орналасқан. Ішкі жағында алтын түсті өрнекпен жиектеліп, оң және сол жақ беттерінің жоғары жағында ортада Қазақстан Республикасының желбіреген Туы орналасқан. Сол жақ бетінде түгелдей бас әріппен мемлекеттік тілде "САМАР АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ", оң жақ бетінде орыс тілінде "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА РАЙОНА САМАР" деген жазулар орналасқан. Төменде мемлекеттік және орыс тілдерінде марапатталушының тегі, аты, әкесінің аты және сіңірген еңбектері көрсетіледі. Құрмет грамотасы аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының қолдарымен расталады. Берілген уақыты көрсетіледі.

      8. Құрмет грамотасын дайындауды Самар ауданы әкімінің аппараты жүзеге асырады.

5. Құрмет грамотасымен марапаттау тәртібі

      9. Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныс тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, білімі туралы, жұмыс орны мен атқаратын лауазымы, тиісті ұйымдағы сәйкес кәсібі немесе лауазымы бойынша саладағы жалпы еңбек өтілі, жетістіктері және марапттары мен атақтары туралы көрсетілген мәліметтер аудан әкімдігіне жолданады.

      10. Құрмет грамотасымен марапаттау туралы (тиісті ұйым басшысының қолымен) ұсынысты еңбек, шығармашылық ұжымдары, аудандық өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер атынан олардың басшылары енгізеді.

      11. Құрмет грамотасымен марапаттау бойынша келіп түскен құжаттар алдын ала қарау және марапаттау жөнінде ұсыныс әзірленуі үшін марапаттау жөніндегі аудан әкімі жанындағы комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) жіберіледі.

      12. Комиссияның оң қорытындысына сәйкес аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының (немесе олардың міндеттерін атқарушының) бірлескен өкімі арқылы Құрмет грамотасымен марапаттау туралы шешім қабылданады.

      13. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты түрде жүргізіледі. Құрмет грамотасын аудан әкімі немесе аудандық мәслихат төрағасы, немесе олардың тапсырысы бойыша өзге тұлға тапсырады.

      14. "Самар ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі құжаттамалық және өзге де қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ Құрмет грамотасымен марапатталған азаматтардың есебін жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады