"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 56 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 27 қаңтарда № 35675 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидалары:

      мынадай мазмұндағы 27-1-тармақпен толықтырылсын:

      "27-1. Қорғаныс істері бөлімі (басқармасы) (бұдан әрі – ҚІБ (Б) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы (бұдан әрі – ҚР ҚМ ОӘДК) бекіткен ауруы туралы куәлік көшірмесін алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде азаматты денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке негізсіз шақыру себебін зерделеу картасының 1 – 3-бөлімдерін толтырады және картаның үш данасын тиісті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) қорғаныс істері департаментіне (бұдан әрі – ҚІД) жібереді. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) ҚІД денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органымен бірлесіп, азаматты денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке негізсіз шақыру себебін зерделегеннен кейін азаматты денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке негізсіз шақыру себебін зерделеу картасының 4-бөлімін толтырады және оны алғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей талдау үшін осы картаны ҚР ҚМ ОӘДК-ге жібереді.

      ҚР ҚМ ОӘДК азаматты денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке негізсіз шақыру себебін зерделеу картасының 5-бөлімін толтырады және оны алғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей осы картаны түпкілікті қорытындысымен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) ҚІД-ға жібереді.";

      66-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "66. Түпкілікті медициналық куәландыру кезінде әскери оқу орнына оқуға түсуге жарамсыз деп танылған әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасы және медициналық куәландыру парағы медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей алдын ала медициналық куәландыру сапасын зерделеу үшін алдын ала іріктеу жасаған облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) ҚІД-ға, гарнизондық (госпитальдық) әскери-дәрігерлік комиссияға (бұдан әрі – ӘДК), дәрігерлік-ұшқыш комиссиясына жіберіледі.

      Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) ҚІД, гарнизондық (госпитальдық) ӘДК (ДҰК) алдын ала медициналық куәландыру сапасын зерделеу нәтижесін құжаттарды алған күннен бастап бір айдан кешіктірмей ҚР ҚМ ОӘДК-ға жібереді.";

      69, 70 және 71-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "69. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматқа ҚІБ-да (Б-да) медициналық куәландыруға жіберу алдында осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтың медициналық куәландыру картасы ресімделеді.

      Медициналық куәландыру басталғанға дейін күнтізбелік отыз күн ішінде келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азамат осы Қағидалардың 31-тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес медициналық құжаттарды береді.

      70. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматқа медициналық куәландыру басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен ерте емес:

      1) жалпы қан талдауы;

      2) мерезге микропреципитация реакциясы (микрореакция);

      3) жалпы несеп талдауы;

      4) тыныш жағдайдағы және жүктемеден кейінгі электрокардиография;

      5) кеуде қуысы ағзасын флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (куәландыру күніне дейін үш айдан кешіктірмей);

      6) мұрынның қосалқы қуысының рентгенографиясы;

      7) В және С вирустық гепатитінің маркеріне қанды зерттеу;

      8) АИТВ-инфекциясына қанды зерттеу;

      9) қандағы қант талдауы;

      10) бруцеллезге қан талдауы (мал шаруашылығында жұмыс істейтін және (немесе) жеке шаруашылығында малы бар адамдарға);

      11) қырық жастан асқан адамдарға көздің ішкі қысымын өлшеу жүргізіледі.

      Денсаулық жағдайын анықтау және (немесе) ауру диагнозын нақтылау мақсатында (бұдан әрі – медициналық көрсеткіш) қосымша медициналық зерттеу жүргізіледі.

      71. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарға медициналық куәландыруды жергілікті атқарушы органның медициналық комиссиясы немесе гарнизондық (госпитальдық) ӘДК (ДҰК) жүргізеді.

      Әскери бөлімге немесе өңірлік қолбасшылыққа (бұдан әрі – ӨңҚ) жіберу алдында азаматқа организмінде есірткі затының болуына тестілеу жүргізіледі, оның нәтижесі келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтың медициналық куәландыру картасына жазылады.";

      мынадай мазмұндағы 110-1, 110-2, 110-3 және 110-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "110-1. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметші медициналық куәландыруға денсаулық жағдайына анағұрлым жоғары талапты көздейтін лауазымға тағайындау кезінде, сондай-ақ басқа да әскер түрі мен тегінен арнаулы мақсаттағы бөлімшеге, теңіз жаяу әскеріне, парашютпен секіруді орындайтын бөлімшеге, десанттық-шабуылдау және барлау бөлімшесіне, Әскери-теңіз күштерінің бөлімшесіне (суүсті кораблінің экипажы, жауынгерлік жүзгіш, сүңгуір) қызметі бойынша ауыстырылғанда жіберіледі.

      110-2. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметші әскери-дәрігерлік сараптама комиссиясына осы Қағидалардың 80-тармағына сәйкес құжаттарды береді.

      110-3. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметшіге медициналық куәландыруға дейін күнтізбелік отыз күн ішінде:

      1) жалпы қан талдауы;

      2) мерезге микропреципитация реакциясы (микрореакция);

      3) жалпы несеп талдауы;

      4) тыныш жағдайдағы электрокардиография (жүктемеден кейін – көрсеткіш бойынша);

      5) кеуде қуысы ағзасын флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (егер ол жүргізілмесе немесе медициналық құжатта осы зерттеу туралы куәландыру күніне соңғы алты ай ішінде, сондай-ақ медициналық көрсеткіші бойынша мәлімет болмаса);

      6) мұрынның қосалқы қуысының рентгенограммасы жүргізіледі.

      Медициналық куәландырылған күні бойы мен дене салмағы өлшенеді.

      Медициналық көрсеткіш бойынша қосымша медициналық зерттеу жүргізіледі.

      110-4. Медициналық куәландыру нәтижесі ӘДК отырысының хаттамалар кітабына, медициналық кітапшаға жазылады және медициналық куәландыру туралы анықтамамен ресімделеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады