"Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 қаңтардағы № 20 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 3 ақпанда № 35694 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17705 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:

      ""Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 29) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларында:

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 29) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ТжКОББ) оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.";

      3-тармақтың екінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілердің, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің балаларын (оның ішінде асырап алған ұлдарын, асырап алған қыздарын, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздарын) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысы беріліп және (немесе) білім беру гранты беріле отырып, олардың өтініші негізінде конкурстан тыс жүзеге асырылады.

      Қабылдау квотасының мөлшері "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы № 261 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33298 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 261 бұйрық) бекітілген.";

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Қабылдау және/немесе емтихан комиссияларының шешімдері, егер олардың отырыстарына мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі және қатысушылар санының көпшілік даусымен қабылданады. Қабылдау және/немесе емтихан комиссиялары мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Хатшы қабылдау және/немесе емтихан комиссияларының мүшесі болып табылмайды.

      Емтихан комиссиясының қорытынды отырысында аудио - немесе бейнежазба жүргізіледі. Аудио-немесе бейнежазба ТжКОББ ұйымының мұрағатында кемінде бір жыл сақталады.

      Қабылдау комиссиясының қорытынды отырысында отырыстың хаттамасы жүргізіледі, ол ТжКББ ұйымының мұрағатында кемінде үш жыл сақталады.";

      9-тармақтың бірінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:

      "9. Мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) бойынша ТжКОББ ұйымына білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша, арнайы оқу бағдарламалары бойынша, рухани (діни) білім беру ұйымдарына, сондай-ақ техникалық және кәсіптік (жұмыс біліктілігі), орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар орта буын мамандықтарына түсушілерді мамандықтың бейініне сәйкес оқуға қабылдау ТжКББ ұйымының жобалық мүмкіндігін ескере отырып, тұлғалардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады. Жобалық мүмкіндік "Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29323 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 381 бұйрық) бекітілген Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетілетін қызметті алушы:

      1) Қазақстан Республикасының орта, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін "электрондық үкімет" веб-порталында (бұдан әрі – Портал);

      2) шетелдік орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, сондай-ақ жоғары оқу орындарының түлектері үшін ТжКОББ ұйымдарында (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) алады.

      Бұл ретте, Портал арқылы өтініш бергенге дейін өткен жылдардағы түлектер балдарды автоматты түрде есептеу үшін білім беру ұйымдарында білім туралы құжатты цифрлық форматқа ауыстыруға тиіс.

      Құжаттар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесіне (бұдан әрі - Тізбе) сәйкес ұсынылады.

      Қажет болған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы "бір өтініш" қағидаты бойынша "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау" мемлекеттік көрсетілетін қызметін алуға құжаттарды беру кезінде "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру" және "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың жекелеген санаттағы азаматтарына, сондай-ақ, қорғаншылық (қамқоршылықтағы) пен патронаттағы тұлғаларына тегін тамақтандыруды ұсыну" мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін алу үшін өтініш бере алады.

      Бұл ретте, "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметі "Білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 66 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13487 болып тіркелген), "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың жекелеген санаттағы азаматтарына, сондай-ақ, қорғаншылық (қамқоршылықтағы) пен патронаттағы тұлғаларына тегін тамақтандыруды ұсыну" мемлекеттік көрсетілетін қызметі ""Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың жекелеген санаттағы азаматтарына, сондай-ақ, қорғаншылық (қамқоршылықтағы) пен патронаттағы тұлғаларына тегін тамақтандыруды ұсыну" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 3 сәуірдегі № 82 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32226 болып тіркелген) сәйкес көрсетіледі.

      Өтініште көрсетілген мемлекеттік қызметтерді ұсыну нәтижелері ТжКОББ ұйымына қабылдау қорытындылары бойынша ұсынылатын болады.

      Көрсетілетін қызметті алушы қабылдау қорытындысы бойынша күнтізбелік 3 күн ішінде білім беру қызметтерін көрсету туралы электрондық шартқа қол қояды. Шартқа қол қою туралы SMS-хабарлама mGov мобильді қосымшасының Bilim сервисінде жіберіледі.";

      16-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "16. Құжаттарды Портал арқылы тапсырған кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге сұраныстың қарастырылу мәртебесі туралы ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" көрсетіледі.";

      18-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "18. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында не тікелей көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде дәлелді бас тартуды осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес қағаз жеткізгіште көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жолдайды.";

      23-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "23. Оқуға түсушілерден түскен өтініштер "Ұлттық білім беру деректер базасы" ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ҰБДБ) тіркеледі.";

      26-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "26. Білікті жұмысшы кадрларды даярлауға оқуға түсушілердің саны мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға бөлінген орындардың санынан асып кеткен жағдайда, оқуға қабылдау осы Қағидалардың 60-тармағына сәйкес орташа конкурстық балл, сондай-ақ № 261 бұйрыққа сәйкес квота санаты негізінде жүзеге асырылады.";

      32-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "32. Кәсіптік диагностикадан өткеннен кейін ТжКОББ ұйымына мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогикалық мамандықтарға, сондай-ақ арнайы және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға оқуға түсетін адамдар арнайы және/немесе шығармашылық емтихандар тапсыру үшін, медициналық мамандықтарға түсетін адамдар психометриялық тестілеуден өту үшін ТжКОББ ұйымдарына ҰБДБ ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі.";

      38-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "38. Арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандарға, сондай-ақ психометриялық тестілеуге қатысу үшін мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар адамдар (көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған) "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама ұсынған кезде, қажет болған жағдайда, емтихан комиссиясы төрағасының атына:

      1) жеке аудитория ұсыну;

      2) көру, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы және/немесе шығармашылық емтихан шеңберінде тапсырылатын пәндердің оқытушысы болып табылмайтын көмекшінің және (немесе) есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілін білетін көмекшінің қажеттілігі туралы еркін нысанда қосымша өтініш береді.";

      48-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "48. Арнайы және/немесе шығармашылық емтиханның, сондай-ақ психометриялық тестілеудің нәтижелерін ТжКОББ ұйымдары (білім, мәдениет және спорт салаларындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарын қоспағанда) мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға арналған конкурсқа (бұдан әрі - Конкурс) қатысу үшін ҰБДБ ақпараттық жүйесіне жібереді.";

      53-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "53. ТжКОББ ұйымдары осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген және өтініш берген тұлғаларды күнтізбелік жылдың 26 тамызына дейін мамандығын, біліктілігін көрсете отырып, ҰБДБ ақпараттық жүйесіне тіркейді.";

      54-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "54. Конкурсты ҰБДБ ақпараттық жүйесі (білім, мәдениет және спорт салаларындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарын қоспағанда) талапкерлерді білім туралы құжатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндердің орташа конкурстық балы бойынша автоматты түрде бөлу арқылы, педагогикалық, медициналық мамандықтарға, шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға түсушілер үшін білім туралы құжатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндер бағаларының орташа балы бойынша және ТжКОББ ұйымы өткізген арнайы және/немесе шығармашылық емтихандардың нәтижелеріне сәйкес алынған бағалардың (балдардың) орташа балы бойынша, сондай-ақ қабылдау квотасын ескере отырып өткізеді.";

      55-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "55. Талапкерлерді автоматты түрде бөлуді ҰБДБ ақпараттық жүйесі жүзеге асырады.";

      61-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "61. Орташа конкурстық балл тең болған кезде білім туралы құжаттың орташа балы, сондай-ақ № 261 бұйрыққа сәйкес квота санаты ескеріледі.";

      62-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "62. Басқа елдің білім туралы құжаты бар адамдар үшін білім туралы құжатта осы Қағидаларға 5-қосымшада көрсетілген міндетті және бейінді пәндер болмаған кезде міндетті және бейінді пәндердің тізбесін ҰБДБ ақпараттық жүйесі арқылы ТжКОББ ұйымдарының қабылдау комиссиялары белгілейді.";

      63-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "63. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінбеген орындар, мамандықтар бойынша жинақталмаған топтар (өнер және мәдениет, денсаулық сақтау мамандықтарын қоспағанда кемінде 15 адам), қамтылмаған талапкерлер болған жағдайда, күнтізбелік жылдың 29 тамызына дейін № 381 бұйрыққа сәйкес мамандықтар мен ТжКОББ ұйымдары бойынша мемлекеттік тапсырыс қайта бөлінеді.

      ҰБДБ ақпараттық жүйесі автоматты түрде бөлу арқылы білім басқармаларына ТжКОББ ұйымдарына қабылдау үшін талапкерлерді бөлу қорытындыларын:

      білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша ТжКОББ ұйымдарында оқу үшін әңгімелесуден сәтті өткен адамдардың тізімін;

      кәсіпорындардың өтінімдері, сондай-ақ арнайы оқу бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау үшін әңгімелесуден сәтті өткен адамдардың тізімін;

      орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтары бойынша оқуға конкурстан өткен адамдардың тізімін жібереді.";

      64-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "64. Білім басқармасы негізгі орта білім беру базасында оқуға түсушілер арасында Конкурс қорытындыларын ресми интернет-ресурстарда күнтізбелік жылдың 23 тамызында, жалпы орта білім беру базасында оқуға түсушілер арасында күнтізбелік жылдың 25 тамызында жариялайды, сондай-ақ талапкерлерді Порталдың 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS хабарламамен Конкурс қорытындылары туралы хабардар етеді.";

      1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлiгi

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және ақпарат министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Туризм және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Iшкi iстер министрлiгi

      Қазақстан Республикасы

      Оқу-ағарту министрі

      2025 жылғы 31 қаңтардағы

      № 20 бұйрығына қосымша

  Техникалық және кәсіптік, орта
білімнен кейінгі білімнің білім
беру бағдарламаларын іске
асыратын білім беру
ұйымдарына оқуға қабылдаудың
үлгілік қағидаларына
1-қосымша

"Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші).

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары;
2) "электрондық үкіметтің" www. egov. kz веб-порталы (бұдан әрі - портал).

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасы тапсырылған сәттен бастап орта буын және қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша түсетін көрсетілетін қызметті алушылар үшін:
1) білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары бойынша, арнайы оқу бағдарламалары бойынша, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарына, қылмыстық – атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарына - күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 25 тамызы аралығында, оқудың кешкі нысанына - күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 қыркүйегі аралығында;
2) орта буын және қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша оқудың күндізгі нысанына: негізгі орта білім базасында күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 18 тамызы аралығында, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 тамызы аралығында, ақылы негізде күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 25 тамызы аралығында, оқудың кешкі және сырттай нысанына - күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 қыркүйегі аралығында, шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша - күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 шілдесі аралығында, педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша - күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 15 тамызы аралығында жүзеге асырылады;
3) көрсетілетін қызметті алушының құжаттар топтамасын тапсыруы үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 15 минут;
4) қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 15 минут.

4

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электронды /(ішінара автоматтандырылған)

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымына құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат не Тізбенің 9-тармағында жазылған негіздерге сәйкес құжаттарды одан әрі қараудан дәлелді бас тарту және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес қолхат беру.
Портал арқылы жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында хабарлама және СМС хабарлама жолданады.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

тегін

7

Жұмыс кестесі

көрсетілетін қызметті беруші: Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда көрсетілетін қызмет берушінің белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.
портал: жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштерді қабылдау және нәтижелерді беру келесі жұмыс күнімен жүзеге асырылады).
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің www.edu.gov.kz интернет-ресурсында;
2) www. egov. kz порталында орналасқан.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде:
1) құжаттарды қабылдау туралы өтініш;
2) білімі туралы құжаттың түпнұсқасы;
3) 3x4 см көлеміндегі цифрлық фотосурет;
4) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21759 болып тіркелген) бекітілген № 075-У нысаны (бұдан әрі - № 075-У) бойынша медициналық анықтама, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен бала жасынан мүгедектігі бар адамдар үшін "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21759 болып тіркелген) № 031-У нысаны (бұдан әрі - № 031-У) бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы;
5) арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiгуi (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілердің, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің балаларын (оның ішінде асырап алған ұлдарын, асырап алған қыздарын, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздарын) мәртебесін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі
6) цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (тұлғаны салыстыру үшін).
Көрсетілетін қызметті алушылар – шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар олардың мәртебесін айқындайтын, тұрғылықты жері бойынша тіркелгендігі туралы белгісі бар құжатты ұсынады:
1) шетелдік – шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты;
2) азаматтығы жоқ тұлға – азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі;
3) босқын – босқын куәлігі;
4) пана іздеуші тұлға – пана іздеуші тұлғаның куәлігі;
5) қандас – қандас куәлігі.
Порталға:
1) көрсетілетін қызметті алушының нақты тұрғылықты жері көрсетілген, оның өкілінің ЭЦҚ қойылған көрсетілетін қызметті алушының ата-анасының (немесе оның заңды өкілдерінің) бірінің электрондық құжат нысанындағы өтініші;
2) электрондық түрдегі білім туралы құжат;
3) № 075-У нысаны бойынша электрондық медициналық анықтаманың, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен бала жасынан мүгедектігі бар адамдар үшін № 031-У нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысының электрондық көшірмелері;
4) арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiгуi (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілердің, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің балаларын (оның ішінде асырап алған ұлдарын, асырап алған қыздарын, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздарын) мәртебесін растайтын электрондық құжат
5) 3x4 см көлеміндегі цифрлық фотосурет;
Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат, білімі туралы құжат, медициналық анықтамалары көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.
Портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы хабарлама-есеп жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі, онда:
1) тапсырылған құжаттардың тізбесі;
2) құжаттарды қабылдап алған қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, сондай-ақ байланыс деректері көрсетіледі.
Белгілі бір аумақта тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда көрсетілетін қызметті алушылар осы тармақтың бірінші абзацының 4) тармақшасында және екінші абзацының 3) тармақшасында көрсетілген құжаттарды шектеу іс-шараларының алынуына, төтенше жағдайдың тоқтатылуына қарай тікелей білім беру ұйымдарына ұсынады.

9

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті материалдар, деректер мен мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болып табылады;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы;
4) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімі болмауы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тартады.

10

Мемлекеттік қызмет көрсетудің, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге де талаптар

1) Көрсетілетін қызметті алушы электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда электрондық нысанда портал арқылы немесе көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс операторы ұсынған абоненттік нөмірін порталдың есептік жазбасына тіркеген және қосқан жағдайда бір реттік парольмен куәландырылған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті алады;
2) Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинеті", көрсетілетін қызметті берушінің анықтама қызметтері, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы "1414", 8 800 080 7777 арқылы алады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады