Инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрінің 2025 жылғы 26 ақпандағы № 11-1-4/104 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 27 ақпанда № 35754 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-3-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу мен пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Сыртқы істер Министрі
М. Нұртілеу

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары -
Сыртқы істер Министрі
2025 жылғы 26 ақпандағы
№ 11-1-4/104 Бұйрықпен
бекітілген

Инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу мен пайдалану қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу мен пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-3-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу мен пайдалану тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы – құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жүз елу мың еселенген мөлшерінен асатын экономиканың барлық салаларында іске асырылатын және пысықталатын инвестициялық жобалардың тізбесі, сондай-ақ бастамашылары жеке кәсіпкерлік субъектілері (отандық және шетелдік инвесторлар) болып табылатын инвестициялық келісімшарттар негізінде іске асырылатын инвестициялық жобалар;

      2) инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания (бұдан әрі – Ұлттық компания) – өз қызметін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-2-бабына сәйкес жүзеге асыратын, инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания мәртебесі бар заңды тұлға және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері;

      3) инвесторлар тізілімі – инвесторлар, инвестициялардың сомалары, инвестициялық жобалардың түрлері, оларды іске асыру кезеңдері туралы мәліметтерді және Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызмет туралы басқа да мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор;

      4) ұлттық цифрлық инвестициялық платформа (бұдан әрі – ҰЦИП) –инвестициялық жобаларды кешенді қолдап отырудың бірыңғай ақпараттық жүйе, оны құруды, басқаруды және техникалық қолдауды инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

2 тарау. Инвесторлар тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі

      3. Инвесторлар тізілімін қалыптастыру және жүргізу ҰЦИП шеңберінде автоматты режимде Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына енгізілген инвестициялық жобалар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.

      4. Мәліметтерді инвесторлар тізіліміне енгізу автоматты режимде инвестициялық жобаның паспорты ҰЦИП-те қалыптастырылғаннан кейін жүзеге асырылады.

      5. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулын қалыптастыру Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 11-1-4/327 бұйрығымен бекітілген Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібінің 4-тарауының 2-параграфына сәйкес іске асырылады (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32910 болып тіркелген).

3 тарау. Инвесторлар тізілімін пайдалану тәртібі

      6. Жеке немесе заңды тұлға "Іздеу" жолына жеке тұлға үшін жеке сәйкестендіру нөмірін немесе заңды тұлға үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірін енгізу және осы тұлғаның инвесторлар тізіліміне енгізілуі немесе болмауы туралы мәліметтерді алу жолымен инвесторлар тізілімінде жеке және заңды тұлғаның бар-жоғын тексеру үшін ҰЦИП-дағы "Инвесторлар тізілімі" бөлімін пайдаланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады