ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
"Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-1-бабының бесінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Резервтік және кепілдік беру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Электрондық және биржалық сауда департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Қағидалардың 2-тармағының 4) тармақшасын қоспағанда, 2025 жылғы 10 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі 2025 жылғы 13 наурыздағы № 98-НҚ Бұйрығына қосымша |
Резервтік және кепілдік беру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы резервтік және кепілдік қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 16-1-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әзірленді және резервтік және кепілдік қорларын қалыптастыру мен пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) кепілдік қоры – биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржа мүшелерінің жарналары есебінен тауар биржасының клирингтік орталығы қалыптастыратын ақша қоры;
2) резервтік қоры – биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауар биржасы өз қаражаты есебінен қалыптастыратын ақша қоры;
3) тауар биржасы – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, тауар биржасының электрондық сауда жүйесін пайдалана отырып, оларды тікелей өткізу жолымен сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) тауар биржасының клирингтік орталығы-тауар биржасы клирингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан, клирингтік қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар заңды тұлға;
5) тауар биржасының мүшелері – Заңда айқындалған тәртіппен тауар биржасы аккредиттеген брокерлер, сондай-ақ дилерлер және маркет-мейкерлер.
2-тарау. Резервтік қорды қалыптастыру тәртібі
3. Биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауар биржасы тауар биржаларының қызметімен айналысу құқығына лицензия алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде резервтік қор құрады.
4. Тауар биржасының резервтік қорының ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде жиырма мың еселенген мөлшерін құрайды.
5. Әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлармен сауданы жүзеге асыратын тауар биржалары осындай тауарлармен сауда басталған күннен бастап бір жыл ішінде резервтік қордың мөлшерін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жүз мың еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
6. Резервтік қоры тауар биржасының келіп түскен, оның ішінде тауар биржасының пайдасы ретінде және (немесе) заңнамада тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылады.
7. Резервтік қоры қаражаты тауар биржасы қызметінің бүкіл кезеңіне тауар биржасының жекелеген банктік шотында төмендетілмейтін қалдық түрінде есепке алынуға жатады.
8. Резервтік қоры ағымдағы мөлшері туралы ақпарат ай сайын тауар биржасының өз интернет-ресурсында банктік шот бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме нысанында жарияланады.
3-тарау. Кепілдік қорын қалыптастыру тәртібі
9. Биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауар биржасының клирингтік орталығы тауар биржасының мүшесінен алғашқы жарна қабылданған күннен бастап кепілдік қорын құрады.
10. Кепілдік қорына жарнаның ең аз мөлшерін тауар биржасының тиісті мүшесі қол жеткізе алатын сауда секцияларына байланысты тауар биржасымен келісім бойынша тауар биржасының клирингтік орталығы белгілейді.
11. Кепілдік қорының қаражаты тауар биржасының клирингтік орталығының жеке банктік шотында есепке алынуға жатады.
12. Кепілдік қорының ағымдағы мөлшері туралы ақпарат ай сайын тауар биржасының клирингтік орталығының өз интернет-ресурсында банктік шот бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме нысанында жарияланады.
4-тарау. Резервтік қорды пайдалану тәртібі
13. Резервтік қордың қаражаты тауар биржасында жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз етуге жіберіледі.
14. Резервтік қор қаражатын пайдалану туралы шешімді тауар биржасы қабылдайды.
15. Бір биржалық мәміле бойынша шығындарды өтеу үшін пайдаланылатын қор қаражатының көлемі резервтік қордың жиынтық активтерінен аспайды.
16. Резервтік қордың қаражаты пайдаланылған жағдайда тауар биржасы оны тауар биржасы тиісті шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде белгіленген ең төменгі деңгейге дейін толтырады.
5-тарау. Кепілдік қорын пайдалану тәртібі
17. Кепілдік қоры тауар биржасы мүшесінің биржалық мәміле бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты тәуекелдерді жабуға арналған.
18. Кепілдік қорының қаражатын пайдалану қажет болған жағдайда тауар биржасының клирингтік орталығы тауар биржасы мүшесінің биржалық мәміле бойынша міндеттемелерін орындамауына әкеп соққан мән-жайларға талдау жүргізеді және қордан қаражат бөлу туралы негізделген шешім қабылдайды.
19. Тауар биржасының мүшесі биржалық мәміле бойынша өз міндеттемелерін бірінші кезектегі тәртіппен орындамаған кезде биржалық қамтамасыз ету қаражаты, ал олар жеткіліксіз болған кезде – белгіленген тәртіппен кепілдік қорының қаражаты пайдаланылады.
20. Тауар биржасының клирингтік орталығы оларды пайдаланғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде кепілдік Қорының қаражатын пайдалану себептері туралы тауар биржасын жазбаша түрде хабардар етеді.
21. Кепілдік қорының қаражаты пайдаланылған жағдайда биржалық мәміле бойынша өз міндеттемелерін орындамауға жол берген тауар биржасының мүшесі оны тауар биржасының клирингтік орталығы тиісті шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде белгіленген ең төменгі деңгейге дейін толтырады.
22. Тауар биржасы мүшесінің тауар биржасы алдындағы міндеттемелерін орындамау тәуекелдерін жабу үшін пайдаланылатын қор қаражатының көлемі кепілдік қорының жиынтық активтерінен аспауға тиіс.
23. Кепілді қордың қаражаты тауар биржасының мүшесі еркін нысанда өтініш бере отырып, онда мынадай мәліметтерді көрсете отырып, шешім қабылдаған жағдайда бес жұмыс күні ішінде тауар биржасының мүшесіне қайтарылуға жатады:
тауар биржасының мүшелерінен шығу себебі;
оның өзі жасаған биржалық мәмілелер бойынша орындалмаған міндеттемелерінің болмауы туралы;
оның тауарлық клирингтік орталық алдында берешегінің жоқтығы туралы.
Тауар биржасы тауар биржасы мүшесінің өтініштерін өтініш қабылданған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде қарайды.