Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 124-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 31 наурызда № 35902 болып тіркелді

      "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының мазмұнына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Әділет министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бәсекелестікті қорғау және

      дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ғылым және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жоғары аудиторлық палатасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы нарығын реттеу және

      дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржылық мониторинг агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Оқу-ағарту министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Су ресурстары және ирригация министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

      іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас

      жемқорлыққа қарсы қызмет)

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Туризм және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Экология және табиғи ресурстар

      Министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат
министрі
2025 жылғы 31 наурыздағы
№ 124-НҚ бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру және олардың мазмұнына қойылатын талаптар қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың интернет-ресурсын (бұдан әрі – интернет-ресурс) ақпаратпен толықтыру тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) интернет-ресурс – бірегей желілік мекенжайы және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылған ақпарат (мәтіндік, графикалық, аудиовизуалды немесе өзге де түрде);

      2) қол жеткізу шектелген ақпарат – мемлекеттік құпияларға, жеке басының құпиясына, отбасылық, банктік, коммерциялық құпияға, медицина қызметкерінің құпиясына және (немесе) заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, қолжетімділігі шектеулі дербес деректер, сондай-ақ "таратылуы шектелген" деген белгісі бар қызметтік ақпарат;

      3) мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы – мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру тәртібі

      3. Орталық атқарушы органдар және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар интернет-ресурстарын интернет-ресурстардың бірыңғай платформасында орналастырады.

      4. Мемлекеттік орган интернет-ресурсының құрылымы және орналастырылатын ақпараттың құрамы, сондай-ақ қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органның қызметіне қатысы бар өзге де ақпарат Заңның 16-бабына сәйкес қалыптастырылады.

      5. Мемлекеттік органдар интернет-ресурсының дизайнында адаптивті веб-дизайн пайдаланылады, ол интернетке қосылған түрлі құрылғыларда Интернет-ресурстың дұрыс көрсетілуін қамтамасыз етеді және браузер терезесінің берілген өлшемдеріне динамикалық түрде икемделеді.

      6. Мемлекеттік органдар интернет-ресурсының ақпараттық көздері тиісті құрылымдық бөлімшелер әзірлеген және ұсынған материалдарды құрайды.

      7. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында жаңалықтар легін жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге бөлімдерді жаңарту ақпарат алынған немесе құрылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

  бұйрығына 2-қосымша

Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының мазмұнына қойылатын талаптар

      1. Осы Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-2 - бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының (бұдан әрі – интернет-ресурс) мазмұнына қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) балама мәтін – тек мәтінді көрсететін құрылғыларды пайдаланған кезде мәтіндік емес веб-контенттің мазмұнын және функциясын түсінуге мүмкіндік беретін мәтін;

      2) веб-браузер – веб-сайттарды қарауға арналған арнайы бағдарлама;

      3) веб-контент – электрондық ақпараттық ресурстың мәтіндік, мәтіндік емес немесе медиа мазмұны;

      4) сайттың "жоғарғы колонтитулы" (header) – барлық беттерге ортақ, ұйымның атауын, логотипін, сондай-ақ навигация, авторизация және қосымша параметрлер тақтасын қамтитын интернет-ресурстың жоғарғы бөлігі;

      5) сайттың "төменгі колонтитулы" (footer) – қосымша навигациялық элементтерді, сыртқы ресурстарға сілтемелерді, техникалық сілтемелерді, контактілерді, сондай-ақ кері байланыс нысандарын қамтитын барлық беттерге ортақ интернет-ресурстың төменгі бөлігі;

      6) скринридер ("экранды оқушы") – экраннан мәтіндерді дыбыстауға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтылым;

      7) тег – интернет-ресурстың веб-бетіндегі мәтіннің көрінісін өзгертетін HTML тілінің элементі;

      8) HTML (Hyper Text Markup Language – "гипермәтіндік белгілеу тілі") – интернет желісіндегі құжаттарды белгілеудің стандартты тілі.

      3. Мемлекеттік органдардың Интернет-ресурстары бейімделген веб-дизайн әдісімен әзірленеді. Интернет-ресурстың бейімділігі стационарлық және мобильді құрылғылардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған қосалқы аппараттық немесе бағдарламалық құралдардың пайдаланушылары үшін бірдей ақпараттық контенттің толыққанды қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

      4. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурсын пайдалану ыңғайлылығына қойылатын талаптар осы Талаптарға қосымшада ұсынылған.

      5. Интернет-ресурстардың басты беттері сайттың "жоғарғы колонтитулын" (header), навигациялық мәзірін, контент ауданын, сайттың "төменгі колонтитулын" (footer) қамтиды.

      6. Интернет-ресурстардың бірыңғай құрылымын қалыптастыру мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары беттерінің құрылымына бірыңғай тәсілмен айқындалады.

      7. Интернет-ресурста орналастырылатын ақпарат уақыттың ағымдағы сәтіне сәйкес келеді.

      8. Интернет-ресурсқа және ондағы барлық электрондық ақпараттық ресурстарға сәйкестендіру рәсімінен өтпей-ақ пайдаланушыларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      9. Электрондық ақпараттық ресурстар веб-браузер құралдары арқылы мәтін фрагменттерін іздеу және көшіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін гипермәтіндік форматта ұсынылады.

      10. Нормативтік құқықтық және өзге де актілер, актілердің жобалары, сот қаулылары, баяндамалар, есептер, шарттар, шолулар, болжамдар, хаттамалар, қорытындылар, статистикалық ақпарат, нысандар мен өзге де құжаттардың үлгілері гипермәтіндік форматқа қосымша интернет-ресурста оларды пайдаланушылардың техникалық құралдарында сақтау мүмкіндігін қамтамасыз ететін форматта файлдар түрінде ұсынылған.

      11. Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік органдардың интернет-ресурсында интеграция арқылы орналастырылады.

      12. Нормативтік құқықтық актілер интернет-ресурста олардың нысанын, тақырыбын, қабылданған орны мен күнін, тіркеу нөмірін, нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның немесе адамдардың қолтаңбасын, мемлекеттік тіркеу күні мен нөмірін көрсете отырып ұсынылады және уақтылы жаңартылып отырады.

      13. Интернет-ресурстың бетінде орналастыру кезінде мазмұнды бөлімдер мен нормативтік құқықтық база арасындағы тоғыспалы сілтемелер пайдаланылады.

      14. Мұрағаттық деректер кемінде үш жылды құрайды.

      15. Мемлекеттік орган басшысының, басшы орынбасарларының, құрылымдық бөлімшелер, аумақтық органдар, шетелдік өкілдіктер, ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының, консультативтік және кеңесші органдардың басшылары мен мүшелерінің, мемлекеттік органның қандай да бір жұмыс учаскесіне жауапты өзге де қызметкерлерінің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) көрсеткен кезде олардың толық тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетіледі.

      16. Мемлекеттік органның телефон, факс нөмірлерін көрсеткен кезде қаланың (облыстың, ауданның) коды көрсетіледі.

      17. Пошта мекенжайын интернет-ресурста көрсеткен кезде пошта индексі көрсетіледі.

      18. Ақпаратты орналастыру кезінде ақпаратты орналастыру күні мен уақытын, сондай-ақ соңғы өзгерістің күні мен уақытын айқындау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

      19. Интернет-ресурстың басты бетінің дизайнында графикалық элементтердің көлемі бойынша артық жүктелуге жол берілмейді және:

      веб-беттерді жүктеудің жоғары жылдамдығын қамтамасыз ету қажет;

      интернет-ресурстың графикалық бөлігін безендіруде графика мен анимация құралдарын минималды пайдалану.

      20. Әдепкі бойынша интернет-ресурстың қазақ тіліндегі нұсқасы ашылады. Интернет-ресурстың тілі өзгерген кезде сол бір қаралатын бет ашылады.

      21. Сайттың "жоғарғы колонтитулында" (header) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі, Мемлекеттік орган интернет-ресурсының тиесілілігіне нұсқау, логотип, сондай-ақ навигация, авторизация және қосымша баптаулар панелі (тілдік нұсқаны таңдау) бар.

      22. Баннерлік сілтемелер бірдей мөлшерде орналастырылады және тұрақты немесе уақытша сипатта болады.

      23. Интернет-ресурстың навигациялық мәзірі интернет-ресурстың негізгі бөлімдеріне жылдам өтуді қамтамасыз етеді, интернет-ресурстың кез келген бетіне қол жеткізу үш рет өтуден артық болмауын талап етеді. Навигациялық элементтер интернет-ресурстың барлық беттерінде бір жерде орналасады. Пайдаланушыға интернет-ресурстың құрылымы және осы құрылымдағы көрсетілетін беттің орналасқан жері туралы көрнекі ақпарат беріледі. Навигацияның бірдей элементтері бір стильге ие.

      24. Навигациялық мәзірде интернет-ресурс бойынша толық мәтінді іздеуді орындау үшін іздеу өрісі бар.

      25. Интернет-ресурстың басты бетінің контенттік аймағы мыналарды:

      форматтағы жаңалықтар: күні, тақырыбы, иллюстрациялық бейнесі және қысқаша мазмұнын (бар болса);

      мемлекеттік органның қызмет бағыттары туралы ақпараты бар кіші бөлімдерге сілтемелер тізбесін;

      маңызды материалдар мен пайдаланушылар сұраған анықтамалық ақпаратқа сілтемелері бар ақпараттық блоктар мен баннерлерді;

      мемлекеттік органның соңғы қосылған құжаттарының тізбесін;

      әкімшілік лауазымдарға орналасуға арналған соңғы бос жұмыс орындарының тізбесін;

      өзекті оқиғалар мен іс-шаралар тізімін;

      мемлекеттік орган көрсететін танымал мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізбесін (болған жағдайда);

      Байланыс ақпараты – мемлекеттік органның пошталық мекенжайы, телефоны және электрондық мекенжайы, сондай-ақ кері байланыс арналарына сілтемелерді (электрондық өтініштер, басшының блогы);

      мемлекеттік органның іске асырылатын жобаларының тізбесін қамтиды.

      26. Басты бетке сілтеме интернет-ресурстың кез келген бетінен қол жетімді болып табылады.

      27. Беттердегі тақырыптар мен қолтаңбалар осы беттің мазмұнын (мақсатын), ағымдағы бөлімнің және көрсетілетін құжаттың атауын сипаттайды.

      28. Беттегі және файл түрінде ұсынылған құжаттардағы тақырыптар тиісті деңгейдегі тақырыптардың көмегі арқылы бағдарламалық құралдармен орналастырылады. Тақырыптар пайдаланушыға ақпараттың өзара байланысы мен өзара бағыныстылығы туралы хабарлау үшін жасалады.

      29. Интернет-ресурстың стандартты бетін жүктеудің шекті уақыты 4 секундтан аспайды.

      30. Мүгедектігі бар адамдар (көру, есту қабілетінің, тірек-қимыл жүйесінің бұзылуы, сондай-ақ сөйлеу қабілетінің бұзылуы, когнитивті және неврологиялық бұзылуы бар пайдаланушылар) үшін веб-контенттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органның интернет-ресурсында ақпараттық материалдарды орналастыру кезінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2023 жылғы 7 қарашадағы № 428-НҚ бұйрығымен бекітілген "ҚР СТ 2191-2023 – Ақпараттық технологиялар. Мүгедектігі бар адамдар үшін веб-контенттің қолжетімділігі" Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартында (бұдан әрі – Ұлттық стандарт) белгіленген қағидаттар, ережелер мен жетістік өлшемшарттары сақталу қажет. Интернет-ресурста орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстарды қоса алғанда, мазмұны Ұлттық стандарттың "АА" сәйкестік деңгейінің талаптарына сәйкес болу тиіс.

      31. Мүгедектігі бар адамдардың интернет-ресурсқа толыққанды қолжетімділігі үшін интернет-ресурстағы барлық ақпарат мәтін түрінде ұсынылады. Кез-келген мәтіндік емес контентке (суреттер, бейнелер, аудио) үлкен қаріп, Брайль қарпі, сөйлеу, таңбалар немесе қарапайым тіл сияқты басқа нысандарға түрлендіру үшін балама мәтін мен мәтіндік сипаттамалар берілуі керек.

      32. Интернет-ресурста ақпаратты спамнан қорғау үшін кодтар қолданылған жағдайда, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді нысанда мемлекеттік немесе орыс тілінде балама әдісті ұсыну қажет.

      33. Ақпаратты енгізуді көздейтін нысандарда оларды мәтіндік түрде толтыру бойынша жолдар мен болады. Нысанды қате толтырған кезде пайдаланушыға қате туралы хабарлау интернет-ресурс пайдаланушысы үшін қолжетімді тәсілмен және қатені мәтіндік түрде сипаттай отырып жүзеге асырылады.

      34. Графикалық файлдар кескінді түсіндіретін мәтінмен сүйемелденеді, графикалық ақпаратты интернет-ресурстың беттеріне орналастырған кезде барлық пайдаланушылардың түсіндіруі үшін баламалы қолтаңба тегін пайдалану қажет.

      35. Интернет-ресурста ақпаратты бұрмалайтын немесе қабылдауды қиындатуы мүмкін фондық бейнелер мен фондық дыбыстар қолданылмайды.

      36. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін мемлекеттік органның интернет-ресурсының оқылымын арттыру үшін сурет пен фонның, сондай-ақ мәтін мен фонның контрастылық коэффициенті – кемінде 4,5:1. Ұлғайтылған мәтін үшін контрастылық коэффициенті кемінде 3:1 болуы тиіс.

      37. Мемлекеттік органның интернет-ресурсының бетінде орналастыру кезінде көлденең айналдыруға жүгінбей, веб-контентті немесе мемлекеттік органның интернет-ресурсының функционалдығын жоғалтпай (мәтіннің титрлері мен бейнелерін қоспағанда) қаріп мөлшерін ұлғайту мүмкіндігі беріледі.

      38. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін интернет-ресурстардың қолжетімділігі аудио және бейне материалдардың балама мәтіндік нұсқаларын, сондай-ақ бейне-контент үшін субтитрлерді немесе ым-ишара тіліндегі аудармасын ұсыну арқылы қамтамасыз етілуі тиіс.

      39. Интернет-ресурста ақпаратты орналастырған кезде скринридермен оқу үшін бейне-контенттің мәтіндік сипаттамасын көздеу қажет.

      40. Интернет-ресурстың бетінде интернет-ресурстың басты бетінен ағымдағы ашық бетке дейінгі бөлімдер бойынша өту жолын қамтитын навигациялық тізбектер пайдаланылады.

      41. Интернет-ресурстың бетінде мәтіндік ақпараттың ауқымды көлемін орналастыру кезінде беттің әртүрлі бөлімдеріне ішкі сілтемелер пайдаланылады. Беттің әр бөлімінде пайдаланушыға беттің басына оралуға мүмкіндік беретін "басына оралу" сілтемесі бар.

      42. Интернет-ресурста үш секундтан артық автоматты түрде ойнатылатын веб-контент үшін дыбысты тоқтату, кідірту немесе өшіру тетігінің болуы қамтамасыз етіледі.

      43. Жылжитын, жылтылдайтын, айналатын, автоматты түрде жаңаратын элементтер үшін пайдаланушыларға автоматты түрде жаңартылатын ақпаратты кідіртуге, тоқтатуға, жасыруға немесе жаңарту жиілігін өзгертуге, элементтердің жылжуын/ жылтылдауын/ айналуын тоқтатуға немесе жасыруға мүмкіндік беретін тетік беріледі.

      44. Контенттің барлық функционалдығын пернетақтаның көмегімен пернені басу уақытына ешқандай шектеусіз басқаруға болады. Интернет-ресурста жедел пернелердің толық жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.

      45. Ақпарат күрделі құрылымдардан және түсіндірмесі жоқ мамандандырылған терминологиядан аулақ қарапайым және түсінікті тілде берілуі тиіс. Ақпаратты түсінуді жеңілдету үшін мәтіндік нұсқаулар беру ұсынылады. Диаграммалар немесе схемалар сияқты күрделі графикалық элементтер мәтіндік сипаттамалармен бірге жүруі керек.

      46. Веб-контентте секундына үш реттен көп жылтылдайтын элементтер болмауы тиіс.

      47. Көмекші технологиялар, оның ішінде скринридерлер, веб-контент құрылымын, элементтердің тәртібін және ақпарат ұсынылатын реттілікті кедергісіз оқиды. Фокусталған компоненттер беттің мәні мен өнімділігін сақтайтын тәртіпте фокусты алады.

      48. Визуалды элементтерді ажырату, іс-әрекеттің орындалуы туралы хабарлау немесе кері байланыс сұрауы үшін интернет-ресурс интерфейсі элементтің визуалды сипаттамаларын (түсі, пішіні, өлшемі, визуалды орналасуы, бағдары) ғана пайдаланбайды. Кез келген ақпарат немесе сұрау салу скринидерлерді қоса алғанда, көмекші технологиялардың көмегімен оқуға болатын мәтін түрінде ұсынылады.

      49. Интернет-ресурс интерфейсінің элементтері фокусты оларға өткізу кезінде кезде мәнмәтінді өзгертпейді.

      50. Пайдаланушының интернет-ресурста орналастырылған ақпаратпен немесе интерфейс элементтерімен өзара іс-қимыл процесін сипаттайтын кез келген нұсқаулар немесе оқу материалдары тек пайдаланушылардың сезім мүшелері қабылдаған сипаттамаларына (пішіні, түсі, өлшемі, визуалды орналасуы, бағдары және дыбысы) ғана сүйенбейді.

      51. Барлық интерфейс элементтері үшін атауы мен рөлі анықталуы мүмкін, ал жай-күйі, қасиеттері мен мәндері скринридерлерді қоса алғанда, көмекші технологиялар көмегімен орнатылуы мүмкін; осы элементтердің өзгерістері туралы хабарландыру пайдаланушы агенттерге, оның ішінде қосымша технологияларға қолжетімді.

  Мемлекеттік органдардың
интернет-ресурстарының
мазмұнына қойылатын
талаптарға қосымша

Мемлекеттік органның интернет-ресурсты пайдаланудың ыңғайлылығына қойылатын талаптар

р/с №

Талап

Мазмұны

1

Интернет желісіндегі интернет-ресурстың қолжетімділігі

Google, yandex іздеу жүйелерінде интернет-ресурстың қолжетімділігі, maіl.ru мемлекеттік органның толық және қабылданған қысқартылған атауы бойынша

2

Интернет-ресурста ақпараттың қолжетімділігі

1) Fіrefox, Mіcrosoft Edge, Google Chrome, Opera, Safarі браузерлері, сондай-ақ Androіd және іOS негізгі мобильді платформаларының браузерлері үшін ақпарат пен интернет-ресурс құрылымын дұрыс көрсету;
2) навигациялық қолжетімділік (кез келген құжат немесе ақпарат басты беттен бастап навигация мәзірін пайдалана отырып, интернет-ресурс бойынша 3 өтуден аспайтындай қолжетімді болуы тиіс);
3) интернет-ресурстың әрбір бетінде негізгі навигациялық мәзірдің, басты бетке сілтеменің, сайт картасының, іздеу нысанының болуы;
4) Интернет-ресурстың иерархиялық құрылымында пайдаланушының орналасқан жерін көрсететін навигациялық тізбектердің болуы;
5) сайт картасының болуы;
6) ақпаратты іздестіру қолжетімділігі:
іздеу өрісіне кемінде 20 таңба енгізу;
интернет-ресурста орналастырылатын барлық мәтіндік ақпарат бойынша мәнмәтіндік іздеудің болуы;
интернет-ресурс бойынша кеңейтілген іздеу функциясының болуы;
іздеу нәтижелерін жеке бетте көрсету (іздеу сұрауы іздеу жолында қалуы керек);
7) ақпарат форматының қолжетімділігі:
ақпаратты пайдаланушының техникалық құралдарына сақтау мүмкіндігін қамтамасыз ететін және сақтағаннан кейін мәтіннің еркін фрагментін іздеу және көшіру мүмкіндігін беретін әр түрлі форматта, гипермәтіндік және машинамен оқылатын түрде орналастыру. Бұл жағдайда мәтінді кодтау UTF-8 форматында болуы тиіс; Мәтін rtf, txt, HTML, XML форматтарында ұсынылған – архивтелген файл пішімі-zіp;
жүктеу үшін қолжетімді құжаттардың пішімдері мен мөлшерлерін көрсету;
арнайы бағдарламалық қамтылымды орнатпай, интернет-ресурста орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету;
интернет-ресурста орналастырылған ақпаратқа авторландырусыз қол жеткізуді қамтамасыз ету;
8) көлемді құжаттар бойынша навигация:
ақпараттың үлкен блоктарын мағыналық бөліктерге бөлу;
нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде құжаттың әртүрлі бөлімдеріне ішкі сілтемелердің (зәкірлердің) болуы;
9) ақпаратты орналастыру күні мен уақытын, сондай-ақ ақпаратты соңғы өзгерту күні мен уақытын көрсету;
10) гипермәтіндік сілтемелердің болуы:
белсенді емес сілтемелер мен жоқ беттерге сілтемелер жоқ;
сілтеме бойынша басқа тілдік нұсқаның тиісті бетіне өту мүмкіндігі (интернет-ресурстың тілі өзгерген кезде сол қаралатын бет ашылуы тиіс);
сыртқы интернет-ресурсқа гиперсілтемені орналастыру кезінде веб-шолғыштың жаңа терезесінде (қосымша бетінде) сыртқы интернет-ресурстың тиісті бетін ашу және бұл туралы пайдаланушыға хабарлау;
11) сайттың "жоғарғы колонтитулында" (header) мемлекеттік орган интернет-ресурсының тиесілілігін көрсетудің болуы;
12) интернет-ресурстың басты бетіне тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ету (бет басының болмауы)

3

Мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының қолжетімділігі "ҚР СТ 2191-2023 – Ақпараттық технологиялар. Мүгедектігі бар адамдар үшін веб –контенттің қолжетімділігі" Ұлттық стандартқа сәйкес қамтамасыз етіледі

1) мағыналық жүктемесі бар мәтіндік емес және медиа веб-контент үшін баламалы мәтіннің болуы;
2) үш секундтан артық автоматты түрде ойнатылатын веб-контент үшін тоқтату, кідірту немесе дыбысты өшіру тетігінің болуы;
3) секундына үш реттен көп жылтылдайтын автоматты түрде қозғалатын, жылтылдайтын, айналатын веб-контентті тоқтату тетігінің болуы;
4) интерфейстің белсенді компонентін бір уақытта бөліп көрсете отырып, пернетақтаның көмегімен веб-контенттің барлық функционалдығын басқару мүмкіндігінің болуы;
5) әрбір веб-бетте веб-беттің негізгі мазмұнына өту сілтемесінің болуы; Интернет-ресурстың веб-бетінде мәтіндік ақпараттың ауқымды көлемін орналастыру кезінде пайдаланушыға веб-беттің басына оралуға мүмкіндік беретін "жоғары" сілтемесінің болуы;
6) пайдаланушы ақпаратты енгізген кезде анықталған қате туралы мәтіндік хабарламаның болуы (нысандарды толтыру кезінде);
7) көлденең айналдыруға жүгінбей, веб-контентті немесе интернет-ресурстың функционалдығын жоғалтпай қаріп өлшемін 200%-ға дейін өзгерту мүмкіндігі (титрлар мен мәтін кескіндерін қоспағанда)

4

Интерактивті байланыс құралдарының болуы

1) сұрау салуларды жіберу үшін кері байланыс нысанының болуы;
2) анонстар мен жаңалықтарды, мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу туралы хабарландыруларды беруге арналған RSS-арнасының болуы;
3) мемлекеттік органның интернет-ресурсына жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен мәселелерді талдау негізінде қалыптастырылған, жиі қойылатын сұрақтар бөлімінің (FAQ) болуы;
4) ағылшын тіліндегі нұсқасының болуы


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады