Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының "Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы" 2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйрығына және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының "Мемлекеттік қызметке іріктеудің кейбір мәселелері туралы" 2024 жылғы 15 қаңтардағы № 13 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі № 67 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 сәуірде № 36012 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14939 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда аталған бұйрықпен бекітілген ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізудің уақытша қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Үміткердің мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігін айқындау мақсатында жүйемен азаматтардың денсаулығын қорғау және қадағалау саласындағы стратегиялық, реттеуші, бақылау-қадағалау, іске асыру және рұқсат беру функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның және құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен ақпарат сұратылады.

      Үміткер Заңның 16-бабының 3, 3-1 және 4-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда іріктеудің кез-келген кезеңінен шығарылады.".

      2. "Мемлекеттік қызметке іріктеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 15 қаңтардағы № 13 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33909 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда аталған бұйрықпен бекітілген "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу қағидаларында:

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісуден бас тартуға негіз болып табылады:

      1) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және (немесе) мінез-құлқына қоғам тарапынан негізделген сынның аудио, видео немесе өзге де материалдармен расталған теріс жарияланымдардың болуы;

      3) мемлекеттік қызметшінің өткен (соңғы) тоқсандағы қызметінің қанағаттанарлықсыз бағалануы;

      4) қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылуы;

      5) заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы қозғалған істің болуы;

      6) кандидатта алынбаған тәртіптік жазаның немесе кандидатқа қатысты тоқтатылмаған тәртіптік істің болуы;

      7) Заңның 16-бабының 3 және 3-1-тармақтарына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкес келмеуі.".

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметке іріктеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігі төрағасы
Д. Жазықбай

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады