Мемлекеттік қызметке іріктеудің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 15 қаңтардағы № 13 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 16 қаңтарда № 33909 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы ереженің 15-тармағының 20-1) және 44-9) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген:

      1) осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу қағидалары;

      2) осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметке іріктеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
төрағасы
Д. Жазықбай

  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі төрағасы
2024 жылғы 15 қаңтардағы
№ 13 бұйрығына
1-қосымша

"Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы ереженің 15-тармағының 20-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 15-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде, 3-2, 4, 5, 7-тармақтарында көрсетілген адамдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасуға байланысты құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

2-тарау. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу тәртібі

      3. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) және оның аумақтық бөлімшелерімен жүзеге асырылады.

      4. Уәкілетті органмен:

      1) Заңның 15-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына;

      2) Заңның 15-бабының 3-2 тармағында көрсетілген тұлғалардың облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдарының басшыларына;

      3) Заңның 15-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғалардың орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, олардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдарының басшыларына;

      4) Заңның 15-бабының 7-тармағында көрсетілген "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу жүзеге асырылады.

      5. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен:

      1) осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Заңның 15-бабының 3-2 тармағында көрсетілген тұлғалардың орналасуын;

      2) осы Қағидалардың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген лауазымдарды қоспағанда, Заңның 15-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғалардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу жүзеге асырылады.

      6. Мемлекеттік орган кандидаттың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісуге арналған құжаттарын уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жолдайды.

      7. Уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің құжаттарды қарау мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      8. Мемлекеттік орган кандидаттың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісу үшін осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарына сәйкес уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне мынадай құжаттарды жібереді:

      1) кандидатты ұсынатын мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе бірінші басшының міндеттерін атқару жүктелген адам қол қойған, мемлекеттік органның бланкісінде еркін нысанда ресімделген хат (ұсыныс);

      2) жеке сәйкестендіру нөмірін қамтитын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      3) кандидаттың қосымшалары бар білім туралы құжаттарының көшірмелері.

      Шетелдік білім беру ұйымдарында алынған құжаттардың көшірмелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен осы құжаттарды тану куәліктерінің көшірмелері қоса беріледі;

      4) тиісті персоналды басқару қызметімен (кадр қызметімен) куәландырылған мемлекеттік органның "Б" корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына қойылатын біліктілік талаптарының көшірмесі;

      5) Заңның 15-бабының 5-тармағында көрсетілген адамдар үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітіргені туралы хат (анықтама);

      6) Заңның 15-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген адамдар үшін біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжат;

      7) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тиісті персоналды басқару қызметімен (кадр қызметімен) куәландырылған кандидаттың (мемлекеттік қызметшінің) қызметтік тізімі немесе кандидат мемлекеттік қызметтен тыс еңбек еткен жағдайда еңбек қызметін (функционалдық міндеттерін) растайтын құжаттың көшірмесі.

      8) кандидаттың дербес деректерін жинауға және өңдеуге жазбаша келісімі;

      9) осы Қағидалардың 11-тармағының 3) - 6) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер.

      9. Ұсынылған ақпараттың дұрыстығы үшін кандидатты "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурс өткізбестен орналасуға келісу үшін жолдайтын лауазымды тұлға жауапты болады.

      10. Ұсынылған құжаттардың негізінде уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) тағайындауға келіседі;

      2) құжаттар толық ұсынылмаған немесе құжаттардың сапасыз (оқу мүмкін болмаған) көшірмелері, құжаттардағы мәліметтер толтырылмаған немесе толық толтырылмаған жағдайда пысықтауға қайтарады;

      3) осы Қағидалардың 11 тармағына сәйкес бас тарту себептері туралы дәлелді жауап бере отырып, тағайындауды келісуден бас тартады.

3-тарау. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен орналасуын келісуден бас тарту негіздері

      11. Уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісуден бас тартуға негіз болып табылады:

      1) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және (немесе) мінез-құлқына қоғам тарапынан негізделген сынның аудио, видео немесе өзге де материалдармен расталған теріс жарияланымдардың болуы;

      3) мемлекеттік қызметшінің өткен (соңғы) тоқсандағы қызметінің қанағаттанарлықсыз бағалануы;

      4) қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылуы;

      5) заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы қозғалған істің болуы;

      6) кандидатта алынбаған тәртіптік жазаның немесе кандидатқа қатысты тоқтатылмаған тәртіптік істің болуы;

      7) Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкес келмеуі.

  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігі төрағасы
2024 жылғы 15 қаңтардағы
№ 13 бұйрығына
2-қосымша

Мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу қағидалары (бұдан әрі-қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы ереженің 15-тармағының 44-9) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу тәртібін айқындайды (бұдан әрі-біліктілік талаптары).

2-тарау. Мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу тәртібі

      2. Біліктілік талаптарын келісу келесі жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) мемлекеттік орган құрылған;

      2) мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін берген;

      3) мемлекеттік органның құрылымын және (немесе) штат кестесін өзгерткен;

      4)мемлекеттік лауазымның не мемлекеттік органның (құрылымдық бөлімшенің) атауы, функциялары және (немесе) өкілеттіктері өзгерген;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де жағдайларда.

      3. Мемлекеттік орган біліктілік талаптарын келісу үшін уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне "Е-қызмет" интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жолдайды.

      Мемлекеттік органда "Е-қызмет" интеграцияланған ақпараттық жүйесі болмаған жағдайда келісу үшін біліктілік талаптары уәкілетті органға және (немесе) оның аумақтық бөлімшесіне мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы электронды түрде жолданады.

      4. Уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің құжаттарды қарау мерзімі бір айдан аспауға тиіс.

      5. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі ұсынылған құжаттарды қарап, келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) біліктілік талаптарын келісу;

      2) біліктілік талаптарын келісуден бас тарту.

3-тарау. Мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісуден бас тарту негіздері

      6. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесімен біліктілік талаптарын келісуден бас тартуға негіз болып табылады:

      1) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын Үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;

      2) білімі (мамандығы) бойынша талаптардың мемлекеттік органның осы санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес келмеуі;

      3) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің штат кестесінде көзделген жоғары және төмен тұрған мемлекеттік лауазымдарға қойылатын білімі бойынша талаптардың сәйкес келмеуі;

      4) біліктілік талаптары мәтіндерінің мемлекеттік және орыс тілдерінде (бар болса) сәйкес келмеуі;

      5) мемлекеттік органның біліктілік талаптарына өзгерістер және (немесе) толықтыруларды бекіту немесе енгізу қажеттігін растайтын құқықтық актінің болмауы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады