"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 4 тармағына және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 496-32) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;
2) осы бұйрықты қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 29 сәуірдегі № 201-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 4 тармағына және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 496-32) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік музейлерге археологиялық жұмыстар нәтижесінде тапқан барлық материалдар мен олжаларды беру тәртібін реттейді.
2. Қазақстан Республикасының аумағында археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия болған кезде жол беріледі.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) археологиялық жұмыстар – археологиялық қазбалар мен барлау жүргізу арқылы тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, зерттеу және сақтау жөніндегі жұмыстар;
2) тарихи-мәдени мұра объектілері – тарих, археология, сәулет, қала құрылысы, өнер, ғылым, техника, эстетика, этнология, антропология, әлеуметтік мәдениет тұрғысынан қызығушылық туғызатын, тарихи процестер мен оқиғалар нәтижесінде пайда болған, өздерімен байланысты бейнелеу, мүсін, қолданбалы өнер, ғылым, техника туындылары және материалдық мәдениеттің өзге де заттары бар жылжымайтын объектілер;
3) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Мемлекеттік музейлерге археологиялық жұмыстар нәтижесінде тапқан барлық материалдар мен олжаларды беру тәртібі
4. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін, бұл жөнінде уәкілетті органға хабар берілетін жұмыстарды қоспағанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына археологиялық жұмыстардың басталатыны туралы оларды бастағанға дейін он күннен кешіктірмей еркін нысанда баяндалған хат жолдай отырып хабардар етеді.
5. Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі.
6. Қазақстан аумағында археологиялық жұмыстармен айналысатын Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде уәкілетті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде мынадай құжаттарды жібереді:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы, археологиялық объектінің атауы, қаржыландыру көзі көрсетілген хат;
2) археологиялық жұмыстардың мақсаттарын, міндеттерін және сипатын қамтитын қысқаша есеп;
3) әрбір материал мен олжаның түрлі-түсті фотосуреттері қоса беріле отырып, материалдар мен олжалардың мөлшері, салмағы, пішіні, дайындалу материалы, орындалу техникасы көрсетілген материалдар мен олжалар тізбесі.
7. Ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде қарайды.
8. Осы баптың 6-тармағына сәйкес келмейтін құжаттар ұсынылған жағдайда, уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларға жетіспейтін құжаттарды немесе ақпаратты сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беру қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.
9. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген, келіп түскен құжаттарды уәкілетті органның жанындағы тарихи-мәра мәселелері жөніндегі комиссияда (бұдан әрі – Комиссия) қаралады.
10. Құжаттарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия материалдар мен олжаларды музейдің атауын көрсете отырып, республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге беруді ұсынады.
Комиссияның ұсынымдары негізінде уәкілетті орган материалдар мен олжаларды музейдің атауын көрсете отырып, республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге беру туралы шешім қабылдайды.
11. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары мен тиісті мемлекеттік музейді қабылданған шешім және материалдар мен олжаларды қабылдау-тапсыру рәсімін жүзеге асыру қажеттігі туралы хабардар етеді.
12. Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары хабарламаны алған күннен бастап бір жыл ішінде материалдар мен олжаларды олардың ғылыми тіркелгені және өңделгені туралы есепті қоса бере отырып, мемлекеттік музейге береді.
13. Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалармен материалдар мен олжаларды мемлекеттік музейге беруі материалдар мен олжаларды қабылдау-тапсыру актісімен (бұдан әрі – қабылдау-тапсыру актісі) ресімделеді.
Қабылдау-тапсыру актісі қазақ және орыс тілдерінде әрбір тарап үшін бір данада жасалады.