Курчатов қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Абай облысы Курчатов қалалық мәслихатының 2025 жылғы 22 мамырдағы № 27/176-VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 27 мамырда № 459-18 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6 - бабының 2-3 - тармақтарына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Курчатов қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Курчатов қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Курчатов қалалық мәслихатының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы № 24/147-VIII "Курчатов қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 392-18 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Курчатов қалалық мәслихатының төрайымы
      Г. Хусайнова

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Абай облысының жұмыспен қамту және

      әлеуметтік бағдарламаларды

      үйлестіру басқармасының басшысы

      ________________А.Нұрлыбек

      2025 жылғы "___"___________

  Курчатов қалалық
мәслихатының
2025 жылғы 22 мамырдағы
№ 27/176-VIII шешіміне
қосымша

Курчатов қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Курчатов қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс), Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және Курчатов қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі - мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Абай облысы Курчатов қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – "Абай облысы Курчатов қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - "Абай облысы Курчатов қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым - екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі - шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі - атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін Курчатов қаласы әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шекті мөлшер - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі - портал) - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Осы Қағидалар Абай облысы Курчатов қаласының аумағында тіркелген және тұратын адамдарға қолданылады.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      4) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні;

      5) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдар күні;

      6) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Әлеуметтік көмек көрсету жиілігі негіздердің бірі бойынша жылына бір рет.

      7. Мереке күндер мен атаулы күндеріне әлеуметтік көмек бір рет, ақшалай төлем түрінде азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағынан шығару күні (негіздердің бірі бойынша);

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес әскерінің, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;   

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз (негіздердің бірі бойынша):

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      3) Жеңіс күні - 9 мамыр (негіздердің бірі бойынша):

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар (бұдан әрі - КСР) Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметкерлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын күрес жүргізушілеріне- 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезінде соғыста, ұрыс қимылдары жүргізген аудандарда, соның маңындағы темір жол аймағында, қорғаныс шептерін әскери-теңіз базалары мен аэродромдарды салу кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған соғысушы армия мен флоттың әскери қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын күрес жүргізушілерінің сондай-ақ жұмысшылар мен қызметкерлеріне - 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы көзеңінде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдары белгіленген жеңілдік шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептелген қалаларда қызмет өткерген әскери кызметшілеріне - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде

      Ұлы Отан соғысы кезінде соғыстағы армия құрамына берген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының eрікті жалдама құрамаларының адамдары не сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есептелген қалаларда болған адамдарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк баласы (тәрбиеленушісі) және теңізші ұлан ретінде болғандарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шетелдердің аумағында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистік құрамалар құрамында қатысқан адамдарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының арнайы құрамаларының, кәсіпшілік және көлік кемелерінің жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсібі халық комиссариатының, Теңіз және өзен флотының, Солтүстік теңіз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының Ұлы Отан соғысы кезінде әскери қызметшілер жағдайына келтірілген және ұрыс соғыстарының тылдағы шептері, флоттардың оперативтік аймақтары шегінде соғысушы армия мен флот мүдделеріне орай міндеттер атқарған қызметкерлері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында ұсталып қарусыздандырылған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелеріне - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ленинград қаласын қоршау көзеңінде каланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгімен марапатталған азаматтарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екінші дүниежүзілік соғыс көзеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілерден басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      әскери міндетін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізген мемлекеттерде әскери міндетін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және iшкi icтep органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарына- 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа елдерде ic-қимыл жасаған әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргізу көзеңінде жаралану, контузия алу, зақымдану салдарынан мүгедек болған тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілерге - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайы) - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 - 1989 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, оқшаулау аймағынан эвакуацияланған күні анасының құрсағындағы балаларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасына эвакуацияланған (өз еркімен көшкен) адамдарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына – 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) қазанның екінші жексенбісі – Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне) және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылған тұлғаларға – 55 (елу бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      КСР Одағы мемлекеттік өкіметтің жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған тұлғаларға – 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін жергілікті атқарушы орган белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.

      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      9. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) мұқтаж азаматтар санатына жататын адамдарға (отбасыларға) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шекті мөлшерінен аспайтын біржолғы төлем мынадай негіздер бойынша:

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) пайда болу орны бойынша өмірлік қиын жағдайда қалған сәтінен бастап үш ай ішінде жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай бір рет беріледі;

      3) туберкулезбен ауыратын, амбулаторлық емделу кезеңіндегі адамдарға уәкілетті органның тізімі бойынша, дәрігерлік-кеңестік комиссияның анықтамасы негізінде жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ұсынылады;

      4) диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусы (бұдан әрі АИТВ) ауруына шалдыққан балалардың ата-анасы немесе заңды өкілдеріне 7 (жеті) айлық көрсеткіш мөлшерінде ай сайын;

      5) өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселік шамасынан аспайтын адамдарға (отбасыларға) бір рет көрсетіледі.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді. 

      Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 200 000 (екі жүз мың) теңгені құрайды. "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабында мәртебесі белгіленген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 5 000 000 (бес миллион) теңгені құрайды.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе мемлекеттік корпорацияға осы Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе осы Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;

      жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.

      13. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда - өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.

      Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.

      14. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда – өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.

      Үлгілік қағидалардың 8-тармағы 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.

      15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      16. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      17. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Үлгілік қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      18. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын өтініш берушіні бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетіні туралы хабардар етеді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тыңдаудың уақыты мен күнін белгілейді, ол:

      өтініш берушіні бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы тыңдауға шақыру;

      ақпараттық жүйелерді пайдалану;

      өтініш берушіге өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырады.

      Өтініш беруші әкімшілік істі алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алдын ала шешімге қарсылығын білдіруге немесе айтуға құқылы.

      Өтініш беруші өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға тыңдау хаттамасын жүргізеді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға өтініш берушіні тыңдау хаттамасымен танысуға мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.

      Өтініш беруші танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.

      Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган осы Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.

      19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға (бас тартқан жағдайда – Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға) сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жолдайды.

      Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.

      Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.

      Өтініш портал арқылы берілген болса, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.

      20. Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.

      21. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      22. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      23. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      24. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      25. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:

      біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;

      ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.

      26. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      27. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.

      28. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.

      29. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.

      30. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады