Шарбақты аудандық мәслихатының 2023 жылғы 8 қарашадағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Шарбақты ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" № 35/12 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Павлодар облысы Шарбақты аудандық мәслихатының 2025 жылғы 18 сәуірдегі № 126/42 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 21 сәуірде № 7655-14 болып тіркелді

      Шарбақты аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Шарбақты аудандық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Шарбақты ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 8 қарашадағы № 35/12 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7412-14 болып тіркелген) келесі өзгеріс енгізілсін:

      Көрсетілген шешіммен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Шарбақты ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында:

      6-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) Мемлекеттік корпорацияның тізбесі негізінде мереке күндері мен атаулы күндерге орай алушылардың өтініштері талап етілмей біржолғы әлеуметтік көмек:

      15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күніне орай:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне мiндеттiлерге 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай:

      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан көп балалы аналарға (отбасыларға) 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      26 сәуір – радиациялық апаттар мен апаттардың салдарын жоюға және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күніне орай:

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларыға 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай:

      2003 жылғы тамыздан бастап 2008 жылғы қазанға дейінгі кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйектен бастап 2001 жылғыақпанға дейінгі кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiге 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде, сондай-ақ азық-түлік жиынтығы 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы темiржол учаскелерінде, қорғаныс шептерiнің, әскери-теңiз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерi, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлерге 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде, сондай-ақ азық-түлік жиынтығы 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан жеңілдіктер бойынша мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адамдар деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1986 жылдан бастап 1991 жылғы дейінгі кезеңде Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай:

      Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаhaрманы" атақтарына ие болған адамдарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      сотпен немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға 30 (отыз) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;

      1 қазан – Қарттар күніне орай:

      зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын азаматтарға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын 80 жастағы және одан (асқан) көп жасқа толған азаматтарға 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне орай:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай:

      Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ауданндық маслихат төрағасы Г. Смаилханова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады