I. Жалпы ережелер
1. Банктердi инспекциялау (тексеру) оның нақты қаржылық және мекемелiк жағдайы туралы мәлiметтердi анықтау мақсатында толық немесе жекелеген мәселелер бойынша банк қызметiне талдау жасау жолымен, сондай-ақ банктiң басшылары немесе жекелеген қызметкерлерi қызметiнiң (шешiмдерiнiң) қолданылып жүрген заңдарға сәйкестiгiн анықтау жолымен жүргiзiледi.
2. Банктердi инспекциялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi (бұдан әрi Ұлттық банк) дербес немесе басқа ұйымдардың мамандарын тарта отырып жүргiзедi.
3. Ұлттық банк банктерге жан-жақты (екiншi деңгейдегi банктердi тексерудiң бекiтiлген жоспарына сәйкес), сондай-ақ ағымдағы (жекелеген мәселелер бойынша жүргiзiлетiн) тексеру жүргiзуi мүмкiн.
4. Банктi тексеру (инспекциялау) Ұлттық банктiң тапсырмасында көрсетiлген мәселелер бойынша жүргiзiледi.
Ұлттық банк банктiң қызметiне алдағы жүргiзiлетiн жоспарлы тексеру туралы алдын ала хабарлауға, қажеттi құжаттардың тiзбесiн талап етуге құқылы, банк оны инспекция жүргiзушi адамдарға тексеру басталатын күнi ұсынуға мiндеттi. Банк қызметiн инспекциялауды алдын ала хабарлаусыз-ақ (кенеттен тексеру) жүргiзуге де болады.
II. Инспекциялауды ұйымдастыру және оны жүргiзу
үшiн жағдай жасау
5. Банктi тексеру жөнiндегi комиссияның басшысы жұмыс жоспарын белгiлейдi, қажет болған жағдайда оның мүшелерi арасында нақты мiндеттердi бөлiп бередi.
6. Комиссия инспекция жүргiзу жөнiндегi жұмысын дербес ұйымдастырады және банктен тексеру үшiн барлық қажеттi құжаттарды алуға құқылы, ал олардың көшiрмелерiн - тексеру актiсiне тiркеу үшiн алады. Тараптар құжаттарды қабылдау - өткiзудi олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында банктерде тиiстi ресiмдеу жолымен жүргiзуге тиiс.
7. Банк талап етiлетiн құжаттарды (мәлiметтердi) дайындау үшiн жауапты мамандарын белгiлейдi және оларды инспекциялайтын адамдарға уақытылы берiп отыруды қамтамасыз етедi.
Комиссияға тексеру жүргiзiлетiн кезеңге банк өз мекемесiнiң iшiнен жеке орын бөлуге, жұмыс iстеуге бөлiнген орынға еркiн кiрудi, қажет болған жағдайда келiсiм бойынша демалыс күндерi де кiрудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
8. Банк тексеру жүргiзудi қамтамасыз ету жөнiнде инспекторларға (комиссияға) көмек көрсетуге мiндеттi, оған кез келген банк қызметкерiнен сұрау мүмкiндiгiмен бiрге, тексерушiлерге барлық құжаттарды (ақпаратты) еркiн пайдалануға мүмкiндiк жасауға мiндеттi.
Банктiң басшылары жүргiзiлетiн тексеруге қатысты, олардың қызметтiк мiндеттерi немесе банк қызметi мәселелерi жөнiнде түсiнiктеме (жазбаша түсiнiктер) беруге мiндеттi.
9. Банктi тексеру жөнiндегi комиссия мүшелерi инспекция жүргiзу кезiнде банк құжаттарының сақталуы мен алынған ақпараттардың құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi, банктiң, оның клиенттерi мен депозиторларының құқықтарына немесе заңды мүдделерiне тiкелей яки жанама түрде қысым жасайтын iс-әрекеттерге бармауға тиiс.
10. Тексеру аяқталғаннан кейiн комиссияның әр мүшесi - банк қызметiнiң жекелеген учаскесiн тексеруге жауап беретiн адам жұмыс есебiн жасайды, оны комиссия басшысы тексередi де сол учаскеге жауап беретiн лауазымды адамға (бөлiмшенiң басшысына) және тексерiлетiн банк Басқармасы Төрағасының жетекшiлiк ететiн орынбасарына қолын қойғызып, танысуға бередi.
11. Банк қызметкерлерi келiспеген жағдайда жұмыс есебiне қол қойып, оған өздерiнiң жазбаша түрде жазылған қарсылығын қоса тiркейдi.
12. Тексеру аяқталған соң екi апта мерзiм iшiнде комиссия басшысы тексеру нәтижелерi (банктегi iстiң жағдайы) туралы қорытынды есеп жасап, оны қол қою үшiн банкке жiбередi.
13. Банк (Басқарманың Төрағасы мен бас бухгалтерiнiң атынан) тексерудiң нәтижелерi бойынша қорытынды есепке екi апта мерзiм iшiнде қол қоюға мiндеттi, ал онымен келiспеген жағдайда жазбаша түрде жазылған қарсылығын қоса тiркейдi.
14. Банктi тексеру бойынша тиiстi түрде рәсiмделген қорытынды есеп екi дана етiп жасалады, оның бiр данасы Ұлттық банктiң Банктiк қадағалау департаментiнде сақталады, екiншiсi - банкке жiберiледi. Қорытынды есеп электрондық жазба (қорғалған) түрiнде Ұлттық банкте сақталады.
15. Тексеру барысында банк немесе оның қызметкерлерi (басшылары) тарапынан тәртiп бұзу фактiлерi анықталған жағдайда банк оларды жоюға және нәтижесiн Ұлттық банкке хабарлауға тиiс.
16. Банктiң тексеру жүргiзуге, оның iшiнде комиссия мүшелерiнiң (инспекторлардың) банк үйiне кiруiне кедергi жасау, талап еткен құжаттарды бермеу, банк қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерi мен банкте атқаратын қызметiне қатысты қажеттi мәлiметтердi беруден бас тартуы банкке немесе оның басшыларына заңдарда көзделген санкцияларды немесе басқа да ықпал ету шараларын қолдануға негiз болып табылады.
17. Ұлттық Банк банк қызметiне белгiлi бiр мәселелер жөнiнде тексеру жүргiзген жағдайда қорытынды есеп жасамай-ақ тексеру актiсi ресiмделедi.
III. Қорытынды ережелер
18. Банк қызметiнiң негiзгi бағыттары бойынша оны инспекциялаудың (тексерудiң) нәтижелерi банк басшыларын, ал қажет болған жағдайда басқа да лауазымды адамдарын қатыстыра отырып, Ұлттық банк Төрағасының банктiк қадағалау департаментiне жетекшiлiк ететiн орынбасары өткiзетiн кеңесте қаралады.
Қорытынды есепке инспекциялау (тексеру) жөнiнде мәселенi талқылау нәтижелерi бойынша Ұлттық банк түзету енгiзуi мүмкiн.
19. Ұлттық банк банкке қолда бар, оның iшiнде инспекциялау (тексеру)
барысында алынған мәлiметтердiң негiзiнде санкциялар яки ықпал етудiң шектеу шараларын қолдануға құқылы. Мұндай жағдайда Ұлттық банк белгiлеген мерзiмде оған анықталған тәртiп бұзушылықты жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы жазбаша есеп (ақпарат) беруге мiндеттi. 20. Инспекциялау жүргiзген адам банктiк немесе коммерциялық құпияны жария еткенi үшiн жауапты болады. 21. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер қолданылып жүрген заңда белгiленген тәртiппен шешiледi. Ұлттық банк Төрағасы