Екінші деңгейдегі банктер қызметінің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
1. Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті күнделікті баланс пен қосымша мәліметтер нысандарын беру тәртібі туралы нұсқаулық бекітілсін және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап күшіне енгізілсін.
2. Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті күнделікті баланс пен қосымша мәліметтер нысандарын беру тәртібі туралы нұсқаулық күшіне енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 1997 жылғы 26 ақпандағы N 57 қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті күнделікті баланс пен қосымша мәліметтердің үлгілерін беру ережесінің күші жойылды деп танылсын.
3. Заң департаменті (Сизова С.И.) Банктік қадағалау департаментімен (Жұмағұлов Б.Қ.) бірлесіп осы қаулыны және Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті күнделікті баланс пен қосымша мәліметтер нысандарын беру тәртібі туралы нұсқаулықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуден өткізсін.
4. Банктік қадағалау департаменті (Жұмағұлов Б.Қ.) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап екі апта мерзімге осы қаулыны және Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті күнделікті баланс пен қосымша мәліметтер нысандарын беру тәртібі туралы нұсқаулықты екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары М.Т.Құдышевке жүктелсін.
Ұлттық Банк
Төрағасы
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
1999 жылғы 3 шілдедегі
N 156 қаулысымен бекітілген
Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтерді және басқа
сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті
күнделікті баланс пен қосымша мәліметтер нысандарын
беру тәртібі туралы
Нұсқаулық
Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Заң күші бар Жарлықтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді. Нұсқаулық екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі - банктер) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі - Ұлттық Банк) пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті күнделікті баланс пен қосымша мәліметтер нысандарын беру тәртібін айқындайды.
1-тарау. Банктердің күнделікті баланс пен басқа да
мәліметтер беру тәртібі
1. Банктер күнделікті және есеп беріліп отырған айдан кейінгі айдың алғашқы күні Ұлттық Банкке:
1) оның барлық филиалдары жөніндегі мәліметтер кіретін 700-Н нысан бойынша жиынтық балансты;
2) "Шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер" N 700-Н нысанға N 1 қосымшаны;
3) "Кірістер мен шығыстар" N 700-Н нысанға N 2 қосымшаны;
4) пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуге қажетті мәліметтерді;
5) ең аз резервтік талаптарды есептеуге қажетті мәліметтерді (Ең аз резервтік талаптар туралы ережеге сәйкес) беріп отырады.
2. Банктер баланстарды, оның қосымшаларын және балансқа қосымша мәліметтерді (бұдан әрі - баланс) өздерінде бар электронды байланыс құралдары арқылы (Х-400 "alm statistika" шартты белгісі бойынша) тікелей Ұлттық Банктің Есептеу жұмысы департаментіне (бұдан әрі - Есептеу жұмысы департаменті) береді.
Банктер Есептеу жұмысы департаментіне күнделікті балансты есеп беріліп отырған айдан кейінгі айдың екі жұмыс күні ішінде, ай сайынғы балансты - үш жұмыс күні ішінде береді. Оннан астам филиалы бар банктер есептеу жұмысы департаментіне күнделікті балансты есеп беріліп отырған айдан кейінгі айдың үш жұмыс күні ішінде, ай сайынғы балансты - бес жұмыс күні ішінде береді.
Электронды байланыс құралдары болмаған жағдайда аймақтық банктер балансты өзі тұлған жердегі Ұлттық Банктің облыстық филиалына жоғарыда көрсетілген мерзімде беріп отырады. Ұлттық Банктің облыстық филиалы банк баланс беретін күні Алматы уақыт бойынша сағат 18-ге дейін өзінде бар электронды байланыс құралдары арқылы Есептеу жұмысы департаментіне ақпарат беретін болады.
3. Бірінші басшы мен бас бухгалтер (немесе олардың қол қоюға құқығы орынбасарлары) қол қойып, банктің мөрімен куәландырылған қағаз жазбадағы баланс Ұлттық Банктің Банктік қадағалау департаментіне (бұдан әрі - Банктік қадағалау департаменті) арнайы (фельдъегерлік) байланыс арқылы жіберіледі немесе қолма-қол тапсырылады. Айдың соңғы жұмыс күнінің қағаз жазбадағы балансы банктер тұрған жердегі Ұлттық Банктің облыстық филиалдарына қосымша беріледі.
Алматы қаласының және Алматы облысының Талдықорған аймағынан басқа аумағына орналасқан банктері қағаз жазбадағы балансты тікелей Банктік қадағалау департаментіне тапсырады.
Алматы облысының Талдықорған аймағына орналасқан банктер қағаз жазбадағы балансты Ұлттық Банктің Алматы филиалына тапсырады.
4. Есептеу жұмысы департаменті банктердің электронды байланыс арналары арқылы берген ақпаратын қабылдайды және өңдейді. Банктер электронды байланыс құралдары арқылы Ұлттық Банкке баланс бергеннен кейін келесі күні сағат 11-ден кешіктірмей Есептеу жұмысы департаменті Банктік қадағалау департаментіне электронды байланыс арналары арқылы алынған ақпараттың өңдеу нәтижелерін жібереді.
5. Банктік қадағалау департаменті қағаз жазбада берілген ақпараттың дұрыс ресімделуін және оның толық болуын тексереді, қағаз жазбадағы баланстарды электронды байланыс арналары арқылы Есептеу жұмысы департаментінен алынған мәліметтердің өңдеу нәтижелерімен сәйкес келуін ескере отырып, банктер берген мәліметтермен салыстырып тексереді. Кемшіліктер (сәйкессіздік) анықталған жағдайда немесе Банктік қадағалау департаментінің басқа да ескертпесі болған жағдайда ол жөнінде банкке хабарлайды. Банк балансты Банктік қадағалау департаментінің ескертпелерін ескере отырып, оларды жоюға берілген мерзім ішінде Ұлттық Банкке беруге міндетті.
6. Банк бұрынғы берілген ақпаратты нақтылау және оған толықтыру енгізу үшін қолма-қол тапсыру арқылы немесе өзінде бар байланыс арналары арқылы Банктік қадағалау департаментіне мәліметтердің өзгеру сипаты мен себебін көрсете отырып, банктің бірінші басшысы мен бас бухгалтерінің (немесе олардың қол қоюға құқылы орынбасарларының) қолы қойылған хат жібереді.
2-тарау. Қорытынды ережелер
7. Банк балансты осы Нұсқаулықтың 2-тармағында көрсетілген мерзімде бермесе немесе беру мерзімін сақтамаса, сондай-ақ толық емес және/немесе жалған ақпарат берсе, банкке банк заңдарында белгіленген шектеу шаралары немесе санкциялар қолданылатын болады.
Төраға