Мемлекеттiк реттеуге жататын темiржол көлiгiмен жүк тасымалдауға арналған тарифтерге кемiту көэффициенттерiн белгiлеу және алып тастау ережесін бекiту туралы

Күшін жойған

Бұйрық Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі 1999 жылғы 30 желтоқсан N 24-ОД. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 6 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 1024. Бұйрық күшін жойды - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің 2004 жылғы 5 тамыздағы N 337-ОД бұйырығымен

      Қазақстан Республикасының "Табиғи монополиялар туралы"  Заңы  13-бабының 4-тармақшасы, 15-бабының 3-тармақшасын басшылыққа ала отырып, табиғи монополистер көрсететiн қызметтерге арналған тарифтерден шегерiм жасаудың тәртiбi мен шарттарын белгiлеу мақсатында бұйырамын:
      1. Мемлекеттiк реттеуге жататын темiржол көлiгiмен жүк тасымалдауға арналған тарифтерге кемiту коэффициенттерiн белгiлеу және алып тастау Ережесi бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      2. Заң басқармасы (Машинистова Е.Г.) осы бұйрықтың белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Әдiлет Министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Жалпы бөлiмi (Бөкеншин Қ.Н.) осы бұйрықты мемлекеттiк тiркеуден өткiзгеннен кейiн аумақтық органдарға жеткiзсiн.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Төраға орынбасары С.Ш. Құрманғалиевке жүктелсiн.

       Агенттiк төрағасы

Мемлекеттiк реттеуге жататын темiржол көлiгiмен жүк тасымалдау тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн белгiлеу және алып тастау
Ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережелер " Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы ", " Табиғи монополиялар туралы " және "Бәсекелестiктi дамыту және монополистiк қызметтi шектеу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк реттеуге жататын көлiк кәсiпорындары арқылы жүк тасымалдаудың тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн енгiзу мен алып тастаудың бiрыңғай тәртiбiн белгiлеу мақсатында әзiрлендi. 
      2. Осы Ережелер мемлекеттiк реттеуге жататын көлiк кәсiпорындары арқылы жүк тасымалдаудың тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн белгiлеудiң және алып тастаудың тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi. 
      3. Егер Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шартпен өзгедей ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 
      4. Осы Ережелерде мынадай ұғымдар қолданылады: мемлекеттiк реттеуге жататын жүк тасымалдау тарифтерi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаларды (тарифтердi) мемлекеттiк реттеудi iске асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың бекiтуiне жататын көлiк кәсiпорындары арқылы жүк тасымалдау тарифтерi; 
      мүдделi мемлекеттiк органдар - өз құзыретiнiң күшiмен темiржол көлiгi арқылы қандай да бiр саланың жүктерiн тасымалдаудың Қолданылып жүрген тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн белгiлеуге немесе алып тастауға мүдделi, Көлiк және коммуникациялар министрлiгiн, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiн, Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiнен басқа, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары; 
      өтеу кестесi - клиент пен көлiк кәсiпорны басшысының қолымен расталған клиенттiң көлiк кәсiпорнының алдындағы дебиторлық берешегiн өтеу кестесi. 
      Осы Ережелерде қолданылып отырған өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес қолданылады.

2. Төмендету коэффициенттерiн белгiлеу мен алып тастау мақсаттылығының өлшемдерi 

      5. Төмендету коэффициенттерi мемлекет үшiн осы шараның экономикалық тиiмдiлiгi есебiнiң, көлiк кәсiпорнымен клиент үшiн экономикалық мақсаттылығының негiзiнде экономиканың қандай да бiр саласының өнiмдерiн тасымалдау тарифтерiне белгiленедi. 
      6. Қандай да бiр саланың өнiмдерiн тасымалдау тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн (бұдан әрi - төмендету коэффициенттерi) белгiлеу мақсаттылығының негiзгi өлшемдерi: 
      1) бюджетке түсетiн салық төлемдерiн сақтау; 
      2) жаңа жүк тасқынын тарту - тасымалдау көлемiн арттыру; 
      3) жұмыс iстемейтiн немесе әлсiз жұмыс iстейтiн учаскелердi пайдалану мүмкiндiгi; 
      4) өнеркәсiптiк өндiрiстiң қосымша өнiмiнiң экологиялық қауiптiлiгi болып табылады. 
      7. Белгiленген төмендету коэффициенттерiн қолдану клиенттiң дебиторлық берешегi болмаған жағдайда немесе оны өтеу кестесiне сәйкес өтеген, өткен кезеңдермен салыстырғанда тасымалдау көлемiн арттырған (сақтаған) жағдайда iске асырылады. 
      Сонымен бiрге осы тармақтың бiрiншi абзацында белгiленген шарттарды орындау, клиенттiң нақты орындалған тасымалдау көлемiне, уақыттың тиiстi кезеңi үшiн төмендету коэффициенттерiн қолданбай-ақ, қайта есептеу түрiндегi мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi көзделетiн көлiк кәсiпорны мен клиент арасында шарттар жасасу жолымен iске асырылады. 
      8. Төмендету коэффициенттерi белгiлi бiр кезеңге белгiленедi. <*>
       Ескерту: 8-тармақ өзгертілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 249-1-ОД  бұйрығымен .
      9. Төмендету коэффициенттерiн алып тастау мақсаттылығының өлшемдерi мемлекет және (немесе) көлiк кәсiпорны үшiн төмендету коэффициенттерiн одан әрi қолданудың экономикалық тиiмсiздiгi немесе осы Ережелердiң 6-тармағында аталған негiзгi өлшемдерге сәйкессiздiгi болып табылады. 

3. Төмендету коэффициенттерiн белгiлеу тәртiбi  

      10. Төмендету коэффициенттерiн белгiлеуге мүдделi клиент мұндай белгiлеудiң қажеттiгi туралы өтiнiмдi көлiк кәсiпорнына, мүдделi мемлекеттiк органдарға, Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне және Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiне, Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiне (бұдан әрi - Агенттiк) ұсынуға тиiс. 
      Сонымен бiрге аталған ұйымдар мен мемлекеттiк органдар заңдармен қорғалатын мәлiметтердi жария еткенi үшiн белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады. 
      11. Клиенттiң өтiнiмiне осы Ереженiң 1-қосымшасына сәйкес қажеттi материалдар қоса берiлуге тиiс. 
      Өтiнiмге қоса берiлген материалдар мынадай талаптарға жауап беруге тиiс: 
      1) әрбiр бетке - клиент, ал қаржы құжаттарына клиенттiң бас бухгалтерi қол қояды; 
      2) өткен кезең iшiндегi нақты деректер ұсынылуға тиiс. 
      12. Осы Ережелерге сәйкес талап етiлген қажеттi материалдарды ұсынбау немесе толық көлемде ұсынбау өтiнiмдi қараудан бас тарту үшiн негiз болып табылады. 
      Агенттiк, көлiк кәсiпорны, мүдделi мемлекеттiк органдар, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi 5 күннiң iшiнде өтiнiмдi қарауға қабылдағаны не өтiнiмдi қараудан бас тартқаны туралы клиенттi жазбаша түрде хабардар етуге тиiс. 
      Сонымен бiрге клиент растайтын құжаттарды ұсына отырып, барлық аталған ұйымдар мен мемлекеттiк органдарды екi күн мерзiм iшiнде осы фактi туралы хабарландыруға мiндеттi. 
      Клиент өтiнiмдi қарауға қабылдағаны туралы растайтын құжаттарды белгiленген мерзiмде ұсынбаған жағдайда, көлiк кәсiпорны, мүдделi мемлекеттiк органдар, Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi өтiнiмдi Агенттiкте қарауды 5 күннен аспайтын мерзiмге тоқтата тұрады. 
      Мұндай тәртiп бұзушылықтар жойылған жағдайда, өтiнiмдi қарау мерзiмi осы Ережелердiң 14-тармағында көзделген мерзiмдердi ескере отырып, жаңартылады. 
      Аталған тәртiп бұзушылықтар өтiнiмдi қарау тоқтатылған сәттен бастап, 5 күннiң iшiнде жойылмаса, Агенттiктiң өтiнiмдi қабыл алмауына негiз болып табылады. 
      13. Қажет болған жағдайда, Агенттiк, көлiк кәсiпорны, мүдделi мемлекеттiк органдар, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi қосымша ақпарат сұратуға құқылы. 
      14. Көлiк кәсiпорны, мүдделi мемлекеттiк органдар, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi өтiнiм берушiден негiздеушi материалдарды алған күннен бастан 15 күннiң iшiнде төмендету коэффициентiн белгiлеудiң экономикалық мақсаттылығы не мақсатсыздығы туралы қорытындыны Агенттiкке және клиентке ұсынады. 
      Мүдделi мемлекеттiк орган ұсынған қорытындыға 2-қосымшаға сәйкес материалдар қоса берiледi. 
      Уәкiлеттi лауазымды тұлғалар қорытындыға қоса берiлген материалдардың әрбiр бетiне қол қояды. 
      Аталған ұйымдар мен мемлекеттiк органдар қорытындыларды белгiленген мерзiмде ұсынбаған жағдайда, өтiнiмдi Агенттiкте қарау мерзiмi тиiстi қорытындылар алғанға дейiн тоқтатыла тұрады, бiрақ бұл мерзiм 5 күннен аспауға тиiс. 
      Өтiнiмдi қарау тоқтатылған сәттен бастап, 5 күннiң iшiнде аталған ұйымдар мен мемлекеттiк органдар қорытындыларды ұсынбаған жағдайда, Агенттiк сол себеп бойынша өтiнiмдi қабыл алмауға не дербес шешiм қабылдауға құқылы. 
      15. Агенттiк клиент ұсынған негiздеушi материалдарға және көлiк кәсiпорнының, мүдделi мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң қорытындыларына клиенттен материалдарды алған күннен бастап, 30 күннiң iшiнде сараптама жүргiзедi. 
      16. Жүргiзiлген сараптамалардың нәтижелерi бойынша Агенттiк төмендету коэффициенттерiн белгiлеу не мұндай белгiлеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. 
      Төмендету коэффициенттерiн белгiлеу туралы шешiм Агенттiк төрағасының бұйрығы түрiнде қабылданады. 
      Төмендету коэффициенттерiн белгiлеу туралы бұйрық мүдделi мемлекеттiк органға, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiне, көлiк кәсiпорнына жiберiледi. 
      Төмендету коэффициенттерiн белгiлеуден бас тартқан жағдайда, Агенттiк тиiстi дәлелдеу қорытындысын шығарады, ол клиентке, көлiк кәсiпорнына, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiне және мүдделi мемлекеттiк органдарға жiберiледi. 
      17. Егер көлiк кәсiпорны, мүдделi мемлекеттiк органдар, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi төмендету коэффициенттерiн белгiлеуге келiспегендерi туралы қорытындылар шығарған жағдайда, түпкiлiктi шешiмдi Агенттiк қабылдайды. 
      18. Төмендету коэффициенттерiн белгiлеу туралы ақпаратты көлiк кәсiпорны Агенттiк бұйрығының қолданысқа енгiзiлуiне 10 күн қалғанға дейiн, одан кешiктiрмей клиенттердiң назарына жеткiзуге тиiс. 
      19. Көлiк кәсiпорны Агенттiкке, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiне тоқсан сайын уақыттың тиiстi кезеңi iшiнде төмендету коэффициенттерiн қолдана отырып, жүк тасымалдау жөнiнде көрсетiлген қызметтер туралы ақпарат берiп отырады.

4. Төмендету коэффициенттерiнiң қолданылу күшiн алып тастау және ұзарту тәртiбi   <*>

       Ескерту: 4-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 249-1-ОД  бұйрығымен .

      20. Төмендету коэффициенттерiнiң қолданылуы белгiленген мерзiм аяқталғанда тоқтатылады, сонымен бiрге Агенттiк төрағасының төмендету коэффициентiн алып тастау туралы бұйрық шығаруы талап етiлмейдi. 
      21. Агенттiк белгiленген төмендету коэффициенттерiнiң қолданылуын осы Ережелердiң 9-тармағына сәйкес белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн өздiгiнен алып тастауға не, өнеркәсiп өндiрiсi жанама өнiмiнiң экологиялық қауiптi жағдайында, олардың қолданылу күшiн ұзартуға құқылы, бiрақ бiр тоқсаннан аспауға тиiс. Осы шешiм қабылданған жағдайда, Агенттiк қорытынды үшiн көлiк компаниясына, мүдделi мемлекеттiк органдарға, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiне өтiнiш жасауға құқылы. <*> 
       Ескерту: 21-тармақ толықтырылды - ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 249-1-ОД  бұйрығымен.
      22. Клиент, көлiк кәсiпорны, мүдделi мемлекеттiк органдар, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi төмендету коэффициенттерiн алып тастау туралы, сонымен бiрге мұндай алып тастаудың қажеттiгiн негiздейтiн материалдарды ұсына отырып, ұсыныспен Агенттiкке өтiнiш жасауға құқылы. 
      23. Агенттiк 30 күннiң iшiнде қарауға ұсынылған негiздеушi материалдарды қарайды және оған сараптама жүргiзедi және осы Ережелердiң 9-тармағында көзделген жағдайларда, Агенттiк көлiк кәсiпорнын, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгiн, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiн және мүдделi мемлекеттiк органдарды жазбаша хабарландыра отырып, белгiленген төмендету коэффициенттерiн алып тастау туралы бұйрық түрiнде шешiм қабылдайды. 
      Белгiленген төмендету коэффициенттерiн алып тастау немесе қолданылу күшiн ұзарту туралы ақпаратты көлiк кәсiпорны Агенттiк бұйрығының қолданысқа енгiзiлуiне 10 күн қалғанға дейiн, одан кешiктiрмей клиенттердiң назарына жеткiзуге тиiс. 
      Төмендету коэффициенттерiнiң қолданылуын алып тастау туралы ұсыныс қабыл алынбаған жағдайда, дәлелдеу қорытындысы шығарылады, ол осындай ұсыныспен өтiнiш жасаған тұлғаларға жiберiледi. <*> 
       Ескерту: 23-тармақ толықтырылды - ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 249-1-ОД  бұйрығымен .

Мемлекеттiк реттеуге жататын   
темiржол көлiгiмен жүк      
тасымалдау тарифтерiне төмендету 
коэффициенттерiн белгiлеу және  
алып тастау ережелерiне      
N 1 қосымша           

Өз саласының жүктерiн тасымалдау тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн белгiлеуге мүдделi клиент ұсынып отырған материалдар

      1) Өтiнiм (еркiн түрде);
      2) Клиенттiң толық атауы (жеке немесе заңды тұлға), қызметiнiң түрi; 
      3) төмендету коэффициенттерiн белгiлеу нәтижесiнде бюджет алдындағы салық мiндеттемелерiн арттыру (сақтау) есебi енгiзiлген тарифтерге төмендету коэффициенттерiн белгiлеу қажеттiгiнiң анықтама-негiздемесi; 
      4) баланс көлемiндегi қаржы-шаруашылық қызметiнiң талдамасы және өткен жылғы түсiндiрме жазбалар (тоқсан, жарты жыл); 
      5) дәл атауы көрсетiлген жүктердiң номенклатурасы (дайын өнiм, өндiрiске арналған шикiзат); 
      6) шығын баптары бойынша бөлiнген дайын (шығарылатын) өнiмнiң өзiндiк құны; 
      7) шикiзат, дайын өнiм тасымалдауға жұмсалған көлiк шығыстарының құрамы, олардың жалпы шығыстағы үлес салмағы, оның iшiнде жеке темiржол тарифi; 
      8) дайын (шығарылатын) өнiмдi өндiру мен өткiзу және сатып алынатын шикiзат бағаларының серпiндiлiгi; 
      9) дайын (шығарылатын) өнiмдi сату бағасына әсер ететiн шикiзатты сатып алуға арналған шығындар, оның iшiнде жеке темiржол тарифi; 
      10) көлiк кәсiпорнының алдындағы берешектiң жай-күйi (үстiмiздегi айдың бiрi күнгi өзара есеп айырысуды салыстыру актiсi және клиент пен көлiк кәсiпорны бiрiншi басшысының қолдарымен расталған көлiк кәсiпорнының алдындағы клиенттiң дебиторлық берешегiн өтеу кестесi); 
      11) өткен жылғы айлар бойынша бөлiнген дайын (шығарылатын) өнiм мен шикiзатты тасымалдау көлемiнiң серпiндiлiгi; 
      12) үстiмiздегi жылғы дайын (шығарылатын) өнiмдi және ай сайынғы шикiзатты тасымалдау көлемi; 
      13) бағыттарын ескере отырып, арақашықтығын көрсете отырып, айлар бойынша бөлiнген жылға арналған дайын (шығарылатын) өнiмдер мен шикiзатты тасымалдаудың жоспарланған көлемi; 
      14) шикiзат пен дайын өнiм тасымалданатын жылжымалы құрамның түрi және керек-жарағы; 
      15) шикiзатты берiп тұрушы - кәсiпорынның толық атауы; 
      16) өнiмдi сатып алушы (алушы) - алушының толық атауы. 

Мемлекеттiк реттеуге жататын    
темiржол көлiгiмен жүк тасымалдау  
тарифтерiне төмендету       
коэффициенттерiн белгiлеу және   
алып тастау ережелерiне      
N 2 қосымша           

Мүдделi мемлекеттiк органдардың Агенттiкке ұсынып отырған материалдары 

      1) төмендету коэффициенттерiн белгiлеу нәтижесiнде бюджет алдындағы салық мiндеттемелерiн арттыру (сақтау) есебi енгiзiлген, саланың белгiлi бiр жүк түрлерiн өнiмдерiн тасымалдау тарифтерiне төмендету коэффициенттерiн белгiлеу қажеттiгiнiң анықтама негiздемесi; 
      2) iрi субъектiлердiң - жүктiң осы түрiн тасымалдаудың жалпы көлемiндегi үлесi 10%-тен артық жүктiң осы түрiн тасымалдауды iске асыратын жүк жөнелтушiлердiң, жүк алушылардың тiзбесi; 
      3) iрi субъектiлердiң шығын баптары бойынша бөлiнген дайын (шығарылатын) өнiмдерiнiң өзiндiк құны; 
      4) шикiзат, дайын өнiм тасымалдауға жұмсалған көлiк шығыстарының құрамы, олардың жалпы шығыстағы үлес салмағы, оның iшiнде iрi субъектiлер бойынша жеке темiржол тарифi; 
      5) дайын (шығарылатын) өнiмдi өндiру мен өткiзу және сатып алынатын шикiзат бағаларының серпiндiлiгi; 
      6) iрi субъектiлердiң дайын (шығарылатын) өнiмдi сату бағасына әсер ететiн шикiзатты сатып алуға арналған шығындары, оның iшiнде жеке темiржол тарифi; 
      7) iрi субъектiлердiң өткен жылғы айлар бойынша бөлiнген дайын (шығарылатын) өнiм мен шикiзатты тасымалдау көлемiнiң серпiндiлiгi;
      8) iрi субъектiлердiң үстiмiздегi жылғы дайын (шығарылатын) өнiмдi және ай сайынғы шикiзатты тасымалдау көлемi;
      9) бағыттарын ескере отырып, арақашықтығын көрсете отырып, айлар бойынша бөлiнген жылға арналған дайын (шығарылатын) өнiмдер мен шикiзатты iрi субъектiлердiң тасымалдауының жоспарланған көлемi;
      10) iрi субъектiлердiң шикiзат пен дайын өнiм тасымалдайтын жылжымалы құрамның түрi және керек-жарағы;
      11) iрi субъектiлерге шикiзатты берiп тұрушы - кәсiпорынның толық атауы;
      12) iрi субъектiлердiң өнiм сатып алушылары (алушылары) - кәсiпорындардың-алушылардың толық атауы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады