Сақтандыру резервтерін орналастыру тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының ҚАУЛЫСЫ .1999 жылғы 25 желтоқсан N 440. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 21 тамыздағы N 310 қаулысымен (V032514).

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Сақтандыру туралы" Заң күшi бар Жарлығының 37-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi үлттық комиссиясымен келiсiлген Сақтандыру резервтерiн орналастыру тәртiбi туралы нұсқаулық бекiтiлсiн және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап күшiне енгiзiлсiн.
      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары осы қаулы күшiне енген күннен бастап алты ай iшiнде Сақтандыру резервтерiн орналастыру тәртiбi туралы нұсқаулықта белгiленген талаптарға сәйкес сақтандыру резервтерiн орналастыру тәртiбiн қамтамасыз ететiн болсын.
      3. Сақтандыруды қадағалау департаментi (Мекiшев А.А.):
      1) Заң департаментiмен (Шарiпов С.Б.) бiрлесiп Сақтандыру резервтерiн орналастыру тәртiбi туралы нүсқаулықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын.
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны және Сақтандыру резервтерiн орналастыру тәртiбi туралы нұсқаулықты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мүдделi бөлiмшелерiне және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына жiберсiн.
      4. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы Г.А.Марченкоға жүктелсiн.   

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының              Қазақстан Республикасының
Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық      Ұлттық Банкі Басқармасының
комиссиясымен                         1999 жылғы 25 желтоқсандағы

   КЕЛІСІЛГЕН                              N 440 қаулысымен
1999 жылғы 25 желтоқсан                        БЕКІТІЛГЕН
      N 526-1

САҚТАНДЫРУ РЕЗЕРВТЕРIН ОРНАЛАСТЫРУ ТӘРТIБI ТУРАЛЫ
НҰСҚАУЛЫҚ

      Осы нұсқаулық сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының (бұдан әрi - сақтандыру ұйымдары) қаржылық тұрақтылығын және сақтандыру өтемдерiн уақытында төлеудi қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентінің "Сақтандыру туралы" Заң күшi бар Жарлығының 37-бабының 2-тармағына сәйкес қабылданды және сақтандыру ұйымдарының сақтандыру резервтерiн орналастыру тәртiбiн айқындайды.
      1. Сақтандыру ұйымдары сақтандыру резервтерiн осы Нұсқаулықтың 2-тармағында көрсетiлген резервтiк активтерге инвестициялауға мiндеттi, сөйтiп осы Нұсқаулықтың 4-тармағына сәйкес есептелетiн резервтiк активтердiң жалпы құны сақтандыру резервтерiнiң жалпы сомасынан төмен болмауы тиiс.
      2. Резервтiк активтер қатарына мына активтер жатады:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары (оның iшiнде басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес эмитацияланғандары), сонымен бiрге жергiлiктi атқарушы органдар шығарған, "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының сауда жүйелерiнiң айналысына жiберiлген және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсат еткен мемлекеттiк бағалы қағаздар;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң екiншi деңгейдегi банктердi халықаралық стандарттарға көшiру тәртiбi туралы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес халықаралық стандарттарға көшу бойынша бiрiншi топқа жатқызылған Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктердегi немесе:
      - резидент еместерiнiң кез келген рейтинг агенттiгiнiң "А" санатынан төмен емес ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi және дербес рейтингi бар бас банктерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yлттық Банкi бекiтетiн еншiлес банктердегi;
      - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының қаулысымен халықаралық стандарттарға көшу жөнiндегi бағдарламаның талаптарын орындаған деп танылған банктердегi мерзiмдiк салымдар мен талап ету салымдары (соның iшiнде шетел валютасымен);
      3) Қазақстан эмитенттерiнiң акциялары (оның iшiнде басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес осындай акцияларға шығарылған депозитарлық қолхаттар (АDR, GDR) мен "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан эмитенттерiнiң облигациялары;
      4) "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамы сауда жүйелерiнiң айналысына жiберiлген және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсат еткен ипотекалық облигациялар;
      5) кассадағы ақша.
      3. Резервтiк активтер құрамынан мыналар шығарылады:
      1) сақтандыру ұйымының меншiк құқығына шектеу қойылған активтер (оның iшiнде кепiлге берiлгендерi);
      2) "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiнен шығарылған бағалы қағаздар;
      3) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсат еткен бағалы қағаздар тiзiмiнен шығарылған бағалы қағаздар.
      4. Сақтандыру ұйымының резервтiк активтерiнiң құнын активтiң түрiне қарай бағалау мынадай тәртiппен айқындалады:
      1) мемлекеттiк бағалы қағаздар мен "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiне енгiзiлген, сатуға арналған және сатуға жарамды Қазақстан эмитенттерiнiң облигациялары үшiн - ағымдағы құны бойынша;
      2) мемлекеттiк бағалы қағаздар мен "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiне енгiзiлген, өтеуге дейiн ұсталатын Қазақстан эмитенттерiнiң облигациялары үшiн - сатып алу құны бойынша;
      3) "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан эмитенттерiнiң облигациялары үшiн - ағымдағы немесе сатып алу құны бойынша, қайсысының құны арзан болуына қарай;
      4) "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамы сауда жүйелерiнiң айналысына жiберiлген және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсат еткен ипотекалық облигациялар бойынша - ағымдағы немесе сатып алу құны бойынша, қайсысының құны арзан болуына қарай;
      5) қысқа мерзiмдi салымдар және талап ету салымдары үшiн - салым мөлшерiнде.
      Бағалы қағаздардың ағымдағы құны дегенiмiз соңғы мәмiленiң нәтижелерi бойынша немесе "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының саудасындағы соңғы сұраныс бағасы бойынша айқындалып белгiленген баға.
      5. Құны шетел валютасымен көрсетiлген резервтiк активтер Қазақстан Республикасы Ұлттiқ Банкiнiң есеп беру күнгi ресми бағамы бойынша бағаланады.
      6. Сақтандыру ұйымдары резервтiк активтердi инвестициялауды өтiмдiлiк, пайдалылық және түрiн көбейту талаптарын сақтай отырып жасауға мiндеттi.
      7. Өтiмдiлiк - сақтандыру ұйымының активтердi олардың құнын елеулi зиян келмейтiндей бағамен сату жолымен өз мiндеттемелерiн орындауды уақытында қамтамасыз етуге қабiлеттiлiгi.
      8. Пайдалылық - активтердi сатып алынған құнынан жоғары бағаға сату немесе алдын ала белгiленген сыйақы (мүдде) алу мүмкiндiгi.
      9. Түрiн көбейту - активтердi инвестициялаудың түрлi объектiлерi бойынша тарату.
      10. Сақтандыру ұйымының резервтiк активтерi түрiн көбейту талаптарын қамтамасыз ету мақсатында мынадай тәртiппен орналастырылады:
      1) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары шығарған бағалы қағаздардан басқа Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарына (оның iшiнде басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес эмитацияланғандарын) - сақтандыру резервi сомасының кемiнде 40 процентi және 80 проценттен аспайтын мөлшерде;
      2) жергiлiктi атқарушы органдар шығарған, "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының сауда жүйелерiнiң айналысына жiберiлген және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсат еткен мемлекеттiк бағалы қағаздарға - сақтандыру резервi сомасының 10 процентiнен аспайтын мөлшерде;
      3) "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiне енгiзiлген қазақстандық акционерлiк қоғамдардың акциялары (соның iшiнде басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған осындай акцияларға депозитарлық қолхаттар (АDR, GDR) - сақтандыру резервтерi сомасының 15 процентiнен аспайтын мөлшерде;
      4) "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамының "А" санатындағы бағалы қағаздарының ресми тiзiмiне енгiзiлген қазақстандық ұйымдардың облигацияларына - сақтандыру резервтерi сомасының 20 процентiнен аспайтын мөлшерде;
      5) осындай бағалы қағаздар "Қазақстанның қор биржасы" жабық акционерлiк қоғамы сауда жүйелерiнiң айналысына жiберiлген және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсаты болған жағдайда ипотекалық бағалы қағаздарға - сақтандыру резервтерi сомасының 10 процентiнен аспайтын мөлшерде;
      6) осы нұсқаулықтың 2-тармағының 2) тармақшасында келтiрiлген
банктерге мерзiмдiк салымдар - сақтандыру резервтерi сомасының 20
процентiнен аспайтын мөлшерде;
      7) талап ету салымдарына - сақтандыру резервi сомасының кемiнде 5 процентi және 10 процентiнен аспайтын мөлшерде;
      8) кассадағы ақшаға - сақтандыру резервi сомасының 3 процентiнен аспайтын мөлшерде.
      11. Резервтiк активтердi мерзiмдiк салымдар немесе талап ету салымы шартын жасау жолымен орналастырған жағдайда бiр банкте сақтандыру резервтерi сомасының 25 процентiнен аспайтын мөлшерi орналастырылуы мүмкiн.
      12. Сақтандыру ұйымдарына:
      1) банктердi қоса алғанда резервтiк активтердi аффилирленген
тұлғалардың бағалы қағаздарына инвестициялауға;
      2) резервтiк активтердi аффилирленген банктердегi мерзiмдiк салымдарға және талап ету салымдарына орналастыруға тыйым салынады.

      Төраға

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады