Тұтыну кооперативі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 мамырдағы N 197 Заңы.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң тұтыну кооперативтерiнiң құқықтық жағдайын, олардың құрылуының, қызметiнің, оларды қайта ұйымдастыру мен таратудың ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайларын, мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, басқару және бақылау органдарының өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      мүлiктiк (пайлық) жарна - тұтыну кооперативiнiң мүлiктiк (пайлық) қорына тұтыну кооперативi мүшелерiнiң ақшалай, мүлiкпен немесе ақшалай бағасы бар мүлiк құқығымен қосатын жарнасы;

      мүлiктiк (пайлық) қор - тұтыну кооперативiн құру немесе оған кiру кезiнде мүшелерi енгiзетiн мүлiктiк (пайлық) жарналардан тұратын және тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылатын қор;

      тұтыну кооперативі - қатысушылардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру арқылы жүзеге асырылатын мүшелiк негiздегi ерiктi бiрлестiгi;

      резервтiк қор - төтенше жағдайлардың салдарынан келтiрілген залалдарды жабуға арналған қор, оны қалыптастыру мен пайдалану тәртiбi тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi;

      тұтыну кооперативiнiң мүшесi - осы Заңның талаптарын қанағаттандыратын, кооперативтiң жарғысында белгiленген мөлшерде мүлiктiк (пайлық) жарна енгiзген және кооперативке дауыс беру құқығымен қабылданған азамат және (немесе) заңды тұлға.

2-бап. Тұтыну кооперативi туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының тұтыну кооперативi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодекске негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

      2. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Өзара сақтандыруды жүзеге асыратын тұтыну кооперативтерi қызметiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен айқындалады.

      4. Көппәтерлі тұрғын үй салу мақсатында тұрғын үй-құрылыс кооперативін құруға және оның қызметіне байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасымен реттеледі.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.05 № 164; 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-1-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары мен міндеттері

      1. Қазақстан Республикасында кооперативтік қозғалысты ұйымдастыру мен дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ тұтыну кооперативтерінің құрылуы мен жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау арқылы тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Заңның негізгі мақсаттары болып табылады.

      2. Осы Заңның негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасында кооперативтік қозғалысты дамыту үшін құқықтық негіз құру;

      2 ұтыну кооперативтеріне қатысушылардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету;

      3) тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      4) нарықта бәсекелестікті дамыту;

      5) тұтыну кооперативтерінің қызметін реттеу.

      Ескерту. 2-1-баппен толықтырылды – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Тұтыну кооперативiнiң құрылуы мен қызметiнiң негiзгі принциптерi

      Тұтыну кооперативтерi:

      кiру және шығу ерiктiлiгi;

      мүлiктiк (пайлық) жарна төлеудiң мiндеттiлiгi;

      басқарудың демократияшылдығы;

      өзара көмек және өз мүшелерiнiң мүдделерiн қорғау;

      тұтыну кооперативiнiң қызметi туралы ақпаратты оның барлық мүшелерiнiң пайдалана алуы принциптерi негiзiнде жұмыс iстейдi.

4-бап. Тұтыну кооперативi

      1. Тұтыну кооперативi коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiндей дәрежеде ғана айналыса алады.

      2. Тұтыну кооперативi мүлiктiк (пайлық) жарналар есебiнен, өз мүшелерiнiң мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты жекелеген мiндеттердi орындау үшiн құрылады.

      3. Егер құрылтай құжаттарында тұтыну кооперативi белгiлi бiр мерзiмге немесе белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiсiз мерзiмге құрылған болып есептеледi.

      4. Тұтыну кооперативiндегi еңбек қатынастары осы Заңмен, еңбек заңдарымен және жарғымен реттеледi. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң оның қызметiне жеке еңбегiмен қатысқаны үшiн сыйақы мөлшерлерi, сондай-ақ еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдардың еңбегiне төленетiн ақы мөлшерлерi жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленедi.

      5. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң оның қызметiне жеке еңбегiмен қатысуы мiндеттi болып табылмайды.

      6. Қызмет нәтижелерiнiң (дайындалған не сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) негiзгi тұтынушылары тұтыну кооперативiнiң мүшелерi болып табылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.

5-бап. Тұтыну кооперативiнiң атауы және орналасқан жерi

      1. Тұтыну кооперативiнiң атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.

      2. Тұтыну кооперативiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн органының орналасқан жерi оның орналасқан жерi болып танылады.

      3. Тұтыну кооперативi орналасқан жерiн ауыстырған кезде қажеттi өзгерiстерді Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзу үшiн тұтыну кооперативінің нақты мекенжайы бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға бұл жөнінде хабарлауға мiндеттi.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-бап. Тұтыну кооперативiнiң құқық қабiлетi

      1. Тұтыну кооперативi заңды тұлға болып табылады және оның мыналарға:

      1) өз мүшелерiнiң қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған қызметпен айналысуға;

      2) жарғылық мақсаттарға қол жеткiзуге қызмет етуiне қарай, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында және кооперативтің жарғысында белгiленген тәртiппен өзiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi болуына;

      4) тұтыну кооперативiнiң құқықтарын бұзатын, мемлекеттiк органдардың актiлерiне, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актiлерiне, олардың лауазымды адамдарының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;

      5) заңды тұлғаның тұтыну кооперативінiң жарғысында көзделген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қажеттi өзге де құқықтарын жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жекелеген қызмет түрлерiмен немесе әрекеттермен (операциялармен) тұтыну кооперативi рұқсаттың не хабарлама жіберудің негiзiнде ғана айналыса алады.

      3. Тұтыну кооперативi қызметiнiң мәнi мен мақсаттары оның құрылтай құжаттарымен белгiленедi.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Тұтыну кооперативiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi

      1. Тұтыну кооперативi өзiнiң орналасқан жерiнен тыс жерде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдарын құруға және өкiлдiктерiн ашуға құқылы.

      2. Тұтыну кооперативiнiң филиалдарын құру және өкілдiктерiн ашу туралы шешiмдердi, егер жарғыда осындай шешiмдердi жалпы жиналыс қабылдайтыны көзделмесе, тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы қабылдайды.

8-бап. Мемлекет және тұтыну кооперативi

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының тұтыну кооперативiнiң қызметiне араласуға құқығы жоқ.

      2. Тұтыну кооперативiнің құқықтарын бұзатын мемлекеттiк органдардың актiлерi немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актiлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

      3. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының не олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеті не әрекетсіздігі салдарынан тұтыну кооперативiне келтiрiлген залал, соның iшiнде алынбай қалған пайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеледi.

2-тарау. ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВIН ҚҰРУ

9-бап. Тұтыну кооперативiн құру тәртiбi

      1. Тұтыну кооперативiн құру құрылтай жиналысын өткiзуден басталып, заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеумен аяқталады.

      2. Азаматтар тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысын өткiзудi және оның қарауына енгiзiлетiн құжаттардың жобаларын әзiрлеу жөнiнде бастамашыл топтар құра алады.

10-бап. Тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы

      1. Тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы мынадай мәселелердi шешедi:

      1) тұтыну кооперативiн құру, оның атауы және орналасқан жерi туралы шешiм қабылдайды;

      2) тұтыну кооперативi мүшелерiнiң арыздары негiзiнде азаматтар үшін олардың аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi және заңды тұлғалар үшiн атауы, орналасқан жерi және банктiк реквизиттерi көрсетiлген тiзiмiн бекiтедi;

      3) қызметтiң мәнi мен мақсаттарын белгiлейдi;

      4) мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамын, мөлшерiн және оларды енгiзу мерзiмдерiн белгiлейдi;

      5) жарғысын және құрылтай шартын бекiтедi;

      6) атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарды сайлайды;

      7) мемлекеттiк тiркеу мерзiмiн және оған жауапты адамдарды белгiлейдi;

      8) тұтыну кооперативiн құруға байланысты өзге де мәселелердi шешедi.

      2. Құрылтай жиналысының шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Құрылтай жиналысының хаттамасына құрылтай жиналысының төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      Құрылтай жиналысының төрағасы оған қатысушылардың көпшiлiк даусымен сайланады.

11-бап. Тұтыну кооперативiнiң жарғысы

      1. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында:

      1) атауы мен орналасқан жерi;

      2) қызметiнiң мәнi мен мақсаттары;

      3) тұтыну кооперативiне кiру мен одан шығу, оның iшiнде тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi өз үлесiн бөлiп алу тәртiбi;

      4) мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамы, мөлшерi және оларды енгiзу тәртiбi, мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгiзу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк;

      5) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын құру, сайлау (қайта сайлау) тәртiбi мен өкiлеттiгi, олардың шешiм қабылдау тәртiбi;

      6) тұтыну кооперативi басқару органдарының құрамы мен құзыретi;

      7) басқару органдарының шешiм, оның iшiнде шешiмдер бiрауыздан немесе бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер туралы шешiм қабылдау тәртiбi;

      8) тұтыну кооперативi мүшелерiнiң кооперативке келтiрiлген залалдарды жабу тәртiбi;

      9) кооперативтi қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату жағдайлары;

      10) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтер;

      11) тұтыну кооперативi мүшелерiнiң оның қызметiне жеке еңбек қосып қатысуының сипаты мен тәртiбi;

      12) тұтыну кооперативi мен оның мүшелерi, тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы мен жалдамалы қызметкерлер арасындағы өзара қатынастар болуға тиiс.

      2. Тұтыну кооперативiнiң жарғысына азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, сондай-ақ егер тұтыну кооперативінің мүшесі заңды тұлға болып табылатын болса, ұйымның атауы, орналасқан жері және банктік деректемелері көрсетiлген тұтыну кооперативi мүшелерiнiң тiзiмі қоса беріледi.

      3. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкін.

      4. Тұтыну кооперативiнiң жарғысына енгізiлген өзгерiстер мен толықтыруларды заңда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi мемлекеттiк органдар тіркейді.

      5. Yшiншi тұлғалармен қарым-қатынастарда тұтыну кооперативі мен оның мүшелерi жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен олардың тіркелгені туралы мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарланған кезден бастап не сот шешiмiнiң негiзiнде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне тұтыну кооперативі жарғысының өзгергені туралы мәліметтер енгiзiлген кезден бастап тұтыну кооперативі жарғысындағы өзгерiстерге сiлтеме жасауға құқылы. Алайда, үшiншi тұлғалар аталған мән-жайлар болғанға және мерзiмдер басталғанға дейiн де бұл өзгерiстердi ескере отырып, іс-әрекет жасауға құқылы.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

12-бап. Тұтыну кооперативiн мемлекеттiк тiркеу

      1. Тұтыну кооперативi ол мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледi.

      2. Тұтыну кооперативiн мемлекеттiк тiркеудi әдiлет органдары Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

3-тарау. ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВIНЕ МYШЕЛIК

13-бап. Тұтыну кооперативiне мүшелiк

      1. Он сегiз жасқа толған азаматтар және заңды тұлғалар тұтыну кооперативiнiң мүшелерi бола алады.

      2. Азаматтар мен заңды тұлғалардың бiрнеше тұтыну кооперативтерiнiң мүшесi бола алады.

      3. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң саны екi азаматтан кем болмауға тиiс. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң ең көп санына шек қойылмайды.

      4. Тұтыну кооперативiне осы Заңның және тұтыну кооперативi жарғысының ережелерiн сақтай отырып жүргiзiлген жаңа мүшелер қабылдау жалпы жиналыстың шешiмiмен ресiмделедi.

      5. Тұтыну кооперативiне мүше болғысы келетiн азамат немесе заңды тұлға атқарушы органға тұтыну кооперативiне қабылдау туралы жазбаша нысанда арыз бередi. Арызда азаматтың аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi немесе заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi және банк реквизиттерi көрсетiлуге тиiс.

      6. Тұтыну кооперативіне қабылдау туралы арызды тұтыну кооперативінің атқарушы органы он күн ішінде қарауға тиіс.

      7. Тұтыну кооперативiнiң мүлкiнде ол құрылғаннан кейiн үлес құқығын алған үшiншi тұлғалардың тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар.

      8. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерiнiң тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар. Жарғыда өзгеше көзделген жағдайда мұрагерлерiне кооператив тұтыну кооперативiнің мүлкiндегi оның мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар үлесiн төлейдi.

14-бап. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң құқықтары

      Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi:

      1) тұтыну кооперативiнен белгiленген тәртiппен ерiктi түрде шығуға;

      2) тұтыну кооперативiнiң қызметiне қатысуға, басқару органдары мен бақылау органдарын сайлауға және оларға сайлануға, тұтыну кооперативiнiң қызметiн жақсарту, оның органдарының жұмысындағы кемшiлiктердi жою туралы ұсыныстар енгiзуге;

      3) тұтыну кооперативiнiң тауарларын (қызмет көрсетуiн) басқа азаматтар мен заңды тұлғалардың алдында артықшылықпен сатып алуға (алуға), өз өндiрiсiнiң, өзiндiк қосалқы шаруашылығының және кәсiпшiлiгiнің бұйымдары мен өнiмдерiн тұтыну кооперативiнiң ұйымдары арқылы шарттар негiзiнде өткiзуге, қызмет көрсетудi жүзеге асыруға;

      4) тұтыну кооперативi жалпы жиналысының тұтыну кооперативiнiң мүшелерi үшiн көзделген жеңілдiктерiн пайдалануға;

      5) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарынан олардың қызметi туралы ақпарат алуға, соның iшiнде бухгалтерлiк есептiң, есеп берудiң мәлiметтерiмен және басқа да құжаттамалармен жарғыда белгiленген тәртiппен танысуға;

      6) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының заңсыз әрекеттерiне тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына шағым жасауға;

      7) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының өз мүдделерiн қозғайтын шешіміне сот тәртібімен шағым жасауға;

      8) тұтыну кооперативi таратылған жағдайда кредиторлармен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құнын немесе тұтыну кооперативi мүшелерiнiң келiсiмi бойынша мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар заттай түрде осы мүлiктiң бiр бөлiгiн алуға;

      9) тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi өз үлесiн бөлуге және кооперативтен шыққан жағдайда оның құнын немесе тұтыну кооперативi мүшесiнiң келiсiмi бойынша мүлiктi өзiнiң мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар заттай түрде алуға;

      10) тұтыну кооперативiндегi өз еңбегi үшiн жалақы нысанында немесе жарғыда белгiленген өзге де нысанда сыйақы алуға құқылы.

      Тұтыну кооперативiнiң жарғысымен мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтары белгiленуi мүмкін.

15-бап. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң мiндеттерi

      Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi:

      1) жарғыны бұзбауға;

      2) жалпы жиналыстың, атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерiн орындауға;

      3) тұтыну кооперативi алдындағы оның қызметiне қатысу жөнiнде жарғыда белгiленген өз мiндеттемелерiн орындауға;

      4) жарғыда белгiленген мөлшерде, тәртiп пен мерзiмде мүлiктiк (пайлық) жарна төлеуге мiндеттi.

      Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.

16-бап. Тұтыну кооперативiне мүшелiктiң тоқтатылуы

      1. Тұтыну кооперативiне мүшелiк:

      1) өз еркiмен шыққан;

      2) шығарылған;

      3) мүліктегі үлесі құқығынан айрылған;

      4) тұтыну кооперативінің мүшесi болып табылатын азамат қайтыс болған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ол өлдi деп жарияланған, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған;

      5) тұтыну кооперативiнiң мүшесi болып табылатын заңды тұлға таратылған;

      6) тұтыну кооперативi таратылған жағдайларда тоқтатылады.

      2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi өз еркiмен шыққан жағдайда тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi енгiзген мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар өз үлесiн осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп алуға құқығы бар.

      3. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi өзiнiң жарғыда белгiленген мiндеттерiн дәлелсiз себептермен орындамаған не тұтыну кооперативiне залал келтiретiн қасақана әрекеттер жасаған жағдайда жалпы жиналыстың шешімімен тұтыну кооперативінен шығарылуы мүмкін.

      Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы кооперативтiң мүшесiне оны тұтыну кооперативiнен шығару жөнiндегi мәселенiң жалпы жиналысқа енгiзiлу себептерi туралы кем дегенде он күн бұрын жазбаша түрде хабарлауға және оны аталған жалпы жиналысқа шақырып, онда оған өз пiкiрiн айтуға құқық берiлуге тиiс.

      Тұтыну кооперативiнiң шығарылатын мүшесi тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына дәлелдi себептерсiз қатыспаған жағдайда жиналыс оны шығару туралы шешiмдi өзiнiң қатысуынсыз қабылдауға құқылы. Егер жиналысқа қатысушылардың үштен екiсi жақтап дауыс берсе, шешiм қабылданған болып есептеледi.

      Тұтыну кооперативiнен шығарылған мүшеге тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi үлесi енгiзген мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар, осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп берiледi.

      Жалпы жиналыстың тұтыну кооперативi мүшесiн кооперативтен шығару туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

      4. Тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi үлеске құқығынан айрылған тұтыну кооперативiнiң мүшесi өзiнiң тұтыну кооперативiне мүшелiгiн тоқтатады.

      Үлестен:

      1) сату;

      2) сыйға тарту;

      3) өзге де түрде иелiк ету;

      4) сот шешiмi негiздерiнде айрылады.

      Мүлiктегi үлес құқығынан айрылған тұтыну кооперативiнiң мүшесi бұл туралы тұтыну кооперативінің атқарушы органына хабарлайды. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына мұндай ақпаратты мүлiктегi үлеске құқық алған адамдар табыс ете алады.

      Мүше мүлiктегi үлес құқығынан айрылған жағдайда тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату тұтыну кооперативi атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi.

      5. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi болып табылатын азамат қайтыс болған, ол белгiленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеттi деп танылған немесе өлдi деп жарияланған жағдайда оның тұтыну кооперативіне мүшелiгі тоқтатылады.

      Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы тұтыну кооперативiнiң қайтыс болған мүшесiнiң ол қайтыс болған, ол белгiленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеттi деп танылған немесе өлдi деп жарияланған күнгi мүлiктегi үлесiн мұрагерлерiне төлеу үшiн осы Заңда белгiленген тәртiппен оның үлесiне бара-бар бөлiп бередi.

      6. Атқарушы орган тұтыну кооперативiне мүшелiк тоқтатылған барлық жағдайлар туралы тұтыну кооперативiнiң мүшелерiне хабарлайды.

4-тарау. ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВIН БАСҚАРУ

17-бап. Тұтыну кооперативiнiң басқару органдары

      1. Тұтыну кооперативiнiң органдары мыналар болып табылады:

      1) жоғары орган - жалпы жиналыс;

      2) атқарушы орган - басқарма (төраға);

      3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы (ревизор).

      2. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында тұтыну кооперативiнiң өзге де органдарын құру көзделуi мүмкiн.

      3. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен тұтыну кооперативі банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.03.2014 N 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы

      1. Тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы оның жоғары органы болып табылады және оның қызметiне қатысты барлық мәселелердi шешуге құқылы. Осы ретте кезектi немесе кезектен тыс жалпы жиналыстар шақырылуы мүмкiн, бұл жиналыстар, егер оларға тұтыну кооперативi барлық мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысса, заңды деп танылады. Егер жалпы жиналыстың шешiмiн жиналысқа қатысушы мүшелердiң жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, ол қабылданған болып есептеледi. Бұл орайда тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi, оның тұтыну кооперативi мүлкiндегi үлесiнiң мөлшерiне қарамастан, жалпы жиналыстың шешiмдерiн қабылдаған кезде бiр дауысқа ие болады.

      2. Тұтыну кооперативiнiң кезектi жалпы жиналысын жарғыда белгiленген мерзiмдерде атқарушы орган жылына кемiнде бiр рет шақырады.

      Тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржылық есебiн бекiтуге арналған жалпы жиналыс есептi қаржы жылы аяқталғаннан кейiн үш айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.

      3. Тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысы осы Заңда, жарғыда көзделген жағдайларда, сондай-ақ тұтыну кооперативiнiң мүдделерi осындай жиналыс шақыруды керек еткен өзге де кез келген жағдайларда шақырылады.

      Тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын атқарушы орган өз бастамасы бойынша, сондай-ақ тексеру комиссиясының (ревизордың) талап етуi бойынша не тұтыну кооперативi мүшелерi жалпы санының кемiнде оннан бiр бөлiгiнiң талап етуi бойынша шақырады.

      Егер тексеру комиссиясының немесе тұтыну кооперативi мүшелерiнiң талап еткенiне қарамастан, атқарушы орган кезектен тыс жалпы жиналыс шақырмаса, оны тексеру комиссиясы (ревизор) немесе тұтыну кооператив мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде оннан бiр бөлiгi дербес шақыруы мүмкін.

      Таратылу процесi жүрiп жатқан тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы да шақыра алады.

      4. Жалпы жиналысты өткiзу мен осы Заңда, жарғыда және тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттейтiн өзге де құжаттарда қабылданған шешiмдер жүргiзу тәртiбiн бұза отырып қабылданған тұтыну кооперативі жалпы жиналысының шешiмiн, сол сияқты жалпы жиналыстың осы Заңға не жарғыға қайшы келетiн шешiмiн, оның iшiнде тұтыну кооператив мүшелерiнiң құқығын бұзатын шешiмiн тұтыну кооперативi мүшелерiнiң арызы бойынша сот толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн. Ондай арызды жалпы жиналыс өткiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде беруге болады.

      5. Шақыру мен өткiзу, шешiм қабылдау тәртiбi тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.

19-бап. Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының құзыретi

      1. Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының құзыретi осы Заңға және тұтыну кооперативiнiң жарғысына сәйкес белгiленедi.

      2. Жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне мыналар жатады:

      1) тұтыну кооперативiнiң жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар, оның iшiнде мүлiктiк (пайлық) жарнаның мөлшерi туралы, орналасқан жерi мен атауы туралы өзгерiс енгiзу немесе жарғыны жаңа редакциясында бекiту;

      2) тұтыну кооперативi қызметiнiң негiзгi бағыттарын белгiлеу;

      3) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының басшысы мен мүшелерiн сайлау, олардың өкiлеттiгiн доғару, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, оларды ұстауға арналған қаражаттың мөлшерiн анықтау;

      4) тұтыну кооперативiнiң мүшелерiн кооперативтен шығару;

      5) тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттеп отыратын iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмiн және басқа құжаттарды бекiту;

      6) тұтыну кооперативтерiнiң қауымдастығын (одағын) құру, қауымдастыққа (одаққа) кiру және одан шығу туралы мәселелердi шешу;

      7) тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есептерін, тексеру комиссиясының (ревизордың) есебiн бекiту;

      8) тұтыну кооперативi шеккен зиянды жабу тәртiбi;

      9) тұтыну кооперативi қорларының түрлерi мен құрылу және жұмсалу тәртiбiн белгiлеу;

      10) тұтыну кооперативiнiң жарғыда белгiленген құннан құны асып түсетiн жылжымайтын мүлкiн иелiктен айыру;

      11) тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдау;

      12) тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiн сайлау және тарату балансын бекiту.

      3. Осы Заңда жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелермен қатар, тұтыну кооперативiнiң жарғысымен оның айрықша құзыретiне басқа да мәселелер жатқызылуы мүмкiн.

      4. Егер тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыс өзiнiң айрықша құзыретiне жатпайтын өкiлеттiктi тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына беруге құқылы.

      5. Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының атқарушы, бақылаушы және өзге де органдардың шешiмдерiн қуаттау немесе олардың күшiн жою жөнiндегi мәселелердi өз қарауына алуға құқығы бар.

      6. Тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы тұтыну кооперативiнiң қызметiне байланысты кез келген мәселенi қарау үшiн қабылдауға құқылы.

20-бап. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы

      1. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы тұтыну кооперативiнiң қызметiне ағымдағы басшылық жасау мен оның iстерiн жүргiзудi жүзеге асырады және оның жалпы жиналысына есеп бередi.

      Тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерi жарғыда белгiленген құрам мен мерзiмге сайланады және өз мiндеттерiн (өкiлеттiгiн) атқарудан жалпы жиналыстың шешiмiмен кез келген уақытта босатылуы мүмкiн.

      2. Атқарушы органның жұмысы мен шешiмдер қабылдау тәртiбi тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.

      3. Осы Заңмен және кооператив жарғысымен белгiленген, жалпы жиналыстың құзыретiне жатпайтын тұтыну кооперативiнiң қызметiн қамтамасыз етудiң барлық мәселелерi атқарушы органның құзыретiне жатады.

      Жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне жатпайтын, осы Заңның 19-бабының 4-тармағына сәйкес атқарушы органға берiлген өкiлеттiк те тұтыну кооперативi атқарушы органының құзыретiне жатады.

      4. Тұтыну кооперативiнiң үшiншi тұлғалармен қатынастарында атқарушы органның өкiлеттiгiне өзi белгiлеген шектеулерге сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Алайда тұтыну кооперативi өзiнiң атқарушы органы үшiншi тұлғамен белгiленген шектеулердi бұза отырып жасаған мәмiлелерiнiң жарамдылығына, егер мәмiле жасалған кезде үшiншi тұлға мұндай шектеулердi бiлгенiн немесе алдын ала бiлуге тиiс екенiн дәлелдесе, дау айтуға құқылы.

      5. Тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшелерiне:

      1) жалпы жиналыстың келiсiмiнсiз тұтыну кооперативiмен мүлiктiк пайда табуға (сыйға тарту, қарыз алу, өтеусiз пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және басқаларын қоса алғанда) бағытталған мәмілелер жасасуға;

      2) тұтыну кооперативiнiң үшiншi тұлғалармен жасасқан мәмiлелерi үшiн тұтыну кооперативінің өзінен де, үшіншi тұлғалардан да комиссиялық сыйақы алуға;

      3) тұтыну кооперативiмен үшiншi тұлғалардың қатынастарында олардың атынан немесе мүдделерiн көздеп әрекет жасауға;

      4) тұтыну кооперативiнiң осы қызметiмен бәсекелесетiн кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салынады.

      6. Осы баптың 5-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы мүшелерiнiң жақын туыстары мен жекжаттарына да қолданылады.

21-бап. Тұтыну кооперативiнiң қадағалау кеңесi

      1. Егер бұл тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделсе, оның мүшелерi тарапынан тұтыну кооперативi атқарушы органының қызметiн бақылау мақсатында тұтыну кооперативiнiң қадағалау кеңесi құрылуы мүмкiн. Қадағалау кеңесiнiң өкiлеттiктерi жарғыда айқындалады.

      2. Тұтыну кооперативiнiң қадағалау кеңесi оның кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы сайлайтын мүшелерiнен тұрады. Қадағалау кеңесi мүшелерiнiң саны мен олардың шешiмдер қабылдау тәртiбi тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.

      3. Қадағалау кеңесiнiң мүшесi бiр мезгiлде тұтыну кооперативi атқарушы органының мүшесi не тұтыну кооперативiнiң төрағасы бола алмайды.

22-бап. Тұтыну кооперативінің тексеру комиссиясы (ревизоры)

      1. Тұтыну кооперативiнiң қаржы-шаруашылық қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн, егер жарғыда өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативi мүшелерiнiң iшiнен тексеру комиссиясы (ревизор) құрылуға тиiс.

      Тексеру комиссиясының мiндеттерiн орындау ревизор ретiнде тұтыну кооперативi мүшелерiнiң бiрiне тапсырылуы мүмкiн.

      2. Тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясын немесе ревизорын жарғыда белгiленген мерзiмге жалпы жиналыс сайлайды.

      3. Тұтыну кооперативi атқарушы органы мүшелерiнiң тексеру комиссиясының мүшесi (ревизор) болуына болмайды.

      4. Тұтыну кооперативiнiң тексеру комиссиясы (ревизор) жалпы жиналысқа есеп бередi.

      5. Тексеру комиссиясы (ревизор) тұтыну кооперативiнiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзуге құқылы. Тексеру комиссиясының (ревизордың) осы мақсат үшiн тұтыну кооперативінің барлық құжаттамасын кез келген уақытта сөзсiз пайдалануға құқығы бар. Тексеру комиссиясының (ревизордың) талап етуi бойынша атқарушы орган ауызша немесе жазбаша түрде қажеттi түсiнiк беруге мiндеттi.

      6. Тексеру комиссиясы (ревизор) тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есебi жалпы жиналыста бекiтiлгенге дейiн оған мiндеттi түрде тексеру жүргiзедi. Жалпы жиналыстың тексеру комиссиясының (ревизордың) қорытындысынсыз жылдық қаржылық есептi бекiтуге құқығы жоқ.

      7. Тексеру комиссиясының (ревизордың) жұмыс тәртiбi жарғыда, сондай-ақ тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттейтiн ережелер мен өзге де құжаттарда белгiленедi.

23-бап. Тұтыну кооперативiнiң аудитi

      1. Тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есебiн, сондай-ақ оның ағымдағы iсiнiң жай-күйiн тексеру және олардың дұрыстығын растау үшiн тұтыну кооперативi өзiнiң жарғысында көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша тұтыну кооперативiмен, оның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының мүшелерiмен немесе тұтыну кооперативiнiң мүшелерiмен байланысты емес аудиторлық ұйымды тартуға құқылы.

      2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi кооперативтiк қаржы есебiне өз есебiнен аудит жүргiзудi талап етуге құқылы.

      3. Егер кооперативтiң қаржы есебiне аудит жүргiзу мiндеттi болған не оның жүргiзiлуiн кооператив мүшесi талап еткен кезде тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы аудит жүргiзуден жалтарса, аудит мүдделi тұлғаның не кооператив мүшесiнiң арызы бойынша сот қабылдаған шешiммен тағайындалуы мүмкiн.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.05.05. N 139 Заңымен.

24-бап. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерi мен iс-әрекетiне шағымдану

      Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерi мен iс-әрекетiне жалпы жиналысқа немесе сот тәртiбiмен шағымдана алады.

      Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы басшысының шешiмдерi мен iс-әрекетiне тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына немесе сотқа шағымдануға болады.

5-тарау. ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВIНІҢ МYЛКI

25-бап. Тұтыну кооперативiнiң мүлкi, оны қалыптастыру көздерi

      1. Тұтыну кооперативiнiң балансында тұрған мүлiктiң меншiк иесi заңды тұлға ретiндегi тұтыну кооперативi болып табылады.

      Тұтыну кооперативiнiң мүлкi оның мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру арқылы жасалады.

      Мүлiктiк (пайлық) және қосымша жарналарды қоспағанда, тұтыну кооперативiнiң кәсiпкерлiк қызметтен алатын кiрiстерi мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастырудың көздерi болып табылады.

      2. Тұтыну кооперативi алған табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жiберiледi.

      3. Тұтыну кооперативiнiң меншiгiндегi мүлiкке билiк ету жалпы жиналыстың шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

26-бап. Мүлiктiк (пайлық) жарна

      1. Мүлiктiк (пайлық) жарна ақшалай, бағалы қағаздармен, заттармен, мүліктік құқықтармен, соның ішінде жерпайдалану құқығымен және интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне құқықпен және өзге де мүлiкпен енгiзiлуi мүмкiн. Жарнаны жеке мүлiктiк құқықтар және өзге де материалдық емес игiлiктер түрiнде енгiзуге жол берiлмейдi.

      2. Заттай нысанда немесе мүлiктiк құқық түрiнде жасалатын жарналар тұтыну кооперативiнiң барлық мүшелерiнiң келiсiмi бойынша немесе тұтыну кооперативi жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақша түрiнде бағаланады.

      3. Тұтыну кооперативiне мүлiктi салым ретiнде пайдалану құқығы берілген жағдайларда бұл салымның мөлшері пайдаланғаны үшін тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы белгiлеген бүкiл мерзiмге есептелiп төленетiн ақымен белгiленедi.

      Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының келiсiмiнсiз пайдалану құқығы мүлiктiк (пайлық) салым болып табылатын мүлiктi мерзiмiнен бұрын алып қоюға жол берiлмейдi.

      Егер жарғыда өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативiнiң пайдалануына берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылып кету немесе кездейсоқ бұзылу қаупi мүлiк иесiне жүктеледi.

      4. Мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгiзу мерзiмi тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi.

27-бап. Тұтыну кооперативiнiң қорлары

      1. Тұтыну кооперативi өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:

      1) мүліктік (пайлық);

      2) тұтыну кооперативiн дамыту;

      3) резервтiк;

      4) тұтыну кооперативi мүшелерiн ынталандыру және әлеуметтiк қолдау;

      5) жарғысына сәйкес өзге де қорлар құруға құқылы.

      2. Мүлiктiк (пайлық) қор тұтыну кооперативi мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарынан тұрады және тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылады.

      3. Тұтыну кооперативi алған табыстар және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер басқа қорларды қалыптастыру көзi болып табылады.

      4. Тұтыну кооперативiнiң қорларын қалыптастыру мен пайдалану тәртiбiн, олардың қайта бөлiнуiн тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы белгiлейдi.

28-бап. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң мүлiктегi үлесi

      1. Тұтыну кооперативiнiң барлық мүшелерiнiң тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi (мүлiк құнындағы) үлесi олардың тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi салымына бара-бар анықталады.

      2. Тұтыну кооперативiнiң жарғысы немесе жалпы жиналыс олардың әрқайсысының мүлiктi құруға және көбейтуге қосқан үлесiне қарай олардың үлесiн анықтау және өзгерту тәртiбiн белгiлеуi мүмкiн.

      3. Тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi өзiнiң қалауына қарай өз үлесін сатуға, сыйға беруге, мұраға қалдыруға, кепiлге салуға не осы Заңда және жарғыда көзделген талаптарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.

      4. Мүлiктегi өз үлесiмен қандай да бiр операциялар жасау алдында тұтыну кооперативiнiң мүшесi тұтыну кооперативiнiң жарғысында белгiленген мерзiмде атқарушы органға ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп берудi талап етiп арыз беруге мiндеттi.

29-бап. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң мүлiктегі өз үлесiне билiк етуi

      1. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң тұтыну кооперативi мүлкiндегi үлесi мүлiктiк (пайлық) жарнаны толық төлегенге дейiн жарна төленiп қойған бөлiгiнде ғана иелiктен алынуы немесе кепiлге салынуы мүмкiн.

      2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз таңдауы бойынша тұтыну кооперативiнiң бiр немесе бiрнеше мүшесiне сатуға немесе өзге де әдiспен беруге құқылы. Дәл солайша тұтыну кооперативiнiң мүшесi басқа мүше алдындағы өз мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн кепiлге салуға құқылы. Бұл мәмiлелердi жасауға тұтыну кооперативiнiң келiсiмi немесе тұтыну кооперативiнiң басқа да мүшелерiнiң келiсiмi талап етiлмейдi.

      3. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi тұлғаға беруiне немесе тұтыну кооперативi мүшесiнiң үшiншi тұлға алдындағы мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн үлесiн (үлестiң бiр бөлiгiн) кепiлге салуына жол берiледi.

      4. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында үлестi үшiншi тұлғаға сату белгiлi бiр талаптарды орындағанда ғана жол берiлетiн болып көзделуi мүмкiн.

30-бап. Иелiктен алынатын үлестi сатып алуға басымдық берiлетiн құқық

      1. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн немесе тұтыну кооперативi мүшелерi бiреуiнiң үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн сатқан жағдайда оны сатып алуға тұтыну кооперативiнiң мүшесi үшiншi тұлғаларға қарағанда басым құқықты пайдаланады. Мұндай құқықты тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi пайдалана алады. Егер сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келетiн тұтыну кооперативiнiң бiрнеше мүшелерi болса және жарғыда немесе тұтыну кооперативі мүшелерiнiң өзге де келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлігін) сатып алудың басым құқығын тұтыну кооперативiнің мүшелері тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi өз үлесiнiң мөлшерiне қарай жүзеге асырады.

      2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесiнен үлесiн сатуға ұсынуы туралы хабарлама алған кезден бастап жетi күн iшiнде атқарушы орган бұл туралы тұтыну кооперативiнiң барлық мүшелерiне хабарлайды. Тұтыну кооперативiнiң сатып алудың басым құқығын жүзеге асырғысы келетiн мүшесi жетi күн мерзiмде бұл туралы атқарушы органға хабарлап, бұл орайда сатуға ұсынылып отырған үлестi толық немесе оның белгiлi бiр бөлiгiн сатып алғысы келетiнiн көрсетуге тиiс.

      3. Егер түскен ұсыныстардың жиынтық көлемi сатылатын үлестiң мөлшерiнен аспаса, тұтыну кооперативi мүшелерiнiң әрқайсысы оның өз хабарламасында көрсеткен бөлiгiн сатып алады. Үлестiң қалған бөлiгi, егер бұлайша иелiктен айыруға дейiн тұтыну кооперативiнiң мүшелерiнен қосымша ұсыныстар келiп түспесе, үшiншi тұлғаға иелiктен алынып берілуi мүмкiн.

      4. Үлес немесе оның бiр бөлiгi сатып алудың басым құқығын бұза отырып сатылған жағдайда тұтыну кооперативiнiң кез келген мүшесi үш ай iшiнде сот тәртiбiмен осы құқық бұзушылыққа шағымдана алады.

      5. Иелiктен алынатын үлестi сатып алудың басым құқығы үлестi сатудың кез келген әдiсi жағдайында, оның iшiнде сауда-саттықта жүзеге асырылады.

      6. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқаға беруге жол берiлмейдi.

      7. Иелiктен алынатын үлестi немесе оның бiр бөлiгiн тұтыну кооперативiнiң мүшесi (мүшелерi) сатып алған жағдайда оның кооператив мүлкiндегi үлесi көбейедi.

      8. Осы баптың ережелерi үлестi айырбас шарты бойынша иелiктен алу кезiнде де қолданылады.

      9. Үлестi немесе оның бiр бөлiгiн үшiншi тұлғаға сату кезiнде тұтыну кооперативiнiң мүшелерi оны сатып алудың басым құқығын пайдаланғысы келмеген жағдайда сатып алудың басым құқығын тұтыну кооперативiнiң өзi пайдалана алады.

31-бап. Басқа мүшелердiң үлестi сатып алудан бас тартқан кезiнде тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн сату

      1. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында тұтыну кооперативi мүшесiнiң өз үлесін үшінші тұлғаларға сатуына тыйым салу немесе оны шектеу көзделуі мүмкiн.

      2. Yлестi сатуды сатушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салу немесе шектеулер сақтала отырып жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда тұтыну кооперативiнiң үлесiн сатқысы келетiн мүшесi осы үлестi сатып алуды немесе оны үшiншi тұлғаға сатуға рұқсат берудi талап етiп, тұтыну кооперативiне жүгiнуге құқылы.

      Осы нұсқалардың бiрiн таңдауды тұтыну кооперативi мүшелерiнiң жалпы жиналысы жүргiзедi.

      3. Тұтыну кооперативi үлестi сатып алған кезде үлестiң бағасы тараптардың келiсiмiмен, ал келiсiмге келе алмаған жағдайда сот арқылы белгiленедi.

      4. Тұтыну кооперативi үлестi үшiншi тұлғаға сатуға келiскен жағдайда тұтыну кооперативiнiң мүшелерi үлестi сатып алуға басым құқығын сақтап қалады.

32-бап. Тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн тұтыну кооперативi сатып алуының салдары

      1. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң үлесiн тұтыну кооперативi сатып алғаннан кейiн тұтыну кооперативi тұтыну кооперативiнiң басқа мүшелерiне осы үлестi жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген баға бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi.

      2. Yлестi сатып алуға тұтыну кооперативiнiң бiрнеше мүшесi ниет бiлдiрген жағдайда үлес олардың арасында тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi үлестерiне бара-бар мөлшерде бөлiнедi.

      Тұтыну кооперативiнiң мүшесi сатып алған үлес мөлшерi осы мүшеге сатып алғанға дейiнгi тиесiлi үлес мөлшерiне қосылады. Бұл орайда тұтыну кооперативiнiң бiр мүшесiне тиесiлi болуы ықтимал үлес мөлшерiнiң шектелу мүмкiндiгi сақталады.

      3. Тұтыну кооперативi жалпы жиналыстың шешiмiмен тұтыну кооперативі атынан сатып алынған үлесті үшінші тұлғаға сатуға құқылы.

33-бап. Тұтыну кооперативiнен шығарылуға тиiстi тұтыну кооперативi мүшесiнiң үлесiн бөлiп беру

      1. Тұтыну кооперативінен шығарылуға тиісті тұтыну кооперативі мүшесiнiң үлесiн бөлiп беру жалпы жиналыстың шешiмi бойынша жүргiзiледi.

      2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi тұтыну кооперативiне немесе оның мүшелерiне қасақана зиян келтiрген жағдайда олар зиян келтiрушiден бөлiнген үлесi есебiнен келтiрiлген зиянның толтыруды талап етуге құқылы.

      3. Егер тараптар орны толтырылатын зиянның және тұтыну кооперативiнiң шығарылуға тиiстi мүшесiне бөлiнетiн үлестiң мөлшерi туралы келiсiмге келе алмаса, дау сот тәртiбiмен шешiледi.

34-бап. Тұтыну кооперативi мен оның мүшелерiнiң мүліктiк жауапкершiлiгi

      1. Тұтыну кооперативi өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi және тұтыну кооперативi мүшелерiнiң басқа мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

      2. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi қордаланып қалған залалды жыл сайынғы баланс бекiтiлгеннен кейiн қосымша жарналар арқылы үш ай iшiнде жабуға мiндеттi.

      3. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң тұтыну кооперативiнiң мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен белгiленедi.

6-тарау. ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВIН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ
ЖӘНЕ ТАРАТУ

35-бап. Тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру

      1. Тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару) жалпы жиналыстың шешiмi бойынша ерiктi түрде жүзеге асырылуы мүмкiн. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң құрамын үлестен айыру немесе өзге де өзгерту тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру болып табылмайды.

      2. 3аң актiлерiнде белгiленген жағдайларда тұтыну кооперативiн оны бөлу немесе оның құрамынан бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативiн бөлiп шығару нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру сот шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

      3. Тұтыну кооперативiн заңды тұлғалардың басқа түрлерi мен нысандарында қайта құруға болмайды.

36-бап. Тұтыну кооперативтерiнiң қосылуы, бiрiгуi

      1. Екi немесе бiрнеше тұтыну кооперативiнiң қосылуы олардың мүлкiн толық бiрiктiру жолымен жүзеге асырылады. Қосылу нәтижесінде жаңа тұтыну кооперативi пайда болады, ал қосылған тұтыну кооперативтерi өз қызметiн тоқтатады. Бұл орайда тұтыну кооперативтерiнiң қосылуына әрбiр қатысушының барлық құқықтары мен мiндеттерi өткiзу актiсiне сәйкес жаңадан пайда болған тұтыну кооперативiне ауысады.

      2. Бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативiнiң басқа тұтыну кооперативiне бiрiгуi бiрiгетiн тұтыну кооперативi мүлкiнiң бiрiктiрушi тұтыну кооперативтерiнiң мүлкiне енгiзiлуi жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бiрiгетiн кооперативтер өз қызметiн тоқтатады, ал олардың барлық құқықтары мен мiндеттерi өткiзу актiсiне сәйкес бiрiктiрушi тұтыну кооперативiне ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi.

      3. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы тұтыну кооперативтерiнiң атқарушы органдары қосылу, бiрiгу туралы шарттың жобасын әзiрлейдi және әрбiр тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысының қарауына қосылу, бiрiгу жөнiндегi және қосылу, бiрiгу туралы шартты бекiту жөнiндегi мәселелердi енгiзедi.

      Қосылу, бiрiгу туралы шарттың келiсiлген мәтiнiне тұтыну кооперативiнiң атқарушы органдары уәкiлдiк берген адамдар қол қояды.

      Қосылу, бiрiгу туралы шартта қосылуға, бiрiгуге қатысушы әрбiр тұтыну кооперативтерiнiң фирмалық атауы орналасқан жерi мен мекен-жайы туралы мәлiметтер, олардың баланстарының негiзгi деректерi болуға, сондай-ақ қосылудың, бiрiгудiң тәртiбi мен талаптары көзделуге тиiс.

      4. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы тұтыну кооперативiнiң әрқайсысы жалпы жиналыс қосылу, бiрiгу туралы шешiм қабылдаған күннен бастап екi ай мерзiмде өздерiнiң барлық кредиторларына қосылу, бiрiгу туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) осы баптың 3-тармағында аталған қосылуға, бiрiгуге қатысатын басқа да тұтыну кооперативтерi туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.

      Тұтыну кооперативiнiң кредиторлары хабарлама алынғаннан немесе хабарландыру жарияланғаннан кейiн екi ай мерзiмде тұтыну кооперативiнен не жұмысын мерзiмiнен бұрын тоқтатуына немесе тұтыну кооперативiнiң тиiстi мiндеттемелерiн орындауына және шығындардың орны толтырылуына қосымша кепілдіктер талап етуге құқылы. Талаптар тұтыну кооперативіне жазбаша нысанда жiберiледi.

      5. Қосылуға, бiрiгуге қатысушы тұтыну кооперативiнiң әрқайсысы жалпы жиналыстың қосылу, бiрiгу туралы шешiмi қабылданған кезден бастап, бұл шешiм туралы кредиторларға шешiм қабылданғаннан кейiн туындайтын мiндеттемелер жөнiнде хабарлауға мiндеттi.

      Тұтыну кооперативтерiнiң қосылу, бiрігу туралы шарты негiзiнде қосылушы, бiрiгушi тұтыну кооперативтерiнiң мүшелерi жалпы жиналыста жаңадан құрылатын тұтыну кооперативiнiң жарғысын қабылдайды және атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлайды.

37-бап. Тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару

      1. Тұтыну кооперативiн бөлу осы тұтыну кооперативiнiң мүлкiн пайда болатын екi немесе бiрнеше тұтыну кооперативтерiнiң арасында бөлу жолымен жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлiнетiн тұтыну кооперативiнiң құқықтары мен мiндеттерi бөлiну балансына сәйкес жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiне ауысады.

      2. Тұтыну кооперативiнен бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативтерiн бөлiп шығару тұтыну кооперативi мүлкiнiң бiр бөлiгiн бөлiп беру және оны жаңадан пайда болатын бiр немесе бiрнеше тұтыну кооперативiне беру жолымен жүзеге асырылады.

      Бұл орайда қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң құқықтары мен мiндеттерiнiң бiр бөлiгi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативiне ауысады.

      3. Қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң бөлiну, бөлiнiп шығу жоспары мен жарғыларының жобаларын әзiрлейдi және тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару, жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң бөлiну, бөлiнiп шығу жоспарын, жарғыларын және бөлiну балансын бекiту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелердi жалпы жиналыстың қарауына енгiзедi.

      4. Егер тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөлiп шығару кезiнде тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiнiң әрқайсысындағы тұтыну кооперативi мүлкiндегi қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң мүлкiндегi өз үлесiне тең үлесiн алуға не жаңадан пайда болған тұтыну кооперативтерi бiрiнiң мүлкiнен бiрыңғай үлес алуға құқылы.

      5. Жалпы жиналыс бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылдаған кезден бастап, тұтыну кооперативi осы шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындайтын мiндеттемелер жөнiнде кредиторларға хабарлауға мiндеттi.

      6. Тұтыну кооперативi жалпы жиналыс бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм қабылданған күннен бастап екi ай мерзiмде өзiнiң барлық кредиторларына бөлу, бөлiп шығару туралы жазбаша хабарлама жiберуге және ресми баспасөз органдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын әрбiр тұтыну кооперативiнiң атауы, орналасқан жерi және мекен-жайы туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.

      7. Қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң кредиторлары хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екi ай мерзiмде тұтыну кооперативiнен жұмысын мерзiмiнен бұрын тоқтатуын немесе тиiстi мiндеттемесiн орындауын және шығынның орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талап тұтыну кооперативiне жазбаша нысанда жiберiледi.

      8. Тұтыну кооперативiн бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде пайда болған тұтыну кооперативтерi жаңа тұтыну кооперативтерi тiркелген кезден бастап бiр жыл iшiнде оның мiндеттемелерi бойынша бiрлесiп жауапты болады.

38-бап. Тұтыну кооперативiн мәжбүрлеп бөлу, бөлiп шығару туралы сот шешiмiн орындамаудың зардаптары

      1. Егер тұтыну кооперативiнiң мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезiнде сот шешiмi бойынша бөлудi, бөлiп шығаруды жүргiзуге уәкiлеттi атқарушы органы бөлудi, бөлiп шығаруды сот шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот тұтыну кооперативiнiң мүлкiне сенiмгерлiк басқарушы тағайындайды және оған қайта ұйымдастырылатын тұтыну кооперативiнiң бөлiнуiн, бөлiнiп шығарылуын соның мүлкi есебiнен жүзеге асыруды тапсырады.

      2. Сенiмгерлiк басқарушы тағайындалған кезден бастап тұтыну кооперативiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк соған ауысады, тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдары өз қызметiн тоқтатады.

      3. Сенiмгерлiк басқарушы сотта тұтыну кооперативiнiң атынан өкiл болады, бөлу балансын жасайды және оны тұтыну кооперативтерiнiң бөлу, бөлiп шығару нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекiтуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекiтуi жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативтерiн мемлекеттiк тiркеу үшiн негiздеме болып табылады.

39-бап. Тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу

      1. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын тұтыну кооперативiн мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тұтыну кооперативтерi қосылған жағдайда мемлекеттік тіркеуді жаңадан пайда болатын тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi.

      Тұтыну кооперативтерi бiрiккен жағдайда мемлекеттiк тiркеудi бiрiктiрушi тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi.

      Тұтыну кооперативтерi бөлiнген, бөлiп шығарылған жағдайда мемлекеттiк тiркеудi қайта ұйымдастырылушы тұтыну кооперативi орналасқан жердегi тiркеушi орган жүргiзедi. Бұл тiркеушi орган жаңа тұтыну кооперативтерiн мемлекеттiк тiркеу мәлiметтерi туралы жаңадан пайда болған тұтыну кооперативтерi орналасқан жердегi заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлайды.

      3. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болатын тұтыну кооперативiн мемлекеттiк тiркеудi заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын орган кредиторларға тұтыну кооперативтерiн қайта ұйымдастыруды талап етiп арыз беру үшiн берiлген мерзiм өткен соң жүзеге асырады.

      4. Егер бiр жыл iшiнде, тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыруға қатысушылардың соңғысының жалпы жиналысында қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылданған күннен бастап, мемлекеттiк тiркеу туралы арыз берiлмеген болса не қажеттi дәлелдемелер табыс етiлмесе (осы баптың 3-тармағы), қайта ұйымдастыру жасалмаған болып есептеледi.

      5. Қосылу және бөлiніп шығу нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, қайта ұйымдастыруға қатысатын тұтыну кооперативтерi жаңадан пайда болған тұтыну кооперативтерi мемлекеттiк тiркелген кезден бастап өз қызметін тоқтатады және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталады. Қосылатын тұтыну кооперативi оның басқа тұтыну кооперативiне қосылуы тiркелген кезден бастап өз қызметiн тоқтатады және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталады.

      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

40-бап. Тұтыну кооперативiн тарату

      1. Тұтыну кооперативі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалпы жиналыстың шешімі бойынша немесе сот шешімі бойынша таратылуы мүмкiн.

      2. Тұтыну кооперативiнiң оны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған жалпы жиналысы тарату комиссиясын тағайындайды және тұтыну кооперативiн таратудың тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi.

      3. Тұтыну кооперативі таратылған жағдайда кооператив мүшесінің кооператив мүлкіндегі үлесін өзінің мүліктік (пайлық) жарнасына бара-бар бөліп алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады