Қазақстан инвестициялық қоры туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі N 575 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 13 ақпандағы N 135-IV Заңымен.

       Ескерту. Заңның күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 13 ақпандағы N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңымен.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстанның инвестициялық қоры қызметiнiң мәселелерiн реттейді, оның мақсаттарын, міндеттерiн, инвестициялық саясаттың бағыттарын, оның мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл ерекшелiктерiн айқындайды.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұйымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстанның инвестициялық қорының (бұдан әрi - Қор) инвестициялары - Қордың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасы резиденттерінің-акционерлiк қоғамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына Қордың салымдары;
 

      2) Қордың инвестициялық қызметi - ұйымдардың жарғылық капиталдарына инвестиция салуды, инвестициялық жобалар бойынша ақпарат жинау мен өңдеудi, маркетингтiк, инжинирингтiк және өзге де зерттеулердi, жоспарлы-болжамдық және жобалау-сметалық құжаттаманы  қамтамасыз етуге қатысуды, сондай-ақ инвестицияларға бақылау ұйымдастыруды қамтитын, Қордың инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты қызметі;
 

      3) инвестициялық жоба - Қордың инвестицияларын көздейтін іс-шаралар кешені;
 

      4) ұйым - акцияларында инвестициялар жүзеге асырылатын акционерлік қоғам, сондай-ақ жарғылық капиталдарына Қор қатысатын, өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған шетелдік заңды тұлғалар;
      5) алып тасталды
 

      6) электрондық мониторинг - ақпаратты электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электрондық құжат нысанында беретін ұйымды басқару мониторингінің нысаны.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 Заңымен.

      2-бап. Қазақстанның инвестициялық қоры туралы
              Қазақстан Республикасының заңдары

      1. Қазақстанның инвестициялық қоры туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен , осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
 

      2. Инвестициялық қорлар туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қорға қолданылмайды.
 

      3. Акционерлік қоғамдар туралы, инвестициялар туралы және бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасы заңдарының ережелері Қорға осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады.
 

      4. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Қордың құқықтық мәртебесі

      Қазақстанның инвестициялық қоры Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен құрылған , ұлттық басқарушы компания жалғыз акционерi болып әрекет ететiн акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық ұйым болып табылады.
      Қазақстанның инвестициялық қоры ұлттық даму институты болып табылады.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 Заңымен.

      4-бап. Қордың мақсаты мен міндеттері

      1. Қор қызметінің мақсаты перспективалы ұйымдардың жобаларына инвестицияларды жүзеге асыру және тарту, экономиканың шикізаттық емес секторында жеке сектордың бастамаларына қаржылық қолдау көрсету арқылы Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатын іске асыруға жәрдемдесу болып табылады.
 

      2. Қордың міндеттері:
      1) шикізат пен материалдарды тереңдеп өңдеуді жүргізетін, жаңа технологияларды пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, сондай-ақ өз қызметін өнеркәсіпте жүзеге асыратын перспективалы ұйымдарға өндірістік қызметтер көрсететін жаңадан құрылып жатқан, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған ұйымдардың жарғылық капиталдарына инвестицияларды жүзеге асыру;
 

      2) Қордың инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруы (ұйымдардың жарғылық капиталдарына инвестицияларды жүзеге асыру) және осы жобаларды басқаруға қатысуы арқылы экономиканың шикізаттық емес секторына жеке инвестицияларды ынталандыру;
 

      3) отандық және шетелдік ұйымдар арасындағы өндірістік кооперацияны қамтамасыз ететін, толықтырушы, аралас өндірістерді дамытатын Қазақстан Республикасынан тыс жердегі инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру арқылы шет елдердегі қазақстандық ұйымдардың инвестициялық белсенділігін арттыруға жәрдемдесу болып табылады.

      5-бап. Қордың өкілеттіктері

      Қордың өкілеттіктеріне:
 

      1) Қордың инвестициялық декларациясына сәйкес инвестициялық саясатты жүзеге асыру;
 

      2) шикізат пен материалдарды тереңдетіп өңдеуді жүргізетін, жаңа технологияларды пайдалана отырып, бәсекеге қабілеттi өнiм шығаратын жұмыс iстеп тұрған перспективалық ұйымдарды инвестициялауды жүзеге асыру не осы ұйымдарға үшiншi тұлғалардың инвестицияларын тарту үшiн iрiктеудi жүзеге асыру;
 

      3) Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатының тиiстi басымдықтарына сәйкес келетiн, отандық және шетелдiк инвесторлар қатысатын инвестициялық жобаларды iске асыруды ұйымдастырушы және оларға қатысушы болу;
 

      4) филиалдар мен өкiлдiктер құру;
 

      5) инвестициялық жобалар жөнiндегi құжаттамалар дайындауға шарт негiзiнде қатысу;
 

      6) қайта инвестициялау туралы шешiмдер қабылдау;
 

      7) уақытша бос ақшаны орналастыру;
 

      8) басқа отандық инвесторлармен бiрлесіп, Қордың шет елде жүзеге асыратын инвестициялық жобаларының орындалуын бақылаудың бiрлескен нысандарына қатысушы болу;
 

      9) өз міндеттерін іске асыру үшін сарапшылар мен консультацияларды шарт негізінде тарту;
 

      10) өзінің инвестициялық портфелін дербес басқару;
 

      11) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы ретінде тиісті лицензияның негізінде дилерлік қызметті ғана жүзеге асыру жатады.

      6-бап. Қордың инвестициялық саясатының бағыттары

      1. Қор қызметінің негізгі бағыттары өтемді және тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын перспективалы ұйымдарды инвестициялау және оларға инвестициялар тарту болып табылады.
      Қордың инвестициялауы Қордың инвестициялық декларациясына сәйкес жүргізіледі.
 

      2. Қор мынадай шарттар сақталған кезде:
      1) инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келсе;
 

      2) инвестициялық жоба экономикалық және қаржылық өлшемдер бойынша тартымды болса;
 

      3) инвестициялық жоба ұйымдардың технологиялық әлеуетін өрістетуге, өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға және оларды өндіру көлемін өсіруге, шикізат пен материалдар өңдеуді тереңдетуге, жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталса, инвестицияларды жүзеге асырады.
 

      3. Қор ұйымдардың акцияларын сатудан және жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінен алынатын капиталды басқа ұйымдарға кейіннен қайта инвестициялай отырып, аталған ұйымдардың жарғылық капиталдарына инвестиция салуды жүзеге асырады.
 

      4. Қордың инвестициялары ұйымдардың жарғылық капиталдарына жүзеге асырылады. Қор акцияларға айырбасталатын не акцияларды сатып алуға құқық беретін бағалы қағаздарды сатып алуға құқылы.
 

      5. Қордың уақытша бос ақшасын орналастыру ішкі және сыртқы нарықтардағы мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды қоса алғанда, өтімді активтерге Қордың инвестициялық декларациясында айқындалатын шекте және тәртіппен жүзеге асырылады.

      7-бап. Қордың инвестициялық қызметін шектеулер

      1. Қордың инвестициялары ұйымдардың шаруашылық дербестігін шектемейді. Ұйымдардың жарғылық капиталдарына Қордың қатысуының шекті мөлшері Қордың инвестициялық декларациясында айқындалады.
 

      2. Қор:
      1) ұйымдарға кредит беруді жүзеге асыруға;
 

      2) кепілгер және (немесе) кепілдік беруші ретінде өкілдік етуге;
 

      3) қабылдау шарты мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарына және Қордың жарғысына қайшы келетін міндеттемелер қабылдауға;
 

      4) бағалы қағаздар мен өзге қаржы құралдарынан басқа, материалдық өндіріс және өзге мүлікті сату саласында қызметін тікелей жүзеге асыруға құқылы емес.

      8-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
             Қормен өзара қарым-қатынастары

      1. алып тасталды
      2. алып тасталды
 

      3. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңдарының бағалы қағаздар нарығында брокер-дилер қызметiн жүзеге асыратын заңды тұлғалар үшін белгiленген пруденциалдық нормативтерді және қаржылық тұрақтылықтың өзге де көрсеткiштерiн (өлшемдерiн) сақтау бөлiгіндегi талаптары Қорға қолданылмайды.
      Қордың өз инвестициялық портфелiн басқару жөнiндегi қызметi лицензияланбайды.
 

      4. Қазақстан Республикасының зaң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен оларды лауазымды адамдарының Қор қызметiне араласуына тыйым салынады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 Заңымен.

      9-бап. Қордың инвестициялық декларациясы

      1. Инвестициялық декларация Қордың инвестициялық қызметiнде негiзгi құжат болып табылады.
      Инвестициялық декларация Инвестициялау мақсаттарын, стратегиясын, бағыттарын, тәуекелдерді басқару саясатын, бағалы қағаздардың әр түрі бойынша бағалы қағаздар портфелін әртараптандыру нормаларын және Қордың инвестициялық жобаларға қатысуын тоқтату шарттарын айқындайды.
 

      2. Қордың Инвестициялық декларациясын ұлттық басқарушы компания бекiтедi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 Заңымен.

      10-бап. Қордың жарғылық капиталы

      1. Қордың жарғылық капиталын республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен акцияларға олардың нақтылы құны бойынша төлеу арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi қалыптастырады.
 

      2. Қордың жарғылық капиталын ұлғайтуға Қордың жалғыз акционерiнiң шешiм бойынша жол беріледi және акцияларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығару мен орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
 

      3. Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге ақша ғана салынуы мүмкiн.

      11-бап. Таза кiрiстi бөлу

      Таза кiрiстi бөлу тәртiбiн ұлттық басқарушы компания айқындайды.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 Заңымен.

      12-бап. Қордың қызметiн ұйымдастыру, оны қайта
               ұйымдастыру және тарату

      1. Қорды құру және оның қызметі осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
 

      2. Қорды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша және тәртiппен жүзеге асырылады.

      13-бап. Ұйымдарды басқару мониторингі

      Қор жарғылық капиталына өзі қатысатын ұйымдарды (бұдан әрi - мониторинг объектiлері) басқару мониторингін жүзеге асырады. Ұйымдарды басқару мониторингі электрондық мониторинг әдiстерiн дамыту мен қолдану негiзiнде жүргiзiледi және мыналарды:
 

      1) мониторинг объектiлерiн басқарудың жай-күйi мен тиімділігін байқауды;
 

      2) инвестициялық жобаны iске асыру туралы ақпаратты мерзiмдiк жинауды;
 

      3) мониторинг объектiсін басқару тиімділігін тікелей зерттеудi және бағалауды;
 

      4) мониторинг объектілерінің әлеуметтiк-экономикалық, қаржылық, құқықтық, технологиялық, өндiрiстік-техникалық жай-күйiн талдауды;
 

      5) мониторинг объектілерi қызметiнің экономиканы дамытуға әсерiн бағалау мен болжауды көздейдi.

      14-бап. Қордың жауапкершілігі

      Қор өз мiндеттемелерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша және тәртiппен жауаптылықта болады.

      15-бап. Дауларды шешу тәртiбi

      Қордың, мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіледі.

      16-бап. Қазақстан инвестициялық қоры туралы
               Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғаны
               үшін жауаптылық

      Қазақстанның инвестициялық қоры туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады