Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67 Заңы

       1-бап.  Қазақстан Pеcпубликасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексіне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 15-16, 211-құжат; 1998 ж., N 16, 219-құжат; N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 20, 721-құжат; N 21, 774-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 10, 106-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 15, 137-құжат; N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139-құжат):

      1) 41-бапта ескертулер мынадай редакцияда жазылсын:
      "Ескертулер.
      1. Осы Кодекстiң  176-бабы  үшінші бөлігінің г) тармағында,   193-бабының үшiншi бөлiгiнiң а) тармағында,  209-бабының  үшінші бөлігінiң а) тармағында,  307-бабында 308-бабының  төртiншi бөлiгiнiң в) тармағында,  310-315-баптарында,   380-бабында  көзделген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.
      2. Осы Кодекстiң  164,   168-171,   233-3 236-баптарында 337-бабының  екiншi және үшінші бөлiктерiнде,  337-1-бабында  көзделген қылмыстар экстремизмнің белгiлерi бар қылмыстар деп танылады.";

      2)  233-баптың  екiншi бөлігінiң б) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "б) азаматтардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауіп төндiретін қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолдана отырып жасалса, -";

      3) мынадай мазмұндағы 233-3-баппен толықтырылсын:

      "233-3-бап. Экстремизмдi немесе террористiк қызметті
                  қаржыландыру

      1. Экстремизмдi немесе террористiк қызметті қаржыландыру -
      бес жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      2. Бiрнеше рет жасалған нақ сол әрекет -
      үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      4) 250-бапта:
      екiншi бөлiкте:
      в) тармағындағы "күш қолдана отырып жасалса -" деген сөздер "күш қолдана отырып;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы г) тармағымен толықтырылсын:
      "г) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалса -";
      екiншi абзацтағы "екі жылдан сегіз жылға дейінгі" деген сөздер "жеті жылдан он екі жылға дейінгі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшiншi бөлiкте:
      бiрiншi абзац "ұйымдасқан топ" деген сөздерден кейiн "немесе қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым)" деген сөздермен толықтырылсын;

      екiншi абзацтағы "жетi" деген сөз "он" деген сөзбен ауыстырылсын;

      5) 328-бапта:
      бiрiншi абзац "Жауапты" деген сөздiң алдынан "1." деген цифрмен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "2. Билiк өкiлеттiктерiн алу мақсатында Қазақстан Республикасының  Конституциясында  белгiленген лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетiмен иелену, -
      бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      6) 337-бапта:
      тақырыбы "қоғамдық" деген сөзден кейiн "және басқа да" деген сөздермен толықтырылсын;

      бiрiншi бөлiктегi "шет мемлекет, немесе шетел азаматтары, немесе шетелдiк не халықаралық ұйымдар қаржыландыратын" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған көздерден қаржыландырылатын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) мынадай мазмұндағы 337-1-баппен толықтырылсын:

      "337-1-бап. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге
                  де ұйымның экстремизмдi жүзеге асыруына
                  байланысты олардың қызметiне тыйым салу
                  немесе тарату туралы сот шешiмiнен кейiн
                  олардың қызметiн ұйымдастыру

      1. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бар болғанда олардың қызметiн ұйымдастыру, -
      үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не алты айға дейiнгі мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      2. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бар болғанда олардың қызметiне қатысу, -
      екi жүз айлық есептiк көрсеткішке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
      Ескерту. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшіне енген сот шешiмi бар болғанда олардың қызметіне қатысуды өз еркiмен оқытқан адам, егер оның iс-әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.".

      2. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Қылмыстық іс жүргiзу кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж. N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат; N 24, 153, 154, 156-құжаттар):

      192-бапта:
      бiрiншi бөлiк "233-2," деген цифрлардан кейiн "233-3," деген цифрлармен толықтырылсын;

      4-1-бөлiк "259-бабында (үшiншi және төртіншi бөлiктерiнде)," деген сөздерден кейiн "337-1-бабында," деген сөздермен толықтырылсын.

      3. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Қылмыстық-атқару кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 24, 337-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; N 8, 189-құжат; N 18, 339-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N  23-24, 192-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139, 142-құжаттар; N 24, 154-құжат):

      179-бап "аса қауiптi қайталап жасаған қылмысы үшiн," деген сөздерден кейiн "сондай-ақ экстремизмнiң белгілерi бар қылмыстары үшін," деген сөздермен толықтырылсын.

      4. 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Азаматтық iс жүргiзу кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 15-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 14, 109-құжат; N 15, 138-құжат; 2004 ж., N 5, 25-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 140-құжат; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат):

      1) 28-баптың екiншi бөлiгіндегi "Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмдi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк ұйым деп тану туралы iстердi" деген сөздер "Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік қызметті жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористiк ұйым деп тану туралы iстердi" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 273-баптың бiрiншi бөлiгiнiң бiрiншi абзацында:
      "кезеңiнде" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бiр ай iшiнде" деген сөздермен толықтырылсын;
      "және дауыс беру күнi" деген сөздер ", дауыс беру күнi және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 289-баптың бiрiншi бөлiгiнiң 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "11) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористiк ұйым деп тану туралы iстер жатады.";

      4) 36-2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

"36-2-тарау. Қазақстан Республикасының және (немесе)
басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмдi немесе
террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк
немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе
террористік ұйым деп тану туралы өтiнiш бойынша
iс жүргiзу";

      5) 317-6-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында террористiк қызметтi жүзеге асыратын халықаралық ұйымды террористiк ұйым деп тану туралы өтінiштi Бас прокурор Астана қаласының сотына бередi.";

      6) 317-7-баптағы "экстремизм" деген сөз "экстремистік немесе террористік" деген сөздермен ауыстырылып, "экстремистiк" деген сөзден кейiн "немесе террористiк" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 317-8-бап "экстремизмдi", "экстремистік" деген сөздерден кейiн тиiсiнше "немесе террористiк қызметтi", "немесе террористік" деген сөздермен толықтырылсын.

      5. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжаттар; N 18, 142-құжат; N 21-22, 160-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139, 140-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 7-8, 19-құжат; N 9, 26-құжат):

      1) мынадай мазмұндағы 102-2, 102-3-баптармен толықтырылсын:

      "102-2-бап. Тең сайлау құқығы туралы талапты бұзу

      Тең сайлау құқығы туралы талаптарды екi рет не одан да көп немесе басқа сайлаушы үшiн дауыс беру арқылы бұзу -
      айлық есептiк көрсеткіштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      102-3-бап. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың,
                 шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық
                 ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерiн
                 ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға,
                 сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге
                 кедергi болатын және (немесе) ықпал ететін
                 қызметтi жүзеге асыруы

      Шетелдiктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыруы, -
      жеке тұлғаларға Қазақстан Pecпубликасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу арқылы немесе онсыз, айлық есептiк көрсеткіштің жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға айлық eceптiк көрсеткiштiң төрт жүзден бiр мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      2) 321-баптың бiрiншi бөлiгiнiң екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерi тәркiлене отырып және бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) үш айға дейiнгі мерзiмге тоқтата отырып, жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - айлық eceптiк көрсеткiштiң жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткіштің үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      3) 342-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "342-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат
                құралдары туралы заңдарын бұзу

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сондай-ақ ақпарат агенттiгiнiң хабарлары мен материалдарын есепке қоймай не олардың шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұру, тоқтату немесе есепке қою туралы куәлiктің күшi жойылды деп тану туралы шешiм шыққаннан кейiн тарату, -
      бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмi тәркiлене отырып, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткіштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк иелерiне, заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Мемлекеттiк тiлдегі хабарларды уақыты жағынан телерадио-хабарлар арналарында басқа тiлдердегі хабарлардың жиынтық көлемiнен аз тарату, -
      баспа немесе өзге де өнімі тәркiлене отырып және бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтатып, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк иелерiне, заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, сол сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұру себептерiн белгiленген мерзiмде жоймау, -
      лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде, бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк иелерiне, заңды тұлғаларға телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке берiлген лицензиядан айыра отырып және бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      4. Меншiк иесi не оның ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының атауы ауысқан, басылымның не хабарлардың тiлi, таралу аумағы, негiзгi тақырыптық бағыты өзгерген жағдайларда қайта есепке қоймай бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн, сондай-ақ ақпарат агенттiгiнiң хабарлары мен материалдарын тарату -
      бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) үш айға дейiнгі мерзiмге тоқтата отырып, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткіштің жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк иелеріне, заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткіштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      4) 343-баптың екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдарына айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не баспа өнiмдерi тәркілене отырып, он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.";

      5) 344-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "344-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерiн, сол
                сияқты өзге де өнiмдердi Қазақстан Республикасының
                аумағында даярлау, сақтау, әкелу, тасымалдау,
                тарату

      1. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiктi, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтерi мен материалдары бар бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн Қазақстан Республикасының аумағында даярлау, сақтау, әкелу тасымалдау -
      жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштің елуден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде немесе он бес тәулiкке дейiн мерзiмге әкiмшiлiк қамауға, заңды тұлғаларға бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерi тәркілене отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүзден екi мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгiттеуге, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға бағытталған мәлiметтерi мен материалдары бар бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн Қазақстан Республикасының аумағында тарату, -
      жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң жетпiстен екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткіштiң жүз елуден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерi тәркiлене отырып және бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң жетi жүзден екi мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Қатыгездiктi, зорлық-зомбылық пен порнографияны насихаттау мен үгiттеуге, мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын, қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілерi жоқ өзге құпияларды жария етуге, терроризмге қарсы операциялар жүргiзу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, сол сияқты порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино- және бейнеөнiмдердi көрсетуге бағытталған мәлiметтерi мен материалдары бар бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн Қазақстан Республикасының аумағында тарату, -
      жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң сексеннен екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жүз жетпiстен төрт жүзге дейiнгі мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерi тәркiлене отырып және бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) үш айға дейiнгі мерзiмге тоқтата отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң сегiз жүзден екi мыңға дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiктi, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтерi мен материалдары бар бұқаралық ақпарат құралдарына жатпайтын өзге де өнiмдердi Қазақстан Республикасының аумағында даярлау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату, -
      жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткіштің елуден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе он бес тәулiкке дейiнгi әкiмшiлiк қамауға, заңды тұлғаларға - өнiмдерi тәркiлене отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүзден екi мыңға дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген әкiмшілiк жазалар қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
      жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштің жүзден екi жүзге кейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткіштiң екi жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке берiлетiн лицензиядан айыра отырып және заңды тұлғаның қызметiне тыйым сала отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң бiр мыңнан екi мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      6) 349-баптың төртiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
      бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтата отырып, лауазымды адамдарға жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк иелерiне, заңды тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      7) 373-баптың бiрiншi бөлiгiнде:
      "кедергi жасау," деген сөздерден кейiн "сол сияқты заңсыз жиналыстарға, митингiлерге, шерулерге, демонстрацияларға не өзге де көпшiлiкке арналған iс-шараларға қатысу," деген сөздермен толықтырылсын;

      екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "жеке тұлғаларға - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштің жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      8) 374-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "374-бап. Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзу

      1. Қоғамдық бiрлестiк басшыларының, мүшелерiнiң не қоғамдық бiрлестiктiң осы қоғамдық бiрлестiктердiң жарғыларында белгiленген мақсаттары мен мiндеттерiнiң шегiнен тыс iс-әрекеттер жасауы, -
      қоғамдық бiрлестiктiң басшыларына - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бiрлестіктің мүшелерiне - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бiрлестiкке айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейінгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Қоғамдық бiрлестiк басшыларының, мүшелерінің не қоғамдық бiрлестiктiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзатын іс-әрекеттер жасауы, -
      қоғамдық бiрлестiктiң қызметiн үш айдан алты айға дейінгi мерзiмге тоқтата отырып, қоғамдық бiрлестiктің басшыларына - айлық есептiк көрсеткiштiң жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бiрлестiктiң мүшелерiне айлық есептік көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшілік жаза қолданылғаннан кейін бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
      қоғамдық бiрлестiктiң қызметiн үш айдан алты айға дейiнгі мерзiмге тоқтата отырып, қоғамдық бiрлестiктiң басшыларына - айлық есептiк көрсеткіштің жүз елуге дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бiрлестiктің мүшелеріне айлық есептiк көрсеткіштің жүзге дейінгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      4. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген әкімшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл ішiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, сол сияқты осы баптың үшіншi бөлiгінде көзделген әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соққан бұзушылықтарды жоймау, -
      қоғамдық бiрлестіктің қызметiне тыйым сала отырып, қоғамдық бiрлестiктің басшыларына - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бiрлестiктің мүшелерiне айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейінгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      5. Шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың, шет ел қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, дiни бiрлестіктердiң, қайырымдылық ұйымдарының саяси партияларды қаржыландыруы -
      заңсыз қайырмалдықтар тәркілене отырып, лауазымды адамдарға - төрт жүз айлық есептік көрсеткiш мөлшерiнде, заңсыз қайырмалдықтар тәркілене отырып, шетелдiк заңды тұлғаларға екi мың айлық есептiк көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      6. Шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың саяси партияларды қаржыландыруы, -
      заңсыз қайырымдылықтар тәркілене отырып және Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      7. Саяси партиялардың заңсыз қайырмалдықтарды қабылдауы, -
      заңсыз қайырмалдықтар тәркiлене отырып және он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға ала отырып не онсыз саяси партияның қызметiне тыйым сала отырып, саяси партияның басшысына төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      8. Саяси партиялардың қаржылық қызметi туралы жылдық есептіктi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiм мен көлемде жарияламау, -
      саяси партияның қызметiн алты айға дейінгі мерзiмге тоқтата отырып, партияның басшысына айлық eceптiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      9. Саяси партияның, оның құрылымдық бөлiмшелерiнің (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қызметтi қайта тiркеусiз жүзеге асыруы, -
      саяси партияның қызметiне тыйым сала отырып, партияның басшысына айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      9) мынадай мазмұндағы 374-1-баппен толықтырылсын:

      "374-1-бап. Қазақстан Pecпубликасының заңдарында
                  белгіленген тәртiппен тiркелмеген қоғамдық,
                  дiни бiрлестiктердiң қызметiне басшылық жасау,
                  қатысу, сондай-ақ олардың қызметiн қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне басшылық жасау, -
      жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу, -
      елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiн қаржыландыру, -
      екi жүз айлық есептік көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      10) 375-бап мынадай мазмұндағы үшiнші, төртiншi және бесiншi бөлiктермен толықтырылсын:
      "3. Азаматтардың, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың есептiк тiркеусiз миссионерлiк қызметтi жүзеге асыруы, -
      азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi мөлшерiнде, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, айлық есептiк көрсеткiштің он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      4. Дiни бiрлестiктiң өз қызметiн жүзеге асыруы кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы, -
      дiни бiрлестіктің басшыларына - айлық есептік көрсеткiштiң отызға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға қызметiн үш айдан алты айға дейінгі мерзiмге тоқтата отырып не қызметiне тыйым сала отырып, айлық есептік көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      5. Діни бiрлестіктің өз жарғысына (ережесiне) қайшы келетiн қызметтi жүйелi түрде жүзеге асыруы, сол сияқты дiни бiрлестiктiң өз қызметiн тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтарды белгiленген мерзiмде жоймауы, -
      дiни бiрлестiктiң басшыларына - айлық есептік көрсеткiштiң қырыққа дейінгі мөлшерiнде, заңды тұлғаларға дiни бiрлестiктiң қызметiне тыйым сала отырып, айлық есептік көрсеткіштің үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      11) 636-баптың бiрiншi бөлiгiнің 1) тармақшасында:
      екiншi абзацтағы "372-374," деген цифрлар "372, 373, 374 (бiрiншi-төртiншi бөлiктерi), 374-1," деген сөздермен ауыстырылсын;

      он бiрiншi абзацтағы "342-344 (бiрiншi бөлiгi)" деген сөздер "342, 343, 344 (бiрiншi-үшiншi бөліктерi)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      жиырма алтыншы абзац "355," деген цифрлардан кейiн "374 (жетiншi бөлiгi)," деген сөздермен толықтырылсын;

      жиырма жетiншi абзац "361," деген цифрдан кейiн "374 (бесiншi, алтыншы, сегiзiншi, тоғызыншы бөлiктерi)," деген сөздермен толықтырылсын;

      отыз сегiзiншi абзацтағы "(386 (үшінші бөлiгi)-бап" деген сөздер "(344-бап (үшiншi бөлiгi) (мемлекеттiк құпияларға байланысты құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн), 386-бап (үшiншi бөлiгі)" деген сөздермен ауыстырылсын.

      6. "Діни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" 1992 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 4, 84-құжат; 1995 ж., N 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 13-14, 205-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат):

      1) мынадай мазмұндағы кiрiспемен толықтырылсын:
      "Осы Заң Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылатынын таниды, азаматтардың діни сеніміне қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк бередi, Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудi таниды.";

      2) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:

      "1-1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) ғибадат үйі (ғимараты) - құдайға құлшылық етуге, дұға оқу мен діни жиналыстарға, тәу етуге (мінәжат етуге) арналған объект;
      2) миссионерлiк қызмет - өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын дiни бiрлестiктердiң жарғылық ережелерінде жоқ дiни сенiмдi діни ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату;
      3) дiни бірлестіктермен байланыстар жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрі - уәкiлетті орган) - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi мемлекеттiк орган.";

      3) 4-бап мынадай мазмұндағы төртiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне жол берiлмейдi.";

      4) мынадай мазмұндағы 4-1 және 4-2-баптармен толықтырылсын:

      "4-1-бап. Миссионерлiк қызмет

      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрi - миссионер) Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлiк қызметтi уәкілеттi органда есептiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
      Миссионерлiк қызметтi есептік тіркеусіз жүзеге асыруға тыйым салынады.

      4-2-бап. Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды
               есептік тiркеу

      Миссионерлiк қызметпен айналысатын адамдарды есептік тiркеудi жергiлiктi атқарушы органдар жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер жергiлiктi атқарушы органдарда жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.
      Миссионерлер есептік тiркеу үшiн жергілiктi атқарушы органға мынадай құжаттар мен материалдарды ұсынады:
      1) ұстанатын дiнi, миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiш;
      2) миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген сенiмхаттың немесе өзге де құжаттың көшiрмесі;
      3) тiркеу туралы куәлiктiң немесе миссионер оның атынан өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің өз елiнiң заңдарына сәйкес ресми тiркелгендiгiн куәландыратын өзге де құжаттың көшiрмесi;
      4) Қазақстан Республикасында тiркелген дiни бiрлестiктің жiберген шақыруы;
      5) миссионерлік қызметке арналған әдебиет, дiни мақсаттағы аудио-, бейне материалдар және (немесе) өзге де заттар. Есептiк тiркелгеннен кейiн дiни мазмұндағы материалдарды қосымша пайдалану жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiледi.
      Өтiнiш берушi көрсетiлген құжаттарды ұсынған кезде белгiленген тәртiппен тiркелген төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжатты көрсетедi.
      Миссионерлiк қызметтi жүзеге асыратын тұлғаларды есептiк тiркеудi құжат берiлген күннен бастап жетi күннен аспайтын мерзiмде жергiлiктi атқарушы орган жүргiзедi.";

      5) 5-бапта:
      екiншi бөлiктiң екiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Баланы дiни тәрбиелеу оның тәндік, психикалық саулығына және имандылық рухында дамуына залал келтiрмеуге тиiс.";

      үшiншi бөлiк алып тасталсын;

      6) 6-бап алып тасталсын;

      7) 6-1-бапта:
      тақырыптағы "Дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның" деген сөздер "Уәкiлеттi органның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бiрiншi абзацтағы "Уәкiлеттi мемлекеттiк орган" деген сөздер "Уәкiлеттi орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң және заңды тұлға белгiлерi жоқ саны аз дiни топтардың қызметiне зерделеу мен талдау жүргiзедi;";

      8) 6-2-бапта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) миссионерлердi және заңды тұлға белгiлерi жоқ саны аз дiни топтарды есептiк тiркеудi және қайта тiркеудi жүргiзедi;";

      3) тармақшадағы "дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi уәкiлеттi органға" деген сөздер "уәкiлеттi органға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 7-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "және олардың құрылымдық бөлiмшелерi" деген сөздер алып тасталсын;

      10) мынадай мазмұндағы 10-1-баппен толықтырылсын:

      "10-1-бап. Дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру

      1. Дiни бiрлестiктiң қызметi:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған;
      2) дiни бiрлестiктiң жарғысына (ережесiне) қайшы келетiн iс-әрекеттердi жүзеге асырған жағдайларда соттың шешiмiмен үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      2. Дiни бiрлестiктiң қызметi тоқтатыла тұрған кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында оның атынан сөйлеуге, жиналыстар, митингілер және өзге де жария сөз сөйлеудi ұйымдастыруға және өткiзуге тыйым салынады, сондай-ақ еңбек шарттары, дiни бiрлестiктiң қызметi салдарынан келтiрiлген залалдың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу жөнiндегi есеп айырысуларды қоспағанда, дiни бiрлестiктің банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады.
      3. Егер дiни бiрлестiктiң қызметi тоқтатыла тұрудың белгiленген мерзiмi iшiнде бұзушылықтар жойылатын болса, дiни бiрлестiк өз қызметiн қайта бастайды.
      4. Дiни бiрлестiктiң анықталған бұзушылықты жойғаны жөнiндегi фактiнi дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру туралы шешiм шығарған сот белгiлейдi.";

      11) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату

      1. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру (қосылу, бiрiгу, бөлiну, бөлiнiп шығу, қайта құру) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және дiни бiрлестiктің жарғысында (ережесiнде) көзделген тәртiппен оның Қазақстан Республикасының аумағындағы жоғары басқару органының шешiмi бойынша не сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.
      2. Қайта ұйымдастырылғаннан кейiн жаңадан құрылған дiни бiрлестiктi тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      3. Дiни бiрлестiк:
      1) оның жоғары органының;
      2) соттың шешiмi бойынша таратылады.
      4. Дiни бiрлестiктi таратуды дiни бiрлестiктiң жоғары басқару органы тағайындайтын тарату комиссиясы немесе Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
      5. Соттың шешiмi бойынша дiни бiрлестiк:
      1) осы Заңның талаптарын орындамаған;
      2) дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру үшiн негiз болған бұзушылықтарды сот белгiлеген мерзiмде жоймаған;
      3) дiни бiрлестiктiң жарғысына (ережесiне) қайшы келетiн iс-әрекеттердi үнемi жүзеге асырған;
      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған не Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше мәрте (кемiнде екi рет) немесе өрескел бұзған;
      5) дiни бiрлестiктi құру кезiнде жол берiлген, түзетуге келмейтiн сипаттағы заңнаманы бұзушылықтарға байланысты оны мемлекеттiк тiркеудi, жарамсыз деп таныған не дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеудің күшi, жойылған жағдайларда;
      6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда таратылуы мүмкiн.";

      12) 13-бап мынадай мазмұндағы жетiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Дiни бiрлестiктер шығарған дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да баспа материалдарында оның толық ресми атауы болуға тиiс.".

      7. "Жедел-iздестiру қызметi туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 13-14, 199-құжат; 1995 ж., N 24, 167-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 275-құжат; 1998 ж., N 24, 436-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 17-18, 245-құжат; 2002 ж., N 4, 32-құжат; N 15, 147-құжат; N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 18, 106-құжат; N 23, 142-құжат; N 24, 154-құжат):

      1) 11-баптың 3-тармағының төртiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "- байланыс желiлерiндегі жедел iздеу;";

      2) 12-бапта:
      2-тармақтың екiншi бөлiгiнiң б) тармақшасындағы "байланыстың почта-телеграф арналарында сыртқы белгiлерi бойынша" деген сөздер "байланыс желiлерiндегi" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақтың бiрiншi бөлiгiндегi "жедел-iздестiру шаралары" деген сөздер "арнайы жедел-iздестiру шаралары" деген сөздермен ауыстырылсын.

      8. "Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу туралы" 1995 жылғы 17 сәуiрдегі Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Pecпубликасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 35-құжат; N 15-16, 109-құжат; N 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 1, 180-құжат; N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 12, 183-құжат; 1998 ж., N 5-6, 50-құжат; N 17-18, 224-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; 2000 ж., N 3-4, 63, 64-құжаттар; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 1-құжат; N 8, 52-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 18, 157-құжат; 2003 ж., N 4, 25-құжат; N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 5, 30-құжат):

      1) 6-баптың тоғызыншы бөлiгi ""Қоғамдық бiрлестiктер туралы"," деген сөздерден кейiн ""Саяси партиялар туралы"," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 9-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Саяси партияларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) және олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеу (қайта тiркеу) қажеттi құжаттар қоса берiле отырып, өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиiс.".

      9. "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 234-құжат; 2000 ж., N 3-4, 63-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат):

      18-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "18-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң рәмiзi

      Қоғамдық бiрлестiктердiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өз рәмiзi (жалауы, гимнi, эмблемасы, вымпелдерi, омырау белгiлерi) болуы мүмкiн.
      Қоғамдық бiрлестiктердiң толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң, мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Peспубликасында тiркелген қоғамдық бiрлестiктердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған қоғамдық ұйымдардың атауы мен рәмiзiн толық немесе олардың елеулi бөлiгін қайталамауға тиiс.
      Қоғамдық бiрлестiк рәмiзінiң сипаттамасы мен эскиздерi жарғыда бекiтiледi.".

      10. "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" 1996 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Pecпубликасы Парламентiнің Жаршысы, 1996 ж., N 13, 272-құжат; 2002 ж., N 18, 158-құжат):

      2-баптың а) тармақшасы "қылмыстар үшiн" деген сөздерден кейiн ", сондай-ақ экстремизмнiң белгiлерi бар қылмыстар үшiн" деген сөздермен толықтырылсын.

      11. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 21, 771-құжат; 2001 ж., N 10, 122-құжат; 2003 ж., N 24; 175-құжат):

      1) 2-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.";

      2) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк тiлде және басқа да тiлдерде таратылады.
      2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы  заңдарына  сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнің ана тiлiн пайдалану құқығын қамтамасыз етедi.
      3. Мемлекеттiк тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемi уақыты бойынша басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиіс.
      Мемлекеттiк тiлдегi хабарларды хабар таратудың тәулiктiк кестесiне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкiл кезең iшiнде бiркелкi жүзеге асырылуға тиiс.
      Бұл талап кабельдiк, эфирлi-кабельдiк телевизия желiлерiне қолданылмайды.";

      3) 7-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      "2-1. Мыналар:
      1) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар;
      2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;
      3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар бас редактор (редактор) бола алмайды.";

      4) 13-баптың 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты үгіттеу немесе насихаттау, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы радио-, телебағдарламаларды тарату, сондай-ақ кино- және бейнеөнiмдердi көрсету, осы Заңның  3-бабында 10-бабының  3-2-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ  14-бабының  3-1-тармағының,  15   және  16-баптарының  талаптарын бiр жыл iшiнде қайталап бұзу белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұруға негіз болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсiздiгіне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау және үгiттеу, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттау, сондай-ақ белгiленген мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұру себептерiн жоймау бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтатуға негіз болып табылады.".

      12. "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 1, 8-құжат; N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 5, 30 құжат; N 10, 56-құжат):

      41-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "41-бап. Коммерциялық емес ұйымның қызметiн бақылау

      1. Коммерциялық емес ұйым бухгалтерлік есеппен статистикалық есептiліктi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүргiзедi.
      2. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес мемлекеттiк статистика және салық органдарына, құрылтайшыларға және өзге де тұлғаларға өз қызметi туралы ақпарат бередi.
      Шет мемлекеттер, халықаралық және шетелдiк ұйымдар, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтеусiз негiзде беретін қаражат есебiнен қызметін жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық органдарына осы қаражатты пайдалану туралы есептi ұсынады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) баспасөз басылымдарында жыл сайын өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары, мүліктің құрамы туралы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы ақпарат жариялайды.
      4. Коммерциялық емес ұйым кiрiстердің мөлшерi мен құрылымы, сондай-ақ коммерциялық емес ұйым мүлкiнiң мөлшерi мен құрамы туралы, оның шығыстары, қызметкерлерiнiң саны мен құрамы туралы, олардың еңбегіне ақы төлеу, коммерциялық емес ұйымның қызметiнде азаматтардың өтеусiз еңбегiн пайдалану туралы мәлiметтер коммерциялық құпияның нысаны бола алмайды.".

      13. "Саяси партиялар туралы" 2002 жылғы 15 шілдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 16, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат):

      1) 6-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Саяси партия саны бiр мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезiн (конференциясын) шақыратын және облыстардың, pecпубликалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екiсінің атынан өкілдiк ететiн Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезiне (конференциясына) жеке өзi қатысады. Азаматтардың сенiмхат бойынша саяси партияның құрылтай съезiнде (конференциясында) өкiлдiк етуiне жол берiлмейдi. Саяси партияның құрылуын, соның iшiнде құрылтай съезiнiң (конференциясының) өткiзiлуiн ұйымдастыруды қаржыландыру осы Заңның  18-бабының  талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";

      2-тармақ "тiзiмдерi" деген сөздің алдынан "электрондық және қағаз жеткiзгiштегi" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 7-баптың 1-тармағының, екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Саяси партияның толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген саяси партиялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған саяси партиялардың атауы мен рәмiзiн толық немесе олардың елеулi бөлiгiн қайталамауға тиiс.";

      3) 10-баптың 7-тармағының 4) тармақшасы "тiзiмдерi" деген  сөздiң алдынан "электрондық және қағаз жеткiзгiштегi" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден бас тарту

      1. Тiркеушi орган Қазақстан Pecпубликасының заң актiлерiнде көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ партия құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзған, берiлген құжаттар, соның iшiнде оның құрылтай құжаттары мен партия мүшелерiнiң, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) тiзімдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмеген жағдайда саяси партияны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
      Тiркеуші орган Қазақстан Республикасының заң актілерiне көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ құрылымдық бөлiмшенi (филиалы мен өкiлдiгiн) құрудың заңдарда белгіленген тәртібін бұзған, есептік тіркеуге берілген құжаттар, соның iшiнде партия мүшелерінiң тiзiмдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмеген жағдайда саяси партияның құрылымдық бөлiмшесiн (филиалы мен өкiлдiгiн) есептiк тiркеуден бас тартады.
      2. Мемлекеттiк тiркеуден бас тартылған жағдайда саяси партия тiркеушi органға үш ай өткен соң оны мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды қайтадан бере алады.
      3. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден, оның құрылымдық бөлiмшелерін (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеуден бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.";

      5) 12-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашылық тобының, саяси партия мүшелерi тiзiмдерiнiң дұрыстығын, осы Заңның  6-бабы  1-тармағының,  8-бабының 10-бабы  6-тармағының талаптарына сәйкес келуiн тексерудi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртіппен тиiстi мемлекеттік органдар жүзеге асырады.";

      6) 13-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы "орын алған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкiн." деген сөздер "орын алған;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай редакциядағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      "4) саяси партия мүшелерiнiң саны осы Заңның  10-бабы  6-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкiн.";

      7) 14-баптың 5-тармағында:
      7) тармақша ", саяси партия осы  Заңда  тыйым салынған қайырмалдықтарды қабылдаған" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "7-1) саяси партия, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қайта тiркеусiз жүзеге асырған;";

      8) 18-бапта:
      2-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Осы тармақта көрсетiлген адамдардан келiп түскен қайырмалдықтар соттың шешiмi бойынша мемлекеттің кiрiсiне аударылады.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Саяси партияның жылдық қаржылық есебi жыл сайын республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады.".

      14. "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2005 ж. N 5, 5-құжат):

      6-баптың 1) тармақшасындағы "қандай да бiр дiн iлiмiн уағыздаумен және (немесе) таратумен шұғылданатын дiни бiрлестiктердiң және шетелдiктердің" деген сөздер және 6) тармақшасындағы "қандай да бір дiн ілімiн уағыздау және (немесе) таратумен шұғылданатын дiни бiрлестiктер мен шетелдiктердiң" деген сөздер "діни бірлестіктердің және миссионерлердің" деген сөздермен ауыстырылсын.

       2-бап.  Осы Заң, ол ресми жарияланған күннен бастап он күн өткен соң қолданысқа енгiзiлетiн:
      1) 1-бабының 1-тармағының 3), 4), 5), 7) тармақшаларын және 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшаларын;
      2) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-бабының 11-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады