Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелі Ислам Мемлекеті арасындағы өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негіздері туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 желтоқсандағы N 95 Заңы

      Астанада 2004 жылғы 15 сәуірде жасалған Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелі Ислам Мемлекеті арасындағы өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негіздері туралы шарт ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН АУҒАНСТАН ӨТПЕЛІ
ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ҚАТЫНАСТАР МЕН
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗДЕРІ ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі, жеке алғанда "Тарап", ал бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелі Ислам Мемлекеті,
      барлық салалардағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту олардың халықтарының түбегейлі мүдделеріне жауап беретіндігіне және Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрлаулылықты сақтауға септігін тигізетіндігіне кәміл сене отырып,
      өзара сенім мен түсіністік негізіндегі мемлекетаралық қатынастарды нығайту ұмтылысына сүйене отырып,
      халықаралық құқық нормаларына, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген мақсаттар мен қағидаттарға өздерінің адалдығын қуаттай отырып,
      жалпыға бірдей бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

  1-бап

      Тараптар егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрмет тұтуға, күш қолданбауға немесе күш қолдану қаупін туғызбауға, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға, теңдік пен өзара тиімділікке, бейбіт қатар өмір сүруге негізделген халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына сәйкес достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді түрде дамытады және нығайтады.

  2-бап

      Тараптар екі мемлекеттің халықаралық және аймақтық ұйымдардағы өзара ықпалдастық деңгейіне қанағаттанғандық білдіре отырып, мұндай ынтымақтастықты, әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Ислам Конференциясы Ұйымының және Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының шеңберінде нығайтуға уағдаласты.

  3-бап

      Тараптар аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін фактор ретінде Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) айрықша мән береді және АӨСШК процесін одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға уағдаласты.

  4-бап

      Тараптар өзара мүдделілік білдірілетін екі жақты қатынастар мен негізгі халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша тұрақты консультациялар өткізіп тұру туралы уағдаласты.

  5-бап

      Тараптар екі мемлекеттегі экономикалық реформаларды табысты түрде іске асыруға мүдделілік таныта отырып, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге күш-жігер жұмылдыратын болады және өздерінің ұлттық заңнамалары мен Тараптар қатысатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес осылар үшін қажетті қолайлы жағдайлар жасайды.

  6-бап

      Тараптар Қазақстан мен Ауғанстанның іскерлік топтары мен шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тікелей байланыстар мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты орнатуға бағытталған басымдық берілетін жобаларды анықтайды.
      Осы мақсатта Тараптар сауда жәрмеңкелерін өткізуде, көрмелер ұйымдастыруда, фирмалардың, ұйымдардың өкілдіктерін ашуда бір-біріне жәрдемдеседі және өзара делегациялар алмасуға, іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ететін болады.

  7-бап

      Тараптар өздерінің халықаралық міндеттемелеріне, сондай-ақ ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптың бірінің екінші Тараптың аумағындағы заңды және жеке тұлғаларының құқықтары мен мүдделеріне кепілдік беретін тиімді шараларды қолданатын болады.

  8-бап

      Тараптар өзара тиімділік негізінде сауда-экономикалық, энергетикалық, ғылыми-техникалық, көліктік, қаржылық салаларда және басқа да өзара мүдделілік білдірілетін салаларда ынтымақтастықты дамытатын болады.

  9-бап

      Тараптар халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, көші-қонның, сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, есірткілер мен басқа да тауарлардың контрабандасына, мәдени және тарихи құндылығы бар заттарды заңсыз сыртқа шығаруға қарсы күресте ынтымақтасатын және тәжірибе алмасатын болады.

  10-бап

      Тараптар мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы, түрлі салаларда мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру ісіндегі ынтымақтастыққа зор маңыз береді. Осы мақсатта Тараптар мәдениет, өнер, ғылым, спорт өкілдерінің делегацияларымен, сондай-ақ ғалымдармен, оқытушылармен және студенттермен алмасуға ықпал жасайтын болады.

  11-бап

      Тараптар өздерінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, табиғи апаттардың алдын алуда бір-біріне жан-жақты көмек пен жәрдем көрсету туралы және табиғи апаттардың алдын-алу мен олардың салдарын жою саласындағы тиісті қызметтер мен құрылымдардың жұмыстарын үйлестіру жөнінде күш-жігер жұмылдыруға уағдаласты.

  12-бап

      Осы Шарт өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және қандай да бір үшінші мемлекетке қарсы бағытталмаған.

  13-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді. Тараптар қажет болған кезде осы Шарттың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша жеке келісімдер жасасатын болады.

  14-бап

      Осы Шарт бекітілуге жатады және дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың оны бекіткені туралы соңғы жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Шарт 14-баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енген күнінен бастап екі жыл ішінде қолданылады. Егер Тараптардың бірде-бірі Шарттың қолданысының тиісті кезеңі аяқталардан кемінде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, осы Шарттың қолданыс мерзімі келесі екі жылдық кезеңдерге ұзартылады.
      Осы Шарт Тараптардың бірі екінші Тараптан тиісті жазбаша хабарлама алған соң алты айдан кейін өзінің қолданысын тоқтатады.

      Астана қаласында 2004 жылдың 15 сәуірінде, мұның өзі күн күнтізбесі бойынша құжыраның 1383 жылының 27 Хамалына сәйкес келеді, әрқайсысы қазақ, дари, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада қол қойылды және де барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде пікір алшақтығы болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ          АУҒАНСТАН ӨТПЕЛІ ИСЛАМ
      ҮШІН                            МЕМЛЕКЕТІ ҮШІН

      Осымен 2004 жылғы 15 сәуірде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Өтпелі Ислам Мемлекеті арасындағы өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негіздері туралы шарттың бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      Халықаралық құқық департаментінің
      Кеңесшісі

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады