Минскіде 2006 жылғы 23 маусымда қол қойылған Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңірінің Жедел өрістетілетін ұжымдық күштерін жедел өрістету, қолдану және жан-жақты қамтамасыз ету тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңірінің Жедел
өрістетілетін ұжымдық күштерін жедел өрістету,
қолдану және жан-жақты қамтамасыз ету тәртібі туралы
келісім
(2008 жылғы 10 шілдеде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттер,
2001 жылғы 25 мамырда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартына қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы хаттаманың , 2000 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісімді назарға ала отырып,
Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңірінің Жедел өрістетілетін ұжымдық күштерін (ОАӨ ЖӨҰК) жедел өрістету, қолдану және жан-жақты қамтамасыз ету негіздерін құқықтық реттеу қажеттілігін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
"Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі" - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының жоғарғы органы;
"Қорғаныс министрлері кеңесі" - әскери саясат, әскери құрылыс және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы Тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері жөніндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының кеңесші және атқарушы органы;
"әскери басқару органдары" - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына мүше осы Ұйымның Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңіріне жататын мемлекеттердің (бұдан әрі - ОАӨ мемлекеттері) қарулы күштеріне басшылық жасауға және басқаруға арналған қолбасшылықтар, штабтар және басқару ұйымдары;
"Біріккен штаб" - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымы (бұдан әрі, егер айрықша келісілмесе, "Ұйым" деп аталады) мен Қорғаныс министрлері кеңесінің тұрақты әрекет етуші жұмыс органы;
"Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңіріндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары" - Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңірі әскерлері (күштері) біріккен топтарының құрамына Тараптардың қарулы күштерінен және басқа әскерлерінен бөлінген бірлестіктер, құрамалар, әскери бөлімдер мен бөлімшелер;
"Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңірі әскерлерінің біріккен тобы (күші) (бұдан әрі - Біріккен топ)" - бейбіт уақытта жер-жерге орналастырылған немесе қауіпті кезеңде мүмкін болатын басқыншылықты тоқтату мен тойтарыс беру үшін өңірде қайтадан құрылған бірыңғай ниеті мен жоспары бойынша қолдануға жоспарланған ОАӨ мемлекеттері қарулы күштерінің, басқа да әскери құралымдары мен органдарының әскерлері (күштері);
"ұлттық контингенттер" - ОАӨ мемлекеттері ОАӨ ЖӨҰК-нің құрамына бөлген құрамалар, бөлімдер, бөлімшелер, мекемелер мен басқа да әскери құралымдар;
"жіберуші Тарап" - әскери қызметшілері ОАӨ ЖӨҰК-нің басқару органдарында және ұлттық контингенттерде әскери қызмет өткеріп жүрген Тарап;
"қабылдаушы Тарап" - міндеттерді орындау үшін аумағында ОАӨ ЖӨҰК уақытша орналастырылатын немесе сол аумағы арқылы ЖӨҰК транзиті жүзеге асырылатын Тарап;
"жылжымайтын мүлік (жылжымайтын мүлік объектілері)" - қабылдаушы Тараптың меншігі болып табылатын және оның келісімімен ОАӨ басқа мемлекеттері ұлттық контингенттерінің уақытша пайдалануында болатын жер учаскелері және онда орналасқан казармалар мен тұрғын үй-жайлар, коммуналдық құрылыстар, әскери кәсіпорындар (мекемелер), кіре беріс темір жолдары, әуе айлақтары, оқу орталықтары мен полигондар, стационарлық басқару пункттері мен байланыс желілері, радиотехникалық және навигациялық қамтамасыз ету стационарлық құралдар, арсеналдар, сақтау базалары, қоймалар мен басқа да инфрақұрылым объектілерінің ғимараттары мен құрылыстары.
2-бап
ОАӨ ЖӨҰК Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік өңіріндегі Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының құрамына кіреді және ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшылығынан, Штабынан және ұлттық контингенттерінен тұрады, Біріккен топтың тұрақты әзірліктегі әскерлері (күштері) болып табылады.
ОАӨ ЖӨҰК әскери басқыншылыққа тойтарыс беруге, бірлескен жалпыәскери, террорға қарсы және арнайы операцияларға қатысуға, оның ішінде ОАӨ мемлекеттерінің ұлттық және өңірлік қауіпсіздігіне төнсе, жаңа қарсылықтарға, қатерлерге уақтылы әсер етуге арналған.
ОАӨ ЖӨҰК-нің басты міндеттеріне мыналар жатады: Біріккен топтың міндеттерін орындауға немесе өрістетілуін қамтамасыз ету әзірлігін көрсету мақсатында жедел өрістетуді жүзеге асыру; басқыншылықты тоқтату барысында жалпы әскери операцияларға қатысу; бірлескен жалпы әскери, террорға қарсы, арнайы операцияларға қатысу.
3-бап
ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету және қолдану бойынша шешімді ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету және қолдану жөніндегі Қорғаныс министрлері кеңесі ұсынысының негізінде Ұйымға мүше мемлекеттердің біреуінің немесе бірнешеуінің өтініші бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайды.
Қорғаныс министрлері кеңесіне ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету және қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеу ОАӨ мемлекеттерінің қарулы күштері бас (басты, Штаб бастықтары комитетімен) штабтарымен бірге Біріккен штабқа жүктеледі.
ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістетуге және қолдануға шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің халықаралық органдары іс-әрекетінің тәртібі 2000 жылғы 24 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен бекітілген Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдану бойынша ұжымдық шешімдерді қабылдау мен іске асыру туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
4-бап
ОАӨ ЖӨҰК-ні қолдануды жоспарлау ОАӨ мемлекеттерінің әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Біріккен штабқа жүктеледі.
ОАӨ ЖӨҰК-ні қолдануды тікелей жоспарлау, жауынгерлік іс-қимылдар нысандары мен тәсілдерін айқындауды ОАӨ мемлекеттерінің Біріккен штабымен және әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысы жүзеге асырады.
ОАӨ ЖӨҰК-ні қолдануды бірлесіп жоспарлау алдын ала жүзеге асырылады және операцияны өткізердің алдында нақтыланады.
Міндеттерді, оның ішінде арнайы міндеттерді орындау үшін ОАӨ ЖӨҰК-ні қолдану - орталықтандырылған (өз бетінше бағытталған іс-әрекеттерде, аудандарда) немесе орталықсыздандырылған жолмен (ұлттық қарулы күштерді топтастыруды күшейту ретінде) жүзеге асырылуы мүмкін.
ОАӨ ЖӨҰК-ні орталықсыздандыру арқылы қолдану кезінде оларды қолдануды жоспарлау, әдеттегідей, ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысымен өзара іс-қимыл жасай отырып, ОАӨ мемлекеттерінің әскери басқару органдары жүзеге асырады.
5-бап
ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдаған шешімге сәйкес нақтыланатын Қорғаныс министрлері кеңесі бекітетін, алдын ала әзірленген ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету жоспарына (бұдан әрі - Жоспар) сәйкес жүзеге асырылады.
ОАӨ мемлекеттерінің әскери басқару органдары осы Жоспарда көзделген іс-шаралардың толық және уақытында орындалуын қамтамасыз етеді.
Жоспарды сақтау және нақтылау тәртібі Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен айқындалады.
Жоспарды нақтылауды ұйымдастыру Біріккен штабқа жүктеледі.
6-бап
Егер Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен өзгеше белгіленбесе, ОАӨ мемлекеттері Жоспарға сәйкес ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің жедел өрістетілетін тиісті аудандарға (алдын ала бағытталған) бағыт алған немесе транзитпен өтіп бара жатқан, ішінде жеке құрамы, әскери техникасы мен қару-жарағы, материалдық-техникалық құралдары бар әскери эшалондардың, әуе кемелерінің, автомобиль колонналарының өзінің мемлекеттік шекарасынан бөгетсіз және өтеусіз өтуіне және өз аумағы арқылы жылжуына алдын ала қажетті жағдайлар жасайды және қамтамасыз етеді, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін орналастыруды және пайдалануды өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
ОАӨ мемлекеттері ОАӨ ЖӨҰК мемлекеттік шекаралардан өтуіне арнайы (кезектен тыс) жағдай жасайды.
Осы Келісімнің шеңберінде ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің қару-жарақтарын, әскери техникасы мен материалдық құралдарын ОАӨ мемлекеттерінің кедендік шекарасы арқылы орналастыру ОАӨ мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында белгіленген тарифсіз реттеу шараларын қолданусыз және жіберуші мен қабылдаушы Тараптың өкілетті органдарымен келісілген тізбелердің негізінде баж, салық және алымдардың барлық түрлерін төлетусіз басым тәртіпте жүзеге асырылады.
ОАӨ мемлекеттері кедендік төлемдерді төлеуден босатуды ұсынған жағдайда ұлттық заңнаманың шегінде асыра пайдаланушылықты тоқтату үшін олар қажетті деп есептеген шарттардың орындалуын талап етуі мүмкін, олар бұл туралы бір бірін уақтылы хабардар етеді.
Қабылдаушы Тарап өз аумағында осы баптың 3-бөлімінде көрсетілген тізбелерде келісілген тауарларды белгіленген ауданға жеткізу үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырады.
ОАӨ ЖӨҰК-ні электр энергиясымен, сумен және коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетулер қабылдаушы Тараптың ұлттық қарулы күштері үшін белгіленген тарифтер бойынша жүзеге асырылады.
7-бап
Егер бұндай залал оның аумағында әскери басқыншылықты тойтару, террористік қарулы құралымдарды жою жөніндегі міндеттерді орындау кезінде және өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру кезінде келтірілсе, қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапқа және ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшылығына жеке және заңды тұлғаларға, олардың азаматтарының өліміне, дене жарақаттарына және еңбекке қабілеттігінен айырылуына байланысты, сондай-ақ оның жылжымайтын мүлкіне, табиғи ресурстарына, мәдени және тарихи құндылықтарына келтірілген залалды өтеуге қатысты қандай да бір наразылық білдіруден бас тартады.
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттері қабылдаушы Тараптың аумағында уақытша болған кезеңде оның пайдаланатын жылжымайтын мүліктерінің, табиғи ресурстарының, мәдени және тарихи объектілерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Қабылдаушы Тараптың пайдаланатын жылжымайтын мүліктерінің, мәдени және тарихи объектілерінің сақталуы үшін, сондай-ақ ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің орналасу аудандарында (дислокациясы) экологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуы үшін жауапкершілікті ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшылығы көтереді.
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттері келтірген зияндары үшін жауапкершілік, сондай-ақ оны өтеу тәртібі 2000 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімнің 13-бабына сәйкес айқындалады.
8-бап
ОАӨ ЖӨҰК сәйкестендіру құралдарымен қамтамасыз етілген қызметтік құжаттар (хат жазысулар) кедендік тексеруге жатпайды. Аталған құжаттарды таратушы курьерде оның өкілеттігін растайтын және құжаттардың саны мен жүктелген қамтамасыз ету түрі туралы мәліметтерден тұратын оларды жеткізуге қатысты өкімі болуы тиіс. Өкімді ОАӨ мемлекеттерінің шекара және кеден органдарына олар туралы мәліметтер берілетін уәкілетті адамдар куәландырады.
Қызметтік құжаттамалардың ішінде ресми мақсаттарға арналмаған заттардың (хат жазысулардың) бар болуы туралы күдік туындаған жағдайда кеден органы ОАӨ ЖӨҰК кеден органы мен Қолбасшылығы лауазымды адамдарының қатысуымен курьердің қызметтік құжаттаманы (хат жазысуларды) ашуын талап етуге құқылы.
Өкімді растауға құқығы бар уәкілетті адамдар туралы мәліметтерді жыл сайын ОАӨ мемлекеттерінің шекара және кеден органдарына Біріккен штаб береді.
9-бап
ОАӨ мемлекеттері ОАӨ ЖӨҰК-нің жедел және жауынгерлік даярлық, оларды жедел өрістету мен қолдану жоспарлары бойынша жүзеге асырылатын ОАӨ мемлекеттері мен ЖӨҰК авиациясы әуе кемелерінің ұшуларын орындау үшін әуе кеңістігін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларында белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылатын өтеусіз негізде ұсынады.
Әскери әуе кемелерін қабылдау, әуе-айлақтық-техникалық қамтамасыз ету мен күзету ОАӨ мемлекеттерімен жасалған жекелеген келісімдердің негізінде жүзеге асырылады.
10-бап
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің әскери қызметшілеріне олардың ОАӨ мемлекеттерінің мемлекеттік шекараларын қиып өту кезінде визалық бақылау қолданылмайды, сондай-ақ шетелдіктерді тіркеуге және оларға бақылауды жүзеге асыруға қатысты бөлігінде қабылдаушы Тараптың заңнамасы қолданылмайды. ОАӨ ЖӨҰК құрамына кіретін әскери қызметшілер қабылдаушы Тараптың аумағына тұрақты тұруға қандай да бір құқықтар алғандар ретінде қаралмайды.
Мемлекеттік шекара арқылы өту пункттерінде ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің командирлері қабылдаушы Тараптың аумағына келу мақсатын көрсете отырып, Тараптың құзыретті органдары куәландырған ұлттық контингенттердің құрамына кіретін адамдардың аты-жөні көрсетілген тізімін, қару-жарақ, әскери техника мен материалдық-техникалық құралдардың тізбесін ұсынады.
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің әскери қызметшілері ОАӨ мемлекеттерінің мемлекеттік шекараларын қиып өту кезінде ОАӨ мемлекеттерінің ұлттық қарулы күштерінің әскери нысандағы киімінде болуы тиіс. Қызметтік автокөлік, әскери техника тіркеу нөміріне қосымша олардың қай мемлекетке жататынын көрсететін анық көрінетін таңбалармен жабдықталуы тиіс.
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерінің құрамына кіретін әскери қызметшілер қабылдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасын іссапар куәлігі мен олардың жеке басын және ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттеріне жататынын куәландыратын жіберуші Тараптың заңнамасымен белгіленген құжаттарды көрсеткен жағдайда қиып өтеді.
ОАӨ мемлекеттерінің мемлекеттік шекараларынан өтетін, ОАӨ ЖӨҰК құрамына кіретін әскери қызметшілерге ОАӨ мемлекеттері жеке тұлғалардың өндірістік және коммерциялық қызметке арналмаған тауарларды жеткізу туралы ережелеріне сәйкес, ОАӨ мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында әкелуге және әкетуге тыйым салынған және шектелген тауарларды қоспағанда, жеке заттар мен валюталық құндылықтарды әкелу құқығын береді.
ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшылығы мен ұлттық контингенттерінің құрамына кіретін адамдардың құқықтық жағдайы 2000 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімнің 14 және 15-баптарына сәйкес айқындалады.
11-бап
ОАӨ ЖӨҰК басшылығы үшін өзара қызметтік байланыстағы басқару органдарының, басқару пункттерінің (оның ішінде, ОАӨ мемлекеттері бөлген стационарлық және жылжымалы), сондай-ақ арнайы жүйелерінің жиынтығын білдіретін басқару жүйесі құрылады.
ОАӨ ЖӨҰК басқару органдарына мыналар жатады: Қолбасшылық, ОАӨ ЖӨҰК Штабы және ОАӨ ЖӨҰК құрамына кіретін құрамалардың, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің басқару органдары.
ОАӨ ЖӨҰК басқару жүйесінің барлық элементтері Қорғаныс министрлері кеңесі бекітетін жоспарларға сәйкес алдын ала құрылады, жинақталады, қажетті құралдармен және жабдықтармен жарақталады.
Күнделікті қызметте басқару жүйесінің басқа элементтері оларға ОАӨ мемлекеттері қарулы күштерінің бас штабтарымен (басты штабтармен, Штабтар бастықтары комитетімен) және Біріккен штабпен қажетті қызметтік байланыс жасауды, сондай-ақ басқару жүйесінің өзін уақытында өрістетуді қамтамасыз ететін қысқартылған құрамда қызмет етеді.
ОАӨ ЖӨҰК мүддесіндегі бұйрықтарды (өкімдерді, сигналдарды, пәрмендерді) жеткізу үшін ОАӨ мемлекеттері қарулы күштерін басқарудың қолданыстағы жүйелері пайдаланылады.
ОАӨ ЖӨҰК-де құжаттарды ресімдеудің және басқарудың жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
Біріккен штаб ОАӨ мемлекеттері қарулы күштері бас штабтарымен (басты штабтармен, Штабтар бастықтары комитетімен) өзара іс-қимыл жасағанда мыналарды ұйымдастырады:
жауынгерлік басқару құжаттарын әзірлеуді, оларды сақтау және жұмыс істеу тәртібін айқындауды;
жедел кезекшілердің арнайы міндеттерді орындауға дайындық қызметін қолдау жөніндегі іс-шараларды;
жауынгерлік басқару бұйрықтарын (сигналдарды, өкімдерді) уақтылы және сенімді түрде қабылдауды;
ОАӨ ЖӨҰК командалық пункттерді орналастыру және оның жауынгерлік басқару бұйрықтарын (сигналдарын) қабылдауға даяр болуын қамтамасыз ету;
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету мен қолдануға шешім қабылдағаннан кейін байланысты олар басқару жүйесінің барлық элементтерін толық штатқа дейін іріктейді және белгіленген аудандарда өрістетеді, олардың міндеттерді орындауға әзірлігін қамтамасыз ететін қажетті іс-шаралар өткізеді.
12-бап
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттері аумағында ОАӨ ЖӨҰК жедел өрістету өткізілетін қабылдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасынан өтуі туралы баяндаудан кейін ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысының тікелей бағынысына өтеді және оның тікелей бағынысынан ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысының операцияны аяқтау туралы бұйрығын алғаннан кейін шығады.
Аумағында ОАӨ ЖӨҰК жедел өрістету өткізілетін ОАӨ мемлекеттерінің ЖӨҰК ұлттық контингенттері ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысының тікелей бағынысына ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету және қолдануға арналған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімінде белгіленген күннен бастап өтеді және оның бағынысынан ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысының операцияны аяқтау туралы бұйрығын алғаннан кейін шығады.
13-бап
ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістетілуін жан-жақты қамтамасыз етілуін жоспарлауды ОАӨ мемлекеттерінің қорғаныс министрліктерімен бірлесіп Біріккен штаб ұйымдастырады.
14-бап
ОАӨ мемлекеттерінің аумақтарындағы белгіленген жедел өрістету аудандарында ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету жоспарына сәйкес ОАӨ мемлекеттері алдын ала ОАӨ ЖӨҰК бүкіл құрамына есептей отырып ұлттық ресурстардың есебінен материалдық құралдардың қорын құрады.
ОАӨ ЖӨҰК-ні қолдану кезіндегі жан-жақты қамтамасыз етудің барлық түрлерін жоспарлау мен ұйымдастыруды ОАӨ мемлекеттерінің әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшылығы жүзеге асырады.
ЖӨҰК ұлттық құрамаларын (контингенттерін) қамтамасыз ету Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздігі өңірі мемлекеттері ұлттық ресурстарының есебінен жүзеге асырылады және жеке құраммен, қару-жарақпен және әскери техникамен жинақталудың келісілген деңгейін қамтамасыз етуді, қорларды толықтыруды және жауынгерлік қабілеттілікті, тылдық және техникалық қамтамасыз етуді қамтиды.
15-бап
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерін қажетті материалдық құралдармен тылдық және техникалық қамтамасыз ету қиындатылған ерекше жағдайларда қорды толықтыру, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу қабылдаушы Тараптың ресурстық мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ бірлескен жалпы әскери, террорға қарсы, арнайы операциялар мен жауынгерлік іс-қимылдарды өткізу аудандарындағы жіберуші Тараптардың материалдық қаражаты есебінен жүргізілуі мүмкін.
Бұл ретте жұмсалған материалдық қаражаттың орнын толтыру және ол үшін кейіннен өзара есептесуді тиісті құзыретті мемлекеттік органдар (ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері) ОАӨ мемлекеттерінің арасындағы қолданыстағы келісімдер немесе қосымша жасалған келісімдердің негізінде жүргізеді.
16-бап
ОАӨ ЖӨҰК-ні жедел өрістету және бірлескен жалпы әскери, террорға қарсы, арнайы операциялар мен жауынгерлік іс-қимылдарды өткізу кезінде медициналық қамтамасыз етуді қабылдаушы Тараптың медициналық органдарымен (мекемелерімен) өзара іс-қимыл жасай отырып, ОАӨ ЖӨҰК күштері мен құралдары жүзеге асырады.
Бұл ретте, білікті медициналық көмек қабылдаушы Тараптың барлық медициналық мекемелерінде зертханалық және құрал-саймандық зерттеулерді өткізуді қоса өтеусіз негізде көрсетіледі.
Барлық жараланғандар мен науқастар медициналық бөлімдер мен мекемелерге ОАӨ мемлекеттерінің ұлттық қарулы күштеріне жататындығына қарамастан қабылданады.
Санитарлық-гигиеналық және індетке қарсы іс-шаралар жергілікті денсаулықты сақтау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес ОАӨ ЖӨҰК Қолбасшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
17-бап
ОАӨ ЖӨҰК ұлттық контингенттерін қаржыландыруды ОАӨ мемлекеттері жүзеге асырады.
18-бап
Осы Келісімге ОАӨ мемлекеттерінің бастамасы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 20-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
19-бап
Осы Келісімнің баптарын қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешеді.
20-бап
Осы Келісім депозитарийдің оған қол қойған ОАӨ мемлекеттерінің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама тапсырғаны құқысы бастап күшіне енеді.
21-бап
Осы Келісім 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзіміне жасалады.
Кез келген Тарап болжамды шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнен шығуы мүмкін.
Тараптың осы Келісімнен шыққан сәтіне дейін туындаған талаптар міндетті түрде реттелуге жатады.
2006 жылғы 23 маусымда Минск қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Хатшылығында сақталады.
Армения Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылды
ҚР Қорғаныс министрлігі
Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы
И.Тілеген