Құрлықішілік мемлекеттердің транзиттік саудасы туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 20 наурыздағы N 238 Заңы

      Нью-Йоркте 1965 жылғы 8 шілдеде қол қойылған Құрлықішілік мемлекеттердің транзиттік саудасы туралы конвенция ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Біріккен Ұлттар Ұйымының
теңізге шыға алмайтын елдердің транзиттік сауда
мәселелері жөніндегі
конференциясы

ҚҰРЛЫҚІШІЛІК МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ТРАНЗИТТІК САУДАСЫ ТУРАЛЫ
КОНВЕНЦИЯ

(2007 жылғы 1 желтоқсанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

Біріккен Ұлттар Ұйымы
1966

ҚҰРЛЫҚІШІЛІК МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ТРАНЗИТТІК
САУДАСЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

КІРІСПЕ

      Осы Конвенцияның Тараптары болып табылатын мемлекеттер,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 55-бабы Ұйымның экономикалық үдеріс шарттарына және экономика саласындағы халықаралық мәселелерді шешуге ықпал етуін талап ететінін ескерте отырып,
      Бас Ассамблея "теңіз шекаралары жоқ мемлекеттердің халықаралық сауданы көтермелеу үшін транзиттің тиісті жағдайларындағы мұқтажын мойындай отырып", Ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтеріне "теңіз шекаралары жоқ Ұйымға мүше мемлекеттердің транзиттік сауда саласындағы мұқтаждарын толық мойындай отырып және сондықтан да теңіз шекаралары жоқ мемлекеттерді экономикалық дамыту нәтижесінде туындайтын келешек қажеттіліктерді ескере отырып, осыған қатысты халықаралық құқық пен тәжірибе негізінде оларға тиісті жағдайларды қамтамасыз етуге өтініш жасаған Бас Ассамблеяның теңіз шекаралары жоқ елдер туралы және халықаралық сауданы кеңейту туралы 1028 (XI) қарарын атап көрсете отырып,
      ашық теңіз барлық ұлттар үшін ашық және ешбір мемлекет оның қандай да бір бөлігін өзінің егемендігіне бағындыруға ұмтылуына құқылы емес деп мәлімделген Ашық теңіз туралы конвенцияның 2-бабын, сондай-ақ аталған Конвенцияның мыналар көзделген 3-бабын назарға ала отырып:
      1. Теңіз жағалауы жоқ мемлекеттердің жағалау мемлекеттерімен тең құқықта теңіздер еркіндігін пайдалану үшін теңізге еркін кіру   мүмкіндігі болуы тиіс. Осы мақсат үшін теңіз бен теңіз жағалауы жоқ мемлекеттің арасында орналасқан мемлекет, осы соңғысымен жалпы келісім бойынша және қолданыстағы халықаралық конвенцияларға сәйкес:
      а) теңіз жағалауы жоқ мемлекетке өзара негізде өз аумағы арқылы еркін жол береді және
      b) осы мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелерге өз кемелерімен немесе басқа мемлекеттердің кемелерімен тең жағдайда теңіз порттарына және осы порттарды пайдалануға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
      2. Теңіз бен теңіз жағалауы жоқ мемлекеттің арасында орналасқан мемлекеттер, осы соңғысымен жалпы келісім бойынша және жағалау мемлекетінің немесе аумағы арқылы транзит жасалатын мемлекеттің құқықтарын, сондай-ақ теңіз жағалауы жоқ мемлекеттегі ерекше жағдайларды есепке ала отырып, егер осындай мемлекеттер қазірдің өзінде қолданыстағы халықаралық конвенциялардың тараптары болып табылмаса, транзит еркіндігіне және порттарды пайдаланудағы теңдігіне қатысты барлық мәселелерді шешеді",
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және дамыту мәселелері жөніндегі конференциясы қабылдаған төмендегі қағидаттарды, осы қағидаттар өзара байланысты деп есептеледі және әрбір қағидат мынадай қалған қағидаттарды ескере отырып түсіндіріледі деген шартта қайта растай отырып:

      І   қағидат

      Теңізге шыға алмайтын әрбір мемлекеттің теңізге еркін кіру құқығын мойындау халықаралық сауданы кеңейту және экономикалық даму үшін аса қажет.

      ІІ   қағидат

      Аумақтық және ішкі суларда теңізге шыға алмайтын мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелер, осы жағалау мемлекетінің кемелерін қоспағанда, теңіз мемлекеттерінің туын көтеріп жүзетін кемелер пайдаланатын құқықтарды да және режимді де пайдаланады.

      ІІІ   қағидат

      Теңіз мемлекеттерімен тең құқықта теңізде жүзу еркіндігін пайдалану үшін теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің теңізге еркін кіру мүмкіндігі болуы тиіс. Осы мақсат үшін теңіз бен теңізге шыға алмайтын мемлекеттің арасында орналасқан мемлекеттер, осы соңғысымен жалпы келісім бойынша және қолданыстағы халықаралық конвенцияларға сәйкес осы мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелерге өз кемелерімен немесе басқа мемлекеттердің кемелерімен теңдік шарттарында теңіз порттарына және осы порттарды пайдалануға қол жеткізу мүмкіндігін береді.

      IV қағидат

      Теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің экономикалық дамуына жан-жақты ықпал ету мақсатында барлық мемлекеттер теңізге шыға алмайтын мемлекеттерге өзара негізде, олар барлық жағдайда және тауарлардың барлық түрлеріне қатысты өңірлік және халықаралық саудаға еркін қатыса алатындай еркін және шектелмеген транзит құқығын береді.
      Транзиттік тауарларға кедендік баж салынбауы тиіс.
      Транзиттік көлік құралдарынан транзит елінің көлік құралынан алынатын салықтардан немесе алымдардан артық арнайы салықтар немесе алымдар алынбауы тиіс.

      V қағидат

      Транзит мемлекеті өз аумағында толық егемендікті сақтай отырып, еркін және шектелмеген транзит құқығын пайдалану оның кез келген түрдегі заңды мүддесін бұзбауын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолдануға құқылы.

      VI қағидат

      Әртүрлі географиялық аудандардағы теңізге шыға алмайтын елдердің алдында тұрған сауда және даму саласындағы арнайы және ерекше мәселелерді шешуге жалпы тәсіл эволюциясын үдету үшін барлық мемлекеттер осыған бағытталған өңірлік және басқа да халықаралық келісімдердің жасалуын қолдауы тиіс.

      VII қағидат

      Теңізге шыға алмайтын елдерге олардың ерекше географиялық орналасуына қарай берілетін жеңілдіктер мен ерекше құқықтарға ең қолайлы жағдай қағидатының әрекеті тарамайды.

      VIII қағидат

      Теңізге шыға алмайтын мемлекеттің теңізге еркін кіруіне құқық белгілейтін қағидаттар осы проблемаларға қатысы бар екі немесе бірнеше уағдаласушы тараптар арасындағы қолданыстағы келісімдерді еш жағдайда жоймайды және осы келісімдерде жоғарыда айтылған ережелерден қолайсыздау немесе сол ережелерге қайшы келетін режим орнатылмайтын жағдайда келешекте осындай келісімдер жасасуға кедергі болмайды.
      Төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Конвенцияда:
      а) теңіз жағалауы жоқ кез келген "Уағдаласушы мемлекет"
құрлықішілік мемлекет»деп түсініледі.
      b) осы жүру толық жолдың осы құрлықішілік мемлекеттің аумағы
шегінде басталатын немесе аяқталатын және осындай ілесіп жүрудің тікелей алдындағы немесе одан кейінгі теңізбен тасымалдауға кіретін бөлігі болып табылатын жағдайларда тауар-багажды қоса алғанда, тауарлардың құрлықішілік мемлекет пен теңіз арасындағы қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің аумағы арқылы жүруі "транзиттік қозғалыс" деп түсініледі. Қайта тиеу, жинау, жүк топтарын неғұрлым ұсақ топтарға бөлу және осындай тауарларды тасымалдау әдісін өзгерту, сондай-ақ машиналарды және үлкен заттарды жинау, бөлшектеу немесе қайталап жинау, осындай операциялардың кез келгені тек тасымалдаудың қолайлығы мақсатында ғана жүргізілу жағдайында тауарлардың ілесіп жүруін»"транзиттік қозғалыс" ұғымынан алып тастауға әкелмейді. Осы тармақта ештеңе де кез келген Уағдаласушы мемлекетті оның аумағында осындай жинау, бөлшектеу немесе қайталап жинау үшін тұрақты қондырғылар құруға не осы қондырғыларды құруға рұқсат беруге міндеттейтін ереже ретінде қаралмауы тиіс.
      с)»"транзиттік мемлекет" деп аумақтары арқылы "транзиттік қозғалыс" жүзеге асырылатын құрлықішілік мемлекет пен теңіз арасында орналасқан теңіз жағалауы бар да және теңіз жағалауы жоқ кез келген Уағдаласушы мемлекет түсініледі.
      d)»"көлік құралдары" деген сөздер:
      егер олар осы бапта түсінілетіндей транзиттік қозғалыс үшін пайдаланылатын болса,
      і) кез келген темір жол жылжымалы құрамын, кез келген теңіз және өзен кемесін және жол көлігі құралдарын;
      іі) жергілікті жағдайлар бойынша бұл талап етілетініне қарай жүк тасушыны және теңдеп жүк артылатын жануарларды;
      ііі) басқа да көлік құралдарын, сондай-ақ мүдделі Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы келісімдер бойынша - құбырларды және газ құбырларын білдіреді.

2-бап
ТРАНЗИТ ЕРКІНДІГІ

      1. Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес транзиттік қозғалысқа және көлік құралдарына транзит еркіндігі қамтамасыз етіледі. Осы Конвенцияның басқа ережелерін сақтау жағдайында Уағдаласушы мемлекеттер олардың аумақтары арқылы тасымалдарды реттеу және жүзеге асыру үшін қабылдайтын шаралар мүдделі Уағдаласушы мемлекеттер үшін транзитке қатысты өзара қолданылымды бағдарғыларды пайдалану бойынша транзиттік қозғалысқа ықпал ететін болады. Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес тауарлардың шығарылған жері, жөнелту, әкелу, әкету немесе тағайындалу белгісі бойынша не тауарларға меншік иесі құқығына немесе кемелерге, жердегі көлік құралдарына немесе өзге де пайдаланылатын көлік құралдарына меншік иесі құқығына көрсетілген көлік құралдарын тіркеу орнына немесе олардың туына қатысты кез келген жағдайға байланысты ешқандай кемсітушілік жүргізілмейді.
      2. Екінші Уағдаласушы мемлекет аумағының бір бөлігі немесе оның бүкіл аумағы арқылы өтетін көлік құралдарын пайдалануды реттейтін ереже олар қатысушысы болып табылатын көп жақты халықаралық конвенцияларды есепке ала отырып, мүдделі Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы өзара келісім бойынша белгіленеді.
      3. Әрбір Уағдаласушы мемлекет өз аумағы арқылы жүріп өтуі немесе жүруі транзиттік қозғалыс үшін қажетті тұлғаларға өздерінің заңдарына, ережелеріне және қаулыларына сәйкес осындай аумаққа кіруіне рұқсат береді.
      4. Уағдаласушы мемлекеттер өздерінің аумақтық сулары арқылы
транзиттік қозғалысқа әдеттегі халықаралық құқық немесе халықаралық
конвенциялардың қолданылуына жататын қағидаттарына сәйкес, сондай-ақ
өздерінің ішкі ережелеріне сәйкес рұқсат етеді.

3-бап
КЕДЕНДІК БАЖДАР ЖӘНЕ ЕРЕКШЕ ТРАНЗИТТІК АЛЫМДАР

      Транзит мемлекеттің аумағындағы транзиттік қозғалысқа қандай да болмасын билік орындары тарапынан импортқа немесе экспортқа немесе транзитке байланысты ерекше алымдарға байланысты алынатын кедендік баждар немесе салықтар салынбайды. Солай болғанымен, мұндай транзиттік қозғалысқа транзитке байланысты қадағалау жөніндегі шығыстарды және әкімшілік шығыстарды өтеуге арналған алымдар ғана салынуы мүмкін. Осы алымдардың ставкасы орнын толтыруға арналған шығыстарға барынша сәйкес келуі тиіс және осы ереже сақталған жағдайда, алымдар 2-баптың 1-тармағында белгіленген кемсітушілікке жол бермеу туралы талаптарға сәйкес алынуы тиіс.

4-бап
КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ ЖӘНЕ ТАРИФТЕР

      1. Уағдаласушы мемлекеттер транзиттік қозғалыс қажетсіз кідіртулерсіз жүзеге асырылуы үшін өздерінде бар мүмкіндіктерге қарай әкелу, әкету пункттерінде, ал қажет болған жағдайда - қайта тиеу пункттерінде тиісті көлік құралдарын және тиеу-түсіру жабдығын беруге міндеттенеді.
      2. Уағдаласушы мемлекеттер мемлекет пайдаланатын немесе
мемлекеттің басқаруындағы құрылғыларды пайдаланатын транзиттік
қозғалысқа көлік жағдайын және коммерциялық бәсекелестік
пайымдауларды есепке ала отырып, ставкаларға және оларды қолдану
шарттарына қатысты ақылға сыйымды болатын тарифтер мен алымдарды
қолдануға міндеттенеді. Осы тарифтер мен алымдар транзиттік қозғалысты барынша жеңілдететіндей етіп белгіленеді және Уағдаласушы мемлекеттер олардың аумағы арқылы теңізге шыға
алатын елдердің тауарларын тасымалдау кезінде қолданатын тарифтер мен алымдардан аспауы тиіс. Осы тармақтың ережелері тарифтер мен алымдарды Уағдаласушы мемлекет белгілейтін немесе бекітетін жағдайларда кәсіпорындар немесе жеке тұлғалар пайдаланатын немесе олардың басқаруындағы құрылғыларды пайдаланатын транзиттік қозғалысқа қолданылуы мүмкін тарифтер мен алымдарға да қолданылады. Осы тармақта қолданылатын "құрылғы" ұғымы пайдаланғаны үшін тарифтер немесе алымдар алынатын көлік құралдарын, порт құрылыстарын
және жолдарды қамтиды.
      3. Су жолдарында құрылған, транзит мақсатында пайдаланылатын тіркеп сүйреудің қандай да бір монополиялық қызметі кемелердің транзиттік өтуіне кедергі жасамайтындай етіп ұйымдастырылуы тиіс.
      4. Осы тармақтың ережелері 2-баптың 1-тармағында белгіленген
кемсітушілікке жол бермеу туралы шарттарды сақтай отырып қолданылуы
тиіс.

5-бап
КЕДЕНДІК, КӨЛІКТІК ЖӘНЕ БАСҚА ДА ФОРМАЛДІЛІКТЕРГЕ ҚАТЫСЫ
БАР ӘДІСТЕР МЕН ҚҰЖАТТАМАЛАР

      1. Уағдаласушы мемлекеттер еркін, үздіксіз және тұрақты транзиттік қозғалысқа рұқсат ететін әкімшілік және кедендік шаралар қолданады. Қажет болған жағдайда олар айтылған транзиттік қозғалысты қамтамасыз ету және жеңілдету жөніндегі шараларға қатысты келісімге қол жеткізу үшін келіссөздер жүргізуі тиіс.
      2. Уағдаласушы мемлекеттер өздерінің аумағы бойынша барлық транзиттік жүріп өту кезінде, осындай жүру кезінде болуы мүмкін қандай да бір қайта тиеуді, жинауды, жүк топтарын неғұрлым ұсақ топтарға бөлу және тасымалдау тәсіліндегі өзгерісті қоса алғанда, транзиттік қозғалысқа қатысты оңайлатылған құжаттаманы және кедендік, көліктік және басқа да әкімшілік формалділіктерді орындаудың жылдам әдістерін пайдалануға міндеттенеді.

6-бап
ТРАНЗИТТІК ЖҮКТЕРДІ САҚТАУ

      1. Транзит мемлекеттің әкелу және әкету пункттерінде және аралық пункттерінде транзиттік жүктерді сақтау шарттары мүдделі мемлекеттер арасындағы келісім бойынша белгіленуі мүмкін.
      Транзит мемлекеттер тым болмағанда осы елдерге келетін немесе осы елдерден жөнелтілетін жүктерге берілетіндей қолайлы жағдай ұсынады.
      2. Тарифтер мен алымдар 4-бапқа сәйкес белгіленеді.

7-бап
ТРАНЗИТТІК ҚОЗҒАЛЫСТАҒЫ КІДІРТУЛЕР НЕМЕСЕ ҚИЫНШЫЛЫҚТАР

      1. Дүлей күштер жағдайын қоспағанда, Уағдаласушы мемлекеттер
транзиттік қозғалыстағы кідіртулер мен шектеулерді болдырмау үшін барлық шараларды қолданады.
      2. Егер транзиттік қозғалыста кідіртулер немесе басқа да
қиыншылықтар болса, транзиттік мемлекеттің немесе транзиттік
мемлекеттер мен құрлықішілік мемлекеттің құзыретті билік орындары
оларды дереу жою мақсатында ынтымақтасады.

8-бап
ЕРКІН АЙМАҚТАР ЖӘНЕ БАСҚА ДА КЕДЕНДІК МҮМКІНШІЛІКТЕР

      1. Транзит мемлекеттердің әкелу және әкету порттарында, осы мемлекеттер мен құрлықішілік мемлекеттің арасындағы келісім бойынша транзиттік қозғалыстың қолайлығы үшін еркін аймақтар немесе басқа да кедендік мүмкіншіліктер жасалуы мүмкін.
      2. Осы түрдегі мүмкіншіліктер теңіз жағалауы немесе теңіз порттары жоқ басқа да транзит мемлекеттерде құрлықішілік мемлекеттер үшін жасалуы да мүмкін.

9-бап
НЕҒҰРЛЫМ ЕЛЕУЛІ МҮМКІНШІЛІКТЕР БЕРУ

      Осы Конвенция онда көзделген мүмкіншіліктерге қарағанда неғұрлым елеулі және Уағдаласушы мемлекеттер олардың Конвенция қағидаттарына сәйкестігі шартымен олар туралы өзара келіскен немесе оларды қандай да бір Уағдаласушы мемлекет берген транзиттік мүмкіншіліктерді пайдалану құқығынан айыруға еш жағдайда әкеп соқпайды. Сондай-ақ, Конвенция келешекте осындай неғұрлым елеулі мүмкіншіліктерді пайдалану құқығын беруге кедергі келтірмейді.

10-бап
АНАҒҰРЛЫМ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТУГЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

      1. Уағдаласушы мемлекеттер құрлықішілік мемлекеттерге олардың
географиялық ерекше жағдайы себебінен осы Конвенция ұсынатын мүмкіншіліктер мен арнайы құқықтарға қатысты анағұрлым қолайлы жағдай туралы ескертпенің әрекеті қолданылмайтыны туралы келіседі.
Осы Конвенцияның қатысушылары болып табылмайтын құрлықішілік мемлекет, осы құрлықішілік мемлекеттер мен осындай мүмкіншіліктер мен арнайы құқықтарды беретін Уағдаласушы мемлекеттің арасындағы шартта көзделген анағұрлым қолайлы жағдай туралы ескертпе негізінде ғана осы Конвенцияға сәйкес құрлықішілік мемлекеттерге берілетін мүмкіншіліктер мен құқықтарға үміттене алады.
      2. Егер қандай да бір Уағдаласушы мемлекет қандай да бір
құрлықішілік мемлекетке осы Конвенцияда көзделетінге қарағанда неғұрлым елеулі мүмкіншіліктер мен арнайы құқықтар берсе, осындай мүмкіншіліктер мен арнайы құқықтардың кез келген басқа құрлықішіліқ 
мемлекетке берілмеуі осындай басқа құрлықішілік мемлекет пен осындай мүмкіншіліктер мен арнайы құқықтар беретін Уағдаласушы мемлекеттің арасындағы қандай да бір шарттағы ең қолайлы жағдай жасау туралы ережелерге қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, осы мүмкіншіліктер мен арнайы құқықтарды осы құрлықішілік мемлекет берумен шектеуге болады.

11-бап
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІКТІ
САҚТАУ МАҚСАТЫНДА КОНВЕНЦИЯДАН АЛЫП ТАСТАУ

      1. Осы Конвенция бірде-бір Уағдаласушы мемлекетті оның аумағына келуге тыйым салынған тұлғалардың транзитіне немесе адамгершілік, денсаулық сақтау, немесе қоғам қауіпсіздігі тұрғысынан болсын не жануарлар мен өсімдіктердің ауруына қарсы, немесе зиянкестерге қарсы сақтық шаралары ретінде болсын әкелінуіне жол берілмейтін тауарлардың транзитіне рұқсат етуге міндеттемейді.
      2. Әрбір Уағдаласушы мемлекет тұлғалар мен тауарлардың, әсіресе оларға монополия бар тауарлардың іс жүзінде транзитпен жүріп өтуін және көлік құралдарының іс жүзінде осындай тауарларды  тасымалдау үшін пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ жолдар мен хабар беру құралдарының қауіпсіздігі үшін қажетті сақтық шараларын қабылдауға және басқа да шаралар қабылдауға құқылы.
      3. Осы Конвенциядағы ешбір нәрсе қандай да бір Уағдаласушы
мемлекеттің өзі қатысушысы болып табылатын қандай да бір жалпы халықаралық конвенцияның қаулыларын орындау үшін, ол конвенцияның әлемдік немесе өңірлік сипатта ма және ол осы конвенция жасалған күні жасалды ма, немесе келешекте жасала ма, оған қарамастан, қабылдауға мәжбүр болатын шараларды, осындай қаулылар мыналарға:
      а) экспортқа, импортқа немесе есірткі, немесе басқа да қауіпті дәрі-дәрмек құралдары, немесе қару-жарақ сияқты тауарлардың белгілі бір түрлерінің транзитіне, немесе
      b) өнеркәсіп, әдебиет немесе көркем өнер меншіктерін қорғауға, немесе фирмалық атаулар мен шығу тегі көрсетулерін, немесе шыққан жерлері атауларын қорғауға, соған барабар теріс пиғылды бәсекелестікті болдырмауға қатысты болған жағдайларда, қозғамайды.
      4. Кез келген Уағдаласушы мемлекеттің өзінің маңызды қауіпсіздік мүдделерін қорғауы үшін қажетті қандай да бір шараларды қабылдауына осы Конвенцияда ештеңе де кедергі жасамайды.

12-бап
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КЕЗІНДЕ АЛЫП ТАСТАУ

      Уағдаласушы мемлекет оның саяси өмір сүруіне немесе қауіпсіздігіне қауіп төндіретін төтенше жағдайлар туындаған кезде қолдануға мәжбүр жалпы немесе жеке сипаттағы шаралар айрықша жағдайларда және мүмкіндігінше өте қысқа кезең ішінде, бұл кезең ішінде транзит еркіндігі қағидаты барынша мүмкін шамада сақталу шартымен қолдануы мүмкін, бұл осы Конвенция ережелерінің бой тартуға әкеп соғуы мүмкін.

13-бап
КОНВЕНЦИЯНЫ СОҒЫС УАҚЫТЫНДА ҚОЛДАНУ

      Осы Конвенция соғысушы және бейтарап тараптардың соғыс уақытындағы құқықтары мен міндеттерін белгілемейді. Алайда, Конвенция осындай құқықтар мен міндеттер ескеріле отырып, соғыс уақытында мүмкін болатындай шамада күшінде қалады.

14-бап
КОНВЕНЦИЯ БОЙЫНША МІНДЕТТЕМЕЛЕР ЖӘНЕ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

      Осы Конвенция қандай да бір Уағдаласушы мемлекетке оның Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретіндегі құқықтары мен міндеттеріне қайшы келетін ешқандай міндеттемелер жүктемейді.

15-бап
ӨЗАРА ТҮСІНІСТІК

       Осы Конвенцияның ережелері өзара түсіністік негізде қолданылады.

16-бап
ДАУЛАРДЫ ШЕШУ

      1. Осы Конвенцияның ережесін түсіндіруге немесе қолдануға
байланысты туындауы мүмкін және келіссөздер арқылы немесе дауларды
шешудің басқа да бейбіт жолдарымен тоғыз айдың ішінде шешілмеген кез
келген дау тараптардың бірінің өтініші бойынша төрелік арқылы шешіледі. Төрелік комиссиясы үш мүшеден тұрады. Даудың әрбір тарапы Комиссияның бір мүшесін тағайындайды, ал Комиссияның төраға болуы тиіс үшінші мүшесі тараптардың жалпы келісуімен сайланады. Егер тараптар үш ай ішінде Комиссияның үшінші мүшесін тағайындау туралы келісімге келмесе, Комиссияның үшінші мүшесін Халықаралық Соттың 
Төрағасы тағайындайды. Егер тараптардың әрқайсысы үш ай ішінде талап етілетін тағайындауды жасамаса, Халықаралық Соттың Төрағасы қалған бос орынды немесе бос орындарды толтырады.
      2. Төрелік комиссиясы оған табыс етілетін мәселелерді жай көпшілік дауыспен шешеді, және оның шешімі тараптар үшін міндетті болады.
      3. Осы Конвенция бойынша дауларды шешу тапсырылатын төрелік комиссиясы немесе басқа да халықаралық органдар даулардың болуы және сипаты туралы және оларды шешу шарттары туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы арқылы басқа Уағдаласушы мемлекеттерге хабарлайды.

17-бап
ҚОЛ ҚОЮ

      Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымына барлық мүше мемлекеттердің немесе кез келген мамандандырылған мекеменің, немесе Халықаралық Сот Статутының қатысушысы болып табылатын мемлекеттердің, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Конвенцияның қатысушысы болуға шақырған кез келген басқа мемлекеттің қол қоюы үшін 1965 жылғы 31 желтоқсанға дейін ашық.

18-бап
РАТИФИКАЦИЯЛАУ

      Осы Конвенция ратификациялауға жатады. Ратификациялау грамоталары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.

19-бап
ҚОСЫЛУ

      Осы Конвенция 17-бапта аталған төрт санаттың біріне жататын кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы актілер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.

20-бап
КҮШІНЕ ЕНУ

      1. Осы Конвенция кем дегенде екі құрлықішілік мемлекет және теңіз жағалауы бар екі транзит мемлекеті ратификациялау грамоталарын немесе қосылу туралы актілерді сақтауға тапсырған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Конвенция, осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Конвенцияның
күшіне енуі үшін қажетті ратификациялау грамоталарын немесе қосылу
туралы актілерді сақтауға тапсырғаннан кейін Конвенцияны
ратификациялайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекетке қатысты осы
мемлекет өзінің ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы актісін сақтауға тапсырған күнінен кейін отызыншы күні күшіне енеді.

21-бап
ҚАЙТА ҚАРАУ

      Уағдаласушы мемлекеттердің үштен бірінің талабы бойынша және Уағдаласушы мемлекеттердің көпшілігінің келісуімен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы осы Конвенцияны қайта қарау мақсатында конференцияны шақырады.

22-бап
БАС ХАТШЫ ЖІБЕРЕТІН ХАБАРЛАМА

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 17-бапта аталған төрт санаттың біріне жататын барлық мемлекетті мыналар туралы:
      а) осы Конвенцияға 17, 18 және 19-баптарға сәйкес қол қойылғаны және ратификациялау грамоталарының немесе қосылу туралы актілердің сақтауға тапсырылғаны туралы;
      b) 20-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы;
      с) 21-бапқа сәйкес осы Конвенцияны қайта қарау туралы талаптар хабардар етеді.

23-бап
МАҒЫНАСЫ БІРДЕЙ МӘТІНДЕР

      Осы Конвенцияның орыс, ағылшын, испан, қытай және француз тілдеріндегі мәтіндерінің мағынасы бірдей болып табылатын түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылатын болады. Ол оның расталған көшірмелерін 17-бапта аталған төрт санаттың біріне жататын барлық мемлекеттерге жібереді.
      Осыны куәландыру үшін, тиісті дәрежеде өз үкіметтері уәкілеттік бергендер, осы Конвенцияға қол қойды.

      Нью-Йоркте, бір мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылғы сегізінші шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде жасалды.

      Осымен берілген мәтіннің Нью-Йоркте 1965 жылғы 8 шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде жасалған Құрлықішілік мемлекеттердің транзиттік саудасы туралы конвенцияның куәландырылған көшірмесінің мәтінімен бірдейлігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Көлік және коммуникация министрлігі
      Әкімшілік департаментінің директоры

       РҚАО-ның ескертуі: Құрлықішілік мемлекеттердің транзиттік саудасы туралы конвенцияның ағылшын тіліндегі мәтіні қоса беріліп отыр (қағаз нұсқасынан қараңыз)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады