2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 22 сәуірдегі N 26-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Хаттама қолданысын тоқтатты - ҚР 24.12.2014 N 266-V Заңымен.

      Душанбеде 2007 жылғы 6 қазанда қол қойылған 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н.НАЗАРБАЕВ

  2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық
қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы,
      мына төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) 5-бабы мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:

      "Мемлекетаралық Кеңес кеден одағының жоғары органы болып табылады. Кеден одағы мәселелері бойынша шешімді кеден одағын қалыптастыратын Уағдаласушы Тараптардың Мемлекетаралық Кеңес мүшелері қабылдайды.

      Мемлекетаралық Кеңестің кеден одағының жоғарғы органы функцияларын орындау кезіндегі жұмыс тәртібінің ерекшеліктері Мемлекетаралық Кеңес бекітетін Ережемен белгіленеді".

  2-бап

      Шарттың 8-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
 
                         "8-бап
                   Қоғамдастық Соты 
      Қоғамдастық Соты Уағдаласушы Тараптардың осы Шартты және Қоғамдастық аясында қолданылатын басқа да шарттарды және ЕурАзЭҚ органдары қабылдайтын шешімдерді біркелкі қолдануды қамтамасыз етеді.
      Қоғамдастық Соты сонымен бірге Уағдаласушы Тараптардың арасында ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерін және Қоғамдастық аясында қолданылатын шарттардың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша туындаған экономикалық сипаттағы дауларды қарайды, олар бойынша түсініктемелер, сондай-ақ қорытындылар береді.
      Кеден одағын қалыптастыратын Уағдаласушы Тараптардың кедендік аумақтары біріктірілгеннен кейін Қоғамдастық Соты:
      1) кеден одағы органдары актілерінің кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттарға сәйкестігі туралы істерді қарайды;
      2) кеден одағы органдарының шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істерді қарайды;
      3) кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттарға, кеден одағы органдары қабылдаған актілерге түсінік береді;
      4) Кеден одағы комиссиясы мен кеден одағына кіретін мемлекеттер арасындағы, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы кеден одағы аясында қабылданған өз міндеттемелерін орындау жөніндегі дауларды шешеді.
      Қоғамдастық Сотының қарауына ЕурАзЭҚ аясында халықаралық шарттарда көзделген өзге де дауларды шешу жатқызылуы мүмкін.
      Қоғамдастық Соты әрбір Уағдаласушы Тараптың екі өкілінен аспайтындай болып Уағдаласушы Тараптар өкілдерінен құрылады. Парламентаралық Ассамблея судьяларды Мемлекетаралық Кеңестің ұсынуы бойынша алты жыл мерзімге тағайындайды. Кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттарды, кеден одағы органдарының актілерін қолдануға немесе түсіндіруге негізделген істерді, сондай-ақ кеден одағы органдарының шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істерді қарауда кеден одағын қалыптастыратын Уағдаласушы Тараптардың өкілдері болып табылатын судьялар қатысады.
      Қоғамдастық Сотында іс жүргізу және істерді қарау ережелері, Қоғамдастық Соты судьяларының мәртебесі және Қоғамдастық Сотының қызметін ұйымдастыру оның Статутымен айқындалады".

  3-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады, ратификациялануға тиіс және депозитарийдың соңғы ратификациялық грамотаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
      Түпнұсқа дана Шарттың депозитарийінде сақталады, ол Уағдаласушы Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

   Беларусь            Қазақстан            Қырғыз
Республикасы        Республикасы        Республикасы
   үшін                 үшін                үшін

   Ресей              Тәжікстан           Өзбекстан
Федерациясы         Республикасы        Республикасы
   үшін                 үшін                үшін

      Осымен 2007 жылғы 6 қазанда Душанбеде жасалған 2000 жылғы 10 қазандағы "Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы" Хаттаманың қазақ тіліндегі көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Әділет министрлігі
      Халықаралық құқық және
      мемлекеттік мүлік құқықтарын
      қорғау департаментінің бастығы                      Э. Әзімова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады