Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өскемен қаласының қоршаған ортасын қалпына келтіру жобасы) ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 19 қарашадағы N 85-IV Заңы

      Астанада 2008 жылғы 2 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (Өскемен қаласының қоршаған ортасын қалпына келтіру жобасы) ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н.НАЗАРБАЕВ

Қарыздың нөмірі 4848 КZ 

Қазақстан Республикасы
мен
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі
арасындағы

Қарыз туралы келісім
(Өскемен қаласының қоршаған
ортасын қалпына келтіру жобасы)

2008 жылғы 2 ақпан

Қарыздың нөмірі 4848 КZ 

Қарыз туралы келісім

      2008 жылғы 2 ақпандағы ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ (ҚАРЫЗ АЛУШЫ) мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІНІҢ (БАНК) арасындағы КЕЛІСІМ. Осы арқылы Қарыз алушы мен Банк мыналар жөнінде уағдаласады:

I БАП - Жалпы шарттар; анықтамалар

      1.01. Жалпы шарттар (осы Келісімге Қосымшада (Анықтамаларда) анықталғандай) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
      1.02. Егер контексте басқаша мағына болмаса, осы Қарыз Туралы Келісімдегі бас әріппен жазылып қолданылатын терминдер, Жалпы шарттарда немесе осы Келісімге Қосымшада (Анықтамаларда) өздеріне бекітілген мағынаға ие болады.

II БАП - Қарыз

      2.01. Банк осы Келісімге 1 Қосымшада сипатталған Жобаны ("Жоба") қаржыландыру үшін Қарыз алушыға жиырма төрт миллион екі жүз тоқсан мың АҚШ долларына (24 290 000 АҚШ доллары) тең соманы ("Қарыз") осы Келісімде баяндалған немесе көрсетілген мерзімге және шарттармен беруге келіседі.
      2.02. Қарыз алушы осы Келісімге 2 Қосымшаның IV Тарауына сәйкес Қарыз қаражаттарын алуға құқылы.
      2.03. Қарыз алушы Қарыздың қаржысын резервте ұстағаны үшін Банкке Қарыздың алынбаған қалдығының жылдық бір пайызының төрттен үш бөлігі (1 %-дың 3/4-і) ставкасымен комиссия төлейді. Бұл ретте Банк оны өз қалауы қарай ара-тұра осы комиссияның бір бөлігін төлеуден босатуы мүмкін.
      2.04. Қарыз алушы Қарыздың негізгі сомаға байланысты міндеттемелерін өтеу үшін Банкке Қарыз сомасының бір пайызы (1,0%) сомасында комиссия төлейді, бұл ретте Банк оны өз қалауына қарай ара-тұра осы комиссияның бір бөлігін төлеуден босатуы мүмкін. Қарыз алушы Қарыздың қаржысын резервте ұстағаны үшін комиссияны осы Қарыз заңды күшіне енгеннен кейінгі 60 күннен кешіктірмей төлеуге тиіс.
      2.05. Қарыз алушы Қарыздың валютасы үшін ЛИБОР ставкасына тең ставка бойынша пайыз, оған қоса Пайыз Есептелетін әрбір Мерзімге Ауыспалы Спрэд төлейді, бұл ретте Банк оны өз қалауына қарай ара-тұра осы ставканың бір бөлігін төлеуден босатуы мүмкін.
      2.06. Төлем күндері - әр жылдың 15 ақпаны және 15 тамызы.
      2.07. Қарыз алушы Қарыздың негізгі сомасын осы Келісімге 3 Қосымшада көрсетілген өтеу кестесіне сәйкес өтейді.

III БАП - Жоба

      3.01. Қарыз алушы өзінің Жоба мақсаттарына адал екенін мәлімдейді және осы мақсатта Жобаны Жалпы шарттардың 5 Бабына сәйкес СРК (Су ресурстары комитеті) арқылы жүзеге асырады.
      3.02. Қарыз алушы осы Келісімнің 3.01 Тарауының шарттарын шектемей және, егер Қарыз алушы мен Банктің арасында өзгеше келісім болмаса, Жобаның іске асырылуын осы Келісімге 2 Қосымшаның ережелеріне сәйкес қамтамасыз етеді.

IV БАП - Банктің санкциялары

      4.01. Төлемдерді Тоқтата тұрудың Қосымша Жағдайлары:
      (а) Банктің алдын ала келісімінсіз Іске асыру жөніндегі Басшылыққа өзгерістер енгізілген немесе оның қолданылуы тоқтата тұрылған, күші жойылған немесе одан бас тартылған.
      (б) СРК-нің заңдарына, қаулыларына, жарғысына немесе өзге де құрылтайшы құжаттарына, оның ішінде осындай құралдардың негізін қалған заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген немесе олардың қолданылуы тоқтата тұрылған, күші жойылған немесе олардан бас тартылған, мұның өзі СРК-нің осы Келісім бойынша міндеттемелерін орындау қабілетіне материалдық және қолайсыз әсер еткен жағдайларды қамтиды.
      4.02. Мерзімінен Бұрын Өтеудің Қосымша Жағдайлары, егер мұндай жағдайлар орын алса, осы Келісімнің 4.01 Тарауының (а) және (б) тармақтарында аталған әрбір жағдайды қамтиды.

V БАП - Қолданысқа енуі

      5.01. Күшіне Енгізудің Қосымша Шарты мыналарды қамтиды:
      СРК техникалық тапсырма шеңберіндегі және Банкке жарамды біліктілігі бар ЖБТ-ны (Жобаны басқару тобын) Жобаның Үйлестірушісі етіп тағайындайды.
      5.02. Осы Келісімге қол қойылған күннен бастап жүз сексен (180) күн өткеннен кейін басталатын күн Қарыздың Заңды Күшіне Енуінің соңғы күні болып табылады.

VI БАП - Қарыз алушының Өкілдері; мекен-жайлар

      6.01. Қарыз алушының Қаржы министрі Қарыз алушының өкілі болып табылады.

      6.02. Қарыз алушының мекен-жайы:
      Қаржы министрлігі
      Жеңіс даңғылы, 11
      Астана, 010000
      Қазақстан Республикасы

      Телекс: 265126 (FILIN)    Факс: (7) (3172) 717785

      6.03 Банктің мекен-жайы:
      International Bank for Reconstruction and Development
      1818 Н Street, N.W.
      Washington, D.С. 20433
      United States of America

      Телеграф:       Телекс:                 Факс:
      INBAFRAD        248423 (МСІ) немесе     7-(202) 477-6391
      Washington, D.С. 64145 (МСІ)

      Жоғарыда алғашқы рет көрсетілген күні мен жылы Астана қаласында, Қазақстан Республикасы КЕЛІСІЛДІ.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      Уәкілетті Өкіл

      ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ ҮШІН
      Уәкілетті Өкіл

1 ҚОСЫМША

Жобаның сипаттамасы

      Жобаның мақсаты: (а) жерасты суларының ластануын және уытты қалдықтардың тұрғын үй аудандарына, қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету көздері мен Ертіс өзеніне қарай созыла көшуін болдырмау; (б) жерасты суларының жергілікті муниципалдық және өндірістік қалдықтармен ағымдағы ластануын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында су сапасының мониторингі үшін институттық тетіктерді күшейту болып табылады.
      Жоба, егер Қарыз алушы мен Банк оларды көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін олар жөнінде келісіп алса, өзгерту нысанасы болатын мынадай компоненттерден тұрады.

       А компонент. Топырақ қабаты суларын ластаудың барынша басым көздерін оқшаулау

      Таңдап алынған ластанған өнеркәсіп учаскелерін, атап айтқанда: (а) Өскемен Қорғасын-мырыш комбинатының конус тәрізді N 6 үйіндісін; (б) Өскемен Машина жасау зауытының N 6 үйіндісін; (в) Өскемен Жылу Энергетика орталығының N 1 үйіндісін; (г) Өскемен Титан-магний комбинатының N 1 үйіндісін; (д) Өскемен Жылу энергетика орталығының N 2а + 2б күл үйіндісін; (е) Эксперименттік Қорғасын-мырыш комбинатының үйіндісін; (ж) Конденсатор заводының шлам жинақтағышын қалпына келтіру үшін жобалау және құрылыс жұмыстарын, құрылыстың және жабдықтарды орнатудың қадағалануын қамтамасыз ету.

       Б компонент. Топырақ қабаты суларының ластанған
учаскелерін тазалау

      1. Ұңғымалар тобын, сорап жүйелері мен тазарту процесін қоса алғанда, жерасты суларын сораппен тазарту жүйесін орнату үшін жобалау және құрылыс жұмыстарын, құрылыстың және жабдықтардың қадағалануын қамтамасыз ету, бұл Өскемен қаласының орталық өндірістік кешенінен қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету ұңғымалары мен Ертіс өзені орналасқан тұрғын үй аудандарға қарай ағатын ластанған жерасты суларын тазарту арқылы жер астында ластануы болғызбауға мүмкіндік береді.
      2. Жерасты суларының сынамаларын іріктеп алу үшін жаңа мониторингтік ұңғымалар орнатуды қоса алғанда, жерасты суларын тазарту жүйелерін егжей-тегжейлі жобалау мен пайдалану үшін жерасты суларының сынамаларын іріктеп алу мен ластануды талдау жөніндегі бағдарламаларды іске асыру.

       С компонент. Жобаны басқару және мониторинг

      ЖБТ-ға (Жобаны басқару тобына): (а) Жобаны басқару, сатып алу және қаржылық басқару; (б) Жоба шеңберіндегі Құрылыс іс-шаралары үшін Экологиялық мониторинг жоспарын іске асыруды қоса алғанда, Жоба іс-шаралары әсерінің мониторингі мен бағалануы үшін қаржылық және техникалық көмек көрсету.

2 ҚОСЫМША

       І-Тарау. Институттық және өзге де алғышарттар

      1. Қарыз алушы СРК-ны жобаны іске асыруға жауапты орган етіп тағайындайды және Жобаны іске асыру кезеңіне арнап СРК жанынан құрамы, техникалық міндеті мен ресурстары Банкке қолайлы болатын ЖБТ ұстайды. ЖБТ жоба іс-шараларының күнделікті басқарылуы, келісімшарттардың, мониторинг пен есептілік үшін жауапты болады.
      2. Қарыз алушы Жоба күшіне енгеннен кейін кемінде үш ай ішінде Жобаны іске асыру кезеңіне арнап құрамы мен техникалық міндеті Банкке қолайлы болатын Жоба жөніндегі Бақылау Кеңесін құрады және оны кейіннен қолдап-сүйемелдеп отырады. Оның міндетіне Жобаның іске асырылуына жалпы қадағалау жасау және жобаның іс-шараларын жергілікті әкімшіліктермен, іскер топтармен және өзге де мүдделі тараптармен үйлестіру кіреді.
      3. Қарыз алушы СРК-ны ЖБТ-ның қызметкерлері мен консультанттарын жалдау немесе жұмыстан босату туралы кез келген ұсынысты Банктің қарауына және мақұлдауына ұсынуға ынталандырады.
      4. Қарыз алушы Жобаны орындау үшін осы Келісімде белгіленген мерзімдер мен шарттарға сәйкес пайдаланылуға жататын қырық бес миллион төрт жүз жиырма бір мың бес жүз екі АҚШ доллары (45 421 502 АҚШ доллары) мөлшерінде сома бөледі.
      5. Қарыз алушы: (а) СРК-ның Жоба бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткілікті жыл сайынғы бюджетін; және (б) Жобаның Б.2 Бөліміне сәйкес жерасты суларын тазарту құрылыстары пайдалануға берілгеннен кейін 15 жылға бойы жерасты суларын тазарту құрылыстарының барлық операциялық және ағымдағы шығындарын жабу үшін қажетті қаржыландырудың жеткілікті көлемін қамтамасыз етеді.
      6. Қарыз алушы:
      а. Қарыздың күшіне енуінің соңғы күні өткеннен кейін екі (2) айдан кешіктірмей Банкке қолайлы нысанда және мазмұнда Банкке Жобаны іске асыру Басшылығы мен Жоспарын береді және Жобаны іске асырудың осы Басшылығы мен Жоспарына сәйкес Жобаны іске асырады;
      б. Жобаның Қоршаған ортаны басқару жоспарына сәйкес іске асырылуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      II-Тарау. Жобаның мониторингі есептілік пен бағалау

       А. Жоба бойынша есептер.

      1. Қарыз алушы Жобаның мониторингі және іске асырылу барысын бағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ Жалпы шарттардың 5.08 тарауының ережелеріне сәйкес және Банкпен келісілген индикаторлар негізінде Жоба жөніндегі Есептерді дайындайды. Жоба жөніндегі әрбір Есеп күнтізбелік бір семестрді қамтуға тиіс және Банкке осы есепте қамтылған кезең аяқталғаннан кейін қырық бес (45) күннен кешіктірілмей беріледі.
      2. Жалпы шарттардың 5.08 (қ) тарауын орындау үшін Жобаны іске асыру жөніндегі есеп пен осы Тарауда талап етілетін тиісті жоспар Банкке жоба жабылған күннен кейін қырық бес (45) күннен кешіктірілмей берілуге тиіс.

       Б. Қаржылық басқару, қаржылық есептілік пен аудит.

      1. Қарыз алушы Жалпы шарттардың 5.09 Тарауының ережелеріне сәйкес қаржылық басқару жүйесін жүргізуге немесе оның жүргізілуін қадағалауға міндетті.
      2. Қарыз алушы осы Тараудың А Бөлігінің ережелерін шектемей, әр күнтізбелік тоқсан аяқталғаннан кейін қырық бес (45) күннен кешіктірмей осы тоқсан бойынша Жоба жөнінде нысаны мен мазмұны Банкке қолайлы болатын аралық және аудитор тексермеген қаржылық есептер әзірлеуге және оны Банкке табыс етуге міндетті.
      3. Қарыз алушы Жалпы шарттардың 5.09 (6) Тарауының ережелеріне сәйкес өзінің Қаржылық есептілігінің аудитін жүргізуге міндетті. Қаржылық есептіліктің әрбір аудиті Қарыз алушының бір қаржылық жыл кезеңін қамтуға тиіс. Осындай әрбір мерзімнің аудитор тексерген Қаржылық есептері Банкке әрбір осындай кезең аяқталғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей берілуге тиіс.

       III-Тарау. Сатып алу .

       А. Жалпы ережелер

       1. Тауарлар мен жұмыстар . Жобаға қажетті барлық тауарлар мен жұмыстар Сатып алу жөніндегі Басшылықтың 1 Тарауында қамтылған немесе оларға сілтемелер қамтылған талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Қосымшаның ережелеріне сәйкес сатып алынады.
       2. Консультанттардың қызмет көрсетулері . Консультанттардың Жобаға қажетті барлық қызмет көрсетулері Консультанттар бойынша нұсқаудың I және IV Бөлімдерінде қамтылған немесе соларға сілтемелер жасалған талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Қосымшаның ережелеріне сәйкес сатып алынады.
       3. Анықтамалар . Сатып алудың белгілі бір әдістерін немесе банктің белгілі бір келісім-шарттарды қарау әдістерін сипаттау үшін төменде осы Бөлімде пайдаланылған, бас әріптерден басталатын ұғымдар, нақты жағдайға байланысты, ол Сатып алу бойынша нұсқауда немесе Консультанттар бойынша нұсқауда жазып көрсеткен анықтамаларға сай келеді.

       Б. Тауарларды, жұмыстарды және техникалық қызмет көрсетулерді сатып алу әдістері

       1. Халықаралық конкурстық сауда-саттық . Төмендегі 2-тармақта өзгеше көзделмеген болса, Жобаға қажетті тауарларды, жұмыстарды және техникалық қызмет көрсетулерді сатып алу Халықаралық конкурстық сауда-саттық рәсімдеріне сәйкес, сондай-ақ мынадай қосымша рәсімдерге сәйкес жасалған келісімшарттар бойынша жүзеге асырылады.
       2. Тауарларды және жұмыстарды сатып алудың басқа да әдістері . Төмендегі кестеде Халықаралық конкурстық сауда-саттықтан басқа, тауарларға, жұмыстарға және техникалық қызмет көрсетулерге қатысты пайдаланылуы мүмкін сатып алу әдістері берілген. Сатып алу жоспары осындай әдістерді пайдалануға болатын мән-жайларды айқындауға тиіс.

Сатып алу әдісі

(а) Ұлттық конкурстық сауда-саттық, осы 2-қосымшаға Толықтыруда белгіленген қосымша ережелердің нысанасы

(б) Шопинг

(в) Тікелей келісімшарттар

       С. Консультанттардың қызмет көрсетулерін сатып алу әдістері

      1. Сапа және құн негізінде іріктеу . Төмендегі 2-тармақта өзгеше көзделмеген болса, консультациялық қызмет көрсетулерді сатып алу Сапа және құн негізінде іріктеудің негізінде консультанттарды іріктеу ережелеріне сәйкес жасалған келісімшарттар аясында жүзеге асырылады.
      2. Консультанттардың қызмет көрсетулерін сатып алудың басқа да әдістері . Төмендегі кестеде Сапа және құн негізінде іріктеуден басқа, консультанттардың қызмет көрсетулеріне қатысты пайдаланылуы мүмкін сатып алу әдістері берілген. Сатып алу жоспары осындай әдістерді пайдалануға болатын мән-жайларды айқындауға тиіс.

Сатып алу әдісі

(а) Ең төменгі құн негізінде іріктеу

(б) Консультанттар біліктілігі негізінде іріктеу

(в) Жеке консультанттарды іріктеу

(г) Фирмаларды біртұтас көзден іріктеу

(д) Жеке консультанттарды біртұтас көзден іріктеу

       Г. Банктің сатып алу бойынша шешімдерді қарауы .

      Сатып алу жоспарында Банктің Алдын ала қарау нысанасы болып табылатын келісімшарттар көрсетілуге тиіс. Басқа келісімшарттардың бәрі Банктің Кейіннен қарау нысанасы болып табылады.

      ІV бөлім. Қарыз қаражатын есепшоттан алу .

       А. Жалпы ережелер.

      1. Қарыз алушы Қарыз қаражатын төмендегі 2-тармақтың кестесіне сәйкес Құқылы шығыстарды қаржыландыру үшін осы Бөлімнің ережелеріне және Қарыз алушыға хабарламада Банк көрсеткен қосымша нұсқаулықтарға сәйкес ала алады.
      2. Төмендегі кестеде Қарыз қаражатынан қаржыландырылуға тиіс Құқылы шығыстардың санаттары ("Санаттар"), әрбір Санат бойынша Қарыздың бөлінген сомалары және әрбір Санат бойынша Құқылы шығыстар ретінде қаржыландырылуға тиіс шығыстардың проценттік үлесі айқындалады.
 


САНАТ

Қарыздың бөлінген сомасы (АҚШ долларымен)

Қаржыландыру үшін шығыстардың проценттік үлесі

(1)

Жұмыстар

24 290 000

70 %


ЖИЫНЫ

24 290 000


       Б. Алу талаптары; Алу кезеңі.

      1. Осы Бөлімнің А бөлігінің ережелеріне қарамастан, қаражат:
      (а) Банк Қарыз қаражатын резервтендіргені үшін Комиссиялық төлемді алмайынша, Қарыз есепшотынан;
      (б) осы Келісімге қол қойылған күнге дейін жасалған шығыстар бойынша төлемдер есебі ретінде алынбайды.
      2. Қарызды жабу күні - 2013 жылғы 30 наурыз.

2 қосымшаға толықтыру

      Қарыз алушының Ұлттық конкурстық сауда-саттық рәсімдері осы Жобаның аясында жұмыстарды сатып алу үшін мынадай ережелерді сақтаған жағдайда пайдаланылуы мүмкін:

       А. Мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуы

      Қарыз алушының аумағындағы мемлекеттік кәсіпорындар, егер олар өздерінің құқықтық және қаржылық тәуелсіздігін ресми түрде растай алатын болса, егер олар коммерциялық құқық негізінде іс-әрекет ететін болса және келісімшарт жасасатын тұлғаға тәуелді болмаса ғана, сауда-саттыққа қатыса алады. Бұған қоса, оларға өтінімдер мен орындау тиімділігіне қатысты басқа да ізденушілерге қойылатын талаптар қолданылатын болады.

       Б. Конкурстық құжаттама

      Сатып алумен айналысатын мекемелер тауарларды сатып алуға арналған, Банкке қолайлы конкурстық құжаттаманың стандарттық пакетін пайдалануға тиіс.

       В. Өтінімдерді ашу және бағалау

      (а) Өтінімдерді ашу өтінімдер берудің соңғы мерзімі өткеннен кейін көпшілік алдында, дереу өткізіледі;
      (б) Өтінімдерді бағалау конкурстық құжаттамада мәлім етілген монетарлы түрде есептелетін өлшемдерге қатаң сәйкестікте жүргізілуге тиіс;
      (в) Отандық жеткізушілерге қолдау көрсету принципі қолданылмауға тиіс;
      (г) Келісімшарттар ең төменгі бағалау құны бар өтінімді берген және барлық талаптарға мейлінше сай келетін білікті ізденушіге табыс етіледі, бұл ретте келіссөздер көзделмейді.

       Г. Бағаны түзету

      Ұзақ уақытқа (мысалы, он сегіз (18) айдан астам мерзімге) есептелген құрылыс жұмыстарына арналған келісімшарттар бағаны түзету туралы тиісті ережені қамтуға тиіс.

       Д. Сауда-саттық процесінің күшін жою

      Банктің алдын ала келісімінсіз тендер өткізілді деп танылмайды және жаңа өтінімдерді жинау жүзеге асырылмайды.

       Е. Жекелеген өтінімдерді қабылдамау

      Әрбір жекелеген өтінім мына жағдайлардың бірінде ғана:
      (а) егер ізденуші біліктілігі бойынша іріктеуден өтпесе;
      (б) ізденуші өзінің конкурстық өтініміндегі арифметикалық қателерді Сатып алушы мекеменің тендерлік комиссиясының түзетуін қабылдамаса; және
      (в) ізденуші тендерлік құжаттама талаптарына сай келмеген жағдайда қабылданбауы мүмкін.

3 ҚОСЫМША

Қарызды өтеу мерзімі

Қарыздың Негізгі Сомасын Төлеу Күні     Қалған Қарыздың Негізгі Сомасы
                                               ( АҚШ долларымен )
Әрбір 15 ақпан және 15 тамыз

2012 жылғы 15 тамыздан бастап
2023 жылғы 15 тамызды қоса                         1 010 000
2024 жылғы 15 ақпаннан бастап                      1 060 000

Қосымша (Анықтамалар)

      Анықтамалар
      1. "Санат" - осы Келісімге 4-қосымшаның ІV бөлімінің кестесінде көрсетілген санат.
      2. "Консультанттар бойынша нұсқау" - Банк 2004 жылғы мамырда жарияланған "Дүниежүзілік Банктің қарыз алушыларының консультанттарды іріктеуі және жалдауы туралы нұсқау".
      3. СРК - Қарыз алушының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті.
      4. "Жалпы талаптар" - 2005 жылғы 1 шілдедегі "Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің қарыздарына арналған жалпы талаптар" (осы Толықтырудың II Бөлімінде көрсетілген түзетулермен қоса).
      5. "ҚОБЖ" - Қарыз алушы Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы арқылы бекіткен, 2005 жылғы 8 қыркүйектегі N 03-06/4151 "Қоршаған ортаны басқару жоспары", онда Жоба аясында іске асырылуға және мониторинг жүргізілуге тиіс, қоршаған ортаға әсер етуді жеңілдету шаралары сипатталған.
      6. "Іске асыру жөніндегі нұсқау" - Қарыз алушы осы Келісімге 2-қосымшаның I Бөлімінің 6 (а) тармағына сәйкес әзірлейтін нұсқау, онда мыналар: (і) осы Келісімнің ережелеріне, Қарыз алушының жергілікті заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілеріне қарама-қайшы келмейтін Жобаны іске асыру рәсімдері және оған қоса мыналар: (і) әкімшілендіру, сатып алу, бухгалтерлік есеп, қаржылық басқару, мониторинг жүргізу және бағалау процестерін басқару рәсімдері; (іі) жылдық есептердің үлгілік форматтары сипатталған; оларға Банктің келісімімен кейбір уақытта түзетулер енгізілуі мүмкін.
      7. "Жоба жөніндегі Бақылау Кеңесі" - осы Келісімге 2-қосымшаның I Бөлімінің 2-тармағында сілтеме жасалған, Қарыз алушы құратын кеңес.
      8. "Сатып алу бойынша нұсқау" - Банк 2004 жылғы мамырда жариялаған "ХҚҚДБ-ның қарыздары мен ХДҚ-ның кредиттері шеңберінде Сатып алуға арналған нұсқау".
      9. "ЖБТ" - Су ресурстары комитетінің Жобаны басқару тобы, ол Жоба аясында іс-шараларды дайындауға, іске асыруға және үйлестіруге толық жауапты болады.
      10. "Сатып алу жоспары" - 2006 жылғы 7 желтоқсандағы Жоба бойынша Қарыз алушының сатып алу жоспары. Сатып алу бойынша нұсқаудың 1.16-тармағында және Консультанттар бойынша нұсқаудың 1.24-тармағында соған сілтеме жасалған, сонымен бірге ол осы тармақтардың ережелеріне сәйкес кейбір уақытта жаңартылып отыруға тиіс.

      Осы аударма Астана қаласында 2008 жылғы 2 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (Өскемен қаласының қоршаған ортасын қайта қалпына келтіру жобасы) орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келетіндігін куәландырамын.

       Қазақстан Республикасының
      Қаржы Вице-Министрі                          Р. Дәленов

      РҚАО-ның ескертуі: Әрі қарай Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (Өскемен қаласының қоршаған ортасын қалпына келтіру жобасы) ағылшын тілдегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады