Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Палестина Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласындағы офистік үй-жайды өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы N 365-IV Заңы

      2010 жылғы 16 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Палестина Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласындағы офистік үй-жайды өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Палестина
Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Палестина Мемлекетінің
Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін
Астана қаласындағы офистік үй-жайды өтеусіз пайдалануға
беру туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Палестина Мемлекетінің Үкіметі,
      Палестина Мемлекеті Елшілігінің Қазақстан Республикасында болуына және жұмысына тиісінше жағдай жасауды қамтамасыз ету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан Тарапы Астана қаласында орналасқан офистік үй-жайды және оның іргелес аумақтарын Палестина Мемлекетінің Елшілігіне 3 жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға береді.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген және бұдан әрі «Үй-жай» деп аталатын офистік үй-жай және оның іргелес аумақтары Палестина Тарапына Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін пайдалану мақсатында беріледі.

3-бап

      Үй-жай Қазақстан Республикасында алынатын салықтар мен алымдардың барлық түрлерінен босатылады.

4-бап

      Үй-жайды күрделі және ағымдағы жөндеуге байланысты барлық шығындарды Палестина Тарапы өз есебінен жүзеге асырады және ғимараттың бекітіліп орнатылған барлық техникалық жабдықтарының және іргелес аумақтардың тұтастығы, сақталуы және жарамды жай-күйі үшін толық жауаптылықта болады, сондай-ақ қызметтерді жеткізушілер беретін шоттарға сәйкес телефон байланысы мен интернет қызметтеріне өзі ақы төлейді.
      Қазақстан Тарапы санауыш көрсеткіштерінің негізінде немесе белгіленген айлық норма бойынша электр энергиясы, жылумен, сумен қамту және кәріз үшін ақы төлеуді жүргізуге міндеттенеді.

5-бап

      Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін үй-жайды іс жүзінде беру тиісті тұлғалардың қабылдау-беру актілеріне қол қоюы арқылы жүргізіледі.
      Қазақстан Тарапы берілетін үй-жайға қатысты барлық қажетті құжаттаманы Палестина Тарапына беруге міндеттенеді.
      Қазақстан Тарапы үй-жайды осы Келісімге қол қою сәтінде болған жай-күйінде іс жүзінде беруге міндеттенеді.

6-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара уағдаластықтары бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім үш (3) жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірде-бірі ағымдағы кезең аяқталғанға дейін алты (6) айдан кешіктірмей оның қолданысын ұзарту жөніндегі өзінің ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша хабарламаса, оның қолданысы автоматты түрде тоқтатылады.

      2010 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының             Палестина Мемлекетінің
            Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

      2010 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Палестина Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласындағы офистік үй-жайды өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                            Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні араб және ағылшын телдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады