"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 27 желтоқсандағы № 366-IV Заңы

      1-бап. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 5, 51-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 9, 49-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 6-бап мынадай мазмұндағы 27-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «27-1) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою;»;

      2) 9-баптың 2-тармағында:
      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Сыртқы істер министрлігінде басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі не жауапты хатшы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды адам жүргізеді.»;
      мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Шет елдердегі мекемелерде басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі жүргізеді.»;

      3) 11-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Төтенше және өкілетті елшінің, І және ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкілдің дипломаттық дәрежелерін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
      Жоғарыда санамаланған дипломаттық дәрежелерді беруге ұсынысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асыруға қатысуының тиімділігін және Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларын іске асыруға қатысуының тиімділігін ескере отырып енгізеді.
      Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілі лауазымында кемінде екі жыл дипломатиялық қызмет өтілі бар дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
      І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымдарын атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
      ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломаттық дәрежесі Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасынан, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшіден, департамент директорынан, Қазақстан Республикасының сенімді өкілінен, Қазақстан Республикасының бас консулынан төмен емес лауазымды атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
      Басқа дипломаттық дәрежелерді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі береді.
      Дипломаттық дәрежелерді беру тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.»;

      4) 19-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      «1-1. Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің және олардың жұбайларының Қазақстан Республикасының дипломаттық паспортын өмір бойы пайдалануға құқығы бар.»;

      5) 25-баптың 5-тармағындағы «бастауыш,» деген сөз «мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту, бастауыш,» деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 26-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «26-бап. Жерлеу шығыстарын өтеу

      1. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызметтің қызметкерін немесе жұмыскерін жерлеу үшін оның отбасы мүшесіне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
      Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшесін жерлеу үшін дипломатиялық қызметтің қызметкеріне немесе жұмыскеріне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
      2. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің не отбасы мүшесінің мәйітін Қазақстан Республикасына оның тұрақты тұратын жеріне немесе қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшелерімен не дипломатиялық қызметтің қызметкерімен немесе жұмыскерімен келісім бойынша кез келген басқа жерге жеткізу және онымен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.»;

      7) мынадай мазмұндағы 32-1-баппен толықтырылсын:

      «32-1-бап. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға
                 жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет
                 персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды
                 қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдар осы Заңның 25-бабы 2, 3, 5, 7-12-тармақтарының, 29-бабының өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай өтемақысын төлеу бөлігінде көзделген ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнеткерлік және медициналық қамтамасыз ету мәселелерінде тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына теңестіріледі.
      2. Егер Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдардың халықаралық ұйымда ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнеткерлік және медициналық қамтамасыз етілуі тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына қарағанда аз болса, теңестірілген лауазым бойынша айырма Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
      3. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына теңестіру Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.».

      2-бап. Осы Заң 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады