Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 29 наурыздағы № 423-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2010 жылғы 5 шілдеде Астанада жасалған Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу
режимінен жекелеген уақытша алулар туралы
ХАТТАМА 

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
      кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында айқындалған кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен уақытша алуларды белгілеу туралы уағдаластықты назарға ала отырып,
      Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыруды тездетіп аяқтау қажеттігін назарға ала отырып,
      өзара саудадағы барлық шектеулерді толық алып тастау және үшінші елдермен саудада бірыңғай сауда режимін қолдану қажеттігін тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының (бұдан әрі - КО СЭҚ ТН) 8703 тауар позициясында жіктелетін, жалпы пайдаланымдағы жолдармен жүруге арналмаған квадроциклдарды, қармен жүретін машиналарды және өзге де жеңіл көлік құралдарын (бұдан әрі - автомобильдер) қоспағанда, негізінен адам тасымалдауға арналған, КО СЭҚ ТН-ның 8703 тауар позициясында жіктелетін, жеке пайдалануға арналған жеңіл автомобильдер мен өзге де моторлы көлік құралдарына қатысты кедендік баждардың, салықтардың ставкалары, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету мөлшері аумағында осындай автомобильдерді шығару жүзеге асырылатын Тараптың заңнамасымен, бірақ 2010 жылғы 1 қаңтарда Беларусь Республикасында белгіленген осыған ұқсас ставкалардан төмен емес мөлшерде белгіленеді.
      Автомобильдерді бір Тараптың кеден органынан екінші Тараптың кеден органына дейін кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастырған кезде кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету сомасы кеден органы автомобильдер шығаруды жүзеге асыратын Тараптың аумағында тұрақты айналымға шығару мақсатында автомобильдер шығарған кезде төлеуге жататын кедендік баждар, салықтар сомасы ескеріле отырып, бірақ осы автомобильдерге қатысты басқа Тараптарда ұсынылуға жататын кедендік баждарды, салықтарды қамтамасыз ету сомасынан кем емес мөлшерде айқындалады.
      Осы баптың ережелері 2011 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылады.

2-бап

      Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде бір Тарапта (шығарған мемлекет) шығарылған және басқа Тараптың (әкелетін мемлекет) аумағына әкелінетін, әкелетін мемлекеттің заңнамасында олар үшін арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақылық және жауап шаралары белгіленген немесе әкелетін мемлекет тауарлардың шығарылған еліне және оларды әкелу шарттарына қарай шығаратын мемлекетке қарағанда неғұрлым жоғары кедендік баждарды қолданатын, әкелетін мемлекеттің аумағына әкелу кезінде кедендік бақылау жүргізілетін тауарларға қатысты кедендік декларациялау жүзеге асырылады және көрсетілген шаралар қолданылады және (немесе) әкелетін мемлекеттің заңнамасына сәйкес кедендік баждар алынады.
      Егер мұндай тауарларға қатысты Тарап арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақылық және кеден одағының шарттық-құқықтық базасында көзделген өзге де шараларды қолданған жағдайда, басқа Тараптың аумағынан әкелінетін тауарлар Тарап аумағында кедендік декларациялауға жатады.
      Осындай шараларды белгілейтін Тарап өз аумағына тауарлардың келу және осындай тауарлармен жұмыс істеу тәртібін айқындауға құқылы. Тараптар үшінші елдермен сауда режимін біріздендіруді аяқтау жөніндегі, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық шараларды қайта қарау жөнінде шаралар қабылдайды.
      Осы баптың ережелері мемлекет басшылары деңгейіндегі ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (кеден одағының жоғарғы органы) 2009 жылғы 19 желтоқсандағы 35 шешімімен бекітілген Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарында көзделген халықаралық шарттардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнге дейін қолданылады.

3-бап

      Қазақстан Республикасы кеден одағының Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленген ставкалардан өзгеше кедендік баж ставкаларын қолданатын тауарлар (осы тауарлардың тізбесі Кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы № 130 шешіміне № 5 қосымшада келтірілген) Беларусь Республикасының және Ресей Федерациясының аумағына әкелінген кезде олар кедендік декларациялауға және кедендік бақылауға жатады, оларға қатысты кеден одағының Бірыңғай кедендік тарифінің ставкалары бойынша есептелген кедендік әкелу баждарының сомасы мен тауар шығарылған кезде төленген кедендік әкелу баждары сомасының айырмасы мөлшерінде кедендік баждар алынады.
      Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы көрсетілген тауарлардың өз аумағына әкеліну тәртібін айқындауға құқылы.
      Осы баптың ережелері мемлекет басшылары деңгейіндегі ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (кеден одағының жоғарғы органы) 2009 жылғы 19 желтоқсандағы № 3 шешімімен бекітілген Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарында көзделген халықаралық шарттардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнге дейін қолданылады.

4-бап

      Осы Хаттаманың 2 және 3-баптарын іске асыру мақсатында Тараптар көрсетілген баптардың қолданылу кезеңінде бір Тараптың аумағынан басқа Тараптың аумағына өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарының мониторингі мен есебін жүзеге асыруға құқылы.

5-бап

      Депозитарий мемлекет басшылары деңгейіндегі ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (кеден одағының жоғарғы органы) 2009 жылғы 19 желтоқсандағы № 35 шешімімен бекітілген Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарында көзделген халықаралық шарттардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Беларусь Республикасының орындағаны туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап Тараптар өзара саудада кедендік әкету баждарын (балама әрекеті бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) қолданбайды.
      Тараптар үшінші елдермен сауда кезінде кедендік әкету баждарын өндіріп алу мен есепке алу тәртібін айқындайтын келісім жасасады.
      Тараптар 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін осы баптың бірінші абзацында көрсетілген халықаралық шарттарға қол қою үшін қажетті шараларды қабылдайды.

6-бап

      Осы Хаттама ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Хаттама депозитарий дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді, бірақ 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енетін күннен ерте күшіне енбейді.
      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы осы Хаттаманың депозитарийі болып табылатын және әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.

Беларусь Республикасы    Қазақстан Республикасы    Ресей Федерациясы
          үшін                   үшін                    үшін

Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу
режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттама бойынша
Беларусь Республикасының мәлімдемесі

      Беларусь Республикасы Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттамаға қол қою кезінде Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара саудада Хаттаманың 5-бабында көрсетілген әкетілетін кеден баждарын қолдану деген тек халықаралық шарттармен белгіленген әкетілетін кеден баждар, нақтырақ айтсақ - шикі мұнай ұғымын білдіреді.
      Беларусь Республикасы Ресей Тарапының мұнайдан жасалған өнімдерді Беларусь Республикасына жеткізу кезінде кеден баждарын алу заңсыз екені туралы және осы әрекеттердің кеден одағының шарттық-құқықтық базасы шеңберінде Ресей Федерациясының міндеттемелерімен сыйыспайтындығын мәлімдейді.

      Беларусь Республикасы
      Премьер-министрінің орынбасары             А.В.Кобяков 

      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Кеден одағының бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады