Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 30 маусымдағы № 449-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Шарт қолданысын тоқтатты - ҚР 24.12.2014 N 266-V Заңымен.

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші
субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына
жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері
туралы шарт

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер,
      халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартты негізге ала отырып,
      Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарды Кеден одағына мүше мемлекеттердің біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында,
      2010 жылғы 5 шілдедегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Соты Статутының 14-бабының 3-тармағына сәйкес,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      «шаруашылық жүргізуші субъект» - Кеден одағына мүше мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлға не Кеден одағына мүше мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;
      «сот шығасылары» - сарапшыларға, куәгерлерге және аудармашыларға төлеуге жататын ақшалай сома, адвокаттар мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотында шаруашылық жүргізуші субъектінің мүдделерін білдіретін өзге де тұлғалардың қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстар және істің Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотында қаралуына байланысты ол бойынша Тараптар шеккен басқа да шығыстар;
      «Кеден одағы комиссиясының актілері» - Кеден одағы комиссиясының міндетті сипаты бар және кәсіпкерлік пен өзге экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдері.

2-бап

      1. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Соты (бұдан әрі - Сот) шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштері (бұдан әрі - өтініштер) бойынша:
      1) Кеден одағы комиссиясының актілеріне немесе олардың жекелеген ережелеріне дау айту туралы;
      2) Кеден одағы комиссиясының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерді қарайды.
      2. Кеден одағы комиссиясының актілеріне немесе олардың жекелеген ережелеріне не Кеден одағы комиссиясының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту үшін олардың Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға кәсіпкерлік және өзге экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің осы халықаралық шарттармен берілген құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқтырған сәйкессіздігі негіз болып табылады.
      3. Сот, егер сол нысана туралы және сол негіздер бойынша бұрын қаралған іс бойынша Соттың күшіне енген шешімі болса, өтінішті қарауға қабылдамайды.

3-бап

      1. Егер шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарды және Кеден одағы комиссиясының актілерін қолдану мәселелері істің мәні бойынша шешілуіне елеулі ықпал етсе, Кеден одағына мүше мемлекеттің сот билігінің жоғары органы бұл мәселелер бойынша қорытынды шығару туралы сұраумен Сотқа жүгінуге құқылы.
      2. Кеден одағына мүше мемлекеттің сот билігінің жоғары органында дауды қарау кезінде іске қатысушы шаруашылық жүргізуші субъект өзінің Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда және Кеден одағы комиссиясының актілерінде көзделген құқықтары мен заңды мүдделері бұзылды деп пайымдаса, осы органға қорытынды шығару туралы сұрауды Сотқа жіберу туралы қолдаухатпен жүгінуге құқылы.
      3. Егер қорытынды шығару туралы сұраумен жүгіну туралы мәселе Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ол бойынша шешім шағымдануға жатпайтын Кеден одағына мүше мемлекеттің сот билігінің жоғары органының қарауындағы істе мәлімделсе, қорытынды шығару сұралатын мәселелер істің мәні бойынша шешілуіне елеулі әсер етуі және Соттың ұқсас сұраулар бойынша бұдан бұрын қорытындылар шығармауы шартымен, осы орган Сотқа жүгінуге міндетті.

4-бап

      1. Кеден одағы комиссиясына шаруашылық жүргізуші субъект алдын ала жүгінгеннен кейін ғана Сот өтінішті қарауға қабылдайды.
      Егер Кеден одағының комиссиясы келіп түскен өтініш бойынша 2 ай ішінде шаралар қабылдамаса, шаруашылық жүргізуші субъект Сотқа жүгінуге құқылы.
      2. Сотқа өтініш беру Кеден одағы комиссиясы актілерінің қолданылуын тоқтата тұру үшін негіз болып табылмайды.

5-бап

      1. Сотқа жіберілетін өтініште:
      1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, оның кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы деректер немесе заңды тұлғаның атауы және осындай ретінде оның тіркелгені туралы деректер;
      2) елдің ресми атауын, пошталық мекенжайын (хат алмасу үшін мекенжай) қоса алғанда, жеке тұлғаның тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жері, сондай-ақ телефон, факс нөмірі, электрондық поштаның мекенжайы (егер олар болған жағдайда);
      3) Кеден одағы комиссиясының дау айтылатын актісінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жарияланым көзі және (немесе) Кеден одағы комиссиясы іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) сипаты;
      4) шаруашылық жүргізуші субъектінің пікірінше, Кеден одағы комиссиясының дау айтылатын актісімен және (немесе) Кеден одағы комиссиясының іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) бұзылатын құқықтары мен заңды мүдделері;
      5) шаруашылық жүргізуші субъектінің Кеден одағы комиссиясының актісін және (немесе) Кеден одағы комиссиясының іс-әрекетін (әрекетсіздігін) Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттармен өзіне берілген кәсіпкерлік және өзге экономикалық қызмет саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады деп тану туралы талабы;
      6) Кеден одағы комиссиясына жүгінгені туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
      2. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) Кеден одағы комиссиясының дау айтылатын актісінің мәтіні;
      2) заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің көшірмесі;
      3) Кеден одағы комиссиясына жүгінуін растайтын құжаттар;
      4) баждың төленгенін растайтын құжат;
      5) шаруашылық жүргізуші субъектінің талаптары негізделетін өзге де құжаттар.
      3. Сот іс бойынша тараптарды өтінішті қарауға қабылдау туралы не бас тарту негізін көрсете отырып, өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы хабардар етеді.

6-бап

      Сот істі қараудың кез келген сатысында Сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету немесе шаруашылық жүргізуші субъектілердің Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен заңды мүдделерінің ықтимал бұзылуын болдырмау мақсатында іс бойынша тараптың қолдаухаты бойынша немесе жеке бастамасы бойынша ақылға қонымды, оның ішінде қамтамасыз ету сипатындағы уақытша шараларды қабылдауға құқылы.

7-бап

      1. Шаруашылық жүргізуші субъектінің Сотқа жүгінуіне баж салынады.
      2. Шаруашылық жүргізуші субъект бажды Сотқа өтініш бергенге дейін төлейді.
      3. Сот шаруашылық жүргізуші субъектінің өтініште көрсетілген талаптарын қанағаттандырған жағдайда, бажды қайтару жүзеге асырылады.
      4. Баждың мөлшерін, төлем валютасын есептеу, пайдалану және қайтару тәртібін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесі (мемлекет басшылары деңгейінде) анықтайды.

8-бап

      Іс бойынша әрбір тарап өздерінің сот шығасыларын өздері көтереді.

9-бап

      1. Сот шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатысуымен істерді қарау үшін құрамына Кеден одағына мүше әр мемлекеттен бір судья кіретін Сот Алқасын құрады.
      2. Істі қарау мерзімі Сот өтінішті алған күннен бастап 3 айдан аспайды.
      3. Егер осы Шарттың 10-бабында көзделген тәртіппен Сот Алқасының шешіміне шағым жасалмаса, ол Сот шешімі болып табылады.
      4. Сот Кеден одағы комиссиясының актісіне және (немесе) Кеден одағы комиссиясының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерді қарау кезінде сот отырысында:
      1) Кеден одағы комиссиясының дау айтылатын актісінің немесе оның жекелеген ережелерінің және (немесе) Кеден одағы комиссиясының дау айтылатын іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкестігін;
      2) Кеден одағы комиссиясының дау айтылатын актіні немесе оның жекелеген ережелерін қабылдауға өкілеттіктерін;
      3) кәсіпкерлік және өзге экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерге Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттармен берілген олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу фактісін тексеруді жүзеге асырады.

10-бап

      1. Егер Сот Алқасының шешіміне іс бойынша тараптар Соттың Аппеляциялық палатасына шағымданбаса, ол шығарылған күнінен бастап күнтізбелік 15 күннен кейін күшіне енеді.
      2. Сот Алқасының шешімімен Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттармен берілген өзінің құқықтары мен заңды мүдделері олардың дұрыс қолданылмауына байланысты бұзылды деп пайымдайтын іс бойынша тарап Сот алқасының күшіне енбеген шешіміне Соттың Аппеляциялық палатасына шағымдануға құқылы.
      3. Соттың Аппеляциялық палатасының құрамына Кеден одағына мүше мемлекеттерден Сот Алқасының шешімі шағымдалып отырған істі қарауға қатыспаған Соттың судьялары кіреді.
      4. Соттың Аппеляциялық палатасының шешімі Сот шешімі болып табылады және ол шығарылған күнінен бастап күшіне енеді.
      5. Сот шешімі түпкілікті және шағымдануға жатпайды.
      6. Сот шешімі 2010 жылғы 5 шілдедегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Соты Статутының 23-бабында көзделген тәртіппен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
      7. Сот шешіміне не оның жекелеген ережелеріне іс бойынша тараптардың қолдаухаты бойынша ресми түрде Соттың өзі ғана, сондай-ақ өз бастамасы бойынша түсініктеме берілуі мүмкін.

11-бап

      1. Сот Кеден одағы комиссиясының актілеріне немесе олардың жекелеген ережелеріне дау айту туралы істерді қарау нәтижелері бойынша:
      1) дау айтылатын актіні немесе оның жекелеген ережелерін Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес келеді деп тану туралы;
      2) дау айтылатын актіні немесе оның жекелеген ережелерін Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп тану туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      2. Сот Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деп таныған Кеден одағы комиссиясы актісінің немесе оның жекелеген ережелерінің қолданылуы Сот шешімі күшіне енген күннен бастап тоқтатыла тұрады және Кеден одағы комиссиясы осы актіні немесе оның жекелеген ережелерін Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес келтіреді.
      3. Сот Кеден одағы комиссиясының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерді қарау нәтижелері бойынша:
      1) дау айтылатын іс-әрекетті (әрекетсіздікті) Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес келмейді және кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады деп тану туралы;
      2) дау айтылатын іс-әрекетті (әрекетсіздікті) Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес келеді және кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызмет саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды деп тану туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      4. Сот шығындарды өтеу туралы талапты немесе мүліктік сипаттағы өзге де талаптарды қараусыз қалдырады.

12-бап

      1. Сот шаруашылық жүргізуші субъектілердің Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен заңды мүдделері Кеден одағы комиссиясының актісімен немесе іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) бұзылғандығын анықтаған Соттың күшіне енген шешімін Кеден одағы комиссиясы ақылға қонымды, бірақ Сот шешімі күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде орындауға міндетті.
      2. Кеден одағы комиссиясы Сот шешімін орындамаған жағдайда, шаруашылық жүргізуші субъект оны орындау жөнінде шаралар қабылдау туралы қолдаухатпен Сотқа жүгінуге құқылы.
      3. Сот шаруашылық жүргізуші субъектінің қолдаухаты бойынша ол түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Үкімет басшылары деңгейінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесіне (Кеден одағының Жоғары органына) осы мәселе бойынша олардың шешім қабылдауы үшін жүгінуге міндетті.

13-бап

      1. Осы Шартпен реттелмеген бөлігінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштері бойынша істерді қарау рәсімі Соттың Шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштерін қарау жөніндегі регламентімен (бұдан әрі - Регламент) айқындалады.
      2. Регламент Сот Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясымен келісім бойынша әзірлейді және бекітеді.

14-бап

      Осы Шарттың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

15-бап

      Осы Шартқа өзгерістер Тараптардың өзара келісуі бойынша енгізіледі және хаттамалармен ресімделеді.

16-бап

      Осы Шарт осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30-күні күшіне енеді.
      Осы Шарттың түпнұсқа данасы осы Шарттың депозитарий бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.
      Осы Шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелуге жатады.
      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

 Беларусь Республикасы   Қазақстан Республикасы   Қырғыз Республикасы
        үшін                      үшін                   үшін

    Ресей Федерациясы үшін            Тәжікстан Республикасы үшін

      Беларусь Президенті А.Г.Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Р.И.Отынбаева, Ресей Федерациясының Президенті Д.А.Медведев, Тәжікстан Республикасының Президенті Э. Рахмон қол қойған осы мәтіннің толық және «Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шарт туралы» 2010 жылғы 9 желтоқсандағы № 534 ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің шешім түпнұсқасының көшірмесіне сай екендігін растаймын.
      Түпнұсқаның данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.

Барлық 9 бет тігілген,
қолтаңба мен мөртаңбасы
қойылған              

      ЕурАзЭҚ ИК Секретариатының
      Құқықтық департаментінің Басшысы            С. Князев

      16.12.10

      Мәскеуде 2010 жылғы 9 желтоқсанда жасалған Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шарт бойынша ЕурАзЭҚ ИК Хатшылығы мәлімдемесінің орыс тіліндегі нұсқасы қазақ тіліне аударылған нұсқасына сай келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрлігінің
      Халықаралық шарттарды сараптау
      департаментінің директоры                  Э. Әзімова

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шарттың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Н. Сәкенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады