Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 2 шілдедегі № 451-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің
бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 9-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының үкіметтері,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
      бірыңғай қағидаттар мен қағидалар негізінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің келісілген саясатын жүзеге асыруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бөлім
Жалпы ережелер

1-бап
Келісімнің мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты табиғи монополиялар субъектілері өткізетін қызметтердің қол жетімділігін, Тараптар мемлекеттерінде табиғи монополиялар субъектілерінің жұмыс істеу тиімділігін және дамуын қамтамасыз ететін тұтынушылардың, табиғи монополиялар субъектілерінің және қоғамның мүдделерінің теңдестігін қамтамасыз ету үшін Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен жалпы қағидаларын қалыптастыру және белгілеу және олардың негізінде Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеу саласындағы ұлттық заңнамасын үйлестіру үшін құқықтық негіздер жасау болып табылады.

2-бап
Келісімде пайдаланылатын терминдердің анықтамасы

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      «ішкі нарық» - табиғи монополиялар субъектілерінің қызметі айналымда болатын Тарап мемлекетінің нарығы;
      «табиғи монополия» - қызметтердің осы түрінің өндірілуінің және ұсынылуының технологиялық ерекшеліктеріне байланысты қызметтердің белгілі бір түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдай жасау мүмкін емес немесе экономикалық орынсыз болатын қызметтер нарығының жай-күйі;
      «тұтынушы» - табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерді пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші азаматтық құқық субъектісі (жеке немесе заңды тұлға);
      «табиғи монополия субъектісі» - Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген табиғи монополиялар салаларында қызметтер көрсететін шаруашылық субъектісі;
      «қызметтер көрсету» - азаматтық айналым объектісі болып табылатын қызметтерді көрсету (ұсыну), тауарларды өндіру (өткізу);
      «шаруашылық субъектісі» - шаруашылық қызметін өз атынан жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға;
      «табиғи монополиялар саласы» - тұтынушы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін ала алатын табиғи монополияға заңды түрде жатқызылған қызметтердің айналым саласы;
      «Тараптардың ұлттық заңнамасы» - табиғи монополиялар салаларына қатысты Тараптар мемлекеттері әрқайсысының заңнамасы;
      «Тараптардың ұлттық органдары» - табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеуді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің органдары;
      «секторалдық (салалық) келісімдер» - осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген табиғи монополиялар салаларына қатысты Тараптардың екіжақты халықаралық шарттарын қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің халықаралық шарттары;
      «табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу» - техникалық мүмкіндік болған кезде Тараптың бірінші мемлекетінің түтынушыларына осындай қызмет ұсынылатыннан кем болмайтын шарттармен бір Тарап мемлекетінің табиғи монополиялар субъектілерінің табиғи монополиялар субъектілеріне жататын қызметтерді екінші Тарап мемлекетінің тұтынушыларына көрсетуі.

3-бап
Келісімнің қолданылу саласы

      1. Осы Келісім Тараптар мемлекеттері арасындағы саудаға әсер ететін және осы Келісімге 1-қосымшада аталған табиғи монополиялар салаларындағы Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілері, тұтынушылары, атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін өзі басқару органдары қатысатын қарым-қатынастарға қатысты болады.
      2. Осы Келісімді табиғи монополиялардың нақты салаларында қолдану ерекшеліктері, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру кезеңділігі тиісті секторалдық (салалық) келісімдерде айқындалады.
      3. Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялар салаларына, сол сияқты осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген табиғи монополиялар салалары жатады.
      Осы Келісімге 2-қосымшада аталған табиғи монополиялар салаларына қатысты Тараптардың ұлттық заңнамасының талаптары қолданылады.
      4. Табиғи монополиялар салаларына жатқызылатын табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің тізбесі Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленеді.
      5. Тараптар оларды қысқарту және секторалдық (салалық) келісімдерде өтпелі кезеңді айқындау мүмкіндігі жолымен осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көрсетілген табиғи монополиялар салаларының үйлесімділігіне ұмтылады.
      6. Тараптар мемлекеттерінде табиғи монополиялар салаларын кеңейту:
      - егер Тарап мемлекеті екінші Тарап мемлекетінде табиғи монополия саласы болып табылатын және осы Келісімге 1 немесе 2-қосымшаларда келтірілген саланы табиғи монополиялар саласына жатқызуға ниет білдірген жағдайда, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес;
      - егер Тарап мемлекеті Кеден одағының комиссиясына тиісті өтініш бергеннен кейін осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көрсетілмеген табиғи монополиялардың өзге саласын табиғи монополиялар саласына жатқызуға ниет білдірген жағдайда, Кеден одағы комиссиясының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      7. Осы Келісім Тараптардың қолданыстағы екіжақты келісімдерінде реттелген қарым-қатынастарға қатысты емес. Тараптардың жаңадан жасалатын секторалдық (салалық) келісімдері осы Келісімге қайшы келе алмайды.
      8. Тараптардың бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімі осы Келісімде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылады.
      9. Газды тасымалдау саласы баға белгілеу және тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газды тасымалдау жүйелері бойынша газды тасымалдау саласындағы табиғи монополиялардың қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісіммен реттеледі.

2-бөлім
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу

4-бап
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің жалпы қағидаттары

      Осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көрсетілген табиғи монополиялар салаларындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу және (немесе) бақылау кезінде Тараптар басшылыққа алатын қағидаттар:
      1) көрсетілетін қызметтердің қол жетімділігін және тұтынушылар үшін олардың сапасының тиісті деңгейін, Тараптар мемлекеттерінің тұтынушылары мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңдестігін сақтау, табиғи монополиялар субъектілерінің тиімді жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ететін;
      2) табиғи монополиялар салаларын осы салаларда бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасау есебінен кейіннен қысқартуға бағытталған реттеу тиімділігін арттыру;
      3) салалық ерекшеліктерді, қызмет ауқымдарын, нарықтық конъюнктураны, орта мерзімді (ұзақ мерзімді) макроэкономикалық және салалық болжамдарды, сондай-ақ осы субъектілерді тарифтік (бағалық) реттеу шараларын, табиғи монополиялар субъектілерін икемді тарифтік (бағалық) реттеуді қолдану; оның ішінде тұтынушының (тұтынушылар топтарының) Тараптардың кез келгенінің мемлекетіне тиесілілігі қағидаты бойынша белгіленуі мүмкін болмайтын сараланған тариф белгілеу мүмкіндігін қолдануды ескере отырып;
      4) тиісті ішкі нарықты талдау негізінде, осы нарық табиғи монополия жағдайында тұрғандығы белгілі болған жағдайларда реттеуді енгізу;
      5) ішкі нарықтарға қол жеткізуді, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету жолымен кедергілерді азайту;
      6) қабылданатын шешімдердің тәуелсіздігін, сабақтастығын, ашықтығын, объективтілігі мен айқындылығын қамтамасыз ететін табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу рәсімдерін қолдану;
      7) Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалған техникалық мүмкіндік болған кезде реттеу қолданылатын қызметтер көрсетуге табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылармен шарттар жасасу міндеттілігі;
      8) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын табиғи монополиялар субъектілерінің сақтауын қамтамасыз ету;
      9) реттеудің нақты табиғи монополия субъектісіне бағытталуы;
      10) белгіленетін тарифтердің (бағалардың) реттеу қолданылатын табиғи монополиялар салаларындағы қызметтердің сапасына сәйкестігін қамтамасыз ету;
      11) тұтынушылардың мүдделерін, оның ішінде реттелетін қызметтер бойынша тарифтерді (бағаларды) қолдануға байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің әртүрлі бұзушылықтарынан қорғау;
      12) табиғи монополиялар субъектілеріне шығындарды қысқарту, жаңа технологияларды енгізу, инвестицияларды пайдаланудың тиімділігін арттыру тиімді болатын экономикалық жағдайлар жасау болып табылады.

5-бап
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің түрлері мен әдістері

      1. Тараптар мемлекеттері осы Келісімде белгіленген табиғи монополияларды реттеудің ортақ қағидаттары мен қағидаларының негізінде Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің түрлерін (нысандарын, тәсілдерін, әдістерін, құралдарын) қолданады.
      2. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеуді жүзеге асыру кезінде реттеудің мынадай түрлері (нысандары, әдістері, тәсілдері, құралдары) қолданылады:
      1) тарифтік (бағалық) реттеу;
      2) осы Келісімде белгіленген реттеу түрлері;
      3) Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген реттеудің өзге де түрлері.
      3. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қосылу (қосу) құнын белгілеуді қоса алғанда, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тарифтік (бағалық) реттеу:
      1) ұлттық органның табиғи монополиялар субъектілері үшін реттелетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды), оның ішінде ұлттық орган бекіткен әдістеме (формула) және оны қолдану қағидалары негізінде олардың шекті деңгейлерін, сондай-ақ ұлттық органның табиғи монополиялар субъектілерінің белгіленген тарифтерді (бағаларды) қолдануына тиісті бақылауды белгілеуі (бекітуі);
      2) ұлттық органның табиғи монополия субъектісі оларға сәйкес тарифтерді (бағаларды) белгілейтін және қолданатын әдістемені және оны қолдану ережелерін белгілеуі (бекітуі), сондай-ақ ұлттық органның табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді (бағаларды) белгілеуі мен қолдануын бақылауы жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
      4. Тарифтік (бағалық) реттеуді жүзеге асыру кезінде Тараптардың ұлттық органдары Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес, оның ішінде тарифтік (бағалық) реттеудің мынадай әдістерін немесе олардың үйлесімділігін қолдануға құқылы:
      1) экономикалық негізделген шығындардың әдістері;
      2) индекстеу әдісі;
      3) инвестициялық капитал кірістілігі әдісі;
      4) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін салыстырмалы талдау әдісі.
      5. Тарифтерді (бағаны) реттеу кезінде:
      1) реттелетін қызметті жүзеге асыруға байланысты экономикалық негізделген шығындарды табиғи монополиялар субъектілеріне өтеуі;
      2) экономикалық негізделген пайда алуы;
      3) табиғи монополиялар субъектілерін шығыстарды төмендетуге ынталандыру;
      4) көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын ескере отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) қалыптастыру ескеріледі.
      6. Тарифтерді (бағаларды) белгілеу кезінде:
      1) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында табиғи монополиялардың жұмыс істеу ерекшеліктері, оның ішінде техникалық талаптар мен регламенттердің ерекшеліктері;
      2) мемлекеттік дотациялар және мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары;
      3) нарық конъюнктурасы, оның ішінде нарықтың реттелмейтін сегменттеріндегі бағалар деңгейі;
      4) аумақтардың даму жоспарлары;
      5) мемлекеттік салық, бюджет, экологиялық және әлеуметтік саясат;
      6) энергия тиімділігі және экологиялық аспектілер бойынша іс-шаралар ескерілуі мүмкін.
      7. Табиғи монополия субъектісінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) реттеу кезінде табиғи монополия субъектісінің шығындарын қалыптастырған кезде табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерінің түрлері бойынша шығындарды, оның ішінде инвестицияларды, сондай-ақ кірістерді, іске қосылған активтерді бөлек есепке алуды жүзеге асыру көзделеді.
      8. Табиғи монополия субъектісінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) реттеу реттеудің, оның ішінде реттелетін қызметтердің сенімділігі мен сапасының деңгейі, тиісті қызметтерді жеткізуге байланысты шығындардың өзгеру серпіні, кірістілік нормасы, инвестицияланған капиталды қайтару мерзімі және өзге де параметрлер жатуы мүмкін ұзақ мерзімді параметрлері негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
      Табиғи монополия субъектісінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) реттеудің мақсаты үшін табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін салыстырмалы талдау әдісі пайдаланыла отырып алынған реттеудің ұзақ мерзімді параметрлері де пайдаланылуы мүмкін.
      9. Осы баптың ережелерін табиғи монополиялардың нақты салаларында қолдану ерекшеліктері тиісті секторалдық (салалық) келісімдерде айқындалуы мүмкін.
      Тараптар секторалдық (салалық) келісімдерде Тараптардың тарифтерді (бағаларды) қалыптастыру мен қолдану әдістерін (тәсілдерін, әдістемелерін) келісуінің арнайы рәсімдері қолдануы мүмкін табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің тізбесін және (немесе) табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесін белгілеуге құқылы.

6-бап
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету қағидасы

      1. Тараптар осы Келісімнің 2-бабында айқындалғандай, өзінің ұлттық заңнамасында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін реттеу қағидаларын белгілеуге міндеттенеді.
      Тараптар әрқайсысының ұлттық органдары табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тұтынушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларының және оларға қосу (қосылу/пайдалану) шарттарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
      2. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тұтынушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларына:
      1) шарттардың елеулі талаптары, сондай-ақ оларды жасасу және орындау тәртібі;
      2) техникалық мүмкіндіктердің болуын айқындау тәртібі;
      3) табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтер, олардың құны, оларға қол жеткізу, өткізудің ықтимал көлемі, осындай қызметтерді көрсетудің техникалық пен технологиялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты ұсыну тәртібі;
      4) мүдделі тұлғалардың табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің айналымын және (немесе) оларға қол жеткізу шарттарын салыстыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ашық ақпаратты алу талаптары;
      5) коммерциялық құпия бола алмайтын ақпарат тізбесін;
      6) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу мәселелері бойынша шағымдарды, арыздарды қарау және дауларды реттеу тәртібі кіреді.
      3. Табиғи монополиялардың нақты салаларында транзит мәселелерін қоса алғанда, осы баптың ережелерін қолдану ерекшеліктері тиісті секторалдық (салалық) келісімдерде айқындалады.
      4. Егер мұндай шарттар әрбір Тараптың ұлттық заңнамасының сақталуы шартымен тұтынушылардың Тараптардың кез келгені мемлекетіне тиесілігі қағидаты бойынша қолданылмайтын болса, Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің өз қызметтеріне Тараптар мемлекеттері тұтынушылары қол жеткізуінің сараланған шарттарын (табиғи монополияның салалық (секторалдық) келісімдерде айқындалатын әрбір жекелеген саласының ерекшелігін ескере отырып), қолдануына жол беріледі.
      5. Осы баптың 4-тармағының ережелеріне нұқсан келтірместен, Тараптардың ұлттық заңнамасында Тараптардың кез келгені мемлекетіне тұтынушылардың тиесілігін негізге ала отырып, Тараптар мемлекеттерінің тұтынушыларына қатысты табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің сараланған шарттарын белгілейтін нормалар болмауға тиіс.

7-бап
Ұлттық органдар

      1. Тараптар мемлекеттерінде Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеу және (немесе) бақылау жөнінде өкілеттіктер берілген ұлттық органдар жұмыс істейді.
      2. Тараптардың ұлттық органдары өз қызметін осы Келісімде, Тараптардың секторалдық (салалық) келісімдерінде және Тараптар мемлекеттерінің өзге де халықаралық шарттарында айқындалған бірыңғай қағидаттарға және қағидаларға сүйене отырып, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Ұлттық органдардың функцияларына:
      1) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тарифтік (бағалық) реттеу;
      2) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу, оның ішінде Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларда табиғи монополия субъектілерінің қызметтеріне қосу (қосылу) үшін төлемдер (бағалар, тарифтер, алымдар) белгілеу;
      3) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғау;
      4) реттелетін тарифтерді (бағаларды) белгілеу және қолдану, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу мәселелері бойынша шағымдарды, арыздарды қарау, дауларды реттеу;
      5) табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын қарау, бекіту немесе келісу және олардың іске асырылуын бақылау;
      6) ақпаратты коммерциялық құпияға жатқызу жөнінде Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген шектеулерді табиғи монополиялар субъектілерінің сақтауын қамтамасыз ету;
      7) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылауды, оның ішінде тексерулер жүргізу жолымен және өзге де (мониторинг, талдау, сараптау) нысандарында жүзеге асыру;
      8) Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген өзге де функциялар жатады.

8-бап
Келісімді іске асыру

      1. Осы Келісімді іске асыру ұлттық органдарға жүктеледі.
      2. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей Тараптар бір-бірін және Кеден одағы комиссиясын өздерінің ұлттық органдарын тағайындау және олардың толық атауы туралы хабардар етеді.
      3. Бірыңғай экономикалық кеңістікті кезеңімен қалыптастыру мақсатында Кеден одағының комиссиясы мынадай функцияларды орындайды:
      1) Табиғи монополиялар салаларына қатысты Бірыңғай экономикалық кеңістікті (секторалдық (салалық) бөлікте) қалыптастырудың кезеңдік жоспарына ұсыныстар дайындайды, оның ішінде Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудың кезеңдік жоспарын іске асыру мониторингін жүргізу өлшемдері мен тәртібі жөнінде ұсыныстар қалыптастырады;
      2) ұлттық органдардың табиғи монополиялар салаларына қатысты шешімдерін үйлестіру (әзірлеу және іске асыру) тәсілдерін талдайды және ұсынады;
      3) жыл сайынғы тиісті есептер мен баяндамаларды дайындай отырып, Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу жүйесі мен практикасына салыстырмалы талдау жүргізеді;
      4) экологиялық аспектілерге, энергия тиімділігіне қатысты табиғи монополиялар салаларындағы реттеудің үйлесімділігіне жәрдемдеседі;
      5) секторалдық (салалық) келісімдерде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      4. Келісімнің осы бабында аталған, жүргізілетін жұмыстың нәтижелерін Кеден одағының комиссиясы Тараптардың ұлттық органдарымен келісім бойынша ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) қарауына ұсынады.
      5. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу саласында Тараптардың ұлттық заңнамасын үйлестіру мақсатында ЕурАЗЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесі (Кеден одағының жоғарғы органы) Кеден одағы комиссиясының ұсынысы бойынша осы салада жақындастырылуға жататын Тараптардың нормативтік құқықтық актілерін белгілейді және осы салада заңнаманы үйлестіру жөніндегі тиісті шараларды жүзеге асырудың дәйектілігін айқындайды.
      6. Кеден одағының комиссиясына осы Келісімнің орындалуын бақылау өкілеттіктері беріледі.

3-бөлім
Қорытынды ережелер

9-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен, оның ішінде Кеден одағы комиссиясының қатысуымен шешіледі, ал осындай консультациялар немесе келіссөздер басталғаннан кейін алты ай ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінген Тарап басқа мүдделі Тараптарды бұл туралы өтініш берген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмейтін мерзімде хабардар етуге тиіс.

10-бап
Келісімге өзгерістер енгізу

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап
Келісімді үшінші елдерге қатысты қолдану

      Осы Келісімде осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын үшінші мемлекетке немесе осындай үшінші мемлекеттің шаруашылық субъектілеріне осы Келісімнен туындайтын қағидалар және/немесе артықшылықтар Келісімнің кез-келген Тарабына ешбір міндеттеу ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

12-бап
Келісімнің күшіне ену тәртібі

      Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларын депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы өзі депозитарий болып табылатын, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.
      Түпнұсқа данасының көшірмелерін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті куәландырады және әрбір Тарапқа жібереді.

      Беларусь                Қазақстан             Ресей
   Республикасының         Республикасының      Федерациясының
    Үкіметі үшін            Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

Табиғи монополиялар субъектілерінің 
қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары
мен қағидалары туралы келісімге   
1-қосымша              

Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялар салалары


Беларусь Республикасы

Қазақстан Республикасы

Ресей Федерациясы

1

магистральдық мұнай құбыр жолдары арқылы мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау

мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық мұнай құбыр жолдары арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтер

магистральдық мұнай құбыр жолдары арқылы мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау

2

электр энергиясын беру және тарату

электр энергиясын беру және (немесе) тарату жөніндегі қызметтер

электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер

3



электр энергиясын желіге беруді және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызметтер;
электр энергиясын өндірудің - тұтынудың теңгерілімін ұйымдастыру жөніндегі қызметтер

электр энергетикасындағы жедел-диспетчерлік басқару жөніндегі қызметтер

4

жалпы пайдаланудағы көлік қозғалысын қамтамасыз ететін темір жол көлігі коммуникациялары көрсететін қызметтер, поездардың қозғалысын басқару, темір жол тасымалдары

магистральдық темір жол желілерінің қызметтері

темір жол тасымалдары

Табиғи монополиялар субъектілерінің 
қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары
мен қағидалары туралы келісімге   
2-қосымша              

Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялар салалары


Беларусь Республикасы

Қазақстан Республикасы

Ресей Федерациясы

1

магистральдық және таратқыш құбыр жолдары арқылы газ тасымалдау

газды немесе газ конденсатын сақтау, магистральдық және (немесе) тарату құбыр жолдары арқылы тасымалдау, газ тарату қондырғыларын және олармен байланысты газ таратушы газ құбырларын пайдалану жөніндегі қызметтер

құбыр жолдар арқылы газды тасымалдау

2

көлік терминалдарының, әуежайлардың қызметтері;
әуе қатынасы трассаларына қызмет көрсету және пайдалану, әуе қозғалысын басқару

аэронавигация қызметтері порттардың, әуежайлардың қызметтері

көлік терминалдарындағы, порттардағы және әуежайлардағы қызметтер

3

жалпы пайдаланудағы электр және пошта байланысы қызметтері

телекоммуникациялар көрсететін әмбебап қызметтерді қоспағанда, қызметтің осы түрлерін көрсетудің технологиялық мүмкін болмауы не экономикалық тиімсіздігі себебінен бәсекелес байланыс операторы болмаған кезде телекоммуникациялар қызметі;
телекоммуникациялар желілерін ортақ пайдаланудағы телекоммуникациялар желілеріне қосуға технологиялық жағынан байланысты кәбілдік кәріздер мен өзге де негізгі құралдарды мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі қызметтер, пошта байланысының жалпыға бірдей қолжетімді қызметтері

жалпы қолжетімді электр байланысының және жалпы қолжетімді почта байланысы қызметтері

4

жылу энергиясын беру және тарату

жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі қызметтер

жылу энергиясын беру жөніндегі қызметтер

5

орталықтандырылған сумен жабдықтау және суды бұру

су шаруашылығы және (немесе) кәріз жүйелері қызметтері


6



ішкі су жолдары инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қызметтер

7


концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жол қызметтері


8


кірме жолдардың қызметтері


      Осы мәтін 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында: Беларусь Республикасы атынан Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.В.Кобяков, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Е.Шөкеев, Ресей Федерациясының Үкіметі атынан Ресей Федерациясының Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары И.И.Шувалов қол қойған Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің тұпнұсқасының толық және дәлме-дәл көшірмесі екенін куәландырамын.
      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталды.

Тігілген, қол қоюмен және
мөрмен бекітілген 17 парақ

      ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті
      Хатшылығының Құқық
      департаментінің басшысы                    С. Князев

      2010 ж.13.12.

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің кеңесшісі                  М. Халимов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады