РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ
Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы
КЕЛІСІМ
(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 7-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын сезіне отырып,
экономиканы дамыту, өндірісті кеңейту, басқарудың және ғылыми-техникалық прогрестің тиімділігін арттыруды ынталандыру, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігінің шеңберінде тауар нарықтарындағы ресурстарды оңтайлы бөлуді қамтамасыз ету мақсатында,
Тараптар мемлекеттері экономикаларының тұрақты және тиімді дамуы үшін, сондай-ақ Тараптар арасында өзара сауда мен адал бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін жағдайларды қамтамасыз етуге ниеттене отырып,
халықаралық құқықтың жалпы қабылданған нормалары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің нысанасы мен қолданылу аясы
1. Осы Келісімнің нысанасы осы Келісімге қатысушы елдердің аумағында өнеркәсіптік тауарларға қатысты субсидияларды берудің бірыңғай қағидаларын белгілеу болып табылады.
2. Осы Келісімнің нормалары субсидиялардың берілуін, оның ішінде тауарларды өндіруге, өткізуге және тұтынуға тікелей байланысты қызметтерді көрсету немесе қызметтерді алу кезінде субсидиялар беруді реттейді.
3. Осы Келісімдегі ешнәрсе төмендегідей:
қандай да бір Тарапқа ашылуы оның қауіпсіздігінің елеулі мүдделеріне қайшы келеді деп есептелетін қандай да ақпаратты беру талабы немесе кез келген Тарапқа өзінің қауіпсіздігінің елеулі мүдделерін қорғау үшін де қажетті деп есептейтін мұндай іс-қимылдарды қабылдауда кедергі келтіру ретінде:
а) ыдыратылатын материалдарға немесе олар өндірілетін материалдарға қатысты;
б) қаруды, оқ-дәріні және әскери материалдарды, сондай-ақ қарулы күштерді жабдықтау мақсаттары үшін тікелей немесе жанама жүзеге асырылатын басқа да тауарлар мен материалдарды әзірлеуге, өндіруге және сатуға қатысты;
в) егер олар соғыс кезінде немесе халықаралық қатынастардағы басқа да төтенше жағдайларда қабылданса, немесе кез келген Тарапқа бүкіл әлемдегі бейбітшілікті және халықаралық қауіпсіздікті сақтау үшін оның Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша міндеттемелерді орындау үшін кез келген іс-қимылды қабылдауға кедергі ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
4. Тараптардың осы Келісімнің ережелеріне байланысты туындайтын міндеттемелері Тараптардың үшінші елдермен құқықтық қатынастарына таратылмайды.
5. Осы Келісімнің күші осы Келісімнің 2-бабының 3-тармағында айқындалған, осы Келісім қолданысқа енгізілгенге дейін Тараптар мемлекетінің аумағында берілген субсидияларға таратылмайды.
2-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) әкімшілік-аумақтық бірліктер - Ресей Федерациясының субъектілері (жергілікті өзін-өзі басқару органдары) және/немесе Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының облыстары (Минск, Астана және Алматы қалаларын қоса алғанда);
2) ұлттық экономика саласы - Тараптар мемлекеттеріндегі ұқсас тауар өндірушілердің барлығы не олардың Тараптар мемлекеттеріндегі ұқсас тауар өндірудің жалпы көлеміндегі үлесі кемінде 25 пайызды құрайтын Тараптар;
3) субсидия - Тарап мемлекетінің субсидиялайтын органы (немесе Тарап мемлекетінің уәкілеттік берген құрылымы) көрсететін қаржылық жәрдем, оның нәтижесінде басымдықтар жасалады (қамтамасыз етіледі) және ол мыналар арқылы жүзеге асырылады:
ақша қаражатын тікелей аудару (мысалы, қайтарылмайтын несиелер, кредиттер түрінде немесе жарғылық капиталдағы үлесті сатып алу немесе оны ұлғайту не осындай қаражатты аудару бойынша міндеттемелер түрінде (мысалы, кредиттер бойынша кепілдіктер);
Тарап мемлекетінің кірісіне түсуге тиіс төлемдерді алудан толық немесе ішінара бас тарту (мысалы, салық жеңілдіктері, борышты есептен шығару). Бұл ретте, экспортталатын тауарды ішкі тұтынуға арналған ұқсас тауардан алынатын баждар мен салықтардан босату немесе осындай баждар мен салықтарды азайту не осындай баждар мен салықтардың нақты есептелген сомадан аспайтын мөлшерде қайтарылуы субсидия ретінде қаралмайды;
жалпы инфрақұрылымды қолдауға және дамытуға арналған тауарлар мен қызметтерді қоспағанда, тауарлар мен қызметтер беру;
тауарларды сатып алу;
немесе кез келген Тараптың мемлекеті аумағынан өнеркәсіптік тауарды әкелуді азайтуға немесе кез келген Тараптың мемлекеті аумағынан тауардың әкетілуін арттыруға тікелей немесе жанама әрекет ететін, нәтижесінде басымдық берілетін кірістер мен бағаларды қолдаудың кез келген басқа нысаны;
4) өнеркәсіп тауарлары - ЕурАзЭҚ Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының (бұдан әрі - СЭҚ ТН) 25 - 97-топтарында жіктелетін тауарлар, сондай-ақ СЭҚ ТН сәйкес 290543, 290544 қосымша позицияларымен, 3301, 3501 - 3505 позицияларымен, 380910, 382460 қосымша позициялармен, 4101 - 4103, 4301, 5001 - 5003, 5101 - 5103, 5201 - 5203, 5301, 53021 позициялармен жіктелетін тауарларды қоспағанда, балық және балық өнімдері;
5) субсидиялайтын орган - Тараптар мемлекеттерінің субсидия беру саласында шешімдер қабылдауды жүзеге асыратын бір немесе бірнеше мемлекеттік органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары.
Субсидиялайтын орган кез келген басқа ұйымға (бұдан әрі - уәкілетті агент) субсидия беруге қатысты өзіне жүктелген бір немесе бірнеше функцияны орындауды тапсыра алады немесе белгілей алады. Уәкілетті агенттің осындай әрекеттері субсидиялайтын органның іс-қимылы ретінде қаралады.
Тараптың Мемлекет басшысының субсидия беруге бағытталған актілері субсидиялайтын органның іс-қимылы ретінде қаралады;
6) ұлттық экономика саласына келтірілетін зиян - ұлттық экономика саласына келтірілген материалдық зиян, ұлттық экономика саласына материалдық зиян келтіру қаупі немесе ұлттық экономика саласын құруды едәуір баяулату.
Ұлттық экономика саласына келтірілген материалдық зиян - тауарды өндіру, тасымалдау, сақтау кезінде субсидия берген Тарап мемлекетінің аумағынан тауарды әкелу салдарынан туындаған ұлттық экономика саласы жағдайының расталған дәлелдері бар нашарлауы және Тарап мемлекетінің аумағында ұқсас тауар өндіру және өткізу көлемінің азаюы, осындай тауар өндірісінің рентабельділігінің төмендеуінде, тауар қорларына, жұмыспен қамтамасыз етуге, жалақы деңгейіне және осы салаға салынатын инвестициялардың деңгейіне теріс әсерінде білінеді.
Ұлттық экономика саласына материалдық зиян келтіру қаупі - дәлелдермен расталған ұлттық экономика саласына материалдық зиян келтірудің сөзсіз болуы;
7) ұқсас тауар - өндіру, Тарап мемлекетінің аумағынан әкету немесе тасымалдау кезіндегі ерекше субсидия пайдаланылған тауарға толық ұқсас тауар немесе мұндай тауар болмаған жағдайда, сипаттамалары өндіру, Тарап мемлекетінің аумағынан әкету немесе тасымалдау кезінде ерекше субсидия пайдаланылған тауардың сипаттамаларына жақын тауар;
8) құзыретті орган - Тарап мемлекетінің тексеру жүргізуге жауапты мемлекеттік билік органы;
9) субсидия алушы - субсидияның пайда алушысы болып табылатын тауарды өндіруші.
________________________________
12905 43 қосымша позициясы - маннит, 290544 қосымша позициясы - сорбит; 3301 позициясы - эфир майлары, 3501 - 3505 позициясы - альбуминоидты заттар, түрлендірілген крахмал, желім; 3809 10 қосымша позициясы - үстіңгі беттерді өңдеуге арналған заттар, 382460 қосымша позициясы - сорбитол, өзге өнімдер; 4101 - 4103 позициялары - тері және тері шикізаты, 4301 позициясы - өнделмеген аң терісі, 5001 - 5003 қосымша позициясы - тазартылмаған жібек және жібектің қалдықтары, 5101 - 5103 позициялары - жануарлардың жүні және қылшығы, 5201 - 5203 позициялары - тазартылмаған мақта, мақтаның қалдықтары, түтілген мақта талшығы, 5301 позициясы - тазартылмаған зығыр, 5302 позициясы - шикі пенька.
Тауарлардың келтірілген сипаттамасының толық болуы міндетті емес.
3-бап
Ерекше субсидиялар
1. Субсидиялайтын органның өкілеттілігі бар аумақтың шегінде субсидия өнеркәсіп кәсіпорны немесе өнеркәсіп саласы немесе өнеркәсіп кәсіпорындарының топтары немесе өнеркәсіп салалары (осы Келісімде бұдан әрі - белгілі бір кәсіпорындар) үшін ерекше болуын айқындау үшін мынадай қағидаттар қолданылады:
1.1. егер субсидиялайтын орган немесе оған сәйкес субсидиялайтын орган әрекет ететін құқықтық акт субсидияға белгілі бір кәсіпорындардың ғана қолжетімділігін анық шектейтін болса, ондай субсидия, ол өнеркәсіптік кәсіпорындар тобына немесе өнеркәсіп салалары тобына субсидиялайтын орган мемлекетінің аумағындағы барлық өнеркәсіп кәсіпорындарының немесе өнеркәсіп салалары кірмеген жағдайда ерекше ретінде қаралады;
1.2. егер субсидиялайтын орган немесе субсидиялайтын орган оған сәйкес әрекет ететін құқықтық акт субсидияны алу құқығын және оның мөлшерін айқындайтын объективті өлшемдерді немесе шарттарды белгілейтін болса2, алу құқығы автоматты болып табылған және осындай өлшемдер мен шарттар қатаң орындалатын жағдайда, ерекшелік болмайды. Өлшемдер мен шарттар заңда, нұсқаулықта, құқықтық актіде немесе өзге де ресми құжаттарда тексеруге болатындай анық көрсетілуге тиіс;
1.3. егер 1.1 және 1.2-тармақшаларда жазылған қағидаттарды қолданудан туындайтын ерекше емес екендігіне қарамастан, субсидия шын мәнінде ерекше бола алады деген негіздеме болса, назарға басқа да факторлар алынуы мүмкін. Мұндай факторларға мыналар жатады:
субсидияны белгілі бір кәсіпорындардың шектелген санының пайдалануы,
белгілі бір кәсіпорындардың субсидияны артықшылықпен пайдалануы,
кейбір кәсіпорындарға субсидиялардың пропорционалды емес үлкен сомаларын беру,
сондай-ақ субсидия беру туралы шешім қабылдау кезінде субсидиялайтын орган ие дискреттілікті пайдалану тәсілі3.
Осы тармақшаны пайдаланғанда, субсидиялайтын органның өкілеттілігі бар аумақ шеңберінде экономикалық қызметтің әртараптандырылу дәрежесін, сондай-ақ осындай субсидияның әрекет ету уақытының ұзақтығын ескеру қажет.
2. Субсидиялайтын органның өкілеттілігі бар аумақтың бір бөлігі болып табылатын белгіленген географиялық өңірде орналасқан белгілі бір кәсіпорындардың пайдалануы шектелген субсидия ерекше болып табылады. Тарап мемлекетінің мемлекеттік органдарының өкілеттілік ете алатын бүкіл аумағының шегінде қолданылатын салықтық ставкаларды енгізуі немесе өзгертуі ерекше субсидия ретінде қаралмайды деп түсіну керек.
3. Осы Келісімнің 4-бабының ережесіне сәйкес келетін кез келген субсидия ерекше ретінде қаралады.
4. Осы баптың ережелеріне сәйкес ерекшелік фактісін белгілеу субсидия ерекшелігінің дәлелдемелерінің болуына негізделуі тиіс.
__________________________
2 Осы мәнмәтінде объективті өлшемдер мен шарттар бейтарап болып келетін, кейбір кәсіпорындар үшін басқа кәсіпорындармен салыстырғанда басымдықтарды жасамайтын, сипаты жағынан экономикалық және пайдалану әдісі бойынша сатылас бағытты болып келетін өлшемдер жатады, мысалы, жұмыспен қамтылғандар саны немесе кәсіпорындардың мөлшері.
3Осы қатынаста, негізінен, субсидиялауға келіп түскен сұранымдар бойынша рұқсат бермеу немесе мақұлдау жиілігі және тиісті шешімдердің уәжі туралы ақпарат назарға алынуы тиіс.
4-бап
Тыйым салынған субсидиялар
1. Субсидиялардың мынадай түрлеріне тыйым салынған:
1.1. әкетілетін субсидиялар - берілуі осы субсидияны беретін Тарап мемлекетінің аумағынан кез-келген басқа Тарап мемлекетінің аумағына тауарды әкету нәтижелерімен жалғыз немесе бірнеше шарттардың бірі ретінде байланысқан субсидиялар4;
1.2. алмастырушы субсидиялар - субсидияны беретін Тарап мемлекетінің аумағындағы тауарларды пайдалана отырып, берілуі жалғыз немесе бірнеше шарттардың бірі ретінде байланысқан субсидиялар5.
2. Егер ерекше субсидияны беру нәтижесі осы субсидияны беретін Тарапты қоспағанда, кез келген Тарап мемлекетінің ұлттық экономикасының саласына зиян келтіретін болып табылған жағдайда, мұндай субсидия тыйым салынған субсидия болып табылады6.
3. Тараптар сақталуы ерекше субсидиялар алуға қажетті, Тарап мемлекетінің субсидиялаушы органының нормативтік құқықтық актісінің немесе құқықтық актісінің негізінде қолданылатын және:
3.1. шаруашылық жүргізу субъектілерінің шараны енгізетін Тарап мемлекетінің аумағынан немесе нақты тауарлардың, олардың көлемі немесе құнының немесе жергілікті өндіріс көлемі немесе құнының анықталуынан тәуелсіз кез-келген көрсетілген Тарап мемлекетінің субсидиялаушы органының жергілікті өндіру көзінен тауарларды сатып алуды немесе пайдалануды;
3.2. шаруашылық жүргізуші субъектінің кез келген Тарап мемлекетінің аумағынан әкелінетін тауарларды сатып алуы немесе пайдалануы осы шаруашылық жүргізуші субъектінің шараны енгізген Тарап мемлекетінің аумағынан шығарылатын тауардың көлемімен немесе құнымен байланысты көлемдермен шектелуін талап ететін;
немесе мыналарды шектейтін:
3.3. шаруашылық жүргізуші субъектінің кез келген мемлекеттің Тарап аумағынан жергілікті өндірісте пайдаланатын немесе оның жергілікті өндірісіне қатысы бар тауарларды әкелуін, оның ішінде осы шаруашылық жүргізуші субъектінің кез келген Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін шараны енгізетін Тарап мемлекетінің аумағында өндірілетін тауарлардың көлеміне немесе құнына байланысты;
3.4. шаруашылық жүргізуші субъектінің кәсіпорынға тиесілі валютаның түсім көлемі арқылы кез келген Тарап мемлекетінің валютасына қол жетімділікті шектеу жолымен шаруашылық жүргізуші субъектінің кез келген тарап Тарап мемлекетінің аумағынан жергілікті өндірісте пайдаланатын немесе оған қатысы бар тауарларды әкелуін;
3.5. шаруашылық жүргізуші субъектінің кез келген Тарап мемлекетінің аумағына тауарларды әкетуін немесе шаруашылық жүргізуші субъектінің тауардың нақтылығына, олардың көлемі немесе құнына не көлемінің үлесіне немесе осы шаруашылық жүргізу субъектісі жүзеге асыратын жергілікті өндіріс құнына байланысты кез келген Тарап мемлекетінің аумағында тауарларды сатуын талап ететін шараларды сақтамайды және енгізбейді.
4. Берілуі кез келген Тараптың мүдделеріне елеулі нұқсан келтіруге әкеп соғатын ерекше субсидияларға тыйым салынған. Тарап мүдделеріне елеулі нұқсан келтіру ерекше субсидия беру нәтижелері төмендегіше болғанда туындайды:
4.1. ұқсас тауарды субсидиялаушы Тарап мемлекетінің нарығынан ығыстыру немесе кез келген Тарап7 мемлекетінің аумағында өндірілетін ұқсас тауардың субсидиялаушы Тарап мемлекетінің нарығына әкелінуінің өсуін тежеу;
4.2. үшінші Тарап мемлекетінің нарығынан ұқсас тауарды ығыстыру немесе кез келген Тарап мемлекетінің аумағында өндірілетін ұқсас тауардың үшінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетілуінің өсуін тежеу;
4.3. ерекше субсидия пайдаланған тауарды өндіру, тасымалдау немесе субсидиялайтын Тарап мемлекетінің аумағынан әкету кезінде басқа Тарап мемлекетінің аумағынан шығарылатын ұқсас тауардың кез келген Тарап мемлекетінің нарығындағы бағасына қатысты немесе бағалардың өсуін елеулі тежеу немесе сол бір нарықта бағалардың құлдырауы немесе қате жіберілген сатулар;
4.4. мүдделерге елеулі нұқсан келтірудің болуы осы Келісімге 2-қосымшаның ережелеріне сәйкес айқындалады.
5. Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген субсидиялар мен осы баптың 3-тармағында көрсетілген шараларды қоса алғанда, тыйым салынған субсидиялар сақталмайды және берілмейді.
6. Кез келген Тарап басқа Тарап мемлекетінің субсидиялайтын органы осы баптың 1.1, 1.2, 4.1, 4.2, 4.3-тармақшаларында көрсетілген тыйым салынған субсидияларды берген және/немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген шараларды енгізген деп есептеуге негіз болған барлық жағдайларда, осындай Тараптың басқа Тарапқа осындай тыйым салынған субсидияларды немесе шараларды алып тастау туралы консультациялар жүргізу жөніндегі өтінішпен жүгінуге құқығы бар.
7. Ресми дипломатиялық арналар бойынша 6-тармақта көрсетілген консультациялар өткізу туралы хабарламаны алған күннен бастап екі айдың ішінде Тараптар өзара келісімге келмеген жағдайда, орын алып отырған келіспеушіліктер осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес шешіледі. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүргізілген дауларды шешу рәсімінің нәтижелері бойынша Тараптардың бірі осы баптың 1.1, 1.2, 4.1, 4.2, 4.3-тармақшаларында көрсетілген тыйым салынған субсидияларды бергендігі және/немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген шараларды пайдаланатындығы туралы шешім қабылданған жағдайда, Тарап осындай тыйым салынған субсидияларды немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген шараларды, осындай тыйым салынған субсидиялар мен шаралар нәтижесінің басқа да Тараптар мемлекеттерінің ұлттық экономикасына зиян келтірілуіне қарамастан, оларды дереу және сөзсіз жояды және осы Келісімнің 7-бабының 6 - 11-тармақтарына сәйкес осындай тыйым салынған субсидияға қатысты өтеу шарасын енгізеді.
8. Осы Келісімнің 15-бабы 2-тармағында көрсетілген осы Келісімге Хаттама (бұдан әрі - Хаттама) күшіне енген күннен бастап, Хаттамамен белгіленетін өлшемдерге сәйкес тиісті тауар нарығында бәсекелістікті шектейтін, жоятын немесе оған жол бермейтін және Тараптар арасындағы саудаға теріс әсер ететін ерекше субсидияларға тыйым салынған.
9. Тараптар мемлекеттерінің субсидиялайтын органдары осы Келісімге 3-қосымшада көзделген субсидияларды белгіленген өтпелі кезең ішінде беруге құқылы.
__________________________
4Байланыстыру деп субсидияны беретін Тарап мемлекетінің аумағынан тауарды өндіру нәтижелерімен заңды түрде байланыстырылмаған субсидияны беру туралы мәлімдейтін фактілердің болуы шындығына келгенде нақты немесе күтілетін экспортпен және экспорттың түсімімен байланысты болып келеді. Субсидия тауарды сыртқа шығаратын уәкілетті агентке берілу фактісі оның шығарылатын өнеркәсіптік субсидияға айналуына негіз бола алмайды.
5«Байланыстырылған» сөзі осы баптың 1.1-тармағындағы сияқты түсіндіріледі.
6Ұлттық экономика саласына зиян келтіру осы Келісімге 2-қосымшаның ережелеріне сәйкес дәлелденуі тиіс.
7Осы жерде және бұдан әрі осы Келісімде субсидиялайтын Тарап ретінде өнеркәсіптік субсидияны беретін Тараптың субсидиялайтын органы түсіндіріледі.
5-бап
Рұқсат етілетін субсидиялар
1. Осы Келісімнің 3-бабының ережелеріне сәйкес ерекше болып табылмайтын және осы Келісімнің 4-бабының ережелеріне сәйкес тыйым салынған субсидиялар, берілуі Тараптар мемлекеттерінің өзара саудасын бұзбайтын субсидиялар ретінде танылады. Тараптар осындай субсидияларды шектеусіз беруге құқылы және осындай субсидияларға қатысты осы Келісімнің өтеу шараларын қолдану, жауапты шараларды қолдану немесе субсидияларды беруге тыйым салу туралы нормалар қолданылмайды.
2. Осы Келісімнің 3-бабының ережелеріне сәйкес ерекше болып табылатын, алайда Тараптармен өзара сауданы бұзбайды деп таныған субсидиялар, осы Келісімнің 7-бабының ережелеріне сәйкес өтеу шараларын қабылдауға негіз болмайды. Осындай субсидиялардың түпкілікті тізбесі осы Келісімге 4-қосымшада көрсетілген.
6-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру
Кеден одағының комиссиясы осы Келісімнің 12-бабында көрсетілген өкілеттіліктер шегінде осы Келісім ережелерінің іске асырылуын бақылауды қамтамасыз етеді.
Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде Кеден одағының комиссиясын осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жауапты өзінің уәкілетті органдары туралы хабардар етеді.
7-бап
Өтеу шараларын енгізу және қолдану
1. Кез келген Тарап мемлекетінің құзыретті органы басқа Тараптар мемлекеттерінің аумағында берілетін субсидиялардың осы Келісімнің ережелеріне сәйкестігі туралы немесе басқа Тараптардың осы Келісімнің 4-бабының 3-тармағында көрсетілген шараларды қолдануын тексеруге құқылы. Тексеруге бастамашылық жасаған құзіретті орган Тараптарды тексерудің басталуы туралы хабардар етеді. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары тексеріс жүргізу барысы туралы қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
2. Құзыретті орган жүргізілген тексеру нәтижесінде басқа Тарап мемлекетінің субсидиялайтын органының ерекше субсидияны беретінін және оны осы ерекше субсидия құзыретті органы тексеру жүргізген Тарап мемлекеттің ұлттық экономика саласына зиян келтіргені анықталса, мұндай Тарапқа өтеу шарасын енгізу туралы өтініш бере алады. Өтеу шарасын енгізу туралы өтініш осы Келісімнің ережелерімен субсидиялардың сәйкессіздігі туралы қолда бар дәлелдерді қамтуы тиіс.
3. Хаттама күшіне енген күнінен бастап, егер құзыретті орган жүргізілген тексеру нәтижесінде басқа Тараптың субсидиялайтын органы Кеден одағының комиссиясынан қолдау таппаған ерекше субсидия берілген жағдайда, онда ол осындай Тарапқа өтеу шарасын енгізу туралы өтініш бере алады. Өтеу шарасын енгізу туралы өтініште субсидиялардың осы Келісімнің ережелеріне сәйкессіздігі туралы қолда бар дәлелдерді қамтуы тиіс.
4. Өтеу шарасын пайдалану туралы өтінішті алған Тарап осы өтінішті екі айдан аспайтын мерзімде қарауы тиіс. Егер өтеу шарасын пайдалану туралы өтінішті алған Тарап өтініштің мазмұнымен келіспесе, өтеу шарасын енгізу туралы өтініш жіберген Тарап осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес дауларды шешу рәсіміне бастама жасауға құқылы.
5. Өтеу шарасын пайдалану туралы өтінішті оны қарау мерзімі кезеңінде өтінішті алған Тарап ерікті түрде не дауларды шешу нәтижелері бойынша осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес қанағаттандыруы мүмкін.
6. Дұрыстығы осындай Тарап өз еркімен немесе осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес дауларды шешу нәтижелері бойынша таныған өтеу шарасын қолдану туралы өтініш алған Тарап, өтеу шарасын өтінішке сәйкес күнтізбелік 30 күн ішінде енгізеді.
7. Өтеу шарасы қанағаттандырылған өтініште көрсетілген берілген субсидия сомасы8 мен осы ақша қаражатын (мүлікті) пайдаланудың барлық кезеңінде сол сомаға есептелген пайыздан құралады.
Пайыздық ставка субсидияны беру сәтінде қолданыстағы және субсидиялайтын орган субсидияны берген Тарап мемлекетінің Орталық (Ұлттық) банкімен белгіленген қайта қаржыландыру ставкасының бір жарым еселенген мөлшеріне тең. Бұл ретте, пайыздық ставка субсидияны беру мерзімінен бастап өтеу шарасы орындалғанға дейінгі барлық кезеңге қатысты күрделі пайызды қолдану жолымен есептеледі9.
8. Өтеу шарасы субсидия сомасының тиісті пайызды ескере отырып субсидияны алушыдан алынып, субсидияны берген субсидиялаушы органның Тарап мемлекетінің бюджетіне аударылғаннан кейін орындалған болып табылады.
9. Өтеу шарасы осы баптың 8-тармағында көрсетілгеннен басқа кез келген басқа көздерден алынған жағдайда орындалмаған болып табылады.
10. Осы баптың 9-тармағының ережелеріне қарамастан, өтеу шарасын алу көздері Талапкер - тараптың және Жауапкер - тараптың өзара келісімі бойынша, тек қана өтеу шарасын құрайтын субсидия алушының қаражатты төлеуді айналып өтуіне жол бермеу мақсатында өзгеруі мүмкін.
11. Өтеу шарасын орындау өтеу шарасын қолдану туралы қанағаттандырылған өтініш орындалған болуы үшін жеткілікті негіз болып табылады. Бұл ретте, Тараптар өтеу шарасын қолдану туралы қанағаттандырылған өтінішті осындай өтініш қанағаттандырылған күннен бастап күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімде орындайды.
12. Егер Тарап өтеу шарасын қолдану туралы қанағаттандырылған өтінішті белгіленген мерзімде орындамаса, өтініш беруші Тарап осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес, өтелетін шараға мөлшерлес болуы тиіс жауапты шараларды қолдану мақсатында дауларды шешу бойынша рәсімді бастауға құқылы.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін жауапты шаралар ретінде жауапты шараны енгізетін Тараптың, оған қарсы жауапты шара енгізілетін Тарапқа қатысты, мұнай және газ саласына қатыстыларды қоспағанда, олардың арасындағы сауда-экономикалық сипаттағы қолданыстағы шарттардан туындайтын өзінің міндеттемелерін уақытша тоқтата тұруы түсіндіріледі.
Жауапты шаралардың көлемі, мөлшері және қолдану мерзімі осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес дауларды шешу рәсімінің нәтижелерімен айқындалады. Бұл ретте, осындай дауларды шешу рәсімнің барлық мерзімдері осы Келісімнің 10-бабында көрсетілген мерзімдердің жартысын құрайды.
13. Тараптардың құзыретті органдары басқа Тараптар мемлекеттерінің аумағында берілетін субсидиялардың осы Келісімнің 2-қосымшасында белгілеу қағидаларға сәйкестігіне тексеру және осы Келісімнің 4-бабының 3-тармағында көрсетілген шаралардың қолданылуына тексеру жүргізеді.
_______________________________
8 Өнеркәсіптік субсидиялар сомасы осы Келісімге 2-қосымшаның ережесіне сәйкес есептеледі.
9Күрделі пайыз, алдағы жылы саналған әр жылы пайызбен қоса сомаға саналатын пайызды білдіреді.
8-бап
Хабардар ету
1. Тараптар жыл сайын ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей бір-біріне бекітілген үлгі бойынша кезекті жылы федералдық/республикалық және өңірлік (муниципалдық)/жергілікті деңгейде беруге жоспарланатын барлық субсидиялар туралы хабардар етеді.
Тараптар жабық ақпарат бөліміне осы Келісімнің 1-бабы 3-тармағы мен 4-тармағына сәйкес осы Келісімнің реттелмейтін салаларында берілетіндерді қоспағанда, барлық берілетін субсидияларды аудармайды.
2. Хабарлама жасаудың ақпарат көзіне осы баптың 1-тармағына сәйкес, федералдық/республикалық бюджет жобаларының шығыс бөлімдері, сондай-ақ шығыстардың функционалдық және ведомстволық сыныптамасының бөлімдері, кіші бөлімдері мен түрлері бөлінісінде берілетін және Тараптар мемлекеттерінің заң шығару (өкілді) органдарына және/немесе жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдарына жобаларды енгізген кезде субсидияларды берудің тәртібі мен көлемі туралы нормалары бар Тараптар мемлекеттерінің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің бюджеті жатады.
Тараптардың бірінің мемлекетінде федералдық/республикалық бюджет туралы заң жобасы немесе Тараптар мемлекеттердің әкімшілік/аумақтық бірліктерінің бюджеті туралы заң жобасы өзгерген жағдайда, олардың құрамына субсидияларды беру туралы қандай да бір бағдарламаны қосу немесе оны алып тастау мақсатында тиісті Тарап бұл туралы басқа Тарапты жобаға өзгерістер енгізілгеннен кейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей жазбаша түрде хабардар етеді.
Тараптардың бірінің мемлекетінде федералдық/республикалық бюджет туралы заңға немесе ағымдағы жылға Тараптар мемлекеттерінің әкімшілік/аумақтық бірліктері бюджеті туралы заңға субсидиялардың берілуіне қатысты өзгерістер енгізілген жағдайда, осы Тарап басқа Тарапты осындай өзгерістер күшіне енгенге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірмей жазбаша түрде хабардар етеді.
3. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары бір-бірін бекітілген үлгіде федералдық/республикалық немесе өңірлік (муниципалдық)/жергілікті деңгейде берілген субсидиялар туралы хабарламаны негіздемесі бойынша субсидия беретін нормативтік құқықтық акт күшіне енгеннен кейін күнтізбелік 60 күннен кешіктірмей хабардар етеді.
4. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары Тарап мемлекетінің аумағында федералдық/республикалық және өңірлік (муниципалдық)/жергілікті деңгейлерде есепті жылы берілген субсидиялар туралы хабарламаны бір-біріне бекітілген үлгіде есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдеге дейін жібереді. Хабарламада басқа Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берілетін субсидиялардың сомасын және олардың осы Келісімнің ережелеріне сәйкестігін бағалауға мүмкін болатындай жеткілікті ақпарат қамтылуы тиіс.
5. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде Тараптар белгіленген нысанда федералдық/республикалық немесе өңірлік/жергілікті деңгейлерде қолданылатын барлық субсидиялар туралы хабардар етеді.
6. Осы баптың ережелеріне сәйкес Тараптар мемлекеттерін хабардар ету осы Келісімге 5-қосымшада белгіленетін нысанға сәйкес орындалады.
9-бап
Жалпы ерекшеліктер
Егер осындай субсидиялар ерекше жағдайда енгізілсе және олардың енгізілуі мыналарды қорғау қажеттілігіне байланысты болса:
қоғамдық әдепті, қоғамдық құқықтық тәртіпті және мемлекеттік қауіпсіздікті;
адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің өмірі немесе денсаулығын;
көркем, тарихи немесе археологиялық құндылықтардың ұлттық қазынасын;
зияткерлік меншік құқығын;
егер осындай шаралар ішкі өндірісті немесе тұтынуды шектеумен бірге жүргізілсе, сарқылатын табиғи ресурстарды;
осы шаралардың мақсатына басқа Тараптар мемлекеттерінің аумағынан тауарларды әкелуге жол бермеу жатпаған жағдайда және осындай шаралар кемсітушілік сипатта болмаса, Осы Келісімнің ережелері Тараптарға сауданы бұзатын ерекше субсидияларды пайдалануға кедергі келтірмейді.
10-бап
Дауларды шешу жөніндегі рәсім
1. Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе іске асыруға байланысты даулар бірінші кезекте келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешіледі. Егер дау дауды бастаушы Тарап Жауапкер-тарапқа оны жүргізу туралы ресми жазбаша өтінген күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде келіссөздер мен консультациялар арқылы реттелмесе, онда Талапкер-тараптың Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуге немесе дауды Келісім комиссиясын да қарауға бастамашы болуға құқығы бар.
2. Талапкер-тарап дауды Келісім комиссиясында шешу туралы шешім қабылдаса, ол Жауапкер-тарапқа өтініш жібереді.
3. Келісім комиссиясы уақытша болып табылады және нақты дауды шешу үшін құрылады, дау шешілгеннен кейін Келісім комиссиясы таратылатын болады.
4. Тараптар басқаша келіспеген жағдайда, Келісім комиссиясының өкілеттіліктері осы Келісімнің тиісті ережелерінің негізінде дауды шешу мәселесін кез келген Тараптың өтінішінде көрсетілгендей қарастырып, қабылданатын шаралардың осы Келісімге сәйкестілігі туралы қорытынды шығаруына бағытталады.
5. Кез келген Тарап осы Келісімнің қолданылуына және/немесе түсіндірілуіне қатысты дауды Келісім комиссиясының қарауына бере алады. Талапкер-тарап өтініште оның пікірінше осы Келісімді бұзған болып табылатын шаралар мен практиканы көрсетеді, оның пікірінше осы дауға қатысы бар ережелерді атап өтеді және осы өтінішті өзінің делдалын тағайындау туралы хабарландыруымен бірге Жауапкер-тарапқа береді. Талапкер-тарап Келісім комиссиясы төрағасының қызметіне үш үміткерге дейін бере алады.
Жауапкер-тарап күнтізбелік 15 күннің ішінде екінші делдалды тағайындайды және Келісілу комиссиясы төрағасының қызметіне үш үміткерге дейін береді.
Екі Тарап та екінші делдалды тағайындағаннан кейінгі күнтізбелік 20 күн ішінде төрағаға қатысты келісімге келуі тиіс.
6. Егер Тараптар төраға үміткеріне қатысты күнтізбелік 20 күн ішінде келісімге келе алмаса, оны жеребе бойынша бір аптаның ішінде Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болып табылмайтын және осы баптың 9-тармағында аталған әр Тараптан үлгі тізімге енгізілген тұлғалардың жалпы санынан Тараптардың өкілдері таңдайды.
7. Келісім комиссиясы дауға қатысатын әр Тараптың делдалдарынан және төрағадан тұрады. Төрағаны тағайындаған күн Келісім комиссиясын сайлаған күн болып табылады.
8. Келісім комиссиясы мүшелері ретінде шығуға дайын және қабілетті тұлғалардың құқық, халықаралық сауда, халықаралық сауда саласындағы халықаралық келісімдермен байланысты дауларды шешуге қатысы бар басқа салаларда арнайы білімінің немесе тәжірибесінің болуы тиіс. Олар мемлекет немесе қандай да бір ұйым өкілдері ретінде емес, өздері жеке қатысуы, толық тәуелсіз түрде жұмыс істеуі керек, Тараптардың ешқайсымен байланысты болмауы немесе олардан қандай да бір нұсқау алмауы тиіс. Келісім комиссиясы мүшелерінің кем дегенде үштен бірі осы Келісім Тараптары мемлекеттерінің азаматтары болып табылмауы қажет.
9. Тараптардың әрқайсысы осы Келісім күшіне енгеннен кейін күнтізбелік 90 күннен кем емес мерзімде делдалдар ретінде шығуға дайын және қабілетті кем дегенде 15 адамнан тізім құрайды, алайда оның бесеуі осы Келісімдегі Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болмауы тиіс.
10. Келісім комиссиясы қабылдаған шешімдер Тараптардың әрқайсысының орындауы үшін міндетті болып табылады.
11. Тараптар дауларды қарау нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
12. Дауларды қарау және барлық шешімдерді қабылдау рәсімге қатысушы Тараптардың тең болу қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
13. Тараптардың сұранысы бойынша немесе жеке бастамасы бойынша Келісім комиссиясы қажетті деп санаған кез келген тұлғадан немесе органнан, Тараптардың келісімі болған кезде және Тараптар келісе алатын шарттарда ақпарат немесе техникалық кеңес сұрай алады.
14. Келісім комиссиясы басқа Тарап болмаған жағдайда Тараптардың бір де бірімен кездесе және байланыс жасай алмайды. Бір де бір делдал басқа делдалдар жоқ болған жағдайда Тараппен немесе екі Тараппен талқыланатын жағдайды талқылай алмайды.
15. Келісім комиссиясы осы Келісімнің ережелерін халықаралық жариялы құқық нормаларына сәйкес түсіндіреді.
16. Басқа Тараптың шарасы осы Келісім ережелеріне сәйкес келмейді деп дәлелдеуші Тарап осындай сәйкессіздікті дәлелдеу ауыртпалығын көтереді.
17. Шара осы Келісімге сәйкес алып тастауға жатады деп дәлелдейтін Тарап осындай алып тастауды дәлелдеу ауыртпалығын көтереді.
18. Дауды қарау қорытындылары бойынша Келісім комиссиясы шешім шығарады.
19. Егер Келісім комиссиясы оған қатысты шағым түскен Тарап осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамаған деген тұжырымға келсе, ол Жауапкер-тараптың осы бұзушылықтарды жою шараларын қабылдауы және өз ұсынымдарын орындаудың ең ұтымды кезеңі бойынша ұсыныстар береді.
20. Жауапкер-тарап Келісім комиссиясы шешімін адал орындау арқылы жылдам түрде осы Келісімнен туындайтын міндеттемелердің бұзылуын тоқтатуы тиіс.
21. Егер Келісім комиссиясының шешімдері белгіленген уақыт ішінде орындалмаса немесе Келісім комиссиясы Жауапкер-тарапқа хабарлаған шаралар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді деп шешсе, онда Келісім комиссиясы Талапкер-тарапқа соған сәйкес қарсы шаралар қабылдауға құқық береді. Жауап шаралардың көлемін, сәйкестігін және қолдану мерзімін Келісім комиссия анықтайды.
22. Жауап шаралар уақытша сипатта болады және Талапкер-тарап оны осы Келісім нормаларын бұзушы шара не алып тасталғанша не болмаса осы Келісім нормаларына сәйкес келтірілгенше немесе Тараптар дау шешімі туралы келісімге қол жеткенше қолданылады.
23. Келісімнің рәсіміне арналған шығыстары Тараптар тең үлесте көтереді. Барлық басқа шығыстарды осындай шығыстарға жол берген Тарап жабады.
24. Хаттама күшіне енген күннен бастап, осы Келісім ережелерін іске асыру және/немесе талқылаумен байланысты даулар Кеден одағы Комиссиясы шеңберінде шешіледі. Тараптар Кеден одағы Комиссиясының атына жазбаша жүгінген күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде келісімге жетпеген жағдайда, дау осы баптың 1-23-тармақтарындағы ережелерге сәйкес шешіледі. Бұл ретте Тараптар дауды ЕурАзЭҚ Сотының немесе осы баптың 1-тармағында көзделген келіссөздер және кеңестер жүргізусіз Келісім комиссиясының қарауына жіберуге құқылы.
11-бап
Талап мерзімінің өтуі
Осы Келісімде белгіленген тәртіпті бұза отырып берілген ерекше субсидиялар үшін талап мерзімінің өтуі ерекше субсидиялар берілген күннен бастап 5 жылды құрайды.
12-бап
Кеден одағы комиссиясының өкілеттіктері
Кеден одағы комиссиясына мынадай функциялар беріледі:
1) мониторингті жүзеге асыру және Тараптардың әрқайсысының тиісті ұлттық заңнамасының осы Келісімге сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу, сондай-ақ Тараптардың осы Келісімнің ережелерін сақтауы туралы жыл сайынғы есептерді әзірлеу;
2) ұлттық заңнаманы үйлестіруді және біріздендіруді жүзеге асыру мәселелері бойынша Тараптарға консультациялар ұйымдастыруға жәрдемдесу;
3) Хаттама заңды күшіне енгеннен кейін, жүзеге асыру көзделген және қолданыстағы ерекше өнеркәсіптік субсидиялар беру жоспарларына қатысты осы Келісімнің ережелерінде көзделген Тараптар міндетті түрде орындауы тиіс шешімдерді қабылдау, оның ішінде:
Хаттамада бекітілген өлшемдер негізінде ерекше субсидиялар беру немесе бермеу туралы шешім қабылдау;
ерекше субсидиялар беру фактілері бойынша тексеру жүргізу және Хаттамада көзделген жағдайларда оларға қатысты міндетті шешімдер қабылдау;
Хаттамаға сәйкес белгіленетін тәртіппен және шарттарда берілетін субсидиялар туралы ақпаратты сұрату және алу;
10-баптың 20-тармағына сәйкес осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе іске асыруға байланысты дауларды шешу.
13-бап
Комиссия шешімдеріне дау айту
Кеден одағы комиссияның осы Келісім ережелеріне сәйкес өкілеттіктері шеңберінде қабылдаған шешімдеріне Кеден одағының шарттық-құқықтық базасына сәйкес ЕурАзЭҚ Сотында дау айтылуы мүмкін.
14-бап
Өзгерістер енгізу
Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Осы Келісімге қандай да бір ескертулер жасауға жол берілмейді.
15-бап
Өтпелі ережелер
1. 2017 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей Тараптар мыналарды әзірлейді:
Ерекше субсидияларды және Кеден одағы комиссиясының шешімдер қабылдауын Кеден одағы комиссиясымен міндетті түрде келісу тәртібін;
Тексеру жүргізу тәртібін, оның ішінде осы Келісімде белгіленген субсидияларды беру және пайдалану шарттары мен тәртібін бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізу тәртібін;
Кеден одағы комиссиясы оның негізінде субсидияларға жол беру немесе жол бермеу туралы шешім қабылдайтын өлшемдерді.
2. Тараптардың осы баптың 1-тармағында көрсетілген міндеттері осы Келісімге Хаттамамен ресімделеді, ол осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады. Тараптар көрсетілген Хаттаманың 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуін қамтамасыз етеді.
3. Хаттама күшіне енген сәттен бастап Тараптар Хаттаманың ережелеріне сәйкес субсидияларға жол берілуі туралы шешім қабылдаған Кеден одағы комиссиясымен келісу нәтижелері бойынша ғана ерекше субсидиялар бере алады. Тараптар осы Келісімнің 3-бабында аталған жол берілетін субсидияларды Кеден одағы комиссиясының келісімінсіз бере алады. Кеден одағының комиссиясы осы Келісімнің 4-бабының ережелерін басшылыққа ала отырып, жол берілетін ретінде тыйым салынған субсидияларды келіспейді.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген Хаттама күшіне енген сәттен бастап осы Келісімнің 4-бабының 2, 4-тармақтарының және осы Келісімнің 7-бабының 2-тармағының ережелері заң күшін жояды.
16-бап
Қорытынды ережелер
Осы Келісімге қосымшалар оның ажырамас бөлігі болып табылады.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім оған ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжат алған күннен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы ___ желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады, ол оның депозитарийі болып табылады және әр Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Өнеркәсіптік субсидияларды
берудің бірыңғай қағидалары
туралы келісімге
1-қосымша
Тыйым салынған субсидиялардың иллюстрациялық тізбесі*
1. Экспорттаушыны** мемлекетке валюта сатудан алынған қаражаттың бір бөлігін мемлекетке міндетті түрде сатудан босататын немесе ұлттық валютаның ішінара құнсыздануы арқылы валютаның көптеген бағамдарын қолдануға жол беретін бағдарламалар, осыған байланысты экспорттаушы бағамдық айырма есебінен басымдыққа ие болады.
2. Ішкі нарықтағы тасымалдаумен салыстырғанда мемлекет біршама жеңілдетілген шарттарда белгілейтін немесе өндіріп алатын экспорттық тиеп-жөнелтуге арналған ішкі көліктік және фрахт тарифтері.
3. Ішкі нарықта сатылатын ұқсас тауарлар өндірісінде пайдаланылатындарға қарағанда біршама жеңілдікке ие шарттарда экспортталатын тауарлар өндірісінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтерді ұсыну.
4. Төлеуден толық немесе ішінара босату, мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну немесе салықтарды не экспорт нәтижелеріне немесе көрсетілген жеңілдіктерді ұсынатын Тарап мемлекетінің аумағынан өндірілетін тауарларды пайдалануына байланысты шаруашылық субъектілері төлеуге немесе төленуі тиіс басқа да аударымдарды азайту. Бұл ретте салықтарды төлемегені үшін төлеуге жататын өсімпұлдар өндіріп алынатын болса, кейінге қалдыру міндетті түрде тыйым салынған субсидия болып табылмайды. Экспортталатын тауардан ҚҚС-ны нөлдік ставка бойынша өндіріп aлу тыйым салынған субсидияның белгісі болып табылмайды.
5. Ішкі нарықта сатылатын ұқсас тауарлармен салыстырғанда үлкен көлемде тауарларға салық салу базасын қысқартатын экспорттың нәтижелерімен байланыстырылған арнайы шегерімдер.
6. Салық төлеуден босату, азайту, кейінге қалдыру немесе ішкі нарықта сатылатын ұқсас тауарлар өндіруде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтерге салық салу базасын есептеу үшін қолданылатын арнайы шегерімнен босатуға қарағанда экспорт тауарларының өндірісінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтерге арналған салық төлеу базасын есептеу үшін қолданылатын кейінге қалдыру, азайту, кейінге қалдыру немесе арнайы шегерімдер.
7. Ішкі нарықта тұтыну үшін ұқсас тауарды өндіруде пайдаланылатын шикізат пен материалдарға қарағанда экспорт өнімін өндіруде пайдаланылатын шикізат пен материалдарға кедендік төлемдерді ставкалар бойынша төмен өндіріп алу; не ішкі нарықта ұқсас тауарды өндіруде пайдаланылатын шикізат пен материалдарға қарағанда төмен мөлшерлеме бойынша экспорт өнімін өндіруде пайдаланылатын шикізат пен материалдарға кедендік төлемдерді қайтару.
8. Егер өндірілген өнімде нақты тауарлар, олардың көлемі мен құны немесе жергілікті өндірістегі көлеміндегі мен құнындағы үлесі айқындалатынына қарамастан, отандық материалдар мен шикізаттың болуы міндетті болса, өнім өндіру үшін пайдаланылатын импорт шикізаты мен материалдарынан өндіріп алынатын импорт баждарын азайту немесе қайтару.
9. Экспорттық кредиттерді кепілдендіру немесе сақтандыру, экспорттық тауарлардың немесе валюталық тәуекелдердің құнын ұлғайтудан сақтандыру немесе кепілдендіру бағдарламалары бойынша ұзақ мерзімді операциялық шығыстарды немесе залалдарды жабу үшін жеткіліксіз сыйлықақыны өндіріп алу.
10. Экспорттық кредиттерді алушыларға осындай кредиттерді олардың нарықтық жағдайларда салыстырмалы кредитті (кредитті өтеудің бір мезгілі, кредит валютасы және т.б.) пайдаланғаны үшін төлеуі тиіс ставкадан төмен ставка бойынша беру немесе экспорттаушылар немесе қаржы мекемелері кредит алуына байланысты шеккен шығыстардың барлығын немесе бір бөлігін төлеу. ЗЫДҰ-ға мүше мемлекеттер әзірлеген ресми экспорттық кредиттер бойынша Келісімнің пайыздық ставкалары туралы ережелерге жауап беретін экспорттық кредиттеу практикасы субсидия ретінде қарастырылмайды.
11. Осындай субсидиялау экспорт нәтижелеріне немесе импорт тауарларының орнына отандық тауарларды пайдалануға байланысты болатын жағдайда ғана кәсіпорынға берілетін электр энергиясына немесе энергия тасығыштарға тарифтерді төмендету.
________________________________________
* Келтірілген тыйым салынған субсидиялар толыққанды болып табылуы міндетті емес.
** Берілген тізбе шеңберінде тауарлар экспорты деп субсидия беруші Тарап елінің аумағынан басқа Тарап мемлекеті аумағына шығару түсіндіріледі.
*** Мұндай өнеркәсіптік субсидиялар осы қосымшаға сәйкес, егер оларды беру Негізгі тарифтік саясатты қоса алғанда, темір жол көлігі саласында табиғи монополия қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімге сәйкес мүмкін болса, тыйым салынған болып табылмайды.
Өнеркәсіптік субсидияларды
берудің бірыңғай қағидалары
туралы келісімге
2-қосымша
Тараптар мемлекеттерінің аумағында ұсынылатын субсидиялардың
Субсидиялар берудің бірыңғай қағидаттары туралы келісімнің
ережелеріне сәйкестігі туралы тексеру жүргізу
ТӘРТІБІ
Қосымша анықтамалар:
1) субсидияланатын тауар - өндіру, тасымалдау, сақтау немесе субсидиялаушы Тарап мемлекеті аумағынан әкету кезеңінде ерекше субсидия пайдаланылған тауар;
2) субсидияланатын тауарды өндірушілер - ерекше субсидия ұсынған Тарап мемлекетінің субсидияланатын тауар өндірушілері;
3) Ұлттық ұқсас тауар өндірушілер - тексеру жүргізетін Тарап мемлекетінде ұқсас тауар өндірушілер.
1-бап
Тексеру жүргізуге арналған негіздемелер
1. Басқа Тарап мемлекетінің аумағында берілетін субсидиялардың Субсидиялар берудің бірыңғай қағидаттары туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) ережелеріне сәйкес келуін талдау, сондай-ақ ерекше субсидия ұсынған Тарап мемлекетінің аумағынан субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына келетін зиянды анықтау мақсатындағы тексеруді аталған Тарап аумағында тіркелген ұлттық ұқсас тауар өндірушілердің осы баптың ережелеріне сәйкес жазбаша нысанда берген өтініші негізінде Тарап мемлекетінің құзыретті органы (бұдан әрі - құзыретті орган) жүргізеді не құзыретті органның өз бастамасы бойынша жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтінішті ұлттық ұқсас тауар өндіруші немесе қатысушыларының қатарына ұлттық экономика саласын құраушы өндірушілер кіретін ұлттық өндірушілер бірлестігі береді.
Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтінішті сондай-ақ, өтініш беруші тіркелген Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті дәрежеде ресімделген өкілеттіктері бар осы тұлғалардың өкілдері бере алады.
3. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініште мыналар қамтылуы тиіс:
өтініш беруші туралы мәліметтер;
өндіруші ел және Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасының коды көрсетілген Тауар сипаттамасы;
ерекше субсидияның болуы, сипаттамасы мен көлемі туралы мәлімет;
субсидияланатын тауар өндірушілер туралы мәліметтер;
белгілі ұлттық ұқсас тауар өндірушілер туралы мәліметтер;
құзыретті органға өтініш беру алдында үш күнтізбелік жыл бұрын тиісті өтініш берілетін Тарап мемлекетінің аумағына субсидияланатын тауарды енгізу көлемінің өзгеруі туралы мәліметтер;
құзыретті органның тиісті өтініш берілетін Тарап мемлекетінің аумағынан ұқсас тауарды Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағына әкету көлемінің өзгеруі туралы мәліметтер;
субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан немесе ұлттық экономика салаларына келтірілетін зиянның бар екендігінің дәлелдемелері. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика салаларына материалдық зиянның болуы және материалдық зиян келтіру қатерлерінің болу дәлелдемелері объективтік факторларға негізделеді, олар ұлттық экономика салаларының экономикалық ахуалын сипаттайды және сандық көрсеткіштерде (оның ішінде тауар өндірісінің көлемі және оны сату көлемі, Тарап мемлекеті нарығындағы тауар үлесі, тауар өндірудің өзіндік құны, тауар бағасы, өндіріс қуаттарының жүктемесі, еңбек өнімділігі, пайда көлемдері, өндіріс пен тауарлар сату рентабельділігі туралы, ұлттық экономика саласындағы инвестициялар көлемі туралы деректер) көрсетіледі;
өтініш берудің алдындағы үш күнтізбелік жыл ішінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағына ұқсас тауар импорты көлемінің (сандық және құндық мәнде) өзгеруі туралы мәліметтер;
өтініш берудің алдындағы үш күнтізбелік жылда Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағынан (сандық және құндық мәнде) өтетін ұқсас тауар экспорта көлемдерін өзгерту туралы мәліметтер;
талданатын кезеңде ұлттық экономика саласына әсер етуі мүмкін басқа да факторларды талдау.
4. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініште бар құндық көрсеткіштерді көрсету кезінде, салыстыру мақсатында сыртқы сауда статистикасын жүргізу үшін белгіленген ақша бірлігі пайдаланылуы тиіс.
5. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініш, оған құпия емес түрде қосымшасы бар (егер өтініште құпия ақпарат болса) құзыретті органға ұсынылады және көрсетілген органға өтініш түскен күннен бастап тіркелуге жатады.
6. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініш мынадай негіздер бойынша қабылданбайды:
өтініш берушінің осы баптың 2-бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
осы баптың 3-бөлігінде көзделген көрсетілген материалдарды өтініш беру кезінде ұсынбауы;
өтініш беруші берген материалдардың осы баптың 3-бөлігінде көзделген материалдарға сәйкес келмеуі.
Басқа негіздер бойынша өтініштерді қабылдамауға тиым салынады.
7. Тексерудің басталуы туралы шешім қабылдағанға дейін құзыретті орган жазбаша нысанда, қарастырылып отырған ерекше субсидия берілген аумақ Тарапы мемлекетінің уәкілетті органына өтініш түскені туралы хабарлайды.
8. Құзыретті орган тексеруді бастау туралы шешім қабылдау мақсатында осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде, осы баптың 3-бөлігіне сәйкес осы өтініште қамтылған мәліметтер мен дәлелдердің нақтылығын және жеткіліктігін зерделейді. Көрсетілген мерзім құзыретті орган өтініш берушіден қосымша мәліметтер алған жағдайда ұзартылуы мүмкін, бірақ барлық жағдайларда мұндай мерзім қырық күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
9. Осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтінішті, оны тергеу барысында немесе басталмас бұрын өтініш беруші қайтарып ала алады.
Егер осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініш тергеу басталмас бұрын қайтарып алынса, мұндай өтініш берілмеген болып есептеледі.
Егер осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген өтініш тексеру жүргізу барысында кейін қайтарылып алынса, құзыретті органның шешімі бойынша ол не тоқтатылады, не жалғаса береді.
2-бап
Болжамды ерекше субсидиялаудың болуын белгілеу
үшін консультациялар
1. Осы Тәртіптің 1-бабының 2-бөлігінде көрсетілген өтінішті қарауға қабылдағаннан кейін және тексеруді бастау туралы шешім қабылдағанға дейін құзыретті орган ерекше субсидия берген Тарап мемлекетінің уәкілетті органына ерекше субсидиялардың болуына, мөлшері және қолданылуына, сондай-ақ оны берудің салдарына және өзара қолайлы шешімге жетуге қатысты жағдайды нақтылау мақсатында консультациялар жүргізуді ұсынады. Мұндай консультациялар тексеру барысында да жалғасуы мүмкін.
2. Ерекше субсидиялардың болуы, мөлшері және қолданылуына, сондай-ақ ерекше субсидия беру салдарына қатысты консультациялар жүргізу құзыретті органның тексеруді бастау туралы шешім қабылдауына, сондай-ақ осындай тексерулер қорытындылары бойынша басқа Тарап мемлекеті аумағында берілген ерекше субсидияның осы Келісімнің қағидаларына сәйкестігі және/немесе ерекше субсидия берген Тарап мемлекеті аумағынан субсидияланған тауарды әкелу салдарынан немесе ерекше субсидия берген Тарап мемлекеті нарығынан немесе үшінші Тарап мемлекеті нарығынан ұқсас тауарды ығыстыруы салдарынан және аумағында ерекше субсидиялауды қарау ұсынылып отырған Тарапқа өтемақы шарасын енгізу туралы өтініш беру салдарынан зиян келтірілгені туралы қорытынды дайындауына кедергі жасамайды.
3-бап
Тергеуді бастау және оны жүргізу
1. Құзыретті орган осы Тәртіптің 1-бабының 9-бөлігінде көрсетілген мерзім өткенге дейін тексеруді бастау немесе оны жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Тексеруді жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдаған кезде құзыретті орган осындай шешім қабылданған күннен бастап көп дегенде он күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге тексеруді жүргізуден бас тартудың себебі туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Тексеруді бастау туралы шешім қабылданған кезде құзыретті орган ерекше өнеркәсіптік субсидия берген Тарап мемлекетінің құзыретті органын, сондай-ақ оған белгілі мүдделі тұлғаларды қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді және тексеруді бастау туралы шешім қабылданғаннан бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тексеруді бастау туралы хабарландыруды жариялауды қамтамасыз етеді. Тексеруді бастау туралы хабарландыру жарияланған күн тексеру басталған күн болып танылады.
2. Құзыретті орган, егер осы органда Келісім ережесінің бұзылу фактісі және/немесе осы Тарап мемлекеті аумағынан субсидияланған тауарды әкелу салдарынан немесе ерекше субсидия берген Тарап мемлекеті нарығынан немесе үшінші Тарап мемлекеті нарығынан ұқсас тауарды субсидияланған тауардың ығыстыруы салдарынан ұлттық экономика саласына зиян келуі дәлелдері болған жағдайда, тексеруді бастау туралы шешімді өз бастамасымен де қабылдай алады.
Тексеруді бастау үшін осындай дәлелдер жеткіліксіз болған жағдайда, осындай тексеруді бастауға болмайды.
3. Тексеруді бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін құзыретті орган оған белгілі ұқсас тауардың ұлттық өндірушілеріне және тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауарды өндірушілерге осы тексеру жүргізу мақсатында жауап қайтарулары тиіс сұрақтар тізбесін оларға жолдайды.
Сұрақтар тізбесі жолданған ұқсас тауардың ұлттық өндірушілеріне және тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауарды өндірушілерге құзыретті органға өз жауаптарын ұсыну үшін осы тізбені алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн беріледі. Ұқсас тауардың ұлттық өндірушілері мен тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауарды өндірушілердің дәлелді және жазбаша нысанда жазылған өтініші бойынша көрсетілген мерзімді құзыретті орган он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
Осы баптың мақсаттары үшін сұрақтар тізбесі оны поштамен жіберген күннен бастап жеті күнтізбелік күннен кейін немесе оны ұлттық немесе шетелдік өндірушінің өкіліне тікелей берілген күннен бастап алынған болып есептеледі.
Жүргізіліп жатқан тексеруге байланысты қосымша мәліметтер алу немесе тексеру барысында ұсынылған мәліметтерді тексеру мақсатында құзыретті орган тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауардың тиісті өндірушісінің осыған келісімі болған жағдайда, сондай-ақ тиісті мемлекет үкіметінің өкілдерін алдын ала хабарландырған және осы мемлекет тарапынан тексеруді оның аумағында жүргізуге қатысты қарсылықтары болмаған жағдайда, тексеруді арнайы өнеркәсіптік субсидия берген Тарап мемлекетінің аумағында жүргізуі мүмкін.
Жүргізіліп жатқан тексеруге байланысты, қосымша мәліметтер алу немесе тексеру барысында ұсынылған мәліметтерді тексеру мақсатында құзыретті орган өз өкілдерін ұқсас тауардың ұлттық өндірушілері орналасқан жерге жіберуге, мүдделі тұлғалармен консультациялар мен келіссөздер жүргізуге, тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауардың үлгілерімен танысуға және басқа да тексеру жүргізіліп жатқан Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін, тексеруге қажетті басқа да іс-қимылдар жасауға құқылы.
4. Құзыретті орган тексеру жүргізу барысында өнеркәсіптік субсидия берген немесе беруші қаралып жатқан өнеркәсіптік субсидияны ұсынушы Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарына, сондай-ақ мүдделі тұлғаларға жүргізіліп отырған тексеруге қатысы бар, ақпарат беру туралы сауал жолдай алады.
5. Мүдделі тұлғалар тексерудің басталуы туралы хабарламада көрсетілген күннен кешіктірмей тексеру жүргізу мақсаты үшін қажетті мәліметтерді, оның ішінде осындай мәліметтер алу көздерін көрсете отырып, құпия ақпаратты ұсынуға құқылы. Құзыретті орган мүдделі тұлғалардан қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
6. Тексеруге қатысы бар дәлелдер және мәліметтер, құзыретті органға тексеру жүргізіліп жатқан Тарап мемлекетінде мемлекеттік болып табылатын тілде ұсынылуы, ал шетел тілінде жасалған құжаттардың түпнұсқасы аудармамен қоса берілуі (ұсынылған аударма куәландырылып) тиіс.
7. Құпия ақпаратты қорғау қажеттілігін ескере отырып құзыретті орган осы Тәртіптің 8-бабына сәйкес тексеру барысында мүдделі тұлғаларға олардың жазбаша өтініштері бойынша, тексеру мәніне қатысты, дәлелдер ретінде кез-келген мүдделі тұлға жазбаша нысанда ұсынған мәліметтермен танысуға мүмкіндік береді. Құзыретті орган барлық тексеруге қатысушыларға тексеруге қатысы бар және тексеру барысында олар пайдаланатын, алайда осы Тәртіптің 10-бабына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын басқа да мәліметтермен танысуға мүмкіндік береді.
8. Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік билік (басқару) органдары кеден ісі саласындағы, мемлекеттік статистика жүргізуге уәкілетті, Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік басқа да билік (басқару) органдары және мемлекеттік биліктің аумақтық (жергілікті) органдары тексеру жүргізу және құзыретті органның сауалы бойынша тексеру жүргізу мақсатына қажетті, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтер беруге жәрдемдесулері тиіс.
9. Тексеру жүргізу мерзімі тексеру басталған күннен бастап 6 айдан аспауы тиіс.
Тексеру жүргізген құзыретті орган тексеру нәтижелерін осы Тарап Үкіметінің қарауына жіберген күні тексеру аяқталды деп есептеледі.
4-бап
Тексеру нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау
1. Тексеру нәтижелері бойынша құзыретті орган басқа Тарап мемлекеті аумағында берілген өнеркәсіптік субсидияның Келісім ережесіне сәйкестігі туралы қорытынды дайындайды.
2. Егер тексеру нәтижелері бойынша Келісім ережесі бұзылған және/немесе ұлттық экономика саласына келтірілген зиян дәлелденген жағдайда, құзыретті орган тексеру жүргізген Тарап мемлекеті аумағында қаралып отырған ерекше өнеркәсіптік субсидия берілген Тарап мемлекетіне өтемақы шараларын енгізу туралы өтініш береді.
5-бап
Ұлттық экономика саласын айқындау ерекшеліктері
1. Өтемақы шарасын енгізу алдында тексеру жүргізу кезінде ұлттық экономика саласы осы баптың 2-бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Келісімнің 3-бабында белгіленген мәнде түсіндіріледі.
2. Ұлттық экономика саласын айқындау кезінде құзыретті орган тексеру жүргізетін мемлекет Тарапының аумағы, екі немесе бірнеше бәсекелес нарықтар жұмыс істейтін аумақ ретінде, ал көрсетілген нарықтардың бірінің шеңберіндегі ұлттық өндірушілер, егер мұндай өндірушілер осындай нарықтарда өздері өндірген ұқсас тауардың кемінде 80 пайызын сататын болса және осы нарықтағы ұқсас тауарға сұраныс тексеру жүргізген Тарап мемлекетінің қалған аумағында орналасқан осы тауар өндірушілермен едәуір мөлшерде қанағаттандырылмайтын болса, ұлттық экономиканың жеке саласы ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда зиянның болуы тіпті ұлттық экономика саласының негізгі бөлігіне зиян келтірілмесе де, субсидияланатын тауарды сату көрсетілген бәсекелес нарықтардың бірінде шоғырландырылған және субсидияланатын тауарды әкелу осындай нарық шеңберінде ұқсас тауарды ұлттық өндірушілердің кемінде 80 пайызына зиян келтірген жағдайда, белгіленуі мүмкін.
6-бап
Ерекше субсидия мөлшерін есептеу қағидалары
1. Ерекше субсидия мөлшері осындай субсидия алушы тапқан пайданың мөлшері негізінде айқындалады. Ерекше субсидия пайдасының мөлшерін есептеу кезінде құзыретті орган мыналарды ескереді:
а) субсидиялаушы органның ұйым капиталына қатысуы, егер мұндай қатысу Тараптар мемлекетінің аумағында әдеттегі инвестициялық практика (тәуекелді капитал беруді қоса алғанда) талаптарына сәйкес келмейтін ретінде бағалау мүмкін болмаса, ерекше өнеркәсіптік субсидия беру ретінде қарастырылмайды;
б) субсидия беруші органның берген кредиті, егер кредит алушы ұйым мемлекеттік кредитті төлейтін сомасы мен Тарап мемлекетінің кредит нарығында осы ұйым алуы мүмкін салыстырмалы коммерциялық кредит үшін төленетін сома арасында айырмашылық болмаса, ерекше субсидия беру ретінде қарастырылмайды. Керісінше жағдайда осы сомалар арасындағы айырмашылық пайда болып саналады;
в) субсидиялаушы органның кредитті кепілдендіруі, егер кепілдік алушы ұйым субсидиялаушы органға кредит үшін төлейтін сомасы мен мемлекеттік кепілсіз салыстырмалы коммерциялық кредитке төлеуі мүмкін сомасы арасында айырмашылық болмаса, ерекше субсидия беру ретінде қарастырылмайды;
г) субсидиялаушы органның тауарлар немесе қызметтер жеткізуі немесе тауарларды сатып алуы, егер тауарлар немесе қызметтер барабар төлемнен төмендеу бағаға жеткізілетін немесе сатып алу жүзеге асырылатын болмаса, ерекше субсидия беру ретінде қарастырылмайды. Төлемнің барабарлығы тиісті Тарап мемлекетінің нарығында осындай тауарлар және қызметтерді сатып алу және сатудың қазіргі нарық жағдайындағы тауарды сатып алу немесе сатудың бағасын, сапасын, қол жетімділігін, өтімділігін, тасымалдау және басқа да шарттарын негізге ала отырып, айқындалады.
2. Субсидия мөлшерін есептеу тексеру жүргізуге құзыретті орган Тарапы мемлекетінің аумағына әкелінген, немесе ерекше субсидия берілетін Тарап мемлекеті нарығында, немесе үшінші Тарап мемлекеті нарығында өткізілген тауар бірлігіне (тонна, текшеметр, дана және басқалар) жүзеге асырылады.
3. Субсидия мөлшерін есептеу кезінде, инфляция қарқыны алынған нәтижелерді бұрмалайтындай жоғары болса, тиісті шетел мемлекетіндегі инфляция көрсеткіштері есепке алынуы тиіс.
4. Тауардың бірлігіне субсидия мөлшері осы мақсаттарға ерекше субсидия берген Тараптың тиісті мемлекетінің шығыстары мөлшерін негізге ала отырып, белгіленеді.
5. Тауардың бірлігіне субсидия мөлшерін есептеу кезінде мұндай тауардың құны субсидия алғанға дейінгі және олар бойынша қажетті деректері бар 12 айдағы субсидия алушы - заңды тұлға сатуларының жалпы құны ретінде айқындалады.
6. Субсидия мөлшерін есептеу кезінде субсидияның жалпы сомасынан кез келген тіркеу алымын немесе субсидия алу үшін жұмсалған басқа да шығыстарды шегеру қажет.
7. Егер субсидиялар белгілі бір өндірілген, әкетілген немесе тасымалданған тауарға қатыссыз берілетін болса, онда тауардың бірлігіне субсидияның мөлшерін есептеу субсидияның жалпы сомасын тауарды өндіру, сату немесе әкетудің жалпы көлемінен субсидияланатын әкелінетін тауар үлесінің қажеттігін ескере отырып, субсидия беру кезеңінде осындай тауарды өндіру, сату немесе әкету көлеміне бөлу жолымен жүзеге асырылады.
8. Егер субсидия негізгі қорларды дамытумен немесе сатып алумен байланысты берілетін болса, онда субсидияның мөлшерін есептеу ерекше субсидия берген Тараптың тиісті мемлекетінде экономиканың қарастырылатын саласында осындай негізгі қорлар амортизациясының орташа мерзіміне субсидия бөлу жолымен жүзеге асырылады. Тауардың бірлігіне субсидия мөлшерін есептеу өзіне тексеру қамтылған кезең басталғанға дейін, бірақ амортизация мерзімі әлі аяқталмаған негізгі қорларды сатып алуға берілген субсидияны да қамтиды.
9. Субсидия мөлшерін есептеу кезінде, егер уақыттың әртүрлі кезеңдерінде немесе бір тауарға әртүрлі мақсаттарда берілетін субсидияның шамасы әртүрлі болса, тауарды өндіру, сату немесе әкету көлемін негізге ала отырып, субсидия мөлшерінің орташа өлшенген көрсеткіштері қолданылады.
10. Егер субсидия салықтық жеңілдік нысанында берілсе, тауар құны салықтық жеңілдік қолданылған, соңғы 12 айдың ішінде сатудың жалпы құнының есебінен айқындалады.
11. Әртүрлі субсидиялаушы органдар және (немесе) әртүрлі бағдарламаларды орындау үшін күнтізбелік жыл ішінде берген субсидиялар жинақталуы тиіс.
7-бап
Мүдделерге елеулі қысым көрсетуді айқындау
1. Осы Келісімнің 4-бабының 4-тармағының 4.1 және 4.2-тармақшаларының мақсаттары үшін субсидиялаушы Тарап мемлекетінің нарығынан, не Тарап мемлекетінің нарығынан ұқсас тауарды ығыстыру немесе субсидиялаушы Тарап мемлекетінің аумағына ұқсас тауар әкелу өсімін тежеу немесе үшінші Тарап мемлекетінің аумағына тауар әкету өсімін тежеу фактілері, егер субсидияланатын тауарға қатысты субсидиялаушы Тарап мемлекетінің нарығында не үшінші Тарап мемлекетінің нарығында ұқсас тауар үлесінің қолайсыз өзгеруінің орын алғаны дәлелденген жағдайда анықталады. Көрсетілген фактіні анықтау әдеттегі жағдайда жылдан кем емес уақытты құрайтын, осы тауар нарығының дамуындағы айқын үрдістерді дәлелдеу үшін жеткілікті кезеңде белгіленеді.
Субсидиялаушы Тарап мемлекетінің нарығында не үшінші Тарап мемлекетінің нарығында үлестің қолайсыз өзгеруі мынандай жағдайлардың кез келгенін қамтиды:
а) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесінің ұлғаюы;
б) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі олар азаюы тиіс ерекше субсидия болмаған жағдайда өзгеріссіз қалады;
в) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі құлдырайды, бірақ ерекше субсидия болмаған жағдайдағыға қарағанда баяу қарқынмен.
2. Осы Келісімнің 4-бабының 4-тармағының 4.3 тармақшасында көрсетілген бағалардың төмендеуі ерекше субсидия қолданылмаған, Тараптың кез келгенінің мемлекеттік аумағында өндіру, тасымалдау немесе әкету кезінде, тауарлар бағаларымен тиісті нарықта субсидияланатын тауардың бағаларын салыстыру негізінде анықталуы тиіс. Салыстыру салыстыратын уақыт кезеңі ішінде сауданың нақ бір деңгейде жүргізілуі тиіс. Салыстыру барысында баға салыстыруына әсер ететін кез келген басқа да факторлар назарға алынуы тиіс. Егер көрсетілген тікелей салыстыруды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, бағалардың төмендеуі орташа экспорттық бағалар негізінде анықталуы мүмкін.
3. Осы Келісімнің 10-бабының ережесіне сәйкес, екі Тарап мүдделерге елеулі қысым көрсетудің болуы туралы осы қосымшаның 7-бабы мен 4-бабының 4-тармағының ережесіне сәйкес айқындалғандай, үшінші Тарап мемлекетінің нарығында дау жүргізген жағдайда, мұндай Тарап дауласып жатқан Тараптарға дауға қатысты қолда бар, осы Тарап нарығында, басқа Тарап мемлекеттері аумағынан шығарылатын тауарлар үлесінің өзгеруіне, сондай-ақ сәйкес тауарлардың бағасы бойынша статистикалық ақпаратты ұсынады. Бұл ретте, мұндай Тараптың нарыққа немесе бағаларға арнайы талдау жүргізбеуге, сондай-ақ ол коммерциялық немесе мемлекеттік құпия деп санайтын ақпаратты бермеуге құқығы бар.
4. Тиісті кезеңінің ішінде мынадай жағдайлардың бірі орын алған кезде мүдделерге елеулі қысым көрсету фактісі анықталмайды:
1) мүдделерге елеулі қысым көрсету фактісін анықтаушы Тарап мемлекеті аумағынан тауар әкетуге шектеу немесе тыйым салудың болуы немесе мүдделерге қысым көрсету фактісін анықтаушы Тарап мемлекетінен үшінші Тарап мемлекетінің нарығына тауар әкетуге шектеу немесе тыйым салудың болуы;
2) ұқсас тауарды әкелетін және сауданың монополиясын немесе осы тауардың мемлекеттік саудасын практикаға енгізуші басқа мемлекеттен әкетуге мүдделерге елеулі қысым көрсету фактісін анықтаушы Тарап мемлекетінен әкелуді қайта бағдарлайтын коммерциялық емес себептер бойынша органның Тарап мемлекеттік уәкілетті органның шешім қабылдауы;
3) мүдделерге елеулі қысым көрсетуді анықтаушы Тарап мемлекетінен әкетуге арналған тауар өндірісіне, сапасына, санына немесе бағасына елеулі теріс әсерін тигізетін табиғи зілзалалар, ереуілдер, көліктегі іркілістер немесе басқа да форс-мажор жағдайларда;
4) мүдделерге елеулі қысым көрсетуді анықтаушы Тарап мемлекетінен әкетуді шектейтін келісімнің болуы;
5) мүдделерге елеулі қысым көрсетуді анықтаушы Тарап мемлекетінен берілген тауарды әкету (оның ішінде, мүдделерге қысым көрсетуді анықтаушы Тарап мемлекетінің шаруашылық субъектілері дербес берілген ұқсас тауардың экспортын жаңа нарықтарға қайта бағдарлауы) мүмкіндіктерін ерікті түрде қысқарту;
6) тауар әкелуші Тарап мемлекетінде стандартқа және (немесе) басқа да әкімшілік талаптарға сәйкес келмеуі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде, мүдделерге елеулі қысым көрсетудің болуы Келісім комиссиясына берілген ақпарат немесе Келісім комиссиясы дербес алған ақпарат, немесе ЕурАзЭҚ Сотына берілген ақпарат немесе ЕурАзЭҚ Соты дербес алған ақпарат негізінде айқындалады.
8-бап
Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық
экономика саласына келтірілетін зиянды анықтау
1. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына келтірілетін зиян субсидияланатын тауарды әкелу көлемдерін, құзыретті органы тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің нарығында ұқсас тауарлардың бағаларын және ұқсас тауарларды ұлттық өндірушілерге мұндай әкелудің әсерін талдау нәтижелері негізінде анықталады.
2. Құзыретті орган субсидияланатын тауарды әкелу көлемін талдау кезінде субсидияланатын тауарды әкелу ұлғайғанын анықтайды (абсолютті көрсеткіштерде немесе құзыретті органы тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінде ұқсас тауарды тұтынуға қатысты).
Тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің нарығында ұқсас тауарларға бағаларға субсидияланатын тауарды әкелу әсерін талдау кезінде құзыретті орган мыналарды анықтайды:
субсидияланатын тауардың бағалары тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекеті нарығындағы ұқсас тауардың бағаларынан төмен болды ма;
субсидияланатын тауарды әкелу тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекеті нарығындағы ұқсас тауар бағасының төмендеуіне алып келді ме;
субсидияланатын тауарды әкелу тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің нарығындағы ұқсас тауар бағасы, мұндай әкелу болмаған жағдайда, өсу мүмкіндігіне кедергі келтірді ме.
3. Ұлттық экономика саласына субсидияланатын тауарды әкелу әсерін талдау ұлттық экономика саласының жай-күйіне қатысы бар экономикалық факторларды бағалаудан құралады, оның ішінде:
тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің нарығындағы ұқсас тауардың үлесі, өндірісі, сату көлемі, пайдасы, еңбек өнімділігі, тартылған инвестиция немесе өндірістік қуаттарды пайдаланудың қысқартылуы немесе болашақта болу мүмкіндігі;
тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің нарығындағы ұқсас тауар бағаларына әсер етуші факторлар;
болған немесе болашақта болуы мүмкін ақша ағындары қозғалысына, ұқсас тауар қорларына, жұмыс деңгейіне, еңбекақыға, өндірістің өсу қарқынына, инвестиция тарту мүмкіндігіне теріс әсері.
4. Ұлттық экономика саласына субсидияланатын тауарды әкелу әсері, егер қолда бар деректер өндірістік үрдіс, тауарды өндірушілердің сатуы және пайда сияқты өлшемдер негізінде ұқсас тауар өндірісін бөлуге мүмкіндік беретін болса, тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінде ұқсас тауар өндірісіне қатысты бағаланады. Егер қолда бар деректер ұқсас тауардың өндірісін ерекшелендіруге мүмкіндік бермейтін болса, ұлттық экономика саласына субсидияланатын тауарды әкелу әсері өзіне ұқсас тауар және олар туралы қажетті деректер туралы тауарлар номенклатурасы немесе барынша ықшам тобы өндірісіне қатысты бағаланады.
5. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына зиянды анықтау бүкіл іске қатысты талдауға және құзыретті органның иелігінде бар дәлелдер мен мәліметтерге негізделуі тиіс. Оның ішінде, құзыретті орган басқа Тараптар мемлекеттерінен Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағынан ұқсас тауарларды импорттық жеткізу әсерін және серпінін талдайды. Бұл ретте, субсидияланатын тауардың әкелу көлемдерін талдау нәтижелерінде белгіленген факторлар ішінде біреуі де, бірнешеуі де және ұлттық экономика саласына осындай әкелулер әсері субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына зиянды анықтау мақсаты үшін шешуші мәнге ие бола алмайды. Құзыретті орган субсидияланатын тауарды әкелуден тыс, олардың салдарынан осы кезеңде ұлттық экономика салаларына зиян келетін басқа да белгілі факторларды талдайды. Ұлттық экономика саласына келтірілген зиян субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына келтірілген зиянға жатқызылмауы тиіс емес.
6. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына зиян келу қатерін анықтауда құзыретті орган барлық бар факторларды, оның ішінде мынадай факторларды ескереді:
субсидияның сипаты, мөлшері немесе субсидиялар және олардың саудаға ықтимал әсері;
осы әкелудің одан әрі ұлғаюының нақты мүмкіндігін куәландыратын субсидияланатын тауарларды әкелу қарқынының артуы;
субсидия берген Тарап мемлекетінде, субсидияланатын тауарды өндірушілерде мүмкіндіктерінің жеткілікті болуы немесе субсидияланатын тауарды әкелуді ұлғайтудың нақты мүмкіндіктері туралы бұлтартпас айқындығын айғақтайтын;
субсидияланатын тауардың бағалар деңгейі, егер бағалардың осындай деңгейі тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің нарығында ұқсас тауар бағасының төмендеуіне немесе тежелуіне және субсидияланатын тауардың бұдан әрі өсуіне әкелуі мүмкін болған жағдайда;
субсидияланатын тауардың өндірушідегі қорлары.
Бұл ретте осы бөлікте көрсетілген факторлардың ішінде бір де бір фактор немесе бірнеше фактор субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика салаларына материалдық зиян келтірудің қатерлерін анықтау мақсатында шешуші мәнге ие бола алмайды.
Ұлттық экономика салаларына материалдық зиян келтіру қатерлерінің болуы туралы шешім осы бөлікте көрсетілген факторларды талдау нәтижелері бойынша зерттеу барысында құзыретті орган субсидияланатын тауарды енгізуді жалғастырудан бас тартпайтыны және мұндай әкелу арқылы өтеу шаралары қабылданбаған жағдайда, ұлттық экономика салаларына материалдық зиян келтіру туралы қорытындыға келген жағдайда ғана қабылданады.
9-бап
Тексеру жүргізу кезіндегі мүдделі тұлғалар
1. Тексеру жүргізу кезінде мыналар:
ұқсас тауарды ұлттық өндіруші, қатысушыларының көпшілігі ұқсас тауар өндірушілері болып табылатын ұлттық өндірушілер бірлестігі;
тексеру объектісі болып табылатын субсидияланған тауар өндіруші, көпшілігі ұқсас тауар өндірушілері болып табылатын тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауар өндірушілер бірлестіктері;
субсидия берген Тарап және (немесе) Тараптар мемлекетінің уәкілетті органы;
егер осы тауар жеке тұлғалар басым тұтынатын зат болып табылатын болса, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері;
егер олар осы тауарды өнім өндіруде пайдаланатын болса, тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауарды тұтынушылар және осындай тұтынушылар бірлестігі мүдделі тұлғалар болып табылуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалар тексеру барысында дербес немесе оларда тексеру жүргізіп жатқан Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес тиісті түрде ресімделген өкілеттіктері болған жағдайда өз өкілдері арқылы іс-қимыл жасайды.
Егер тексеру барысында мүдделі тұлға уәкілетті өкіл арқылы іс-қимыл жасаған жағдайда, құзыретті орган мүдделі тұлғаға тексеру мәні туралы барлық мәліметтерді осы өкіл арқылы жеткізеді.
10-бап
Құпия ақпарат
1. Мүдделі тұлға құзыретті органға беретін ақпарат, осы тұлға осы ақпаратты жариялау бәсекелестік жағдайында үшінші тұлғаға артықшылық беретініне, не өзі осы ақпаратты берген немесе осы ақпаратты алған адам үшін қолайсыз салдарға әкелетініне негіздеме берген жағдайда құпия ретінде қарастырылады. Құпия ақпарат Тараптар мемлекеттері заңнамаларында көзделген жағдайларда қоспағанда, оны берген тұлғаның рұқсатынсыз жария етілмеуі тиіс.
Құзыретті орган құпия ақпарат беруші тұлғадан оның құпия емес нұсқасының берілуін талап етуге құқылы. Құпия емес нұсқа берілген құпия ақпараттың мәнін түсінуге жеткілікті мәліметтерден тұруы тиіс. Егер құзыретті органның құпия емес нұсқадағы ақпарат беру талабына мүдделі тұлға құпия ақпараттың олай берілуі мүмкін емес екендігін мәлімдейтін болса, осы тұлға құпия ақпараттың осындай түрде беру мүмкін емес екенінің дәлелін ұсынуы тиіс.
Егер құзыретті орган мүдделі тұлға берген негіздемелердің ұсынылған ақпаратты құпия ақпаратқа жатқызуға мүмкіндік бермейтінін анықтаған жағдайда немесе мүдделі тұлға құпия ақпараттың құпия емес нұсқасын ұсынбаған, құпия ақпаратты осындай түрде ұсыну мүмкін емес екендігінің негіздемесін ұсынбаса немесе құпия ақпаратты осындай түрде ұсыну мүмкін емес екендігіне негіздеме бола алмайтын мәлімет берсе, құзыретті органның осы ақпаратты ескермеуіне болады.
2. Құзыретті Тарап мемлекетінің құпия ақпаратты жария еткені үшін тексеру жүргізуші орган заңнамасында көзделгеніндей жауапты болады.
Өнеркәсіптік субсидиялар
берудің бірыңғай қағидалары
туралы келісімге
3-қосымша
Алып қою тізбесі
1-бөлік
Тараптар ерекше субсидия берілуіне мақұлдауды алу мақсатында Кеден одағының комиссиясына жүгінуге құқылы.
Тараптар Кеден одағының комиссиясы рұқсат еткен кезеңге арналған, шарттарда және көлемдерде берілетін субсидияларға қатысты өтемақы шараларын қолданбайды.
2-бөлік
Ресей Федерациясы:
Шараның сипаттамасы |
Шараға қатысты өтпелі кезеңнің қолданылу мерзімі10 |
1. «Отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін инвестициялар тарту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Ресей Федерациясы Президентінің 1998 жылғы 5 ақпандағы № 135 Жарлығымен, «Отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін инвестициялар тарту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Ресей Федерациясы Үкіметінің 1998 жылғы 23 сәуірдегі № 413 қаулысымен, «Ресей Федерациясының кедендік тарифіне өнеркәсіптік жинақ үшін әкелінетін автоқұрамдауыштарға қатысты өзгерістер енгізу туралы» Ресей Федерациясы Үкіметінің 2005 жылғы 29 наурыздағы № 166 қаулысымен, «Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы кедендік одағын бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы» Кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы № 130 шешімімен белгіленетін ережелерді қамтитын 2011 жылғы 28 ақпанға дейін жасалған инвестициялық келісімдерге қатысты шаралар |
Келісімдердің оларға қол қойылған кезде белгіленген қолданылу мерзімі және Ресей Федерациясының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу туралы хаттамасында көзделген, алайда екі күнтізбелік жылдан аспайтын мерзімге ұзарту мүмкіндігі |
2. «Калининград облысындағы ерекше экономикалық аймақ туралы» 1996 жылғы 22 қаңтардағы № 13 - ФЗ Федералдық заңына сәйкес қолданылатын шаралар |
2016 жылғы 1 сәуірге дейін |
3. «Магадан облысындағы ерекше экономикалық аймақ туралы» 1999 жылғы 31 мамырдағы № 104 - ФЗ Федералдық заңына сәйкес қолданылатын шаралар |
2015 жылғы 1 қаңтарға дейін |
Қазақстан Республикасы:
Шараны сипаттау |
Шараға қатысты өтпелі кезеңнің әрекет ету мерзімі |
1. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі № 301 қаулысына сәйкес экспортқа бағдарланған өндірістердің банктер кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау |
2011 жылғы 1 шілдеге дейін кредиттік ұйымдар берген кредиттер бойынша 2016 жылғы 1 шілдеге дейін |
2. «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-1 Заңына, «Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 қазандағы № 1647 қаулысына, «Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы» Беларусь Республикасы Үкіметі, Қазақстан Республикасы Үкіметі және Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы 2010 жылғы 18 маусымдағы Келісімге сәйкес «Еркін қойма» кедендік рәсімін қолдана отырып, кеден одағының кеден аумағына әкету кезінде қазақстандық деп танылған тауарлардың жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес кедендік алымдар мен салықтардан босатылуы |
2017 жылғы 1 қаңтарға дейін |
3. «Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері бойынша» Беларусь Республикасы Үкіметі, Қазақстан Республикасы Үкіметі және Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы 2010 жылғы 18 маусымдағы келісімге, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңына, «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы кодексіне, «Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 қазандағы № 1647 қаулысына сәйкес арнайы экономикалық аймақтар аумағынан кеден одағының кеден аумағына әкету кезінде қазақстандық деп танылған тауарлардың жеткілікті қайта өңдеу критерийлеріне сәйкес кедендік алымдар мен салықтардан босатылуы. |
2017 жылғы 1 қаңтарға дейін |
Өнеркәсіптік субсидияларды
берудің бірыңғай қағидалары
туралы келісімге
4-қосымша
Оларды беру өтемақы шараларын қабылдауға негіз
болып табылмайтын ерекше субсидиялар
ТІЗБЕСІ
1) фирмалар, сондай-ақ жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдар фирмалармен келісімшарттық негізде жүзеге асыратын және мұндай1 көмек2 өнеркәсіптік зерттеулер3 құнының 75% аспайтын немесе бәсекеге дейінгі сатыда4, 5 әзірленімдер құнының 50% жабады деген шартпен зерттеу қызметіне көмек;
және ол тек жабу үшін ғана берілген жағдайда:
а) персоналға арналған шығыстар (зерттеушілер, техниктер және тек қана зерттеу қызметімен айналысатын басқа да көмекші персонал);
б) зерттеу қызметі үшін ғана және тұрақты түрде қолданылатын (коммерциялық негізде сатуды қоспағанда) құралдарға, жабдықтарға, жерге және құрылыстарға арналған шығыстар;
в) ғылыми зерттеулер нәтижелерін, техникалық білімді, патенттерді және басқаларын сатып алуды қоса алғанда, тек зерттеу қызметі үшін ғана қолданылатын консультациялық және баламалық қызметтерге арналған шығыстар;
г) зерттеу қызметі нәтижесінде тікелей жұмсалған қосымша үстеме шығыстар;
д) зерттеу қызметі нәтижесінде тікелей жұмсалған басқа да ағымдағы (материалдарға, қамтамасыз етуге және т.б. арналған) шығыстар;
2) өңірлік дамудың жалпы шеңберінде берілетін Тараптың мемлекеті аумағындағы қолайсыз өңірлерге6 көмек ерекшелікті емес (осы келісімнің 3-бабының мағынасында) болып табылады және мынадай жағдайларда тиісті өңірлер арасында бөлінеді:
а) әрбір қолайсыз өңір нақты белгіленген ықшам әкімшілік және экономикалық аймақты көрсетуі тиіс;
б) мұндай өңір қиындықтары тек уақытша жағдайдан туындап отырмағанын көрсететін, бейтарап және объективті өлшемдер7 негізінде қолайсыз өңір ретінде қарастырылады; мұндай өлшемдер заңдарда, ережелерде және басқа да ресми құжаттарда оларды тексеруге болатындай нақты анықталуы тиіс;
в) өлшемдер кем дегенде мынадай көрсеткіштердің біріне негізделген экономикалық даму өлшемін қамтиды:
халықтың жан басына табысы немесе үй шаруашылығымен байланысты табысы не халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері, осы аумақ үшін орташа 85% көрсеткіштен аспауы тиіс;
жұмыссыздық деңгейі, осы аумақ үшін орташа көрсеткіштің кем дегенде 110% құрауы тиіс;
үш жылдық кезеңге өлшенген; алайда мұндай өлшем кешенді болуы және басқа да факторларды ескеруі мүмкін;
3) қолданыстағы өндірістік қуаттардың8 заңнамамен және/немесе нормативтік актілермен қойылатын қоршаған ортаны қорғауға қатысты жаңа талаптарға бейімделуіне ықпал ету, егер ол:
а) бір жолғы, қайталанбайтын шара болып табылса; және
б) бейімделу бойынша шығыстардың көп дегенде 20% құраса; және
в) кәсіпорынға толығымен тиесілі, субсидияланған жабдықтарды айырбастау және пайдалану шығыстарын жаппаса; және
г) фирма жоспарлап отырған ластануды қысқартуға тікелей байланысты және қол жеткізілуі мүмкін өндірістік шығыстар үнемін жаппаса; және
д) жаңа жабдыққа және/немесе өндірістік процестерге ауысуы мүмкін барлық фирмалар үшін қолжетімді болған жағдайда қосымша шектеулерге және фирмалар үшін қаржылық ауыртпалықты күшейтуге алып келеді.
______________________________________
1 Осы Келісімнің ережелері жоғары оқу орындары немесе ғылыми мекемелер тәуелсіз жүргізетін іргелі ғылыми зерттеулерге қатысты қолданылмайды. «Іргелі зерттеулер» деген термин өнеркәсіптік немесе коммерциялық мақсаттарға байланысты емес жалпы ғылыми және техникалық білімдердің кеңеюін білдіреді.
2 Осы тармақшада аталған шараларды қабылдау үшін негіз болмайтын көмектің жол берілетін деңгейі нақты жобаны жүзеге асыру кезеңінде жұмсалған тиісті шығыстардың жалпы сомасына қатысты белгіленеді.
3 «Өнеркәсіптік зерттеулер» деген термин осындай білімнің жаңа тауарларды, процестерді немесе қызмет көрсетулерді әзірлегенде пайдалы болуы мүмкін жаңа білімдерді ашуға, сондай-ақ қазіргі тауарларды, процестерді немесе қызмет көрсетулерді елеулі түрде жақсартуға бағытталған жоспарланған зерттеулерді немесе аса маңызды зерттеулерді білдіреді.
4 «Бәсекеге дейінгі сатыдағы әзірлемелер» деген термин коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз бірінші прототипін жасауды қоса алғанда, сатуға немесе пайдалануға арналған өнеркәсіп зерттеулерінің жоспарға, сызбаға немесе жаңа түрлендірілген немесе жақсартылған тауарлардың, технологиялық процестердің немесе қызмет көрсетулердің нәтижелерін көшіруді білдіреді. Ол, сондай-ақ тұжырымдаманың тұжырымын және баламалы тауарлардың, тәсілдердің немесе қызметтердің дизайндарын, сондай-ақ олар өндірістік қолдану немесе коммерциялық пайдалану үшін бейімделмеген немесе пайдалануы мүмкін емес жағдайда, бастапқы көрсету жобаларын не пилоттық жобаларды қамтуы мүмкін. Ол қолданыстағы тауарларға, өндірістік желілерге, өңдеу процестеріне, қызмет көрсетулерге және басқа да жай операцияларға, тіпті осындай өзгерістер жақсартуға алып келсе де, ағымдағы және кезеңдік өзгерістерге қолданылмайды.
5 Өндірістік зерттеулерді және бәсекеге дейінгі әзірлемелерді біріктіретін бағдарламалар жағдайында шаралар қабылдау үшін негіз болмайтын көмектің жол берілетін деңгейі, осы екі санат үшін осы (і) және (v) тармақшасында көрсетілген барлық тиісті шығыстарды ескере отырып, есептелген, жол берілетін жай орташа деңгейлерден жоғары болмауы тиіс.
6 «Өңірлік дамудың жалпы шеңбері» деген субсидиялаудың өңірлік бағдарламалары ішкі дәйекті және әмбебап қолданылатын өңірлік даму саясатының бөлігі болып табылады және өңірлік дамуға арналған субсидиялар өңірдің дамуына әсер етпейтін немесе іс жүзінде әсері жоқ жекелеген географиялық пункттер болып табылмайды дегенді білдіреді.
7 «Бейтарап және объективті өлшемдер» деген өңірлік даму саясаты шеңберінде өңірлер арасындағы айырмашылықтарды жою немесе қысқарту үшін қажетті белгілі бір өңірлер үшін одан артық жеңілдіктер берілмейтін өлшемдерді білдіреді. Осыған қатысты субсидиялаудың өңірлік бағдарламалары субсидияланатын әрбір жоба бойынша берілуі мүмкін барынша жоғары сомаларды қамтуы тиіс. Осындай барынша жоғары сомалар оларға көмек көрсетілетін өңірлердің даму деңгейіне байланысты саралануы және инвестицияларға арналған шығыстар немесе жұмыс орындарын құруға арналған шығыстар түрінде көрсетілуі тиіс. Осы сомалардың шегінде көмек осы заңның 3-бабында көзделгендей субсидияларды басымдықпен пайдалану немесе белгілі бір кәсіпорындарға барабар емес үлкен сомаларды берудің алдын алу үшін жеткілікті түрде кеңінен бөлінуі тиіс.
8 "Қолданыстағы өндірістік қуаттар" деген ең кемінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жаңа талаптар енгізілгенге дейін екі жыл бұрын пайдалануда болған өндірістік қуаттарды білдіреді
Өнеркәсіптік субсидияларды
берудің бірыңғай қағидалары
туралы келісімге
5-қосымша
Субсидиялар бойынша хабарламалар беру нысандары
Хабарлама толтыруға нұсқаулық:
1. Субсидиялау бағдарламасының атауы, ол болған жағдайда оның қысқаша сипаттамасы немесе субсидияны белгілеу. Мысалы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту». Субсидиялау бағдарламасының атауы соған сәйкес субсидия берілетін заңнамалық немесе нормативтік актінің атауымен сәйкес келуі мүмкін.
2. Хабарламада көрсетілген кезең.
3. Субсидияның негізгі нысанасы және/немесе мақсаты. Субсидия беру мақсаты бойынша деректерді әдетте соған сәйкес субсидия берілетін нормативтік құқықтық актіден табуға болады.
4. Субсидия беру үшін құқықтық негіз. Осы бөлімде соған сәйкес субсидия берілетін нормативтік құқықтық актінің атауын, сондай-ақ осы актінің қысқаша сипаттамасын беру қажет.
5. Субсидия нысаны (яғни грант, қарыз, салықтық жеңілдік және т.б.).
6. Субсидия кімге және қандай түрде беріледі (өндірушілерге, экспорттаушыларға және өзге тұлғаларға). Субсидия қандай қаражат көмегімен берілетінін сипаттау; тауардың бірлігіне белгіленген немесе айнымалы сомамен; екінші нұсқада соманы анықтау тетігін түсіндіру қажет. Субсидия беру тетіктері мен шарттарын сипаттау.
7. Субсидия мөлшері. Өнім бірлігіне субсидия немесе бұл мүмкін емес жағдайда осы субсидияға ассигнацияланған жылдық немесе жалпы сома (өткен жылы өнім бірлігіне субсидияның орташа мөлшерлемесін көрсете отырып). Егер өнім бірлігіне арналған субсидия туралы ақпараттың (хабарламада көрсетілген жылға, өткен жылға немесе екеуіне арналған) берілуі мүмкін болмаған жағдайда, толық түсіндірме беру қажет.
8. Субсидия әрекетінің ұзақтығы және/немесе субсидияға қатысты қолданылатын, субсидияны ашу/жабу мерзімін қоса алғанда, кез келген басқа уақытты шектеу.
9. Саудаға арналған тиімділік бойынша деректер. Субсидияның саудалық тиімділігіне бағалау жүргізуге мүмкіндік беретін статистикалық деректер. Мүмкіндігіне қарай ақпарат өндіріс, тұтыну, субсидияланатын тауарлардың немесе секторлардың импорты мен экспорты бойынша статистикалық деректерді қамтуы қажет:
(а) соңғы үш жыл бойынша статистикалық деректер;
(б) өткен жыл бойынша - субсидия енгізудің алдындағы немесе субсидияның соңғы маңызды өзгеруі алдындағы соңғы жыл.
1-кесте.* Нотификацияның жалпы нысаны
Субсидиялау бағдарламасының атауы |
Деректер берілетін кезең |
Субсидия берудің мақсаты |
Субсидия беру үшін негіз |
Субсидиялау нысанының сипаттамасы |
Субсидия кімге және қалай беріледі |
Субсидия мөлшері |
Субсидияның ұзақтығы |
Саудаға тиімділігі бойынша деректер |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
9 |
_________________________________
* Басқа кестелердегі өзге нысандар қолданылмаған жағдайларда қолданылады.
2-кесте. Субсидиялар нысаны - грант
Субсидиялау бағдарламасының атауы |
Деректер берілетін кезең |
Субсидия берудің мақсаты |
Субсидия беру үшін негіз |
Субсидия кімге және қалай беріледі |
Грант сомасы |
Субсидияның ұзақтығы |
Қосымша ақпарат |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
5. Субсидия кімге және қалай беріледі. Бұл бөлімде грант алушыны көрсету және грант беру тетіктері мен шарттарын барынша толық сипаттау қажет, атап айтқанда қандай тұлға субсидия беру туралы тікелей шешім қабылдайды және субсидия береді, қандай шарттар сақталған кезде субсидия беріледі, алынатын субсидияның мөлшері неге байланысты және қандай жолмен белгіленеді.
3-кесте. Субсидиялар нысаны — жеңілдік шарттарындағы кредит
Субсидиялау бағдарламасының атауы |
Деректер берілетін кезең |
Субсидия берудің мақсаты |
Субсидия беру үшін негіз |
Субсидия кімге және қалай беріледі |
Кредит сомасы |
% ставка |
Субсидияның ұзақтығы |
Қосымша ақпарат |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
9 |
5. Субсидия кімге және қалай беріледі. Бұл бөлімде кредит алушыны көрсету керек және кредит беру тетіктері мен шарттарын барынша толық сипаттау қажет, атап айтқанда қандай тұлға субсидия беру туралы тікелей шешім қабылдайды және субсидия береді, қандай шарттар сақталған кезде субсидия беріледі, алынатын субсидияның мөлшері неге байланысты және қандай жолмен белгіленеді. Егер қаржыландыру кезінде субъектілер санаттарға (мысалы, салалар бойынша) бөлінетін болса, әр санатты жеке көрсету қажет.
6. Кредит сомасы. Бұл бөлімде есепті кезеңде нақты берілген кредит сомасы беріледі.
7. % ставка. Берілген кредиттердің пайыздық ставкасын көрсету қажет. Егер әртүрлі ставкалар бойынша бірнеше кредит берілген болса, әрқайсысы бойынша жеке дерек беру қажет. Бұл ақпарат субсидия мөлшерін есептеу үшін қажет.
4-кесте. Субсидиялар нысаны - салықтық және кедендік жеңілдіктер
Субсидиялау бағдарламасының атауы |
Деректер берілетін кезең |
Субсидия берудің мақсаты/міндеттері |
Субсидия беру үшін негіз |
Субсидия кімге және қалай беріледі |
Субсидиялар нысаны |
Субсидияның ұзақтығы |
Субсидия мөлшері |
Қосымша ақпарат |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
9 |
5. Субсидия кімге және қалай беріледі. Бұл бөлімде салықтық жеңілдіктер берілетін субъектілерді немесе осындай субъектілерді айқындайтын заңнамалық немесе нормативтік актіге сілтеме жасау, сондай-ақ бұл субъектілер қандай шарттарда жеңілдіктер алатынын көрсету қажет.
6. Субсидиялар нысаны. Берілетін салықтық жеңілдіктің нысанын көрсету, мысалы, жер салығынан, ҚҚС және т.б. босатылуы. Егер салық мөлшері төмендеген болса, салық ставкасын немесе мөлшерін көрсету қажет.
8. Субсидиялар мөлшері. Есептік кезеңдегі субсидиялау сомасын көрсету.
5-кесте. Субсидиялар нысаны — жеңілдікті шарттармен тауарларды
немесе көрсетілетін қызметтерді сату
Субсидиялау бағдарламасының атауы |
Деректер берілетін кезең |
Субсидия берудің мақсаты/міндеттері |
Субсидия беру үшін негіз |
Субсидия кімге және қалай беріледі |
Субсидиялар нысаны |
Субсидиялар мөлшері |
Субсидиялар көлемі |
Жеңілдікті есепке алмағанда, тауардың/ қызметтің бағасы/ тарифі |
Субсидиялардың ұзақтығы |
Қосымша ақпарат |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
9 |
10 |
11 |
5. Субсидия кімге және қалай беріледі. Бұл бөлімде жеңілдікті шарттарда тауарларды немесе қызметтерді сатып алатын субъектілерді көрсету керек және қандай шарттармен бұл субъектілер жеңілдіктер алатынын көрсету қажет. Сонымен қатар қандай тауар немесе қызмет түрін сатуға субсидия берілетіні туралы ақпарат беру. Мысалы, электр энергиясын беру.
6. Субсидиялар нысаны. Субсидия қандай нысанда берілетінін көрсету қажет. Мысалы, тарифтерді, бағаны төмендету.
7. Субсидиялар мөлшері. Есептік кезеңдегі субсидиялау сомасы ақшалай түрде көрсетіледі.
8. Субсидиялар көлемі. Субсидиялар көлемі өлшем бірлігімен көрсетіледі (тонна, Вт және т.б.).
9. Жеңілдікті есепке алмағанда тауардың/қызметтің бағасы/тарифі. Мұнда жеңілдікті есепке алмағанда, тауар немесе қызмет көрсету қандай бағамен немесе тарифпен босатылатыны бойынша деректер беріледі.
6-кесте. Субсидиялар нысаны - Қарызды есептен шығару
Субсидиялау бағдарламасының атауы |
Деректер берілетін кезең |
Субсидия берудің мақсаты/ міндеттері |
Субсидия беру үшін негіз |
Субсидия кімге және қалай беріледі |
Қарыз сомасы |
Субсидияның ұзақтығы |
Қосымша ақпарат |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің орыс тіліндегі мәтінін мемлекеттік тілге дұрыс аударылғанын растаймын.
Қазақстан Республикасы
Экономикалық даму және
сауда министрлігінің
Инвестициялық саясат департаменті
директорының орынбасары H. Аязбаев
Осымен, берілген мәтін: Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары А.В.Кобяков, Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Ө. Шөкеев, Ресей Федерациясы Үкіметінен - Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының Бірінші орынбасары И.И.Шувалов 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойған, Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімінің негізгі нұсқасының толық және түпнұсқалы көшірмесі болып табылатындығын куәландырамын.
Түпнұсқа Еуразиялық экономикалық қауымдастығының Интеграциялық комитетінде сақталады.
Барлығы 60 бет тігінделіп, қолмен және мөрмен бекітілді.
ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті
Хатшылығының Құқық
департаментінің Басшысы B.C.Князев
13.12.2010 ж.
2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Өнеркәсіптік демеу қаржылар ұсынудың бірыңғай қағидалары туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәлаңдырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский