2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы
шартқа өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА
(2012 жылғы 19 желтоқсанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 1, 10-құжат)
1992 жылғы 15 мамырда Ташкентте қол қойылған және 1994 жылғы 20 сәуірде күшіне енген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (бұдан әрі - Шарт) және 1999 жылғы 2 сәуірде Мәскеуде қол қойылған және 2000 жылғы 22 наурызда күшіне енген 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты ұзарту туралы хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысты негізге ала отырып,
Шарттың 9-бабына сәйкес
төмендегілер туралы уағдаласты:
1. Шартқа мынадай өзгерістер енгізілсін:
а) 2-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Бір немесе бірнеше қатысушы мемлекеттің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына және егемендігіне қатер немесе халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер туындаған жағдайда, қатысушы мемлекеттер өз ұстанымдарын үйлестіру мақсатында бірлескен консультациялар тетігін дереу іске қосады, туындаған қатерді жою мақсатында осындай қатысушы мемелекеттерге көмек көрсету жөнінде шаралар әзірлейді және қабылдайды.»;
б) 3-баптағы «және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бірлескен Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы» деген сөздер алып тасталсын;
в) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап
Егер қатысушы мемлекеттердің бірі агрессияға (қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына және егемендігіне қатер төндіретін қарулы шабуылға) ұшыраса, онда мұны қатысушы мемлекеттер осы Шартқа қатысушы мемлекеттердің барлығына жасалған агрессия (қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына және егемендігіне қатер төндіретін қарулы шабуыл) ретінде қарайтын болады.
Қатысушы мемлекеттердің кез келгеніне агрессия (қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына және егемендігіне қатер төндіретін қарулы шабуыл) жасалған жағдайда, осы қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша барлық басқа қатысушы мемлекеттер әскери көмекті қоса алғанда, оған дереу қажетті көмек көрсетеді, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық қорғаныс құқығын жүзеге асыру тәртібімен өздерінің иелігінде бар құралдарымен қолдау көрсетеді.
Осы баптың негізінде қабылданған шаралар туралы қатысушы мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін дереу хабардар етеді. Осындай шараларды жүзеге асыру кезінде қатысушы мемлекеттер БҰҰ Жарғысының тиісті ережелерін ұстанатын болады.»;
г) 5-баптағы екінші сөйлем алып тасталсын;
д) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«6-бап
Осы Шарттың 2 және 4-баптарына сәйкес ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштерін және құралдарын пайдалану туралы шешімді қатысушы мемлекеттердің басшылары қабылдайды.
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қатысушы мемлекеттердің аумағынан тыс жерлерде пайдалану БҰҰ Жарғысына және осы Шартқа қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес халықаралық қауіпсіздіктің мүдделері үшін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.»;
е) 11-баптың үшінші абзацының екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Ратификациялау грамоталары осымен депозитарий ретінде тағайындалатын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының) Бас хатшысына сақтауға беріледі.».
2. Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын осы Хаттама оған қол қойған мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол оның куәландырылған көшірмесін осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін