Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 14 желтоқсандағы № 510-IV Заңы.

      2010 жылғы 14 қыркүйекте Киевте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер
Кабинетінің арасындағы Қазақстан Республикасының Украинадағы
және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық
өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісім

      (2011 жылғы 26 желтоқсанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинеті,

      Қазақстан Республикасының Украинадағы дипломатиялық өкілдігінің және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдігінің жұмысы үшін тиісті жағдайлар жасаудағы объективтік қажеттілікті назарға ала отырып,

      өзаралық, тең құқық және тең жауапкершілік принциптеріне сүйене отырып,

      екі жақты қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ұмтыла отырып,

      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Украина тарабы Қазақстан тарабын өзінің дипломатиялық өкілдігін орналастыру үшін Киев қаласында Танковая көшесі, 4-6 мекенжайында орналасқан, алаңы 0,45 га жер учаскесін өзаралық шарттармен жылына 1 гривен жалгерлік ақыға 49 жылға жалға береді.

      Қазақстан тарабы осы Келісім күшіне енген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмей, осы бапта көрсетілген жер учаскесін жалға алғаны үшін Украина тарабын бір реттік тәртіппен төлем жүргізуге міндеттенеді.

2-бап

      Қазақстан тарапы Украина тарапына өзінің дипломатиялық өкілдігін орналастыру үшін Астана қаласындағы Арғанаты көшесі, 20 мекен жайы бойынша орналасқан, алаңы 0,9187 га. жер учаскесін жылына 1 теңге жалгерлік ақыға 49 жылға өзаралық шарттарымен жалға береді.

      Украина тарабы осы Келісім күшіне енген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмей, осы бапта көрсетілген жер учаскесін жалға алғаны үшін Қазақстан тарабын бір реттік тәртіппен төлем жүргізуге міндеттенеді.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.21 № 512-IV Заңымен.

3-бап

      Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген жер учаскелеріне құрылыс салуға, оны пайдалануға және абаттандыруға құқығы бар, алайда жер учаскесі орналасқан мемлекетте қолданылатын қала құрылысы, сәулет және экология саласындағы заңнаманы сақтауға міндетті.

4-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген жер учаскелерін үшінші тараптардың құқықтары мен талаптарынан, сондай-ақ қандай да бір басқа ауыртпалықтардан, борыштар мен кепілдерден бос күйінде береді.

      Осы Келісімде көрсетілген жер учаскелерін жалға алған Тараптар инженерлік желілер мен коммуникацияларды (сумен, жылумен жабдықтау, кәріз, электр энергиясы, байланыс және басқалары) өздері жалға алған жер учаскелерінің шекарасына дейін жеткізуді және шекаралары шегінде әрқайсысы өз мемлекетінің қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 78-V Заңымен.

5-бап

      Тараптар жер учаскелерін жалға алу құқығын ресімдеуді жер учаскесі орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      Жер учаскесін жалға алған Тарап болу мемлекеті Тарабының айқын білдірілген жазбаша келісімісіз осы Келісімге сәйкес берілетін жер учаскесін сатуға, ауыртпалық салуға, меншікке беруге, жалға беруге немесе үшінші тарапқа қосалқы жалгерлікке беруге құқығы жоқ.

6-бап

      Осы Келісімде көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық жұмыстар, жобаға сараптама жасау және ғимаратты салу сияқты жұмыстар түрлеріне арналған барлық шығыстар, сондай-ақ оны күтіп ұстау мен жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметтеріне және қызмет көрсетудің басқа түрлеріне арналған шығыстарды Тараптар болу мемлекетінде қолданыстағы нормативтер мен тарифтерге сәйкес өздері төлейді.

7-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

9-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және егер Тараптардың бір де біреуі дипломатиялық арналар арқылы ағымдағы кезең аяқталғанға дейін бір жыл бұрын өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі ұқсас кезеңдерге автоматты түрде ұзартыла отырып, 49 жыл ішінде қолданыста болады.

      2010 жылғы 14 қыркүйекте Киев қаласында әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Украинаның Министрлер

Үкіметі үшін

Кабинеті үшін


      2010 жылғы 14 қыркүйекте Киев қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинетінің арасындағы Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасы


Сыртқы істер министрлігі


Халықаралық құқық департаментінің


Басқарма бастығы

Б. Пискорский


      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні украин тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады