Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 желтоқсандағы № 523-IV Заңы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Азаматтық ic жүргiзу кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 127, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 4-құжат; № 3-4, 12-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 17-18, 111-құжат; № 22, 130-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 28-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 14, 117-құжат; 2011 жылғы 6 тамызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 6 тамызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) 62-баптың үшінші бөлігіндегі «дербес жүргізген жағдайда – адвокат клиентпен жасасқан шартпен» деген сөздер «заңды тұлғаны тіркемей жеке жүзеге асырған жағдайда – адвокаттар алқасының төралқасымен» деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 111-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Егер адвокат заң көмегін тарапқа судьяның (соттың) ұйғарымы негізінде тегін көрсетсе, сот осы бапта көрсетілген шығыстарды заң көмегін тегін көрсеткен адвокаттың пайдасына өндіріп береді.».

      2. «Адвокаттық қызмет туралы» 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 22, 328-құжат; 2001 ж., № 15-16, 236-құжат; 2003 ж., № 11, 65-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 130-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      «3. Осы Заңда белгіленген тәртіппен, жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында адвокаттар кәсіби негізде көрсететін білікті заң көмегі адвокаттық қызмет болып табылады.»;

      2) 5-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «әкесінің атын» деген сөздер «әкесінің атын (ол болғанда)» деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 7-баптың 2-тармағында:
      бірінші бөлік «танылған не» деген сөздерден кейін «заңда белгіленген тәртіппен» деген сөздермен толықтырылсын;
      екінші бөліктегі «Заңда белгiленген тәртiппен соттылығы өтелген немесе алынған; қасақана» деген сөздер «Қасақана» деген сөзбен ауыстырылсын;

      4) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «8-бап. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағылымдамадан өтушiлерi

      1. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағылымдамадан өтушiлерi болуы мүмкiн.
      2. Адвокаттың көмекшiлерi еңбек шартының негiзiнде заң консультациясында, адвокат кеңсесiнде немесе адвокаттық қызметпен жеке айналысатын адвокатта жұмыс iстеуі мүмкін.
      Адвокаттың көмекшiлерi адвокаттың нұсқауы бойынша және соның жауапкершiлiгiмен адвокаттың тапсырмаларын орындауға құқылы.
      3. Жоғары заң бiлiмi бар Қазақстан Республикасының азаматы адвокаттың тағылымдамадан өтушiсі бола алады.
      Тағылымдамадан өтудің мақсаты адвокаттық қызметтің кәсіптік білімдері мен практикалық дағдыларын игеру болып табылады.
      Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарға сай келетін және тағылымдамадан өтуге ниет бiлдiрген адам Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнің бұйрығымен бекiтілетiн Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде тізбесі белгіленетін құжаттарды қоса бере отырып, тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтiнiшпен адвокаттар алқасының төралқасына жүгiнедi.
      4. Адвокаттар алқасының төралқасы өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:
      1) тағылымдамадан өтуге жіберу туралы;
      2) тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      5. Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлері санының көп жинақталуы себебiмен тағылымдамадан өтуге жiберуден бас тартуға жол берiлмейдi.
      6. Тағылымдама кемiнде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттың басшылығымен жүзеге асырылады. Тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімді құрайды. Бір адвокатта тағылымдамадан бір мезгілде екіден көп емес тағылымдамадан өтуші өте алады.
      Тағылымдамадан өтушi ретiндегi жұмыс кезеңi заң мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледi.
      7. Тағылымдамадан өткізуді ұйымдастыруды Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге сәйкес адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.
      Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім дәлелді болуға тиіс және оған сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
      Тағылымдамадан өтпеген адам жалпы негіздерде тағылымдамаға қайта жіберіледі.
      8. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1)1-1)2)8) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.
      9. Адвокаттың көмекшісі мен тағылымдамадан өтушісінің адвокаттық қызметпен дербес айналысуға құқығы жоқ.»;

      5) мынадай мазмұндағы 8-1 және 8-2-баптармен толықтырылсын:

      «8-1-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды
                аттестаттау жөніндегі комиссия

      1. Тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді.
      Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия жеті мүшеден, оның ішінде кандидатураларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың адвокаттар алқаларының төралқалары айқындайтын үш адвокаттан тұрады.
      Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның жеке құрамы және олардың жұмыс регламенті Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрықтарымен бекітіледі.
      2. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;
      2) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1)1-1)2)8) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар;
      3) теріс себептермен босатылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан босатылған адамдар аттестаттаудан өтуден босатылады.
      3. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның негізгі міндеттері:
      1) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны алуға үміткерлерді сапалы іріктеуді қамтамасыз ету;
      2) отырыстардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуға құқылы.
      5. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырыстарында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында дыбыс- және (немесе) бейнежазбалар не стенографиялау жүзеге асырылады. Отырыс барысында алынған стенограмма, дыбыс- және (немесе) бейнежазбалар отырыстың хаттамасына қоса тігіледі және адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның материалдарымен бірге сақталады.

      8-2-бап. Аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттары

      1. Тағылымдамадан өткен және адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларда айқындалады.
      2. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам тағылымдамадан өткеннен кейін өзін аттестаттауға жіберу туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарды қоса тіркей отырып, тұрғылықты жері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары арқылы адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияға жібереді.
      3. Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қайтару себебі туралы жазбаша хабарлай отырып, өтінішті үміткерге ұсынылған құжаттармен бірге қарамастан қайтарады.
      4. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия материалдарды қарау қорытындылары бойынша аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.
      Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сай болмаса, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
      Аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей үміткерге жібереді.
      Аттестаттауға жіберуден бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оны өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.
      6. Аттестаттау қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
      7. Аттестаттау мынадай екі кезеңнен тұрады:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден компьютерлік тест тапсыру;
      2) үміткердің білімін емтихан билеттері бойынша тексеру.
      8. Үміткер өз таңдауы бойынша аттестаттаудан қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы.
      Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.
      9. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау өткізілгеннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы дәлелді шешім шығарады.
      Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
      Аттестатталғаны туралы шешім ол шығарылған кезден бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.
      Аттестаттаудан өтпеген үміткер кемінде бір жылдан кейін қайта аттестаттауға жіберіледі.
      10. Аттестаттаудан өткен кезде үміткердің анықтамалық, арнаулы және басқа да әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді.
      Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда, адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия үміткерді аттестаттаудан шеттетеді.
      Аттестаттаудан шеттетілген үміткер шешім шығарылған күннен бастап үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайтадан өтініш беруге құқылы.
      11. Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген үміткер осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның келесі отырысына шақырылады.
      Үміткер тағы да келмей қалған жағдайда оның өтініші қараусыз қалдырылады және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары оған тапсырылған құжаттармен бірге қайтарады.»;

      6) 9 және 11-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «9-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия

      1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия адвокаттық қызметпен айналысуға рұқсат беру болып табылады және оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен және шарттармен тағылымдамадан және аттестаттаудан өткеннен кейін лицензиар береді.
      2. Лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиялардың электрондық тізілімін жүргізеді, тізілім мәліметтерін, сондай-ақ адвокаттық қызметпен айналысатын лицензиаттар тізімдерін интернет-ресурста орналастыруды қамтамасыз етеді.»;

      «11-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның
               қолданысын тоқтата тұру

      1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы:
      1) адам мемлекеттік қызметте болған;
      2) ол Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен төленетін, тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;
      3) мерзімді әскери қызметті өткерген;
      4) ол осы Заңның 31-бабы 1-тармағының 4) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқасының мүшелігінен шығарылған;
      5) заңды тұлғаны тіркемей кәсіптік қызметін жеке жүзеге асыратын адвокаттың іс жүзінде қызметтік үй-жайы болмаған;
      6) оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтi қоспағанда, адвокат кәсiпкерлiк немесе өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысқан;
      7) тоқтата тұру мерзімі көрсетілетін өзінің өтініші негізінде адвокат өз өкілеттіктерін орындамаған кезеңде тоқтатыла тұрады.
      Көрсетiлген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын лицензиар адвокаттар алқасы төралқасының ұсынымы немесе аумақтық әділет органының ұсынысы негізінде не адвокаттың өтініші негізінде тоқтата тұрады. Қабылданған шешiм туралы адвокат, соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етiледi.
      3. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру адвокаттық қызметпен оның қолданысын тоқтата тұру кезеңінде айналысуға тыйым салуға әкеп соғады.
      4. Осы баптың 2-тармағында көзделген негiздер бойынша тоқтатыла тұрған адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын қайта жалғастыру адвокаттың өтiнiшi бойынша күнтізбелік он күн iшiнде лицензиардың бұйрығы және оның қолданысын тоқтата тұру үшiн негiздердiң тоқтатылғанын растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысының қайта жалғастырылғаны туралы адвокат, соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.
      5. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы немесе қайта жалғастырудан бас тарту туралы шешiмге адвокат сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.»;

      7) 12-бапта:
      1-тармақтың 1-1) тармақшасы алып тасталсын;
      3-тармақтағы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің» деген сөздер «лицензиардың» деген сөзбен ауыстырылсын;
      4-тармақтың үшінші бөлігіндегі «Қазақстан Республикасының Әділет министрі» деген сөздер «Лицензиар» деген сөзбен ауыстырылсын;
      5-тармақтың бірінші абзацындағы «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі» деген сөздер «лицензиар» деген сөзбен ауыстырылсын;
      6-тармақтың екінші бөлігіндегі «Қазақстан Республикасының Әділет министрі» деген сөздер «Лицензиар» деген сөзбен ауыстырылсын;».

      8) 13-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі «өкілеттігі» деген сөзден кейін «заң консультациясы немесе адвокат кеңсесі, ал ол өз қызметін заңды тұлғаны тіркемей жеке жүзеге асырған кезде адвокаттар алқасының төралқасы берген» деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «15-бап. Адвокаттың мiндеттерi

      1. Адвокат:
      1) өзiнiң кәсiптік мiндеттерiн орындаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын және Адвокаттардың кәсiптiк әдебі кодексiнiң нормаларын сақтауға;
      2) өзiнiң кәсiптік қызметiнде адвокатураны ұйымдастыру мен оның қызметiнiң қағидаттарын басшылыққа алуға;
      3) өзiнiң кәсiптік бiлiктiлiгiн үнемi арттырып отыруға;
      4) заң көмегiн көрсетуге байланысты өзiне мәлiм болған мәлiметтердi құпия сақтауға және көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз оларды жария етпеуге;
      5) адвокаттар алқасына мүше болып кіргеннен кейін, сондай-ақ коммерциялық ұйым құрылғаннан кейін бір ай ішінде, өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлесті (акциялар топтамасын) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетін өзге де мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты нотариатта куәландыруға жатады. Адвокат өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлікпен басқаруға бермеуге құқылы. Адвокаттың сенімгерлікпен басқаруға берілген мүліктен табыс алуға құқығы бар;
      6) сенім білдірушінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған іс жүзіндегі мән-жайларды анықтау бойынша заңмен тыйым салынбаған кез келген іс-әрекетті орындауға міндетті.
      2. Адвокат, егер:
      1) заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамның мүддесiне қайшы келетiн iстiң нәтижесінде жеке мүддесi болса;
      2) Қазақстан Республикасының процессуалдық заңнамасында көзделген негіздер болса, заң көмегiн көрсету туралы тапсырмадан бас тартуға мiндеттi.
      3. Адвокаттың іс бойынша көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық ұстанымда болуына, өз өкiлеттiгiн өзі мүдделерiн қорғайтын немесе бiлдiретiн адамға нұқсан келтiріп пайдалануына тыйым салынады.
      4. Адвокаттың қылмыстық iс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ және қорғалатын адамның немесе адвокаттың өзiнiң көзқарасы бойынша сот төрелігіне сай емес үкiм шығарылған жағдайда, оған белгiленген тәртiппен шағым жасауға мiндеттi.
      5. Адвокаттың коммерциялық ұйымның байқау кеңесiнiң құрамына кіру, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметпен айналысу жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметте болуына және кәсіпкерлік қызметпен айналысуына, өзге де ақылы лауазымда болуына тыйым салынады.
      Адвокат адвокаттар алқасында, Республикалық адвокаттар алқасында және адвокаттардың халықаралық қоғамдық бірлестіктерінде ақы төленетін сайланбалы немесе тағайындалатын лауазымға сайлануға құқылы.»;

      10) 17-баптың 7-тармағы алып тасталсын;

      11) 20-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      «6. Адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасына бірігеді.»;

      12) 21-баптың 1-тармағында:
      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «9) Адвокаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібі туралы қағиданың негізінде адвокаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібін;»;
      11) тармақшадағы «лицензиясынан айыру» деген сөздер «лицензиясының қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау» деген сөздермен ауыстырылсын;

      13) 23-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
      «9) адвокат өзін алқаға мүшелікке қабылдаған күннен бастап алты айдың ішінде төлейтін және тек қана адвокаттар алқасының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын нығайтуға жұмсалатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген айлық есептік көрсеткішке еселенген мөлшерде есептелетін бастапқы нысаналы жарна ставкаларын белгілеу;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген айлық есептік көрсеткішке еселенген мөлшерде есептелетін ай сайынғы мүшелік жарна ставкаларын белгілеу жатады, бұл ретте кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын не бір жылдан аспайтын адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттар белгіленген ставканың елу пайызы мөлшерінде ай сайынғы мүшелік жарналарды төлейді.»;

      14) 24-бапта:
      1-тармақтағы «төралқасы мен төралқа» деген сөздер «төралқасы» деген сөзбен ауыстырылсын;
      2-тармақта:
      4-1) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 4-2), 4-3) және 4-4) тармақшалармен толықтырылсын:
      «4-2) адвокаттардың қызметі туралы олардың жинақталған есептерін Республикалық адвокаттар алқасына тоқсан сайын ұсынады;
      4-3) адвокаттық қызметін ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл міндетті түрде жүзеге асыру шартымен адвокаттар алқасына мүше болып қабылданатын адвокаттарды бастапқы нысаналы жарна төлеуден босатады;
      4-4) жүктілігі және тууы бойынша не бала үш жасқа толғанға дейін оны күтіп-бағу бойынша демалыста болған кезеңінде адвокаттарды және уақытша еңбекке жарамсыздығы салдарынан қатарынан екі айдан астам адвокаттық қызметті жүзеге асырмаған адвокаттарды ай сайынғы мүшелік жарнаны төлеуден босатады;»;
      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «8) осы Заңда көзделген негiздер бойынша лицензиарға адвокатқа қатысты адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы өтiнiш береді;»;
      10) тармақшадағы «дербес не Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiмен бiрлесiп» деген сөздер алып тасталсын;

      15) 25-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «25-бап. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы

      1. Өзі сайланған күнге дейін кемiнде екi жыл тiкелей адвокаттар алқасының мүшесi болған адвокат адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болып сайлана алады.
      Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
      Бұл ретте бір адам қатарынан екі мерзімнен артық адвокаттар алқасының төрағасы лауазымында бола алмайды.
      2. Алқаның жарғысына сәйкес адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы:
      1) төралқаның жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етеді және төралқа, алқа мүшелерiнiң жалпы жиналыстары (конференциялары) шешiмдерiнiң орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      2) төралқа аппаратының жұмысына басшылық жасайды, алқа аппаратының қызметкерлерiн жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдар мен мекемелерде адвокаттар алқасы атынан өкілдік етеді;
      4) адвокаттық қызметті ұйымдастырудың адвокат таңдаған нысанын және заңды мекенжайын көрсетіп, адвокаттар алқасына мүше болып кірген лицензиаттар туралы, сондай-ақ шығарылу себебін көрсете отырып, адвокаттар алқасы мүшелігінен шығарылғандар туралы мәліметтерді лицензиарға ұсынуды қамтамасыз етеді;
      5) адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді қоса алғанда, адвокаттар алқаларының қызметі туралы есепті Республикалық адвокаттар алқасына ұсынуды қамтамасыз етеді;
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде бюджет қаражаты есебінен адвокаттар көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы өтінімді тиісті республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісінің аумақтық органына уақтылы ұсынуды қамтамасыз етеді;
      7) адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерінің тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етеді;
      8) адвокаттарды кәсiптік оқыту бағдарламасын iске асыруды қамтамасыз етедi.
      Адвокаттар алқасының төралқасы төрағасының басқа да өкілеттіктері адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.»;

      16) 27-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Адвокаттар алқасына мүшелiк мiндеттi болып табылады.
      Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлардың бірінің анықталуы адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
      Адвокаттар алқасына мүшелiкке қабылдаудан бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.»;

      17) 29 және 30-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «29-бап. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң мiндеттерi

      1. Адвокаттың осы Заңның 15-бабында көзделген жалпы мiндеттерінен басқа, адвокаттар алқасының мүшесi:
      1) адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын сақтауға;
      2) адвокаттар алқасы мен оның органдарының жалпы жиналысының шешiмдерiн орындауға;
      3) бастапқы нысаналы және ай сайынғы мүшелік жарналарды төлеуге;
      4) адвокаттар алқасының төралқасына өз жұмысы туралы статистикалық есепті ұсынуға;
      5) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда) өзгерген жағдайда, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны қайта ресiмдеу туралы өтiнiштi лицензиялау туралы заңнамада белгiленген тәртiппен және шарттармен лицензиарға беруге;
      6) өзінің заңды мекенжайының өзгергені туралы адвокаттар алқасының төралқасына хабарлауға;
      7) ол көрсеткен заң көмегiнiң сапасына жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша тексеру үшiн қажетті материалдарды адвокаттар алқасының төралқасына ұсынуға міндетті.
      2. Адвокаттар алқасының мүшесі бастапқы нысаналы және ай сайынғы мүшелiк жарналарды төлеу мiндеттемесiнен басқа, адвокаттар алқасының алдында өзгедей біржақты мүлiктiк мiндеттемелер алмауға тиіс.

      30-бап. Адвокаттардың тәртiптiк жауапкершiлiгi

      1. Қазақстан Республикасы заңнамасының, Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғаны үшiн адвокат мынадай тәртiптiк жауапкершiлiк шараларының бiрiне тартылады:
      1) ескерту;
      2) сөгiс;
      3) қатаң сөгiс;
      4) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы лицензиарға өтiнiш бере отырып, адвокаттар алқасынан шығару.
      2. Тәртiптiк iс жүргiзу адвокаттар алқасы төралқасының құзыретiне жатады.
      3. Адвокаттың Қазақстан Республикасы заңнамасының, Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғанын көрсететін жеткілікті деректердің болуы тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау үшiн негіз болып табылады.
      4. Әділет органдары тәртiптiк iс жүргiзу туралы ұсыныс енгізген жағдайда оны қарау әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қараудың уақыты және орны тиісті түрде хабарланған әділет органы өкілінің келмеуі тәртiптiк iсті қарауға кедергі болмайды.
      5. Тәртіптік жазалар қолданудың, оларды алып тастаудың және оларға шағым жасаудың тәртібі адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.
      Адвокаттың тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн бiр тәртiптiк жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
      6. Адвокаттар алқасы төралқасының тәртiптiк жаза қолдану туралы шешiмiне адвокат сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкін.
      7. Егер тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай iшiнде адвокат жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған болып есептеледi.»;

      18) 31-баптың 2-тармағындағы «лицензиясынан айыруға» деген сөздер «лицензиясының қолданысын тоқтатуға» деген сөздермен ауыстырылсын;

      19) 33-1-баптың 1-тармағындағы «әкесінің аты» деген сөздер «әкесінің аты (ол болғанда)» деген сөздермен ауыстырылсын;

      20) 3-тарау мынадай мазмұндағы 33-2, 33-3, 33-4, 33-5, 33-6, 33-7, 33-8-баптармен толықтырылсын:

      «33-2-бап. Республикалық адвокаттар алқасы

      1. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқаларының міндетті мүшелігіне негізделген, коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.
      2. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
      3. Республикалық адвокаттар алқасын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы құрады.
      4. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы қабылдайды.
      5. Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
      6. Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      7. Республикалық адвокаттар алқасының және оның органдарының өздерінің құзыреті шегінде қабылданған шешімдері адвокаттар алқалары үшін міндетті.

      33-3-бап. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы

      1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында:
      1) Республикалық адвокаттар алқасының атауы, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
      2) Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
      3) Республикалық адвокаттар алқасының құрылымы, оның органдарының құрылу тәртібі және құзыреті;
      4) мүлкін қалыптастыру көздері және оған иелік ету тәртібі;
      5) адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар мөлшері мен тәртібі;
      6) Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі көзделуге тиіс.
      2. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелерді қамтуы мүмкін.

      33-4-бап. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық
                конференциясы

      1. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы Республикалық адвокаттар алқасының жоғары органы болып табылады, ол кемінде екі жылда бір рет шақырылады. Егер конференция жұмысына сайланған делегаттар санының кемінде үштен екісі қатысқан болса, ол заңды деп саналады.
      2. Конференция Республикалық адвокаттар алқасының кез келген мәселелерін шешуге құқылы.
      Конференцияның айрықша құзыретіне:
      1) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын қабылдау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
      2) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының орналасатын жерін айқындау;
      3) адвокаттар алқаларынан Республикалық конференцияға делегаттардың өкілдік ету нормасын бекіту;
      4) Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексін әзірлеу мен бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      5) Адвокаттардың аттестаттаудан өту тәртібі туралы ережені әзірлеу және бекіту;
      6) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасын сайлау;
      7) Республикалық адвокаттар алқасының тексеру комиссиясын сайлау;
      8) адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасының ортақ қажеттіліктеріне жүзеге асыратын аударымдар мөлшері мен тәртібін айқындау;
      9) Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;
      10) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының есебін, оның ішінде Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасының орындалуы туралы есепті бекіту;
      11) тексеру комиссиясының Республикалық адвокаттар алқасының қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебін бекіту;
      12) конференция регламентін бекіту;
      13) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.

      33-5-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы

      1. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы Республикалық адвокаттар алқасының алқалы атқарушы органы болып табылады.
      2. Төралқаны Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды.
      3. Төралқа мүшелерінің санын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы айқындайды. Төралқаның құрамында әрбір адвокаттар алқасының өкілдігі қамтамасыз етілуге тиіс.
      4. Төралқа:
      1) Республикалық адвокаттар алқасының жұмысын ұйымдастырады;
      2) Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
      3) өз құрамынан Республикалық адвокаттар алқасының төрағасын жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды. Бұл ретте бір адам қатарынан екі мерзімнен артық төраға лауазымында бола алмайды;
      4) конференциялардың арасындағы кезеңде төралқаның және тексеру комиссиясының осы Заңда көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқасының мүшесінен шығарылған мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Республикалық адвокаттар алқасынан өкілдік етеді;
      6) адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіреді;
      7) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекітетін нысан бойынша ұсынады;
      8) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне Тағылымдамадан өтушілердің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге ұсынымдарды енгізеді;
      9) адвокаттардың кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, адвокаттарды және олардың көмекшілерін кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлейді;
      10) адвокаттардың әлеуметтік және кәсіптік құқықтарын қорғайды;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен адвокаттық қызметке жататын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға қатысады;
      12) адвокаттар алқаларының қызметі туралы олардың есептерін тоқсан сайын жинақтап қорытады;
      13) адвокаттар алқаларының тәртіптік практикасын жинақтап қорытады, оның нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;
      14) адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      15) адвокаттар алқаларын ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      16) кемінде екі жылда бір рет Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясын шақырады, оның күн тәртібін қалыптастырады;
      17) сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне иелік етеді;
      18) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының регламентін бекітеді;
      19) Республикалық адвокаттар алқасының эмблемасын бекітеді;
      20) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      5. Тексеру комиссиясының немесе адвокаттар алқалары жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы екі ай ішінде кезектен тыс Республикалық конференцияны шақыруға міндетті.
      6. Төралқаның шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелері жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады.

      33-6-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы

      Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
      1) мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қарым-қатынаста Республикалық адвокаттар алқасынан өкілдік етеді;
      2) Республикалық адвокаттар алқасының атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      3) сенімхаттар береді;
      4) Республикалық адвокаттар алқасының атынан мәмілелер жасасады және сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне иелік етеді;
      5) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының отырыстарын шақырады;
      6) Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы шешімдерінің және Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

      33-7-бап. Республикалық адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы

      1. Тексеру комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржы-шаруашылық қызметіне ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын оның бақылаушы органы болып табылады.
      2. Тексеру комиссиясын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды.
      3. Тексеру комиссиясы өз құрамынан тексеру комиссиясының төрағасын сайлайды. Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі тексеру комиссиясының мүшесі бола алмайды.

      33-8-бап. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі

      1. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін гранттар мен қайырымдылық көмек (қайырмалдықтар) есебінен құралады.
      2. Республикалық адвокаттар алқасының ортақ қажеттіліктеріне арналған шығындарға оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың Республикалық адвокаттар алқасының органдарында жұмыс істеуіне байланысты шығыстардың өтемақысы, Республикалық адвокаттар алқасы аппараты қызметкерлерінің жалақысына арналған шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Республикалық адвокаттар алқасының сметасында көзделген өзге шығыстар жатады.»;

      21) мынадай мазмұндағы 5-тараумен толықтырылсын:

      «5-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      35-бап. Адвокаттар алқалары мүшелерінің кезектен тыс жалпы
              жиналыстарын (конференцияларын) өткізу

      1. Адвокаттар алқалары делегаттарының бірінші Республикалық конференциясының делегаттарын сайлау үшін адвокаттар алқалары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай ішінде адвокаттар алқалары мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналыстарын (конференцияларын) өткізуді ұйымдастырады.
      2. Бірінші Республикалық конференция делегаттарының өкілдік ету нормасы елу адвокаттан біреуді құрайды, бірақ адвокаттар алқасынан үш адвокаттан кем болмайды.
      3. Адвокаттар алқалары Қазақстан адвокаттар одағымен бірлесіп, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде бірінші Республикалық конференцияны өткізуді ұйымдастырады.
      4. Бірінші Республикалық конференция, егер оның жұмысына адвокаттар алқалары сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
      5. Отырысты жүргізу үшін конференция делегаттары төралқа сайлайды.
      6. Адвокаттар алқасы делегаттарының бірінші Республикалық конференциясының шешімдері конференцияға қатысқан делегаттардың жай көпшілік даусымен қабылданады.
      7. Республикалық адвокаттар алқасы органдарының құрамына бірінші Республикалық конференцияның делегаттары болмаған адвокаттар сайлана алады.».

      3. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 1, 8-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; № 10, 56-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; 2011 жылғы 15 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      22-бап мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
      «6-1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы Республикалық адвокаттар алқасының құрылымын, оның органдарының құрылу тәртібі мен құзыретін, мүлкін қалыптастыру көздерін және оған иелік ету тәртібін, адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар мөлшерін, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібін қамтуға тиіс.».

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады