Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 қазандағы № 40-V Заңы

      2009 жылғы 27 қарашада Минскіде жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н.НАЗАРБАЕВ

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің
ортақ сақтандыру нарығын құру туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттер
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты  құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      2003 жылғы 27 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде сақтандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде (бұдан әрі - Келісім) көзделген ережелерді дамытуда,
      өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және даму үшін Тараптардың ортақ сақтандыру нарығын құрудың мақсатқа сай болатынын мойындай отырып,
      сақтандырып қадағалаудың және сақтандыру қызметін реттеудің жалпы мүдделерін негізге ала отырып,
      Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдау қажет деп есептей отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мақсаттары Тараптардың ортақ сақтандыру нарығын құру, ЕурАзЭҚ шеңберінде ортақ сақтандыру нарығына қатысушылардың қүқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу және қабылдау болып табылады.

2-бап

      Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      «ортақ сақтандыру нарығы» - Тараптардың аумағымен шектелген, онда Тараптардың заңнамасымен Тараптардың барлық сақтандыру нарықтарына қатысушылардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына және қорғалуына кепілдік берілетін экономикалық кеңістіктің бір бөлігі;
      «ортақ сақтандыру нарығына қатысушылар» - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру агенттері мен брокерлер, актуарийлер, сақтанушылар, сондай-ақ әрбір Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалған өзге де тұлғалар;
      «сақтандыру қызметін тұтынушы» - сақтандыру мүддесі сақтандырып қорғау объектісі болатын сақтанушы, сақтандырылушы, пайда алушы.

3-бап

      Тараптар ортақ сақтандыру нарығын құру жөніндегі келісілген шараларды қабылдайды.
      Тараптар сақтандырып қадағалау мен сақтандыру қызметін реттеу органдарының қызметін регламенттейді, Тараптардың сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерді қайта сақтандыру жүйесіне бірыңғай тәсілдерді енгізеді, Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін заңнамасын үйлестіреді.
      Ортақ сақтандыру нарығын құру әрбір Тараптың қалыптасқан макроэкономикалық жағдайлары ескеріле отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
      Әр кезеңнің басым міндеттерінің тізбесі және оларды іске асыру мерзімдері Тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.

4-бап

      Тараптар ортақ сақтандыру нарығын құру мақсатында Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін заңнамасын үйлестіруге, Тараптардың ортақ сақтандыру нарығына қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін сақтандырып қорғаудың ортақ жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ Тараптар сақтандыру нарықтарын реттеу мен сақтандыру қызметін қадағалау саласында жүргізетін мемлекеттік саясатқа қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеуге бағытталған міндеттер кешенін іске асырады.
      Осы мақсатта Тараптар:
      1) Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін заңнамасының ережелерін халықаралық стандарттардың талаптарына және сақтандырып қадағалаудың халықаралық практикасына сәйкес келтіреді;
      2) өздерінің іс-әрекеттерін Келісімге сәйкес, оның ішінде бір Тараптың аумағында орналасқан басқа Тараптың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары құрған еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін қадағалау жөніндегі бірлескен іс-әрекеттер арқылы үйлестіреді;
      3) мыналарды:
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын лицензиялаудың жалпы қағидаттарын;
      көлік құралдары иелерінің азаматтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ортақ тәсілдерін;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының жарғылық капиталын қалыптастыру тәртібіне қойылатын бірыңғай талаптарды;
      сақтандыру резервтерін қалыптастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды;
      сақтандырудың түрлерін (сыныптарын) жіктеуге қойылатын бірыңғай талаптарды;
      сақтандыру қызметін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі бірыңғай талаптарды;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының төлем қабілеттілігіне және қаржылық тұрақтылығына қойылатын талаптарды айқындаудың бірыңғай қағидаттарын;
      Тараптардың резидент еместеріне қайта сақтандыруға тәуекелдерді беру тәртібіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.

5-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру үшін қажетті ақпарат алмасуды Тараптардың сақтандырып қадағалау мен сақтандыру қызметін реттеу органдары жүзеге асырады.

6-бап

      Осы Хаттаманы іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Сақтандырып қадағалау мен сақтандыру қызметін реттеу органдары басшыларының кеңесіне жүктеледі.

7-бап

      Осы Хаттама Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

8-бап

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін ЕурАзЭҚ-қа мүшелікке қабылданған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық. Осы Хаттамаға қосылу туралы құжаттар ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Осы Хаттама қосылған мемлекеттерге қатысты депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.

9-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге келмеген жағдайда Тараптардың келісімі бойынша Қоғамдастық Сотының қарауына беріледі.

11-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.
      Әрбір Тарап болжамдалған шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей, ол жөнінде депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Хаттамадан шыға алады.
      2009 жылғы 27 қарашада Минск қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

        Беларусь           Қазақстан          Қырғыз
      Республикасы       Республикасы       Республикасы
         үшін               үшін               үшін

         Ресей                Тәжікстан
      Федерациясы           Республикасы
          үшін                  үшін

      Осы арқылы бұл мәтіннің 2009 жылғы 27 қарашада Минск қаласында Беларусь Республикасының Президенті А.Г. Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Қ.С. Бакиев, Ресей Федерациясының Президенті Д.А. Медведев, Тәжікстан Республикасының Президенті Э. Рахмон қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің (мемлекеттер басшылары деңгейінде) № 442 шешімінің толық және дәлме-дәл көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.

      ЕурАзЭҚ ИК Хатшылығының Құқықтық
      департаменті басшысының орынбасары              М. Малдыбаев

      2009 жылғы 27 қарашада Минск қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы Хаттаманың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бейресми аудармаларының дұрыс екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
           Ұлттық Банкі
      Төрағасының орынбасары                      Б. Тәжіяқов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады