Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 12 қаңтардағы № 537-IV Заңы

БАСПАСӨЗ-АЙҒАҚ
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жөнінде

      2012 жылғы 12 қаңтарда Ел Басы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында қолданыстағы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы халықаралық нормаларға сәйкестендіруге, оның ішінде Дүниежүзілік сауда ұйымының Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері туралы келісіміне (ТРИПС), Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауға, әкімшілік кедергілерді, қарама-қайшылықтарды, коллизияларды және кемістіктерді жоюға бағытталған «Зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
      Айталық, Интернет желісінде туындыларды заңсыз пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында Қылмыс кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілік туралы қағидаттар нақтыланған.
      Авторлық құқық объектілерін заңсыз пайдалану мақсатында Интернет ресурсын ұйымдастыру және жасау арқылы авторлық құқық объектілерін заңсыз пайдаланғаны үшін тұлғалардың бөлек әкімшілік жауапкершілігі бекітілді.
      Бұдан басқа, туындыларды заңсыз пайдаланғаны үшін айыппұл санкцияларының көбеюі көзделді.
      Азаматтық кодекске, Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңға енгізілген түзетулер авторлардың жеке мүліктік емес құқықтары мен мүліктік құқықтарын нақтылауға, сондай-ақ кейбір ұғымдарды нақтылауға бағытталған.
      «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңға енгізілген толықтырулар патенттік сенімді өкілдердің селекциялық жетістіктер саласындағы құқықтары мен міндеттерін және біліктілік талаптарын заң жүзінде бекітеді, сондай-ақ лицензиялық шарттарды, патентті беру шарттарын тіркеу тәртібін және өнеркәсіптік меншік саласындағы сотқа дейінгі дауларды қарайтын аппеляциялық кеңестің қызметін реттейді.
      Бұдан басқа, Патент заңына өнеркәсіптік үлгілерге патенттер мұндай үлгілердің өнеркәсіпте қолдануға жарамдылығын тексерусіз берілуі туралы өзгеріс енгізілді. Құқықтық қорғау тек жаңа және бірегей өлшемдері бойынша ұсынылады.
      Тауар таңбалары туралы заңға енгізілген өзгерістер тауар таңбасын тіркеуден бас тартудың артық негіздерін жоюды, алдын-ала сараптаманың мерзімін екі айдан бір айға қысқартуды және толық сараптаманың мерзімін он екі айдан тоғыз айға қысқартуды көздейді.
      Қосымша Заң патент немесе басқа қорғау құжатын алуға өтінішті электронды беру мүмкіндігін көздейтінін атап өту қажет.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрлігінің
      Зияткерлік меншік құқығы
      комитеті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз