"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына пресс-релиз
2011 жылғы 11 қаңтарда мемлекет Басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Заң асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген.
Заң асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің қызметін және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын реттеудің мемлекеттік саясатын құқықтық қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңда селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу жөніндегі іс-шараларды субсидиялау түріндегі асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыты қарастырылып отыр. Мемлекеттік қолдаудың осы бағыты аясында малдың тұқымдық және өнімділік қасиетін жақсарту бағытында жұмыс жүргізетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төленетін болады. Ағымдағы жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Заңда ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде асыл тұқымды өнімді өндіруде тиімді қолданылатын малдың жаңа түрлерін қосуға мүмкіндік беретін асыл тұқымды мал ұғымын кеңейту қарастырылған.
Аталған норманы жүзеге асыру нәтижесінде асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің санын және асыл тұқымды малдың үлес салмағын арттыруға негіз болады. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің санының өсуіне ара және балық шаруашылықтары да үлесін қосатын болады.
Заңда «Асыл тұқымдық зауыт», «Асыл тұқымдық шаруашылық» мәртебесінен «Асыл тұқымды мал» мәртебесіне көшу арқылы Ірі қара шаруашылығында асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесін реформалау, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында республикалық палаталарды құру көзделген. Бұл ретте, республикалық палаталар табындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты сүйемелдеуді, асыл тұқымды малға мәртебе беруді және ірі қара малға асыл тұқымдық куәліктерді беруді жүзеге асырады.
Сонымен катар, «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу және ауылдық аумақтарды дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңына ауылдық аумақтарды мамандармен қамтамасыз ету және жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту сұрақтарын шешуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары таралатын мамандар қатарына ветеринария саласының мамандарын қосуға, сондай-ақ оларға тұрғын үй салуға қаржы бөлуге қатысты толықтырулар енгізілді.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының заңына енгізілген жаңашылдықтар негізінен жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің дербестігін, жануарлардың аса қауіпті энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық шараларды, ауыл шаруашылық жануарларды бірдейлендіру процедурасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар құруын қарастырады.
Осыған байланысты, ветеринариялық қолайлылық сұрақтары жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.
Сонымен қатар, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында және өздері өндіретін өнімнің және шикізаттың сапасымен қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттыру үшін, өндірістік бақылау бөлімшелерінің аттестатталған ветеринариялық дәрігерлерін қосу жолымен ветеринариялық құжаттарды беру құзыреті берілген тұлғалар шеңбері кеңейтілген.
Заңда ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру жөніндегі процессингтік орталықты құру көзделген. Орталық жеке нөмірлер эмиссиясы базасын жүргізуді, бірдейлендіру құралдарының сапасын анықтауды және оларды өндірушілерді тіркеуді жүзеге асыратын болады.
Бұдан басқа, республиканың аумағын жануарлардың жұқпалы ауруларының енуінен және таралуынан қорғау мақсатында, сондай-ақ кеден одағының заңнамасын сақтау мақсатында Заңда жеке және заңды тұлғаларды қайтадан келіп түскен, әкелінген, алынған жануарларды отыз күнтізбелік күн бойы диагностикалық зерттеулерді және ветеринариялық емдеу-дауалауды жүргізуге міндеттейтін норма қарастырылған.
Жалпы заңға енгізілген түзетулер ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз ету үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі