1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 2 шілдедегі № 116-V Заңы

      2012 жылғы 7 маусымда Астанада жасалған 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                          Н.НАЗАРБАЕВ

1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей
Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек
туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

(2013 жылғы 12 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., № 5, 53-құжат)

      Бұдан әрi «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
      қазiргi заманның объективті шындығын, өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің жаңа қыр көрсетулері мен қауіп-қатерлерін, сондай-ақ өңірлік интеграциялық бірлестіктерді қалыптастыруды ескере отырып,
      екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық негізін жетілдіруге ниет білдіре отырып,
      екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша стратегиялық әрiптестiк пен одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетуге ұмтыла отырып,
      1992 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) базалық принциптерін растай отырып,
      Шарттың 37-бабына сәйкес әрекет ете отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Шартқа мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) кіріспеде:
      төртінші абзацта:
      «Европадағы хауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңес» деген сөздер «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ)» деген сөздермен ауыстырылсын;
      төртінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      «қандай да болмасын бөлу сызықтарының болмауын қоса алғанда, келісілген принциптерге, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбейтін еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын қалыптастыру идеясын ілгерілетуге өзінің бел байлағаны туралы мәлімдей отырып,»;
      бесінші абзац алтыншы абзац деп есептелсін және мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Кеден одағы, Бiртұтас экономикалық кеңiстiк, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберіндегі бірлескен уағдаластықтарды ескере отырып,»;
      2) 5-бап мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      «Тараптар ҰҚШҰ шеңберінде ұжымдық қауiпсiздiктi және дағдарысты жағдайларға ден қоюды қамтамасыз етудің пәрменді жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірлескен шаралар қабылдайды.»;
      3) 7-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Уағдаласушы Мәртебелі Тараптар келісілген әскери бағдарламаларды қаржыландырылуды қоса алғанда үйлестірілген әскери-техникалық саясат жүргізіп, өз қарулы күштерін жаңғырту және реформалау, оларды қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау, олардың жауынгерлiк әзірлігін арттыру мәселелерінде, сондай-ақ осы саладағы өзара мүдделілік тудыратын басқа бағыттар бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасайды.»;
      4) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«8-бап

      Уағдаласушы Мәртебелі Тараптар жаппай қырып-жою қаруының барлық түрлерін және оларды жеткізу құралдарын таратпау саласындағы халықаралық шарттарды бұлжытпай орындау ісінде өзара іс-қимыл жасайтын болады.»;
      5) 12-бапта:
      бірінші абзацтағы «ЕХЫК жөніндегі міндеттемелерге» деген сөздер «ЕҚЫҰ жөніндегі міндеттемелерге» деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тараптар екінші Уағдаласушы Мәртебелі Тараптың аумағында тұратын өз азаматтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.»;
      6) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«13-бап

      Уағдаласушы Мәртебелі Тараптар өздерінің арасындағы шекараның ашықтығы принципін ұстана отырып, екі мемлекет азаматтарының еркін жүріп-тұруын және Тараптар азаматтарының үшінші елдерге келуі және осындай елдерден кетуі үшін ортақ режимді өзара қамтамасыз етуді қоса алғанда, көші-қон процестерін реттеу жөніндегі келісілген шаралар кешенін әзірлеу және жүзеге асыру қажет деп таниды.»;
      7) 16-баптың екінші және үшінші абзацтары алып тасталсын;
      8) мынадай мазмұндағы 17.1-баппен толықтырылсын:

«17.1-бап

      Уағдаласушы Мәртебелі Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісілген уағдаластықтардың негізінде экономикалық интеграцияның одан әрі дамуына ықпал етеді.»;
      9) 34-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«34-бап

      Уағдаласушы Мәртебелі Тараптар ұйымдасқан қылмысқа, оның ішінде халықаралық қылмысқа, терроризмге және экстремизмнің өзге көріністеріне, жаппай қырып-жою қаруын таратуға, қарақшылыққа, нашақорлыққа, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын, қару-жарақ пен контрабанданы заңсыз айналысқа түсіруге және мәдени игіліктерді заңсыз әкетуге, теңізде кеме жүзуінің және азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне қарсы бағытталған актілерге, заңсыз көші-қонға, соның ішінде жеке тұлғалардың өз аумағы арқылы заңсыз орын ауыстыруына, адам саудасына қарсы күресте, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдететін болады.
      Тараптар өздерінің атап көрсетілген әрекеттердің, актілер мен құбылыстардың қатеріне қарсы әрекет жасау және оларды бейтараптандыру тетіктерінің тиімділігін арттыруға бағытталған күш-жігерін үйлестіреді және біріктіреді.»;
      10) 40-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Егер Тараптардың біреуі ағымдағы он жылдық кезең өтерден кемінде алты ай бұрын оның күшін жойғысы келетінін жазбаша түрде хабарлау жолымен мәлімдемесе, оның күші өздігінен келесі он жылдық кезеңдерге ұзартылатын болады.».

2-бап

      Осы Хаттама Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және ратификациялауға жатады.
      Осы Хаттама ратификациялау грамоталарымен алмасқан күні күшіне енедi.
      Осы Хаттама Шарттың қолданысының тоқтатылуымен бір мезгілде қолданысын тоқтатады.

      2012 жылғы 7 маусымда Астана қаласында әрқайсысы екі данада қазақ және орыс тiлдерiнде жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы                        Ресей Федерациясы
              үшiн                                        үшiн

      2012 жылғы 7 маусымда Астана қаласында жасалған 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамасының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                                    Д. Есентаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады