Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Қазақстан - Қытай" мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 17 қазандағы № 136-V Заңы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      2012 жылғы 8 желтоқсанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қазақстан - Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісім

(2013 жылғы 19 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 1, 10-құжат)

      Бірлесіп «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «ҚР Үкіметі» немесе «Тарап» деп аталатын) мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «ҚХР Үкіметі» немесе «Тарап» деп аталатын),
      - 2004 жылғы 17 мамырда Пекин қаласында жасалған ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтасты дамыту туралы негіздемелік келісімді басшылыққа ала отырып,
      - Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл - Атасу - Алашанькоу маршруты бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесін құру жобасының табысты іске асырылып жатқанын назарға ала отырып,
      - Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл - Атасу - Алашанькоу маршруты бойынша Қазақстанда шығарылған мұнайды және Прииртышск - Атасу - Алашанькоу маршруты бойынша мұнайды үшінші елдерден тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер қолданылады:
      «Жүк жөнелтуші» - мұнайдың меншік иесі болып табылатын тұлға (мұнай өндіруші немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға) немесе ол уәкілеттік берген және мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету шартының негізінде «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы тасымалдауға мұнай беретін тұлға;
      «ҚҰМК» - Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы;
      «ҚХР» - Қытай Халық Республикасы;
      «ҚМГ» - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы;
      «Құзыретті органдар» - осы Келісімнің 12-бабында айқындалған мағынаны білдіреді;
      «Атасу - Алашанькоу» мұнай құбыры» - «Қазақстан - Қытай құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіндегі, Атасу - Алашанькоу маршруты бойынша мұнай тасымалдауға арналған қолданыстағы магистральдық құбыр;
      «Қазақстан - Қытай» мұнай құбыры» — Кеңқияқ - Атырау Мұнай құбырын, Кеңқияқ - Құмкөл Мұнай құбырын, Құмкөл - Атасу Мұнай құбырын және Атасу - Алашанькоу Мұнай құбырын (бұдан әрі - Учаскелер) қамтитын Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл - Атасу - Алашанькоу маршруты бойынша мұнай тасымалдауға арналған магистральдық құбырлар жүйесі;
      «Кеңқияқ - Атырау» мұнай құбыры» - «МұнайТас» Солтүстік-Батыс құбыр компаниясы» акционерлік қоғамының меншігіндегі, Кеңқияқ - Атырау маршруты бойынша мұнай тасымалдауға, сондай-ақ тиісті техникалық қайта жаңартудан кейін Кеңқияқ-Атырау маршруты бойынша мұнай тасымалдауға арналған магистральдық құбыр жүйесі;
      «Кеңқияқ - Құмкөл» мұнай құбыры» - «Қазақстан - Қытай Құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіндегі, Кеңқияқ - Құмкөл маршруты бойынша мұнай тасымалдауға арналған қолданыстағы магистральдық құбыр жүйесі;
      «Құмкөл - Атасу» мұнай құбыры» - «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының меншігіндегі, Құмкөл - Жұмағалиев атындағы МАС (Қарақойын) - Атасу маршруты бойынша мұнай тасымалдауға арналған қазіргі бар магистральдық құбыр жүйесі;
      «Жоба» - осы Келісімнің 10-бабында айқындалған мағынаны білдіреді;
      «Жобалау компаниясы» - осы Келісімнің 3-бабында айқындалған мағынаны білдіреді;
      «ҚР» - Қазақстан Республикасы;
      «НҚК» - Уәкілетті ұйымдар және/немесе олар тағайындаған үлестес компаниялар арасында жасалатын «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбырын кеңейту және пайдалану бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісім;
      «Транзит» - Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағы арқылы үшінші мемлекеттің аумағында шығарылған мұнайды басқа Тарап мемлекетінің аумағына өткізу;
      «Уәкілетті ұйымдар» - осы Келісімнің 2-бабында айқындалған мағынаны білдіреді.

2-бап

      Тараптар «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбырын дамыту және пайдалану жобасын іске асыру үшін мынадай ұйымдарды тағайындайды:
      - ҚР Үкіметінен - ҚМГ және/немесе ол тағайындайтын үлестес компания(лар),
      - ҚХР Үкіметінен - ҚҰМК және/немесе ол тағайындайтын үлестес компания(лар),
      бұдан әрі бірлесіп «Уәкілетті ұйымдар» деп аталады.

3-бап

      Тараптар Уәкілетті ұйымдар НҚК-де айқындалған шарттарда Уәкілетті ұйымдар мүдделерінің теңгерімін сақтауды ескере отырып, «МұнайТас» Солтүстік - Батыс құбыр компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Қазақстан - Қытай құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің активтерін қолданыстағы немесе жаңадан құрылған, ҚР-да тіркелген, бір заңды тұлғаның (бұдан әрі «Жобалау компаниясы» деп аталатын) меншігіне біріктіру немесе өзге нысанда бірлескен қызметті жүзеге асыру мүмкіндігін қарайтынына келіседі.
      Кеңқияқ - Атырау Мұнай құбырын, Кеңқияқ - Құмкөл Мұнай құбырын, Атасу - Алашанькоу Мұнай құбырын Жобалау компаниясының меншігіне беруге ҚР Үкіметінің рұқсатын алу талап етілмейді. ҚР Үкіметі мұндай қажеттілік туындаған жағдайда аталған мүлікті Жобалау компаниясының меншігіне беру кезінде Қазақстан Республикасының басым құқығынан бас тартады.
      Уәкілетті ұйымдар құратын Жобалау компаниясы органдарының шешім қабылдауы тепе-тең негізде жүзеге асырылатын болады.

4-бап

      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі қызметтердің тарифтері мұнайдың «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры жүйесіне кіру нүктесіне қарамастан, бірыңғай болып табылады және мұнай тасымалдау маршрутының ұзақтығын есепке алмай белгіленеді.
      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі қызметтердің тарифтерін қалыптастыруды және белгілеуді «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры учаскелерінің меншік иелері Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын қолданбай дербес жүргізеді.
      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі қызметтердің бірыңғай тарифін НҚК-де белгіленетін тәртіппен Тараптардың Уәкілетті ұйымдары бекітеді және ол Жобаның объектілері пайдалануға енгізілгеннен және мұнай Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы Атыраудан тасымалдана басталғаннан кейін қолданылады.
      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы мұнайды тасымалдау қызметтерінің тарифі мұнай тасымалдаудың негізделген және кепілді көлемдері ескеріліп белгіленеді және іс жүзінде тасымалданатын мұнайдың көлеміне қарай жыл сайын түзетіледі және операциялық шығыстарды өтеуге, қарыздық қаржыландырудың қайтарылуын және меншікті капиталға тиісті кірістілікті қамтамасыз етуге тиіс.
      Тасымалдау шарттары «айда немесе төле» талаптарымен жасалатын болады және мұнай тасымалдау бойынша көрсетілетін реттелетін қызметтерге байланысты осы шарттар бойынша талап ету құқығы жобалық қаржыландыруды тарту мақсатында қамтамасыз ету ретінде пайдаланылуы мүмкін.
      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры қазақстандық мұнаймен толық жүктелгенге дейін, ресейлік мұнайды тарту мақсатында Прииртышск - Атасу - Алашанькоу маршруты бойынша магистральдық құбырлар арқылы ресейлік мұнайды тасымалдау қызметтерінің тарифтерін осы магистральдық құбырлардың меншік иелері белгілейді және Тараптардың Уәкілетті ұйымдары оларды НҚК-де белгіленген тәртіппен бекітуге тиіс.
      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы мұнайды ҚР ішкі нарығына жеткізу тарифін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы уәкілетті мемлекеттік органдары бекітеді, бірақ бұл ретте ол экспорт тарифінен аспауы тиіс.

5-бап

      ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі Тараптардың Уәкілетті ұйымдарының «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы тасымалдау маршрутының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету ниетін қолдайды.
      «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбырының жобалық қуатын жүктеу мақсатында ҚХР Үкіметі ҚХР тарапынан Уәкілетті ұйым арқылы қазақстандық мұнайды тартымды нарықтық бағалар бойынша ҚХР-ге экспортқа тасымалдау үшін тартуды қамтамасыз етеді.
      Мұнайды сатып алу-сату шарттары бойынша бағалардың деңгейі мұнай баррелін өлшеу көлемінің бірліктеріндегі мұнайдың халықаралық баға белгілеу негізінде белгіленеді және өндіру өңіріне қарамастан, барлық қазақстандық жүк жөнелтушілерінің мұнайы үшін ҚР мен ҚХР шекарасында бірдей болады.
      Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету шартына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы тасымалдау кезінде мұнай тоннамен есептеледі.

6-бап

      Құзыретті органдар Жобаның шеңберінде көзделген объектілер пайдалануға енгізілгеннен және мұнайды Атыраудан Қазақстан - Қытай Мұнай құбыры арқылы тасымалдау басталғаннан кейінгі кезеңде жыл сайынғы негізде «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры арқылы ҚХР-ге мұнай жеткізу кестесін келіседі. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында ресурстардың жетіспеушілігіне әкелетін мән-жайлар туындаған жағдайда, ҚР Құзыретті органы қажет болған жағдайда, кейіннен жыл сайынғы кестені тиісінше түзетіп, ҚХР Үкіметі атынан уәкілетті ұйымды хабардар ете отырып, мұнайды экспортқа тасымалдаудың ай сайынғы кестесіне өзгерістер енгізуге құқылы. Бұл ретте, мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі шарттардағы «айда немесе төле» қағидаты экспортқа жеткізілмеген мұнайдың көлеміне қолданылмайды.

7-бап

      ҚР Үкіметі ҚР мемлекеттік органдары арқылы іс-қимыл жасай отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұнайды ҚХР-ге экспорттауға арналған рұқсаттардың және мұнайды Транзит тәртібімен ҚХР-ге тасымалдауға арналған рұқсаттың берілуін қамтамасыз етеді.

8-бап

      Қазақстандық тарап транзит үшін мемлекеттік алымды алмай, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес транзиттік мұнайдың көлемін сатып алу-сату шарттарында көзделген еркін және бөгетсіз тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

9-бап

      Қазақстан Республикасы жергілікті қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қоспағанда, «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбыры Учаскелерінің меншік иелеріне, оның ішінде Жобалау компаниясына «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбырының өткізу қабілетін ұлғайту жобасының шеңберінде көзделген объектілерді жобалауды, қайта жаңартуды, салуды жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары қолданылмайды.

10-бап

      Тараптар Уәкілетті ұйымдар арқылы іс-қимыл жасай отырып, мынадай іс-шаралардың (бұдан әрі — Жоба деп аталады):
      — 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтасты дамыту туралы негіздемелік келісімнің 8-бабының ережелері орындалған жағдайда Атасу - Алашанькоу Мұнай құбырының өткізу қуатын жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізу мақсатында 2013 жылы оның өткізу қуатын ұлғайту жобасының аяқталуын;
      - мұнайды ішкі нарыққа және экспортқа жеткізудің негізделген көлемдеріне сәйкес «Қазақстан - Қытай» Мұнай құбырының қалған Учаскелерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың орындалуын қамтамасыз етеді.

11-бап

      Тараптар ҚР аумағынан ҚХР аумағына шығарылатын мұнаймен толлингтік операциялардың жүргізілуін қолдайды.

12-бап

      Осы Келісім ережелерінің орындалуын үйлестіруді және бақылауды мынадай мемлекеттік органдар:
      - ҚР Үкіметінен - ҚР Мұнай және газ министрлігі,
      - ҚХР Үкіметінен - ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитеті жүзеге асырады,
      бұдан әрі жеке-жеке - «Құзыретті орган» және бірлесіп «Құзыретті органдар» деп аталады.
      Құзыретті орган ауысқан жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

13-бап

      Тараптардың біреуінің осы Келісім бойынша міндеттемелерін орындауы үшін кедергі жасайтын мән-жайлар туындаған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары туындаған кедергілерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету бойынша өзара қолайлы шешімдерді қабылдау мақсатында тиісті консультациялар жүргізеді.
      Құзыретті органдар арасындағы консультациялар арқылы жойылмайтын осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі және/немесе қолданудағы келіспеушіліктер тиісті хаттамалардың ресімделуімен, Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Тараптар Жобаны іске асыруға қатысудан туындайтын Уәкілетті ұйымдардың міндеттемелері бойынша жауапкершілікте болмайды.
      Бұл ретте, Тараптар Уәкілетті ұйымдардың Жобаны іске асыру шеңберінде өз міндеттемелерін тиісті түрде орындауын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайтын болады.

15-бап

      Осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Келісім 35 (отыз бес) жыл мерзімге жасалады.
      Егер Тараптардың бірі оның күшін тоқтату ниеті туралы Келісімнің қолданылуының кезекті кезеңі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарламаса, осы мерзім аяқталғаннан кейін ол әрбір келесі жылға автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келісімнің күшін тоқтату оның қолданылу кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

17-бап

      Осы Келісім ҚР мен ҚХР заңнамалық актілеріне қарама-қайшы келмейтін бөлігінде қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім ратификациялануы тиіс және Тараптар осы Келісімді ратификациялау немесе ратификациямен тең келетін осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімнің орындалғаны туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде алғаннан кейін күшіне енеді.
      2012 жылғы 8 желтоқсанда Астана қаласында бірдей заңдық күші бар әрқайсысы қазақ, орыс және қытай тілдерінде екі данада жасалды.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының    Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады